Сейдулла Садықов: Журналистика — ұлтты ұйыстырушы өріс 

10 шiлде 2023, 13:15

Сейдулла Садықов  әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетін бітірген. Журналист, ғалым, ұстаз.   

Кандидаттық диссертациясын 1992 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде, ал докторлық диссертациясын  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2009 жылғы 9 шілдедегі №10 – 3/1059 рұқсат-хаты арқылы 2012 жылғы наурызда «Қазақстандық БАҚ-та ұлттық сәйкестілік пен ұлттық бірізділік мәселелерінің жазылуы» деген тақырыпта Ұлықбек Мырза атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің арнайы мамандандырылған кеңесінде қорғаған. 

Бүгінгі таңда  Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры.

Сейдулла Садықов — ұлттық журналистика мен публицистиканың өзекті мәселелері бойынша жазылған төрт бірдей  монографияның, алты оқу құралының, 90-нан астам ғылыми-зерттеу мақалалардың және бірнеше публицистикалық жинақтың авторы.  Ғылыми еңбектері  Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан  және Түркия елдерінің баспаларында жарық қөрген. Қазақстанның Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Республика «ЖОО үздік оқытушысы – 2012», Түркі әлемінің үздік педагогы. Түркістан облысындағы жергілікті БАҚ саласының қордаланған мәселесі мен түйткілді түйіндерінің шешу жолдарын жете білетін бірегей тұлға. Себебі  жарты ғасырға жуық саналы ғұмырын  жас журналистерді даярлау ісіне арнаған. Біздің профессормен сұхбатымыз да жазу өнері, отандық журналистика саласындағы қордалы мәселелер төңірегінде өрбіді.

– Сейдулла аға, сіздің еңбек жолыңыз журналистикадан басталғаны мәлім. Шерхан Мұртаза  айтқандай, «жегені жантақ» журналистика саласын таңдауыңызға не себеп болды? Тағы да айналып Шерағаңның дәлме-дәл айтқан теңеуіне соғуды сөн санап отырмыз: «арқалағаны алтын» журналистерді даярлау ісінде де сүбелі үлесіңізді қосып келесіз.

– Әріден қозғайын, қарсы болмасаң. Мырзашөл өңіріндегі негізінен мақта өсірумен айналысатын Мақтаарал, Жетісай және Киров аудандары Өзбекстанға қарайтын. Кеңестік заманда шекара болмайтын. Кеңес азаматысың ба, Одақты емін-еркін шарлай бер. Ұлтына, ұлысына ешкім де бөліп жатпайтын.

Өзбекстанның астанасы – Ташкент шаһары жүз шақырымнан сәл асса керек. Автобуспен бір жарым сағаттық жол. Ал облыс орталығы саналатын Сырдария қаласы Мақтааралдан отыз шақты шақырымдай ғана жерде. Бұл қаланың негізгі тұрғыны – ала тақиялы өзбек ағайындар. Мұнда Ғафур Ғұлам атындағы Сырдария педагогикалық институты болатын, онда қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына да студенттер қабылдайды. Мектеп бітіргеннен кейін сенделіп бос жүрмейін деп осында құжат тапсырдым. Емтихан болатын күнді асыға күтіп жүрмін. Бір күндері ауылға бір бейтаныс кісі келді. Аудан орталығы – Бағарадан мені іздеп келіпті. Аудандық «Коммунистік еңбек» газетінің тілшісі Дүйсенбай Андасов деген кісі  екен. Газет редакторы мені шақыртқан көрінеді. Бағара біздің ауылдан жиырма шақырымдай жерде. Автобуспен отыз тиынмен барасың. Сонымен үйге келген тілші екеуміз Бағараға тартып кеттік.

Мені редактордың кабинетіне кіргізді. Бізді артқа қайырылған шашын қырау шала бастаған егде кісі қарсы алды. Сәлемімді жылы қабылдап, бетіме күлімсірей қарады. Сол жерде алғашқы еңбек жолым басталды. Осылайша, еңбек кітапшам ашылып, тұңғыш рет «Киров аудандық «Коммунистік еңбек» газетіне әдеби қызметкер болып қабылдансын» деген жазу түсті. Бұл 1968 жылдың 31 шілдесі еді.

Арадан төрт жыл өткенде ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түстім. Қызығы мен қиыны мол кезеңдер өте берді. Жазуымды тоқтатпадым. Қаламым ұштала түсті.

Арадан жылдар өткенде, Алматы облыстық «Жетісу» газетіндегі қызметімде де аудармаға бейімділігімді таныттым. Газеттегі кәнігі аудармашылар Жанәбіл Темірбеков, Ислам Бейсебаев, Жұмаш Арғынбаев ағалардың қатарына қосылдым. Облыстық газетте де бас мақала жазу құрметіне ие болдым. Дүниелерім газеттің барлық жанрларында жарияланып жатты. Мұның негізі аудандық газетте тілші болып жүргенде қаланғанын қимастықпен еске аламын. Осылайша, аудандық, облыстық газеттердің қара қазанында қайнардай-ақ қайнадым. Ұзақ жылдық қызметтік тәжірибеден түсінгенім, журналистің бойында бесаспаптық қасиет болу керек. Сонда ғана өз ортаңда кеудеңді тіп-тік ұстап жүре аласың. Сөз өнерінің қараторысы екеніңді терең ұғынсаң ғана сені әріптестерің мойындайды, құрмет-қошаметке бөленесің…. Бұл бір бұралаң-бұлтарысты қиын жол. Журналистика  әлеміндегі жарты ғасырдан астам мерзімде осынау қасиетті жолда абыроймен жүріп келе жатқаныма шүкіршілік етемін!

1969 жылы күзде Комсомолдар күні мерекесіне орай аудандық комсомол комитетінің Құрмет граммотасымен марапатталдым. Мектепте де үздік мақта теруші оқушы ретінде бес грамота алғаным бар. Апамның қуанышында шек болмады, әрине. Зейнолла тақтайдан жасап берген рамкаларға салып, төрге қаз-қатар тізілтіп іліп қойғаны бар.

