Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ұлықтау – парызымыз

26 тамыз 2022, 15:07

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 24 қарашасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойып, көп кідірмей комиссия өз жұмысын бастап кетті. Мемлекеттік комиссияның құрамында Президент әкімшілігі, Үкімет өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік һәм қоғамдық ұйымдардың жетекшілері және ғалымдар бар.

Мемлекеттік комиссияның құрамында жұмыс істеген ғалымдардың бірі – атыраулық Жамиға Таңатарова. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамиға Тәжікқызы мен Атырау облыстық мемлекеттік архив қызметкерлері Раиса Тастемірова, Материя Қаналиева сынды маманмен бірлесіп, облыстық архив мұрағаттарының «шаңын жұтып», жемісті еңбек етіп келеді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде білек түріне қызмет етіп келе жатқан ғалымнан атқарылған шаруа жайын сұрап, сұхбат алдық.

Jas qazaq: Жамиға Тәжікқызы, өзіңіз де саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін құрылған комиссияның мүшесі ретінде еңбектеніп келесіз. Білуімізше, сіз көбіне Атырау облысындағы кәмпескеге ұшырап, тәркілеудің тәлкегіне түскен шаруашылықтарға қатысты архив деректерін көтердіңіз.

Жамиға Таңатарова: 2020 жыл 24 қарашада ел Президенті Қ.Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік және аймақтық комиссияның бір бағыты кулактар мен байларды, жартылай феодалдар (орта шаруалардың) ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобы құрылған болатын. Топ құрамында өткен жылы 4 адам, осы 2022 жылы 3 адам жұмыс істеп, Атырау облыстық архивінде, Атырау облыстық Полиция департаменті архиві, Атырау облыстық Ұлттық қауіпсіздік департаменті архивінде , Махамбет ауданы, Исатай ауданы архивтерінде және Алматы қаласындағы ҚР Орталық мемлекеттік архивіндегі, ҚР Президенті архивіндегі деректермен құжаттарды іздеп тауып, зерделеу жұмыстарымен айналысты. Қазіргі таңда Атырау облысы бойынша Өңірлік комиссияның құжаттар жинағына материалдар өткізіп, ұжымдық монография мәтінін жазуға кірістік.

Мемлекеттік және аймақтық комиссияның бір бағыты – кулактар мен байларды, жартылай феодалдардың (орта шаруа деп те айтылады) ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу, анықталған, ғылыми айналымға енгізуге негізі қаланған қорытынды және ұсыныстар дайындау. Жұмыс тобының мүшесі ретінде Атырау облыстық архивте өнімді еңбек етіп, көптеген тың деректер, бұған дейін құпия саналып келген құжаттар да қолымызға тиді.

Кеңестік билік 1928 жылы жаңа экономикалық саясаттан бас тартысымен, Қазан төңкерісінің ұстанымдарын негізге ала отырып, тап күресі теориясын жүзеге асыруға ашық кірісті. Бұл іске НКВД-мен қатар, жергілікті әкімшілік-күштік құрылымдар жұмылдырылды.

Jas qazaq: Осы кезден бастап та «арқада қыс жайлы болмай арқардың ауып», момын елдің берекесін ойрандап, құтын қашырған, қадірін тайдырған қитұрқылықтардың жүзеге асуы асқына түскен жоқ па? Бұл қасіретті қатыгездік еліміздің әр өңірінде де белсенді түрде жүзеге асырылды.

Жамиға Таңатарова: Архивтік құжаттардың желісі бойынша Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің 1928 жылдың 27 тамызындағы «Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» декреті қазақ еліне зор қасірет әкелді. Осы қаулы ауыл шаруашылығындағы қуғындау зұлматының басы болып, жер аударылған халық өзінің тұрғылықты жерінен күштеп көшіріліп, репрессия зардаптарының барлық түрін бастан кешіріп, аласапыран заман орнады.

