Жаңа құрылған Абай облысының орталығы, тарихи шаһар, сәулетті Семейге ат шалдырып, табан тірейтін туристердің көпшілігі Абайдың әдеби-мемориалдық музейіне тоқтайды. Хәкім Абайдың өмірінен сыр тарқатып, өзегінен орасан тарихты өрбітетін киелі орынға біз де тоқтап, аралап көрдік. «Қалың елі мен қайран жұртының» қайғысы мен қуанышын, өкінішісі мен сүйінішін қатар ішкен ақынның киелі жәдігерері сақталған мекенге жазғы демалысын рухани баюдан бастаған жеткіншектер де келіп аралап жүр екен. Қойнауына ғасырға татитын шежірені сіңірген құнды жәдігерлерге қызыға қарап, тамсана таңырқайды.
Бізді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева жылы ұшырай қарсы алды. «Жазға салым келушілердің де қатары артады, әсіресе, оқушылар көп», — деді күлімсіреп. Ішкі туризмді дамытуға таптырмайтын тетік – тарихи-мәдени орындар, арнайы ашылған мұражайлар ғой. Жарқыратып, жайнатып жұтындырып қойса, жақсыны көрмекке жұрт та ағылмай ма. 2020 жылы аталып өткен ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойының шарапатын көп көргені жөндеу жұмыстарынан, мұражай үйдің ішкі сән-салтанатынан айқын аңғарылып, көздің сұғын суарады.
Семей қаласындағы Қайым Мұхамедханов көшесінде орналасқан кешеннің ғимаратында Абайдың қырық күндік асы берілген. Бұл үйде заманында Бекбай Байсов тұрған. Абай өмірден өткен соң 40 күндік қадесін өткізуге осы Бекбайдың шаңырағы таңдалады. 1940 жылы ақынның 95 жылдығы аясында жазушы Мұхтар Әуезов музей ашу туралы ұсынысын емен есіктің арғы жағындағы ақ жағалылардың алдына көлденең тартады. Сол жылдың 16 қазан күні Үкіметтің арнайы қаулысы бекітіліп, Семей қаласындағы музей тамашалаушыларға мәдени мол мұраны тарту етуді бастады. 80 жылдан астам тарихы бар музей тек шығыста ғана емес, еліміздегі көлемі жағынан да, жәдігерлер құндылығы турасынан да елдегі ең үлкен қорық-мұражай болып саналады. Абайдың отбасы, шығармашылығы ғана емес, ақынға шәкірт атанған қазақ әдебиеті мен руханияты, мәдениетінің алыптарына арналған бір емес, 8 экспозиция бар. Бұл бөлімдердің кейбірі Семей қаласында, Абай, Үржар аудандарында орын тепкен. Жалпы 1990 жылға дейін Семей қаласындағы осы орталық пен Жидебайдағы Абай музейі болды. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде мерекеленуіне орай, дүбірлі той кезінде музейдің айналасындағы 6400 гектардан астам жер ерекше бақылау мен күтімге өтіп, қорық құрылды. Абайдың, Шәкәрімнің кесенесі, Абайдың музей үйі, Шәкәрім қажының қарашаңырағы мен саят қорасының экспозициясы да қорыққа тиесілі болды.
Ұлы ақынның мерейтойы қарсаңында музей кешеннің сән-салтанаты артып, мәртебесі асқақтай түседі. 2019 жылы Президент Қ.Тоқаев арнайы қаулы шығарып, ақынның 175 жылдығына әзірлік жоғары деңгейде жүргізілді. Тындырымды іс, тиянақты шаруаның атқарылғаны көзге ұрып тұр. Семейде Ахмет Ризаның медресесі болды. Ағаш бөренені қиюластырып қиып салған білім ошағында кезінде Абай да оқып, молданың алдын көрген. Міне, осы медресені Абай музей кешенінің ауласына көшіріп әкелген.