– Журналистика саласындағы еңбек жолыңыз аудандық газеттен басталған екен ғой.

 – Ия, аудандық газеттің қызметіне төселіп кеттім. Тілші ретінде танылып қалғандаймын. Іссапарға жиі шығамын. Сын материал да жаза бастадым. Редакцияға келген арыз-шағымды тексеріп келуге жібереді. Ауылдардың айтса таусылмайтын проблемалары ғой. «Жұмыстан заңсыз шығарды» дейді. «Мақталықта тынығатын жер жоқ» дейді. «Бригадир балағаттап, боқтады» дейді. «Мақталықты су алып кетті» дейді. Өзімнің ауылым «ХХ партсъезд» совхозынан жазған хатта «Газет-журнал, хат-хабар уақытылы таратылмайды, пошта жұмыс істемейді» делініпті. Дұрыс мәселе көтерген. Пошташының ауылды айына бір-екі рет ғана аралайтынын жақсы білемін. Орталықтағы поштаның бастығы Байдүйсен деген кісі болатын. Іссапармен келіп, шағым хатты көрсеттім. «Жазған кім?» деп ентеледі. «Айтуға болмайды» дедім. Домалақ арыз болатын. Шындықты жазған. «Кемшілікті түзетеміз» деп, пошта бастық ант-су ішті. Кінәлі адамдардың дәл осылай ант-су ішетіні белгілі. «Кемшілікті қашан түзетеді» деген тақырыппен газетке сын мақала шықты. Артынша пошта бастықты орнынан алыпты деп естідік. Әңгіме осымен тынса мейлі ғой….

Бірде «Мақталы» совхозындағы жаңадан ашылған ауруханада іссапармен болдым. Көтеріңкі көңіл-күймен үлкен жол бойындағы автостансаға келдім. Түс ауған мезгіл. Жүргіншілер қарасы көп емес. Бағараға баратын автобусты күтіп тұрмын. Жаныма екі жігіт келді. Менен әлдеқайда ересектеу. Жүздері қатулы. Ойымда дәнеңе де жоқ.

— Сен Сейділдасың ба?! – деді аяғын сылтып басатыны тесіле қарап.

— Бұл соның өзі ғой, — деп екіншісі мені білетін кейіппен.

— Иә, менмін, — дедім бейқамдықпен.

— Мә, сен болсаң! – деген біріншісі тұмсығымнан бір перді.

Қолы зілдей екен. Құлап түстім. Тепкілей жөнелді. Қос қолыммен бетімді қорғаштап жатырмын.

— Уә, әкеңнің…. Иттің ғана баласы, — деп жатыр тепкілеп жүргеннің біреуі. – Ағам Байдүйсен туралы мақала жазған сенсің ғой. Мен саған мақала жазғанды көрсетейін….

— Әй, өлтіретін болдыңдар ғой сорлы баланы, — деп орта жастағы әйел араша түсті. Екі-үш ер адам оған болысты. Батылдауы болса керек, екеуіне жұдырық ала жүгірді. Дымдары құрыған екеуі жөндеріне кетті. Мені шырылдап қорғаған апай автобусқа билет сатушы екен. Үстімді қақты. «Ана арықтан жуынып кел» деп қолыма сүлгі берді. Еріннен тамшылаған қанды әрең тоқтаттым. Екі тісім қатты босап қалыпты.

Көкала қойдай күйімде редакцияға жеттім. Болған жайтты айтып едім, ондағылар үдеріп кетті.

– Иттер-ай, — деп Данияр ағай кіжінді.

– Абайлап жүру керек, — деген Нәлібек ағай маған мүсіркей қарады.

–  Сын мақаланы жиілетіп кетіп едің, — деді төрт-бес жас үлкен Құттығыз. – Өзіңе де сол керек….

Милиция бастығына айтып, бұзақыларды ұстатамын, — деп кәріне мінді редактор Кәрім Әсілов.

– Бір совхозданбыз ғой, ағай, — дедім жалынып. – Елді шулатпай-ақ қояйық.

Өзім арыз жазудан бас тартып, редакторды милиция бастыққа айтпауға көндірдім.

Бірақ әңгіме мұнымен тынған жоқ. «Ел құлағы елу» деген ғой, болған оқиғаны ауылдағылар да естиді. Біреу мылқау Зейнолла ағама нәшін келтіре жеткізсе керек. Оны тоқтату мүмкін емес еді. Зәкең орталықтағы пошташыны іздестіріп жүріп тауып алады. Оның аяғын сылтып басатын інісін қолға түсіреді. Желкелеп отырып, тракторының кабинасына салып алады да мақталы алқапқа жетеді. Көктем кезі. Әлі шит егіле қоймаған. Пошташының інісін ұрып құлатып, аяғын ұзын арқанмен шідерлеп, трактордың артына байлайды да айдалған жермен жүріп кетеді. Бір айналып келіп, тоқтайды. Пошташының інісі жандәрменмен далбасалап, ойбайын салып жатса керек. Еститін құлақ болса, жоқ. Оны қайтадан кабинасына отырғызған Зәкең бай-байлатқан күйі үйіне жеткізеді. Желкелеп тұрып, қолымен тамағын орады. «Енді ініме тиіссең, өлтіремін» дегені. Ауылдағылар осы оқиғаны көпке дейін жыр қылып айтып жүрді. Ауылдастарым арасында менің атым жаман да, жақсы да жағынан дүркіреп шықты. Күні бүгінге дейін жазғаным үшін жеген таяғым есімнен шыққан емес. Оған да жарты ғасырдан асып кетіпті-ау….