Атырау облысы мемлекеттік архивіндегі қор құжаттарынан облыс көлеміндегі тәркіленуге ұшыраған 86 жергілікті бай және Азғыр ауданы бойынша (бұрын Батыс Қазақстан облысына қарасты елді мекен) 30 байдың есебі бар, сонымен қатар Қазақстанның басқа округтерінен Гурьев облысының аудандарына мәжбүрлі түрде ырқынан тыс арнайы жер аударылған адамдар тізімі сақталған. Архив деректерінде 1928 жылдың 8 қыркүйегінде Гурьев қаласының қалалық партия активімен бірге тәркілеу комиссиясы мүшелерінің жиналысының хаттамасында 30 адам қатысып, төрағасы Сүлейменов, хатшысы Оспанов болып, күн тәртібінде Гурьев округі бойынша тәркілеуге жататын қожалықтарының тізімдерін қарап, Халық Комиссарлар Кеңесінің тәркілеу туралы нұсқауы бойынша тәркілеуге жататын байлардың тізімдерін жасау, мал есебін қарауды белсенді түрде ұйымдастырған. Гурьев округінен тәркілеуге ұшыраған Аманша Айжігітов, Жұбаниязов, Өтепқали Әлиев, Ермағамбет Баетов, Әміржан Байтленов, Саралы Бегалиев, Қазбек Бекмурзин, Төлеген Ғабдрахманов, Ерғали Жармағамбетов, Дүзелбай Жұмабаев, Смадияр Смағұлов, Қожағұловтар, Демеу Меңдалиев, Жақсығали Үмбеталиев т.б. құжаттары және Азғыр өңірінен тәркілеуге ұшыраған Шамен Досқалиев, Балий Өтегенов, Шәпен Омаров, Әбубәкір Мәмбетов, Бомаш Болдиянов, Бектілеу Алғазиев, Латиф Омаров, Мақаш Исенбаев, Көптілеу Алғазиев, Иманғали Ғаббасов, Халық Машекенов, Мұхамедияр Мақатов, Сатай Балқашев сияқты көптеген қудалануға ұшыраған адамдардың құжаттары Атырау облысы мемлекеттік архивіндегі жеке тектік қорларында сақталған.

Jas qazaq: Архивті ақтарып отырып, қою шаңның арасынан суырып шыққан қағазға қатталған деректерде жазылған, әлгі сіз есім-сойын атаған жандардың барлығы дерлік еліне ешбір зияны тимесе де, айналасына азуын батыруы былай тұрсын, жоқ-жітіктің қарнын тойдыруды, киімін бүтіндеуді ойлап, мұң жұтқаны тарихтан белгілі. Бірақ «асыра сілтеуге» арқа сүйегендердің қылт еткенді қиып түсуге әуестігі артты. Жер аудару, жайлы қонысынан мәжбүрлеп көшіру, басқа аймаққа жөнелту кезіндегі аласапыранда қаншама адам қырылды. Бұдан өткен қандай қасірет болуы мүмкін өзі?

Жамиға Таңатарова: Архив құжаттарын ақтарып қарағанда аза бойың қаза болатын оқиғалардың қорытындысы, дерек-дәйек молынан кезігеді. Тәркілеу науқаны кезінде Кеңестік билік республиканың өз ішіндегі көші-қон мәселесінде (жер аудару) жүзеге асырып отырған, атап айтсақ, Гурьевтен (қазіргі Атырау қаласы) солтүстікке, орталық облыстарға, ал сол теріскейдегі өңірлерден батыс т.б. аймақтарға Петропавлға, Ақмоладан Гурьевке жер аудару туралы 1928 жылы 30 тамыздағы қаулысы шыққан еді. Осылай халықты ерсілі-қарсылы шұбырындыға түсіру де орасан қасірет әкелді. Оның зардабынан талай қазақ күштеп межелеген жерге жете алмай, әсіресе, бала-шаға, жасы келген адамдар жолда шығынға ұшырап, мына дүниемен мезгілсіз қоштасты. Бұдан үлкен қандай қасірет болуы керек ұлттың? Өзіңнің отаныңда, атамекеніңде, кіндік қаның тамып, жаялығыңды жуған жеріңнен су шыққанда қопара көтеріп, үдере айдап көшіру ісінде де адам шығыны аз болған жоқ.

