«Білім – мектепте оқығанның бәрі ұмытылғаннан кейінгі жадыңда қалғаны».
А.Эйнштейн
Сонымен, мәселе былай. Бүгінгі күні елімізде 129 ЖОО бар. Оларда 604 мың студент оқиды. Білім беру негізінен екі тілде жүргізіледі: мемлекеттік тілде – 64 пайыз, орыс тілінде – 32 пайыз. Өткен жылы 60,7 мың студент оқудан шығып қалды. Ширек бөлігі өз еркімен, бесінші бөлігі – қаржы тапшылығынан, әрбір тоғызыншы – сабақ оқымағаннан. Былайша айтқанда, әрбір бесінші студенттің ата-анасы оқу ақысын төлей алмады, әрбір тоғызыншы – екіден көз ашпаған. Енді біздің университеттер жайында бір ауыз сөз. Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы жуырда Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі ЖОО-лардың рейтингін жариялады. Оған 306 оқу орны қатысқан. Алғашқы елудің қатарына бізден тек үш университет енді… Осыған қарап қандай қорытынды жасауға болады? Сонда біздің қалған ЖОО-лар көзбояушылықпен айналысып отыр ма? Жыл сайын дипломды мамандарды емес, дымбілместерді шығарып отыр ғой? Жоғары білім туралы диплом әшейін нәрсе ме? Мен барлық ЖОО туралы айтып отырған жоқпын. Мықтысы да бар, шындығын айтқанда біреу – Әл Фараби атындағы ҚазҰУ. Ол әлгі рейтингте 10-орыннан көрінді. Осыған орай, мынадай сауалдар қойғым келеді: бізге осыншама жоғары білімі бар, ал шын мәнінде білімсіз адамдар керек пе? Тиісті деңгейге жете алмайтын жүзден астам ЖОО қажет пе? Өзім өмір сүрген елдерде (Еуропа мен Америкада) жоғары білім алуға ұмтылатындар тым көп емес екеніне көз жеткізгем. Диплом алуды мақсат тұтпайды. Адамның еңбекке қабілеті болса, жоғары білімнің қажеті де жоқ. Кеңес кезінде қолөнерші мамандарды дайындайтын кәсіптік-техникалық училище мен техникумдардың болғаны есіңізде ме? Қазір онымен кім айналысады?
Колледж бен училище. Колледжің баяғы техникум мен кәсіби училищенің басқаша атауы екенін білемін. Олар қолданбалы мамандықтарды оқытады. Қазіргі заманда пеш мұржасын тазалаушы мен машинка басатындардың керегі жоқ екені түсінікті. Бірақ қалғандары ше? Маркетолог, заңгер, бизнес-коуч, ивент-менеджер, қаржыгер т.б толып жүр. Әлемде софт-скиллс деген түсінік пайда болды. Ол «икемді машық» дегенді білдіреді. Басқаша айтсақ, бүгін желдің бағыты өзгергенде, сен де басқа нәрсені үйренуің керек. Түрлі курстар бар. Әдетте олар көпсалалық, жылдам және ақылы. Бұл жерде ең бастысы – «жылдам» дегені. Курстан өттің, дайын мамансың. Сондықтан бізде көп саладағы мамандардың деңгейі онша емес. Түйткілдің тамыры неде дейсіз ғой?
Бізде оқу орындарында ойлауға үйретпейді. Сыни ойлауға, талдау мен түсінуге үйретпейді. Рухани жағына аз көңіл бөледі. Бүгін білімді не алмастырды? Телефон мен Википедиядағы жалпы жауаптар. Бастауыш сыныптағы кез келген оқушы телефонға қарап-ақ отыз жыл тәжірибесі бар ұстаздың алдын орап кетеді. Телефонын тартып алшы, надан болып қалады. Ертең осы надандар елді басқаруға кіріседі. Мен білім саласындағы түйткілді айтқанда, мәдениетке меңзеймін. Өйткені оларды бір-бірінен ажырата алмайсың. Бөлектеуге болмайды. Ал біздегі жағдай дәл осындай болғандықтан, мен бір жағынан білімді жабайылар мен арамзаларды, ал екінші жағынан белсенді дүмшелерді көбірек байқаймын. Әрі олар бір-бірімен орын ауыстырып, бір-бірін толықтырып отырады.
Ермек Тұрсынов,
кинорежиссер,
қоғам қайраткері