Редакторымыз Кәрім Әсілов зейтнеткерлікке шығып, орнына «Мақталы» совхозындағы мектеп-интернатта директор болған Кемелбек Шегалиев келді. Мұғалім. Газет қызметінен мүлдем бейхабар. Редактор лауазымы мен мінетін «Уазик» машинасына қызықса керек. Қабағы қатулы жүреді. Туа бітті мінезі ме, әлде бізге көрсеткен қыры ма, білмедік. Аядай екі кабинетте отырамыз. Редактордың кабинеті бөлек, алдында хатшы қыз. Бастық күніне үш-төрт рет кабинетімізге бас сұғады. Тексергені болар, іштей тыжырынып, үнсіз отырамыз. Нөмірге баратын материалдарды редактор қарайды. Қазақ тілінің маманы ғой. Тыныс белгілеріне қатты шұқшияды. Қате таба қалса, кабинетке келіп, өзінің дұрыстығын, білімдарлығын дәлелдегісі келгендей сыңай танытады. Не дейміз, әркім өзімен-өзі болып, алдындағы қағазына тесіледі. «Е, мұғалім дә», — дейді Данияр аға тісін шықырлатып. Оны Нәдібек, Жолбарыс, Дүйсенбай қоштайды.

— Сейділда, сен маған келіп кетші, — деді сыртта жүрген маған редактор.

Бастықтың алдында отырмын. Менің жазған дүниелерімді мақтады. Әлі жап-жас екенімді, кейін жақсы тілші болатынымды, тіпті редакторлыққа дейін өсетінімді айтты. «Көреміз ғой» деп арасында сөз қыстырып қоямын. «Осы жұрт мен туралы не дейді?» деп сұрақ қойды. Қолымен қарындашты дөңгелетіп отыр. «Ештеңе де демейді. Айтпақшы, мұғалім ғой» дейді кейде». Редактордың қолынан қарындаш түсіп кетті. «Мұны қайсысы айтты!» деді жалма-жан. «Есімде жоқ, бәрі де осылай дейді ғой» деп тығырықтан шығып кету жолын іздедім. Үнсіз қалдық.

— Сен ақымақ емессің ғой, інім, — деді редактор аздан соң. – Саған есік ашық.Жұрттың не дейтінін келіп айтып тұр. Мұны ағаңның өтініші деп қабылда.

Не дерімді білмеймін. Маған тыңшым бол деп отырған сияқты.

— Ағай, сізді ешкім жамандаған жоқ,- дедім. – Ондай ағайлар да жоқ. Бәрінің де жұмыстан қолдары тимейді.

Маған қамқор болып жүрген қаламдас ағаларды қалай сатайын. Редактордың күдігіне таң қала бастадым. Сөзіміз жараспады-ау деймін.

— Бара бер, — деді редактор. – Бұл әңгімені ешкімге айтпа.

Үнсіз шығып кеттім. Осыдан кейін Данияр ағадан бастап басқалары маған күдікпен қарай бастады. Бір күні менің пәтерімде Дүйсенбай аға екеуміз шарап ішіп отырғанда редактормен арада болған әңгімені бүге-шігесіне дейін  қалдырмай айтып бердім.

— Сенен сөз тасиды деп күдіктеніп жүргеніміз рас, — деді Дүйсекең. – Онымыз бекершілік екен ғой. Редактор кетеді, біз қаламыз. Жассың. Адал бол….

Бірде Шегалиев тағы шақырды. Сенбі болатын. Редакцияда екеумізден басқа ешкім жоқ. Айтарын бірден айта алмай, қипақтап отырғандай көрінді.

— Інім, — деген ол сәлден соң маған жазған қағазын ұсынды, — редактор болған соң жазбасам болмайды ғой. Оны білемін. Мынау бас мақала. Шамам келгенше жаздым. Үстінен қарап шықшы. Кем-кетігі болса түзетерсің. Ешкімге тіс жармауыңды өтінемін.

— Мақұл, — деп редактордың жазғанын алдым.

Жексенбі күні ауылға бармай, осымен отырдым. Тақырыбын «Мақташы бол, жас түлек!» деп қойғаны есімде қалыпты. Мектеп бітірушілерді ауылда қалып, мақташы болуға шақырыпты. «Бұл — партияның талабы» депті. Семей облысы Шұбартау ауданындағы мектеп бітірушілердің шопан болу, қой өсіру, атаның алатаяғын қастерлеу жөніндегі бастамсын келтіріп, солардан үлгі алуға үндепті. Бастығымыздың шимай-шатпағын шама-шарқымша өңдеп, қайта жазып шықтым. Тақырыбын «Мақташы – мәртебелі кәсіп» деп өзгерттім. Дүйсенбі күні кабинетіме елден бұрын келдім. Артынша редактордың «Уазигі» есік алдына тоқтады. Алдынан шығып, сәлемнен соң қағазды қолына ұстаттым. Редактор түске дейін кабинетінен шыққан жоқ. «Жұмыс істеп отыр»  деп хатшы қыз кіргізбеді», — деген жауапты хатшы Нәлібек аға ренжіп келді. Түскі үзілістен кейін редактор Нәкеңе өз қолымен жазған мақала беріп, «Тез бастырып, нөмірге саларсың», — деді. «Ойпырмай, редакторымыз әжептәуір жазады екен ғой, — деп бас мақаланы оқып шыққан Нәкең таңданып жүр. – Жай мақала емес, бас мақала».

Сонымен, ертеңгі газетке редактордың тұңғыш мақаласы «Мақташы – мәртебелі кәсіп» деген тақырыппен шықты. Редакциядағылар таң-тамаша болды. «Жаза алады екен, ә» деді екінің бірі.

Осыдан кейін де редактордың үш-төрт мақаласы қолымнан өтті. Ешкімге айтқан жоқпын. Азамат қой, жігері жасымасын дегенім шығар. Уақыт өте келе редактор К.Шегалиев мақала жазуға төселді. Маған өтініш айтпайтын болды. Болған жайттар арамызда қалды. Арадан жарты ғасырға жуық уақыт өткенде шындықты айтып отырмын. Мұным кешірілетін күнә шығар….