Ақмола округінен Гурьевке 15 бай, бала-шағасын қоса есептегенде, 69 адам жер аударылып келген. Мысалы: Ақмоладан Нығметжан Бәйменов, Мырзахмет Оразбаев жанұялары Қызылқоғаға жер аударылса, Мұқажан Қуандықов, Смағұл Күрпекбаев жанұялары Есбол ауданына көшіріледі. Осы жанұялармен бірге келген Доғалақовтар, Шоқаев, Қапеновтер Гурьев қаласына орналастырылады. Көп адамға туған жердің топырағы да бұйырмады. Ресми деректерге жүгінсек, тек жеке отбасы жер аударылған сияқты болып баяндалады. Ал шындығында, тәркіленген байлардың бала-шағасы ғана емес, туыстары да айдауға немесе қудалауға ұшырады, зардабы орасан қысымдардың құрбаны болды.

Архив құжаттарын ақтарып отырғанда 1928 жылы қатталып тігілген деректердің арасында Гурьев округі Новобогат ауданы Қаңбақты ауылынан кәмпескеге ұшыраған Смадияр Смағұловтың жанұясының тағдыры алабөтен назарымызды аудартты. Өйткені кәмпескелеу кезінде 320 ірі қара малы, шаруашылығында 2 көмекші ұстаған 45 жастағы Смадияр Смағұлов патша үкіметі кезінде болыстың старшинасы болған. Жеке мал шаруашылығы әкесі Смағұл Төленбаевтан қалады. Смағұл 1917 жылы өмірден өткен. Әкесінің артында 85 және 70 жастағы Латифа, Бәтима есімді қарт аналары қалады. Мал-мүлікті тәркілеуге байланысты тергеу амалдары жүргізіліп, комиссияға қарсы наразылық білдіргені үшін 1928 жылғы 23 қазанда Гурьев округтік сотының көшпелі сессиясы қаулысымен Смадияр Смағұлов 6 жылға, оның 19 жастағы баласы Нұржан Смадияровты 2 жылға соттап, жер аударады. Смадиярдан 38 жастағы әйелі Қамия мен 28 жастағы әйелі Дәріжан күйеуінен заңды айырылысқанын айтып берген түсініктемесіне, басқарушы органдар тарапынан бұл адамдардың некелерінің бұзылуының анық-қанығын жіті тексеру тапсырылады. Ал ең қасіреті Смадияр Смағұловтың 85 және 70 жастағы аналары Латифа, Бәтима және 15 жастағы немерелері Меңдешті айдауылдың алдына салып алып айдап отырып, Оралдың тергеу абақтысына қамайды. Жол азабына шыдамай қиналған әйелдер ВЦИК-ке арызданып, өздіктерінен жүре алмай, нәселкемен ғана қозғалатынын, Петропавл қаласына баруға әл-дәрмені жетпейтінін айтады. Туған жерінде қалдырып кетулерін өтініп сұраған арыздарына Латифа мен Бәтима Төленбаеваны және 15 жастағы немерелері Меңдешті абақтыдан шығарып, Орал округінде қыстап шығуға қалдыруға тапсырма келген.

