
Семей қаласында жаңа туған сәбидің мәйіті қоқыс жәшігінен табылған оқиғаға қатысты күдікті қыз бен жігіт тергеу аяқталғанға дейін елден шықпау туралы қолхатпен босатылды, деп хабарлайды jasqazaq.kz.
Еске салайық, 3 ақпан күні қаланың сол жағалау бөлігінде орналасқан қоқыс жәшіктерінің бірінен орамалға оралған нәрестенің денесі табылған.
Абай облыстық полиция департаменті күдіктілердің құқық қорғау органдарының қызметкерлері екені туралы тараған ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Департамент мәліметінше, 20 жастағы қыз бен оның жігіті полиция саласында жұмыс істемейді.
Қазіргі уақытта тергеу аясында баланың анасы айтқандай, нәресте босану кезінде шетінеп кеткені, әлде жігіт оны қоқысқа апарғаннан кейін көз жұмғаны туралы ақпарат сараптама қорытындысынан кейін белгілі болмақ. Сонымен қатар, ер адамның баланың биологиялық әкесі екені де тексеріледі.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, тергеу жалғасуда және оқиғаға қатысы бар тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.