1970 жылдың күзі. Аудандық газетте қызмет еткеніме де екі жылдан асты. Әскер қатарына шақырылдым. Отан алдындағы азаматтық парызымды өтеуге тиіспін.

Пластинка қойып тыңдайтын радио алғанмын. Халық әндерін беріле тыңдаймын. Жүсіпбек пен Ғарифолланың шырқата салған әуезіне елтимін. Гүлбаршын Ақпанова салған әндерді қайта-қайта қоямын. Әскер қатарына шақыру қағазын алғаннан кейін Огинскийдің «Полонезін» («Прощание с Родиной») бар дауысымен қойып тыңдайтын «кеселге» ұшырадым. Тетя Маша да қосыла тыңдайды. Көбіне жылап отырады. Мен көз жасымды көрсетпейін деп есік алдына шығып кетемін….

Әскерге Өзбекстанның Гүлстан қаласынан аттандық. Ауданнан үш қазақ баласымыз – Бақыт, Әбілқасым және мен, қырық шақты өзбек балалары – Сырдария облысының өзбек аудандарынан.

Краснодар өлкесінде Кореновск деген шағын қала бар. Әскери бөлімше осында. Солдаттық өмір. Үш ай карантинде болдық. Әскери ант бердік. Жүректер лүпілдеп, толқыдық, тебірендік. Октябрят, пионер, комсомол болғанда да қатты толқығанбыз. Жетпісінші жылдардың ұландары осындай едік. Елімізді, жерімізді, ауылымызды, Отанымызды шексіз сүйетінбіз. Отан үшін отқа да, суға да түсуге дайын болатынбыз. Біз осылай тәрбиелендік.

Бөлім топографиялық отряд еді. Қараша-сәуір айлары Кореновскіде оқу-жаттығумен өтетін де, мамыр-қазан айларында Кавказдағы Каспий теңізінің іргесіндегі Избербаш қаласына қоныс аударып, тапсырма бойынша офицердің жетекшілігімен тау-тауды аралап, кетер едік. Шағын топта — көлік жүргізуші, аспаз, көмекші және картограф офицер. Жиырма күнге дейін тау-тасты, орманды өңірлерде жүреміз. Кейде тау ішіндегі он шақты ғана үйлі мекендерге кез боламыз, қолдан қазылған құдықтан су аламыз. Тұрғындардың бізді сырттай бақылап тұратынын аңғарамыз. Біз құдыққа тақап қалғанда шелектерін тастай салып көзден ғайып болған әйелдер мен балаларды көрдік. Үлкендер болса бүйірлерін таянып не бойларын тіктеп, паңдана қарап тұрар. Қай жерге барсаң да томаға-тұйықтықты аңғаруға болатын. Бірде жолбасшы офицер, аға лейтенант Смирновтан мұның себебін сұрадым. Ақкөңіл, адал жігіт еді.

— Бұл Кавказ…., — деп, күлді де қойды.

Түсіне қоймадым. Анықтап сұрауға батылым бармады.

Избербаштағы жазғы лагерьдеміз. Смирновтың айтуынша, жиырма шақты күн болатын түріміз бар. Тау картасындағы өзгерістерді картаға түсіріп, есеп беруге тиіс екен. Тау аралап, шаршасақ керек, шофер-аспаз Халматов серігіміз екеуміз қуанып жүрміз. Қабырға газетін шығарсақ деп ойладым. Қолынан кітап түпейтін молдаван Калышевпен ақылдастым. Өзі мектепті орысша бітіріпті, суретшілігі де бар болып шықты. Қатты қуанғаным-ай! Политрук капитан Давыдовқа ойымызды айттық, ол қуана құптап, бізді отряд командирі, Виноградовқа алып барды. Бұл бір жақсы адам еді. Солдаттармен ашық-жарқын әңгімелеседі. Дауыс көтеріп, айғайлағанын, ұрысқанын естіген емеспіз. Біздің ойымызға риза болды. «Молодцы» деді. Виноградовқа бояу, қағаз, басқа да қажет заттарды бүгін алуды тапсырды. Газеттің атауы қандай болатынын сұрады. «Воин» дедім. Командир аз-кем ойланып тұрды да «Наш отряд» деген атау ұсынды. Келістік. Материалдарды орыс, қазақ, өзбек және молдаван тілдерінде беруге рұқсат алдық. Сонымен, молдаван досым екеуміз қабырға газетін шығарудың қамына кірістік. Отыратын жеріміз жазғы асхананың бір бұрышы. Түннің  жарымына дейін отырып, материалды қазақша жазамын. Кейбірін шалалау орысшаммен аударамын. Калышев үстінен өңдеп береді. Білімді, сауатты екен. Жазған материалымның мазмұнына, аудармама ризалығын білдіріп қояды. Көңіліме қарағаны да. Өзіме лайықты шаруа тапқаныма қуанып, асып-тасып жүрмін. Бір аптаның шамасында материалдар дайындалып бітті. Орысша материалдар машинкаға басылды. Қазақ, өзбек, молдаван тіліндегі материалдар қолмен жазылатын болды.

Жауынгер Калышевтің суретшілік шеберлігіне таң қалдым. Ойыңды, идеяңды қағып алып, газетке өрнектеп түсіреді. Мақтаулы жауынгерлерді Давыдовпен келістік. Орысша аударылған негізгі материалдың тақырыбын «Судьба Родины в надежных руках» деп қойған едім. Виноградовқа ұнады. Менің аудандық газеттің тілшісі болғанымды білген соң «Молодец, корреспондент» деп арқамнан қақты. Сонымен не керек, ұзындығы төрт метрдей болатын қабырға газеті қабырғаға ілініп, мерейіміз өсіп, абыройымыз әй, бір асқақтады-ау! Отрядтағы жүз жиырмаға жуық офицер мен солдаттар таң-тамаша қалды. Ертеңіне командир Виноградов таңертеңгі сапта тұрған жауынгерлер алдына Калышев пен мені шығарып, алғыс жариялады. «Служу Советскому Союзу!» дедік тебіреніс үстінде тұрып….