Осындай жанұялардың тағдырына қатысты деректерді саралап салмақтағанда, қазақ халқының басына 1928 жылдан басталған еріксіз көші-қон ісі қаншама жанұяның тағдырын тас-талқан еткенін, бейкүнә адамдардың аяусыз жапа шеккеніне көзіміз тағы жете түсті. Бүгінгі ұрпақ үшін туған халқының басынан өткен зобалаң шақтар, қиын-қыстау, тар кезеңде ұлты үшін құрбан болған боздақтардың рухына тағзым ету, ерлік істерін есте қалдыру тарих алдында ұрпақ парызы болмақ, Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын таба береді. Архивте Атырау жеріндегі ашаршылыққа душар болған, көмекке зәру адамдардың нақты саны есептелгенімен де, 1921 жылғы архив құжаттарында сол кезеңде Орал губерниясы, Гурьев уезіндегі ашаршылық жағдайын баяндайтын тарихи деректер кездеседі. 1922 жылы бір ғана Жилокосинск ауданында 1300 адамның аштыққа ұшырағаны, оларға жергілікті атқарушы органдардан көрсетілген болмашы көмектер архив деректерінде қатталып тұр. 1922 жылғы архивтік деректе Гурьев уезінің Бестөбе болысындағы №2 ауылда 145 адамның аты-жөнімен көрсетіліп аштыққа ұрынғаны, Атырау (Гурьев) қаласынан аштыққа ұшыраған 465 адам Ресейдің Саратов, Астрахан, Кубань, Пенза, Қазан қалаларына, Украинаға және Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд қалаларына жан сауғалап үдере көшкендігі туралы да дерек көп. 1921 жылы 4-10 қазанда болған Қазақ АКСР кеңестерінің ІІ съезінде жаңа экономикалық саясатты жүргізуге кедергі болып отырған елдегі жұт пен ашаршылық болғандығы айтылады. Осы зардаптарды жою жолында аудандардағы аштыққа ұрынған елге азақ-түлік салығын мерзімінен бұрын өткізу керектігі баса айтылған. Съездің секция мәжілісінде Қазақстанның Батыс өңірінде елді жайлаған аштық мәселесі қаралып, онда Дайрабаев, Танашев, Игіліков, Бекбаев сияқты азаматтар елдегі жағдайдың қиындығы, аштықтан босқан халықтың арасында жұқпалы аурудың өршіп тұрғанын дабыл ретінде көтеріп, мәселені төтесінен қойған.
У.Танашевтың салық мөлшерін нақтылау ісін губерниялық атқару комитетінің құзырына қалдыруды ұсынған ұсынысын А.Байтұрсынов қолдаған. Алайда жиынға қатысқан Бендерь «бірде-бір ауданды салықтан босатуға болмайтынын, кей жерлерде салықты терімен алуға болатынын, салықсыз қиын жағдайдан шығу мүмкін емес» деген сыңаржақ пікіріне бекініп отырып алған.

Jas qazaq: Қазақ «Жұт жеті ағайынды» деп азабын әбден тартқандықтан айтады ғой. Сіз сөз еткен ашаршылық, қолдан ұйымдастырған үркіндегі көштің кесапатына қоса, аңызақ желден де жылдам таралған жұқпалы індеттен де бабаларымыз баудай түсіп, қырылған жоқ па?

Жамиға Таңатарова: 1922 жылы 10 желтоқсанда Ә.Жангелдин төрағалық еткен Қазақ өлкелік комитеті жауапты қызметкерлерінің жиынында М.Әуезов аштық жөніндегі комитеттің көмегі қазақтың шалғай ауылдарына жетпей жатқандығын, аштық пен жұттан жұқпалы аурулар өршігенін баса айтады. Жұқпалы аурулардың өршігені туралы архив деректерінде Гурьев қаласы және мұнай кәсіпшіліктері бар Мақат, Доссор, Еспол аудандарында індеттің күшеюі, дәрігерлер жетіспеуі, зертхана қажеттігін, 1922 жылы Новобогат ауданында оба эпидемиясынан 500 адамнан аса адам өлгендігін, оба індетіне қарсы отрядтың келуі, карантиндік шектеуді күшейтудің нәтижесінде ауруды өршітпей басқандығы айтылады. Осы жиынның қаулысымен С.Меңдешов пен М.Әуезовке ашыққан өңірлерге көмек ұйымдастыруды тапсырады. Гурьев аудандарына тамақ таратуға мүмкіндік болмағандықтан, орталықтан Гурьев пен Астрахан балығын үлестіруді, Орал губерниясын балық аулауға қажетті құралдармен қамтамасыз ету, жергілікті халыққа еркін балық аулауға рұқсат етуді тапсырған. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген қағида сол бір зобалаң шақта айтылған сөз бе деп қаласың. Адамзат тарихының қиын кезеңдерінде теңіз бойын жағалай қонған елдің талғажау еткен негізгі күнкөріс көзі мен қорегі – Каспий теңізі мен Жайық өзенінің балығы болғандығы тарихтан белгілі. Бұл, әрине, сол кезеңдегі Гурьев уезін мекен еткен елдің үштен бір бөлігінің тағдырына бұйырған несібе десе де болғандай. Губерниялық комиссияның төрағасы болған Чеботаревтің губерния халқына ашына жазған жолдауында: «… ел ашығуда, биылғы жылғы құрғақшылықтан келесі жылғы егін жинау науқанына дейін үкіметтің көмегінсіз он миллионнан астам халықтың тірі қалмасы анық. Барлық шаруашылықтар, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы да қиын жағдайда. Гурьев уезінде астық өндірілмейтіндіктен, халықтың жағдайы нашарлады» деп губерния халқын бір-біріне көмек қолын созуға, аштық өлімінен құтқаруға шақырады. Елдегі осындай ауыр жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, ашаршылықта көмекке зәру жандарды есепке алып, оларға көмек қорын жасау барысында жоспар құрылады. Сонымен қатар шалғай аудандардағы аш адамдарға қажетті азық жеткізу жолдары қарастырылды.