Музей кешенінде Абайдың екі фотосуреті сақталған. 1896 жылы Ақылбай мен Тұрағылы Абайды ортаға алып түскен сурет құнды жәдігер болып саналады. Семей қаласындағы Кузнецовтың фотостудиясында бүгінгі ұғым-түсінікке қалыптап айтсақ, арнайы фотосессия жасатқан. Екінші сурет ақынның өмірден өтерінен бір жыл бұрын, 1903 жылы киіз үйдің ішінде отбасымен бірге түсірілген. Абайдың өмір сүрген дәуірі тым арыда емес, жәдігерлері молынан сақталуы тиіс еді. Бірақ оған сақталмай қалды. Абайдың ұрпақтары қудалау мен қуғындауды, азаптауды да аз көрген жоқ. Ақынның ұрпақтары қудалауға ұшырағанда Абайдың тұтынған заттары мен басқа да құнды дүниелерін сақтау былай тұрсын, «байтал түгіл бас қайғы» заманды бастан өткерді. Екінші дүниежүзілік соғысқа ақынның кіндігінен тарайтын ұрпақтарынан тоғыз адам аттанып, тек екеуі ғана тірі қайтты. Бұл мұражай-кешенге келген адам Абайдың өз қолымен баласы Мағауияға жазған хатын да көреді. 1896 жылы ұлына жазған хаттың түпнұсқасын да осы жерден көресіз. Н.Долгополов сол кездегі саясатқа салқын қарағаны үшін көзге түсіп, Семейге жер аударылады. Ақынның елінде айыбын арқалап келген жанға Абай құшағын жая қарсы алады. Абайдың орыстан шыққан досы Жидебайдан Семейге қайтқанда жаңадан құрылған өлкетану музейінен 60-тан астам жәдігерді өзімен бірге ала кетеді. Кейін абайтанушы ғалым, ұлы ақынның жоқшысы Қайым Мұхамедханов іздеу салып, тіпті арнайы мақала да жазып, іздестіріп, құнды жәдігерлердің жартысына жуығын табады. Қалғаны «ұстағанның қолында, тістегеннің ұртында» қыстырылып кете барған. Кезінде жоғарыда сөз еткен Ахмет Риза медресесінің шатырынан 250-ден астам кітап табылған. Осы кітаптардың барлығы дерлік Абай музейінде сақтаулы. Медресе демекші, Абай тек Құран қатым ғана үйреніп қоймай, анатомияны, есеп-қисапты (математика), риториканы, әлемнің тарихына қатысты оқулықтарды да ақтарып, білімге сусындаған. Бұл кешенге келсеңіз, Абайдың Мұқыр болысына 1893 жылы болыс болып сайлануы туралы бұйрықты да көресіз. Тарихи құжат архивте шаң басып жатқанда Абайдың Мұқырда мұқым елге билігін жүргізгеніне кейбіреулер күдік-күмән келтіретін. Оған ақынның жасы қырықтан асқаннан кейін шығармашылығына басым көңіл аударды деген пайымның да салмағы көбірек әсер етті. Архивтегі құжаттарды көз майын тауысып зерттеген ғалымдар осынау бұйрықты тауып, ғылыми айналымға енгізді. Әйтпесе, Абайдың әкесі Құнанбайға қатысты естелігінде де өзінің болыстыққа сайлануы ауыл ақсақалдарының ұсынысы негізінде іске асқанын айтады.
Бізді бастап жол көрсеткен Мейрамгүл Қайрамбаеваның 30 жылға жуық ғұмыры осы Абай музей кешенінде өтіп келеді. Қатардағы экскурсовод болып қызметке қабылданған маман кіші, аға ғылыми қызметкер, одан кейін музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметінде. Білікті маманның ғұмыры да ұлы ақынның есімімен қабыса өрілгендей, Абай атындағы көшеде тұрған жоғары оқу орны да қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті.
Қорық-музейдің құрамына қарайтын музейлердің кейбірі Семейден тым шалғайда жатыр. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылындағы Әсет Найманбайұлының музейі. Абай ауданына қарайтын Құндыздыдағы халық ақыны Шәкір Әбенұлының музейі де қашық жатыр. Музей-кешенге келіп, тамашалаушылардың қамы үшін осы шалғайдағы музейлердің көшпелі көресі де Семейдің төріне жиі әкелініп, көпшіліктің көзайымына ұсынылады. Әсет Найманбайұлының өнегелі өмірі мен отбасына қатысты құнды жәдігерлер де осы музейден орын теуіп, келушілер ұзақ аялдайтын бұрышқа айналған.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовтың өндірістік өңір мәдениет пен руханияттың да ордасы екенін әйгілейтін істерді шама-шарқынша атқарып жатқанына көз жеткізіп, іштей көңіл тоғайтып аттандық. Семей топырағына табаныңыз тисе, Абайдың музей кешеніне соқпай кетпеңіз, мәртебелі оқырман.
Қуаныш Нұрданбекұлы
Семей қаласы