Қабырға газетіндегі басты материал біраз уақыт бұрын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1971 жылғы 9 мамырдағы номерінде «Жауынгер жазбалары» айдарымен «Отан тағдыры сенімді қолда» деген тақырыппен жарық көрген болатын. Редакция газет номерін жіберген еді.

– Сейдулла аға,  кезінде Алматы облысының бас басылымы «Жетісу» газетінде де ізіңіз қалды. Сол кезді еске алғанда нендай жайттар ойға оралады?

– «Жетісудағы» қызмет жылдарында газеттің барлық жанрларында қалам тарттым десем асылық бола қоймас. Нөмірге баратын материал-құжаттарды орысшадан қазақшаға аударумен де айналысатын болдым. Бұл басшылық тарапының сенгені еді.

Бір апта кабинетімде, бір апта іссапарда болу қалыптасқан дағдыға айналды. Арыз-шағым тексеру, әр түрлі салалар бойынша рейдтер ұйымдастыру, кәсіпорындардың, шаруашылықтардың, ауыл тұрғындарының толғандыратын өзекті мәселелері тұрғысында «Проблема. Пікір. Ұсыныс» айдарымен проблемалық мақалалар, жер-жерде орын алып отырған келеңсіздіктер тұрғысында сын мақалалар жазу журналистік қызметімдегі қалыпты шаруаға айналған. «Ойластыратын жайлар бар», «Шешімін күткен істер көп», «Судың сұрауы үлкен», «Санта-Гертруда тағдыры толғантады», «Қағаз жүзінде қалған бұйрық», «Шаруашылыққа жанды көмек қажет» деген тақырыптармен қордаланып қалған проблемаларды көтердім. Ауыл шаруашылығы мен ауыл өміріндегі былық-шылықтар жайлы жарық көрген бірқатар сын мақалаларымның тақырыптары атойлап тұрды: «Сын сағатта серпін керек», «Кінә де, кінәлі де көп», «Шығын көп, пайда жоқ», «Жалған ақпармен іс алға баспайды», «Қауырт шақта қарқын қажет», «Шалағайлық шырмауында», «Есеп-қисаптағы былықтар», «Көрсеткіш неге құлдырап барады?», «Әзірлік ала-құла», «Тағы да дірдек қаға ма?», «Сөз көп, іс жоқ», «Комплекстегі келеңсіздіктер», «Жауапсыздық орын алған жерде», «Құлдырау сыры неде?», «Шаруаға қырсыздық белең алғанда», «Қағаз жүзіндегі халық жасақшылары».

Жалынды публицистика жанымды тербеді. Орда бұзар отыздан асқан жасымда толғанып, тебіренуге хақым бар еді. Бейбіт елдің бір азаматы, журналист ретінде «Бейбітшілік жылы бол адамзатқа» деп жар салғым келді.

Енді ағартушылық,  шәкір тәрбиелеу ісіне қарай ойыссақ. Саналы ғұмырыңыздың жарты ғасырға жуық уақытын ұстаздыққа арнап келесіз. Журналистерді  даярлау ісінде сіздің докторлық диссертацияңыздың да тигізер үлесі зор. Естуімізше, тоғыз жылға жуық жазыпсыз.

1977 жылы Журналистика факультетін бітіргеннен кейін кеңестік дәуірдегі тәртіп бойынша Қазақстан КП Орталық Комитеті Насихат және үгіт бөлімінің жолдамасымен Алматы облыстық «Жетісу» газетіне қалдырылып, мұнда он жылдан астам уақыт қызмет еттім. 1987 жылы өзім білім алған қара шаңыраққа оқытушылыққа қабылдандым. 1994 жылы қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне шақырылып, журналистика бөлімін ашуға басшылық жасадым. Содан бері осындамын. Білім ордасының профессорымын. Сөз орайы келгенде, былай дегім келеді: жоғары оқу орнында жүрген оқытушы ғылыммен міндетті түрде айналысуы керек. Өзінің таңдаған саласы бағытында қаншама күш-жігер жұмсауына тура келеді. Мен мұны өз басымнан өткізген адаммын. Докторлығымды тоғыз жылдай жаздым, оны қорғауға алты жыл уақыт кетті. Бірде Ташкентте докторлық қамымен қиналып жүргенімде бір өзбек профессоры «Ака, алпыстан асып барады екенсіз, сізге докторлық неге қажет?» деп сұрақ қойған-ды. Сонда не деп жауап бергенімді айтайын: «Ия, жас емеспін, дегенмен мен де дүниеден өтемін, сонда артымда қалған ұрпағым «Атамыз доктор болған» деп мақтаныш етсе деп ойлаймын. Бұл сөзге өзбек профессоры не дерін білмеді. Осыдан кейін менің қорғауым жылдам жүре бастады. Сондықтан да, ғылым жолындағы жас әріптестеріме айтарым, қиналыс осындай болады. Қара дауылға қаймықпай қарсы тұра білу керек!…

Ғалым ретінде де шама-шарқымша ұлтыма қызмет етіп келемін. Олай дейтінім, кандидаттық диссертациямды 1992 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде «Қазақстандағы аграрлық түрлендіру және баспасөз» («Аграрные преобразование в Казахстане и печать») деген тақырыпта 10.01.10 – журналистика мамандығы бойынша қорғадым. Ал докторлық диссертацияны 2012 жылы Ұлықбек мырза атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің филология факультетінде 10.01.10 – журналистика мамандығы бойынша   «Қазақстандық БАҚ-та ұлттық сәйкестілік пен ұлттық бірізділік мәселелерінің жазылуы» («Проблемы национальной идентификации и национальной идентичности в печатной прессе Казахстана (историко-филологические и методологические аспекты)» атты тақырыпта қорғап шықтым. Білім және ғылым министрлігінің Бақылау комитетінде докторлық жұмысымның баламалылығы танылды. Журналистика мамандығы бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның ғылым докторы ғылыми дәрежелерім бар. Қай кезде де журналистика мамандығына адалдығымнан танған емеспін. 15 оқулық, монография, оқу құралдарым жарық көрді. 110-нан астам ғылыми-зерттеу мақалалардың авторымын. Кітаптарым еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында журналистика мамандығы бойынша оқытылады. Германияның академиялық баспасы көлемі 32 баспа табақ монографиямды тегін жарыққа шығарды.