Jas qazaq: Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде құрылған комиссияның жұмыс топтары бірнеше бағыт бойынша жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Жұмысшы тобына жүктелген шаруаның бірі дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеуге де баса мән беруі дер едік.

Жамиға Таңатарова: Молдалар мен діндарларды, дін таратушыларды шаш ал десе, бас алатындар «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады. Оларды қуғындаудың қандай амалдары жасалды, барлығы архив құжаттарында қаттаулы тұр. Доссор, Мақат мұнай кәсіпшіліктеріндегі жұмысшылардың ішінде тергеп-тексеру жүргізіліп, олардың да арасынан кейбір жазықсыз жандарды байдың, молданың ұрпақтары деп, қудалауға ұшыратқан, қаңғытқан, азаптаудың сан түрін көрсеткен.

Жалпы қазақ даласында қуғындау, жер аудару, азаптау ісінің үшінші кезеңі 1933 жылдан басталып, 1937-1938 жылдары өзінің шарықтау шегіне жетті. Құжаттық деректер ОГПУ орындарының Қазақстанда оннан астам «контрреволюциялық ұлттық ұйымдарды» әшкерелеп, жойғандығы жөнінде мәлімет береді. Олардың арасында, 1937 жылғы 29 шілдедегі Гурьев окружкомының бюро отырысының 29-протоколында мұнай рабфагының директоры Иманғали Адаевтың мәселесі талқыланып, бұл адамды «контрреволюциялық ұлтшыл Мендешевтік топты» қорғады және «Казақтын томалак бас – кара баласы, Орыстын сопакбас сары баласы» деп студенттер арасында «фашистік нәсілдік теорияны жариялады» деген желеумен қызметінен түсіріп, партиядан шығарады.

Облыс прокуроры болған Төлешовтің Республика прокуроры Көрпебаевқа есеп беріп, 1938 жылғы ақпан-наурыз айларында Гурьев облысында шет мемлекеттердің пайдасына тыңшылық және саботаж жасады деген күдікпен қылмыстық жауапкершілікке 45 адам жауапқа тартылғанын, НКВД органдарында да контрреволюциялық қылмыстар туралы істерді қарау көбейгенін, түрмелердің лимиті бұзылып, 200 тұтқындалушыға арналған орында 700 тұтқын отырғаны туралы архивтік деректе жазулы тұр.

Jas qazaq: Жоғымыз табылып, кем-кетігіміз бүтінделіп, тарихи оқиғаларға шынайы баға беруде өздеріңіз жұмыс атқарып жүрген комиссияның, әр бағыт бойынша жасақталған жұмысшы топтарының еңбегі орасан. Дегенмен де бұл салада әлі де арқалайтын аманат та ауыр, атқарар жұмыс та жетерлік.

Жамиға Таңатарова: Дұрыс айтасыз, Мемлекет басшысының тарихымызды түгендеу жолындағы жүзеге асырылуы тиіс тапсырма жүктеп, осындай игі шараны қолға алуымыз өте орынды. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі кезең-кезеңімен көріне бастайды. Жылт етпе жылтырауық, науқандық дүние болмаған соң да бұл шаруаның тереңіне бойлап, байыптап бағамдап барып қана баға беруге болады. Жоғымызды түгендеу жолындағы мұндай жұмыстардың жүзеге асқаны және тоқтап қалмай жалғасын тапқаны дұрыс деп санаймын.

Сұхбаттасқан Қуаныш Разақ

03 желтоқсан, 14:17
Мектепте ақша жинау мәселесіне Ғани Бейсембаев нүкте қойды
26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?