— Аға, адам азаматтығынан айнымас үшін не істемек керек? Не нәрсеге шүкіршілік етесіз?

— Ең бастысы, азамат ретінде кеудемді тіп-тік ұстап келемін. Басымды тауға да, тасқа да соқтым. Сағым сынбады. Әділет жағында болуға тырысып келемін. Өтірік айтуға, көлгірсуге қақым жоқ. Жағымпазданып, жарамсақтана алмадым. Сондықтан да болар, талай таяқ та жедім. Түңілген кездерім де болды. Ешкімді сатпадым, сырттарынан ғайбат сөз де айтпадым. Қолтығыма кіріп, жақсылығымды көргендердің өзі шімірікпестен сатып кеткен кездер де аз болмады. Қазір де жанымда жүргендердің арасында екіжүзділердің, сатқындардың бар екенін білемін. Мұндайлар бұрын да болған, қазір де бар, ондайлардың бола беретіні де өмір заңдылығы.

— Тым қарапайымсың ғой, — деген еді бір ағамыз. – Докторсың, профессорсың, лауреатсың  .Өзіңдей ел ағасы жасындағыларды айтпағанның өзінде, қолына билік тиген, не шамалы дәрежесі бар жастардың өзі көкірек керіп, айналасындағыларға мұрнын шүйіре қарайды. Сен болсаң үлкенмен де, кішімен де жалбақтасып жатқаның….

Ағамыз білген соң айтады да. Сүтпен сіңген мінез болар. Әйтеуір, кісі болу қолымнан келмей-ақ қойды. Кей-кейде «Мен де көкірегімді керіп, кісілерше жүрейінші» деп пендешілікке салынатыным бар. Көшеге шықсам болды, таз қалпыма қалай түскенімді білмей қаламын. Үлкенмен де, кішімен де шүйіркелесе кетемін. Шәкірттеріммен мәре-сәре болып жатамын. Барым осы. Аузымнан негізінен «мақұл, орындауға тырысамын, уайымдама» деген сөздер шығатынын білемін. Лексиконымнан «Жоқ, болмайды» деген сөздер сызылып тасталса керек.

Өзімді-өзім дәріптеп, ұпай жинағым келмейді. Бұған адал достарым, ақ моншақ шәкірттерім куә. Болашақ журналист-шәкірт тәрбиелеп жүрген біздің басқалай жолмен жүруге қақымыз жоқ!

Азаматтық арымның алдында берер антым сол, шындықты, тек қана шындықты жазу және айту!

Мен журналистпін. Жоғарыда айтқанымдай, мектепте соңғы сыныптарда оқып жүргенімде аудандық газетке хабар-ошарларым шығып тұратын. Онжылдықты бітіргеннен кейін ауылда сенделіп жүрген мені газеттің редакторы арнайы шақыртып алып, бірден әдеби тілшілік қызметке қабылдады. Бұл 1968 жылдың 31 шілдесі еді. Демек, қаламды серік еткеніме жарты ғасырдан асып барады. Сол қалам қолымнан әлі де түскен жоқ!…

– Ұлттық журналистиканың тарихынан докторлық қорғаған санаулы ғалымның бірісіз. Қазақ журналистикасының тарихына тағы бір толғам жасасаңыз.

– Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз армандап келген қазақ халқының Тәуелсіздігі мен Егемен елдігінің 1991 жылғы 16 желтоқсанда жария етілуі республика азаматтарының материалдық және рухани сұранымдарының қамтамасыз етілуіне, олардың экономикалық, әлеуметтік және рухани жағынан гүлденіп, жас мемлекеттің әлемдік қауымдастықта өзінің лайықты орнын алуына, ұлт ретінде өсіп-өркендеуіне даңғыл жол ашты. Ұлттық айқындалу қазақ халқының өзін-өзі біртұтас ұлт ретінде терең сезінуіне, қазақ этносының қалыптасуының дамуы мен өзіндік ерекшелігін сезінуінің негізгі кезеңдерін айқындап берген өзіндік тарихын байсалдылықпен ой елегінен өткізуіне маңызды қадам болды.

Сонымен қатар, Тәуелсіздік қоғамның ұлттық әлеуметтік институттарының дамуына, олардың демократиялық жаңғырулар мен реформаларға белсенді қатысуларына, адам бостандығы мен негізгі құқықтарының сақталуына кепілдік беретін құқықтық мемлекет құруға өз үлесін қосуына мүмкіндік берді. Осы институттардың арасында Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары маңызды орын алады. Қазақ баспасөзі алғашқы пайда болуынан бастап, ел Тәуелсіздігіне дейінгі кезеңдерінде патшалық Ресей әкімшілігі, кеңестік тоталитарлық мемлекеттің билік режимі тарапынан езгі мен қысым көрген қазақ ұлтымен бірге болып, аса күрделі жолдан өтті, бірқатар шарықтау-құлдырау кезеңдерін бастан кешті. Қалай десек те, қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің дамуына өз үлестерін қосқан тамаша журналистер мен публицистердің тұтас шоғырын тәрбиеледі. Олар қандай дәуірде болмасын, қазақ этносының идентификациялық сипатының айқындалуына мүмкіндік туғызып, әлем алдына өз халқының бейнесін паш ете білді.                                                     Қазақ ұлттық журналистикасы өлкенің Ресей империясының құрамында болған кезімен байланысты пайда болды, ал бұқаралық ақпарат құралдары жүйе ретінде кеңес жылдарында қалыптасты. Алайда, оның ішкі дамуы ХІХ ғасырдағы Ресей демократиялық журналистикасы идеясының ықпалында, ал кеңес үкіметі жылдарында оның құрған ұлттық мемлекеттігі – Қазақ КСР шеңберінде жүрді.

Қазақ халқының Ресей империясының құрамында болуы оған әлемнің прогрессивті мәдени жетістіктерімен терең танысуға, қазақ этносы туралы сөз қозғап, әлемге әйгілеген талантты публицистердің пайда болуына мүмкіндік берді. Кеңестік жүйеде жүзеге асқан мәдени революция сауаттылықты жалпыхалықтық құндылыққа айналдырды, қазақ халқының санасын гүлдендірді. Баспасөз бұқаралық құбылысқа айналды, бұл қоғам мүшелеріне болып жатқан оқиғалардан үнемі хабардар болып отыруларына, олардың өзіндік ой-пікірлерінің қалыптасуына жол ашты. Бірақ кеңестік насихаттың қалыпты механизмі қоғамдық пікірді әкімшілдік-әміршілдік жүйенің қажетті арнасына бағыттап отырды.

Қазақ ұлттық баспасөзі кезінде ұлттың өсіп-өркендеу мәселелерін алға тартты, бұған қарсы тұрған кедергілерді көрсете білді, коммунистік партияның ұлттық саясат жоспарларын жүзеге асырудағы қайшылықтарына қарсы тұруға әрекет етті. Осымен бір мезгілде қазақ халқы мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің даму проблемаларының баспасөзде жазу процесі жүріп жатты. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында жарық көрген «Қазақ әдебиеті» газеті ел өміріндегі елеулі құбылыс болды, ол ұлттық құндылықтарды қорғауда әдебиет, өнер және мәдениет салаларында ұлттық нақыш-өрнекті орнықтыруда өзіндік үн көтеріп, халықтық мінберге айнала білді. Сондай-ақ ұлттық баспасөз қазақ тілін дамыту, ана тілінде білім беретін мектептер құру мәселелерін үзбей көтеріп отырды.

Қазақ интеллигенциясының таңдаулы өкілдері баспасөздегі жарияланымдары арқылы қазақ халқының КСРО халықтарымен шын мәніндегі теңдігіне қол жеткізді, ұлттық ерекшеліктерді болдырмауға қарсы дауыс көтерді, жаңа интернационалдық қауымдастық – кеңес халқын жасанды қалыптастыру процесіне қарсы тұрды. Ұлт мүддесі жолындағы күрес әміршілдік-әкімшілдік жүйе жоспарына қарама-қайшы келді. Журналистерге, публицистерге, жазушылар мен ақындарға ұлтшылдық қамыты кигізіліп, олардың басым бөлігі қуғын-сүргінге ұшырады, ең арасы түрмелерге жабылды, ату жазасына кесілді.

Қазақтың ұлттық журналистикасы халықтар арасындағы шынайы достықты қадір тұтты, өз оқырмандарының бойында өзге ұлттарға құрмет сезімін ұялата білді, оларды Қазақстан аумағынан тыс жерлердегі халықтарға жан-жақты бауырмалдық көмек көрсетуге әрдайым әзір тұруға үндеп, тәрбиеледі.   Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдары ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысында басталған горбачевтық қайта құру кезеңінде өз назарын ұлт мәселесіндегі қиғаштықтарды түзетуге және оларды баспасөз беттерінде жариялаудың әдістері мен тәсілдерін жетілдіруге аударып отырды. Осы тұста ұлттық өзекті проблемалар, ұлттың идентификациялану мәселелері шиеленісті шегіне жете бастаған болатын. Қазақстан баспасөзінде бұл тақырып 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін ерекше сипат алды. Ұлтаралық қатынастардағы қордаланып қалған проблемалар айқын көрінетін саяси реңкке ие болды да кеңестік биліктің сандаған жылдар бойы жинақталған тәжірибесінің күл-талқаны шықты. Билік элитасы да, әміршілдік-әкімшілдік жүйе құрған баспасөз де қоғамға ұлттық саясат пен ұлтаралық қатынастарда тығырықтан шығудың теориялық тұрғыда негізделген бағдарламасын ұсынуда дәрменсіздік танытты. Сол жылдары пайда болған альтернативті баспасөз адамдар сезіміне үлкен әсер етті, КСРО-ның мемлекеттік құрылыс негіздерін сынға алды, ақыр соңында бұл кеңестік империяның біржолата күйреуіне әкеліп соқты.

Тәуелсіздік жылдарында республикада тәуелсіз басылымдар кең қанат жая бастады, қазір ол басым бөлігін  құрап отыр. Олардың арасында қазақ тілді аудиторияға, сонымен қатар орыстілді оқырмандарға арналған басылымдар бар. Олар ұлттық идентификациялану мәселелерінде әртүрлі ой-пікірлерді көпшілік назарына ұсынып жатады. Қазір республика басылымдарының барлық түрлері – мемлекеттік, мемлекеттік емес және тәуелсіз – егемендік позициясы тұрғысында қызмет етеді және оны қазақ халқы идентификациялануының сипатты белгісі ретінде бағалайды. Қазіргі таңда тек Қазақ елі Тәуелсіздігінің ғана қазақ халқының идентификациялану параметрлерінің өлшеуіші болып отырғанын нық сеніммен айту керек!  Республикалық баспасөз беттерінде мемлекеттік құрылыс, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және өзге де салалардағы даму мәселелерінің өткір қойылуы қоғам мүшелерінің «Біз кімбіз?» деген басты сауалға жауап іздеудің қажеттілігін терең сезінуіне, сөз жоқ ықпал етуде және бұл істе баспасөз ғалымдардың, саясаткерлердің, мәдениет қайраткерлерінің, жазушылардың, публицистердің тұрақты мінберіне айналып отыр. Олардың ой-пікірлері мен талқылаулары қоғамның барлық саласын қамтиды: экономикалық модельді таңдау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, ақша және қаржы-несие саясат мәселелері, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы, шаруашылықтың жаңа формаларын енгізу, ұлттық мемлекеттілікті нығайту, ТМД елдерімен және әлемдік қауымдастықпен қатынас және т.б.

Қазақ баспасөзі ұлттық бәсекелестік, ұлттық пара-парлыққа ұмтылыс мәселелерінде бай тәжірибе жинақтады. Осы аса өзекті тақырып аясында публицистика жанрларының барлық мүмкіндіктерін пайдаланды, әртүрлі шаралар өткізді: «дөңгелек столдар», «көшпелі редакциялар», оқырмандар конференцияларын ұйымдастырды, газет-журналдардың тұтас нөмірлерін, арнаулы беттер, т.б. ұйымдастырды. Осындай жұмыстың барысында журналистиканың өзі де, оның теориясы да өркен жайып, жан-жақты дамыды. Социологиялық очерк, типологиялық очерк, әлеуметтік портрет секілді жаңа жанрлар пайда болды, жанрлардың синтезделу процесі белсенді  жүруде. Айталық, сұхбаттарда кеңейтілген сауал-комментарий, ал талдамалы материалдарда репортаж, суреттеме, әңгімелесу, эпистолярлық жанр ретінде хат т.б. қолданылуда.

Соңғы жылдары республика бұқаралық ақпарт құралдарының сандық өсуімен қатар нарықтық тақырыптық дифференциациялылығы байқалуда. Жарнамалық, діни, саяси партиялық баспасөз пайда болды, республикада тұратын өзге ұлттардың мемлекеттік емес басылымдары қанат жаюда. Интернет, спутниктік телевизия дамуда. Мемлекет БАҚ-қа экономикалық тәуелсіздікке жол ашатын бірқатар жеңілдіктер берді. Республикада Қазақстан Президентінің жанынан БАҚ жөніндегі Қоғамдық кеңес құрылды, ол БАҚ-тың мемлекеттік билік тармақтарымен арақатынасы мәселелерімен айналысады.

Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан журналистикасы мемлекеттік құрылыс мәселелерімен қатар ұлттық бәсекелестіктің, ұлттық пара-парлыққа ұмтылыстың жаңа формаларын іздестіруге баса көңіл бөліп келеді. Осы орайда қазіргі қазақ публицистикасы тамыры терең тарихқа, оның даңқты батырлары мен билеріне айрықша ден қоюда. Ұлттық, мәдени және мемлекеттік ұлттық бәсекелестікті байытып, нығайта түсуге бағытталған қадамдар қоғамның сұранымын қанағаттандыруда үлкен рөл атқаруда. Отандық журналистика ұлттың шынайы бәсекелестігін, парапарлыққа ұмтылысын танытатын жаңа символдарын жасау мен қалыптастырудың инициаторы ретінде жарқырай көрінеді. Қазақ публицистері ұлттық бәсекелестікке қабілеттіліктің айрықша  назар аудару қажет өзекті проблема екенін айқын сезінеді. Қоғамда өздерін «біз-мемлекет құраушы» жергілікті ұлттармен және мемлекетпен біте қайнауға бағыттаған жандардың орасан зор сұранымы белең алған. Ұлттық және мемлекеттік сана маңызды форма ретінде сезімге, жекеше санаға және қоғамдық-саяси процеске әсер етеді. Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдары қоғам мүшелерінің бойында қазақ халқы мен оның мемлекетіне деген мақтаныш сезімін тәрбиелеуді ұдайы назарда ұстайды. Баспасөз қоғамдағы позитивті ұлттық бәсекелестілікке қабілеттіліктің мұндай мақтанышқа негіз боларлық табиғи ұмтылыс екенін басшылыққа алады. Адамзат туғаннан-ақ өзінің ұлттық пара-парлыққа ұмтылысын  сезіне алмайды. Мұны олардың қалай түсінетіндігі көптеген факторларға байланысты болады, олардың арасында баспасөздің қоғамдық идеалдар мен құндылықтарды қалай дәріптейтіндігі, олардың аудиторияны қалай тәрбиелейтіндігі айрықша маңызға ие.             Конституция мен өзге де Заңдарда кепілдік берілген бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығы өздерінің тағдырын өздері шешуге, өз күштеріне сенуге, жаңа қоғам құрауда белсенділік танытуға мүмкіндік береді. Алайда, баспасөз демократиялық мемлекет құру барысында, кей-кейде, бостандықты қалқан етіп, асыра пайдаланады, оның кейбір жарияланымдары  қоғамдық мораль тұрғысынан келгенде этикаға сай болмай жатады, жекелеген журналистер мен публицистерге пайда болған проблемаларға, өздері келіспейтін адамдарға толеранттық қатынас жетіспейді. Кейбір жарияланымдарда белгілі-бір топтардың мүддесі ғана көзделетіндігі, қоғам мүшелерінің ашу-ызасын туғызатын материалдардың  некен-саяқ болса да жарық  көріп қалатындағы құпия емес. Міне, бұлардың барлығы да ұлтаралық қатынастар мәселелерін шешуде теріс ықпал етеді.               Барлық қиындықтар мен күрделі жағдайларға қарамастан, отандық журналистиканың «Төртінші билік» ретінде қалыптасу процесі жүріп  жатыр. Бұл қазіргі қазақ ұлттық мемлекеттілігінің қалыптасу процесінің де жалғасын тауып отырғанының жарқын дәлелі болып табылады. Мұның өзі, сондай-ақ, қазақ этносының идентификациялық сипатынан толық хабардар етеді.

Міне, бұлардың қазақ халқының ұлт ретіндегі идентификациялық параметрлерін айқындауда, ұлттық құндылықтарды сарабдалдықпен ой елегінен өткізуде тиімділікті арттыра түсетіндігіне күмән жоқ.

— Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет,

Түркістан қаласы

09 тамыз, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды