Қаламгердің тойына генерал тікұшақпен келген еді
1992 жылдың қыркүйегі…
Шерхан Мұртазаның туған жері – Жуалыда жазушының алпыс жасқа толу мерейтойы өтіп жатқан. Теріс-Ащыбұлақ көлінің жағасына қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлерге кіріп-шыққан көпшілік мәре-сәре. Бәйге аттарын баптап, бір шетте шабандоздар жүр. Сахнада – Жуалының жезтаңдай әншілері! Қазақстанның бар ақын-жазушысы осында. Мерейтойға ақжарма көңілмен келген атағы аспан тіреген қаламгерлерді, танымал тұлғаларды көзбен көріп, олардың қолын алып амандасқанына мәз ауыл жұртының төбесі көкке сәл-ақ жетпей тұр! Той өткізушілердің жазып-сызған бағдарламасына сәйкес болуы керек, бастарына ақ қалпақ, үстеріне ұлттық оюлы көк шапан киген Камал Смайылов пен Әбіш Кекілбаев және Шерхан Мұртаза сынды үш баһадүр тұяғымен жер тарпыған тұлпарларға мініп, той өтіп жатқан көл жағасындағы ауылдың ішін арлы-берлі асықпай аралады. Дегенмен жарасымды көрініс! Халық риза!..
Кенет, кең дүниені көлбей созылып жатқан Күйік асуының үстінен жер-жаһанды дүрілдеткен тікұшақтың даусы естілді. Теріс-Ащыбұлақтың айнадай жалтыраған айдыны діріл қақты… Думанды ауылдың адамдары әуелде тосын гүрілге оншалықты мән бермегендей еді. Тікұшақ жақындаған сайын оның дауысы да анық естіліп, өзі де тым зор-ақ машина екен, орасан сұлбасы одан сайын үлкейе түсті. «Гүрк-гүрк-гүрк» еткен ебедейсіз алып инелік мерейтой өтіп жатқан ауылдың үстін екі рет айналып, орап ұшты. Көздерін көкке тігіп, қолын көлегейлеген жұрт аң-таң. Тікұшақ қонуға қолайлы жер іздеп жүргендей ме?! Расында да солай, тікұшақ көлдің жағасын қуалай өтіп, қақ маңдайдағы қырат-төбешікке жетіп барып… кідірді. Шырылдақ байлаған құйрығын кәдімгі инеліктей ырғап-ырғап тұрған бойда, кенет, қурай басқан қыраттың шаңын жан-жаққа бұрқырата қуып, жерге жәймен келіп қонды. Ауыл жұртына бәрі таңсық, сондай орасан – екі қабат үйдің биіктігіндей алып инеліктің бір пұшпақ мақтадай-ақ «үлп» етіп, жерге жұмсақ қана жайласа қонғанына сүйсінбегені кемде-кем. Шаң басылды. Моторы сөндірілмеген тікұшақтың үлкен қызыл бесжұлдыз салынған бүйіріндегі есігі ашылып, әскери киімдегі үш жігіт жерге баспалдақ тастамай-ақ секіріп-секіріп түсті. Бойшаңдау біреуі алға шығып, қалған екеуі оның соңынан ерді. Бағыттары біз жақ, яғни той-думан өтіп жатқан ақшаңқан ауыл. Бала-шағаның екі көзі сонда!..
Бір уақытта үлкендер жағынан әлдекім:
– Оу, мынау Тоқтар емес пе… Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров қой мынау, – деп қалды дауыстап.
Сол-ақ екен, манадан бері осындағы күллі бала-шаға табаны қызып, көздері жанып әрең тұрған екен, қыратқа қарай «атой» сап, лап қойды. Бұл кезде тікұшақ та моторын сөндіріп, тынышталған. Өзек қуалай шуылдай жүгірген балалардың алды сол бойда Батырға жетіп, қолын созып үлгерді. Әп-сәтте балғын балалық шақпен кездескен Даланың батыр ұлы – Қазақтың тұңғыш ғарышкері өзін шуылдай қаумалаған ауыл балаларының ортасында көрінбей қалды. Тіпті жөн сұрасып жатыр-ау деймін, белін бүгіп, еңкейіп әлдене деп қолын сермейді. Батыр бар, балалар бар – бәрі үйме-жүйме болып топырлап, сол жерде аз-кем аялдады. Жүгірген дүрмектен қалып қойған ең соңғы бала да әлгі шоғырға жетті-ау ақыры! Олар енді барлығы бірдей топтанып, осылай қарай бет түзеді. Адымдай басқан алып тұлғалы Халық батырының айналасындағы мәз-мейрам боп шуылдасқан бала-шағаның қуанышын көрсең! Қайталанбас көрініс! Бұл кезде тойлы ауыл жақтан ақсақалдар алға шығып, жастар жағалап дегендей, көпшілік қаумаланып, осылай қарай жақындап қалған жайсаң Батырды қарсы алуға дайын тұрған…
Тосыннан келіп, төбеден «дік» етіп түскен тікұшақ пен оның танымал жолаушысы Тоқтар Әубәкіров қайраткер-жазушы Шерхан Мұртаза тойының шырайын ашып жібергендей… Жұрттың бәрімен асықпай қол беріп амандасқан Халық Батыры – қазақтың тұңғыш ғарышкері аршындай адымдап келіп, Халық жазушысымен төс қағыстырды. Содан олар қолтықтасып киіз үйдің ішіне кіргенше мақтаныштан масайраған жұрттың қуанышты дабыры бір басылмады. Құрметті қонағына алдымен дастарханынан дәм татқызатын қазақ осы жолы да дәстүр-салтына сай батырды асқа шақырды. Алдына бас қойды. Авиация генерал-майоры, әскери даңқты сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров Тәуелсіз Қазақстанның жаңадан ғана құрылған Қорғаныс комитеті бастығының орынбасары қызметін атқаратын. Тойға әскердің далалық киім үлгісімен келіпті генерал. Халықтың сағынып жеткен тұңғыш ғарышкеріне деген сондайлық шынайы шексіз ілтипаты мен құрметін көрудің өзі бір ғанибет екен!
…Бәйге аттары сөреге шығарылып, көкпаршы жігіттер дуылдасып, той жалғасты.
Дала сахнасының да сәні кірген. Ақиық ақын Мұхтар Шаханов желпініп, өлең оқып тұр.
Алпысқа келіп ат тіреген,
Саусағымен от күреген,
Талмай тұлпар шабысынан,
Өз ұлтының намысын
алға қойған алтыннан
Шерхан аға…
Дархан аға…
Шер-аға!!!
Талай қыздың ерні тиген,
Бір сүйгізші мұртыңнан…
Ду қол шапалақ. Ақынды қолпаштаған халық «у-шу»! Ұзыннан-ұзын қаз-қатар қойылған орындықтарда иен шаншар жер болсайшы!.. Иін тірескен адам. Тас төбеден шақырайған күннің қызуына мән беріп жатқан бірі жоқ. Алақандарын көлегейлеп алған, екі көздері сахнада. Той қызды…
…Ту сырттан дауыс шықты.
– Кәне, жүрек жұтқан бір-екі журналист бізбен бірге жүре қойыңыздар!
Палуан пішінді, бидай өңді, кескінді бұл жігіт Жамбыл облыстық телерадиокомпаниясының бас продюсері Қаржаубай Сыдықназаров болатын. Аңқылдаған азамат. Қашан да қағылез, зыр жүгіріп, тыным таппай жүргені.
– Жәйша ма, Қаржеке?
Журналистер шу ете түсті.
– Жәй болушы ма еді, жігіттер!.. Генерал Тоқтар Әубәкіров ағамыздың өзі рұқсатын берді, экипаж ұшуға дайын… тележурналистер тікұшақ арқылы мынау болып жатқан тамашаны төбеден түсіреміз, – деді Қаржаубай мырза енді маңғаз кейіп танытып. Тез арада бір-екі телеоператор асай-мүсейін түгендеп арқалап, газет журналисінен жалғыз жергілікті газет тілшісі Көсемәлі Сәттібайұлының «бағы жанды»… оларға бірнеше балақай қосылып, тікұшаққа бет алды. Қаржаубай ардагер ақсақал, күні бүгін 70 жасқа толған Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаровты қолтығынан демеді. Кеңес Одағының ең жоғарғы марапаты – «Ленин» орденін кеудесіне бес мәрте таққан қайраткердің Бішкек түрмесінен босанып шыққанына әлі жыл толмаған. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына «ұйымдастырушылық» қатысы бар деп жазықсыз жала жабылып, Мәскеу тергеушілерінің зәбірін көрген қайсар жанның ақталуына Шерағаң басқарып отырған «Егемен Қазақстан» газетінің қосқан таудай үлесі барын көзі қарақты оқырман жақсы білетін…
– Жүріңіз, Асанбай аға! Шерағамның тойына түу төбеден қарап, бір тамашалап қайтайық. Көкпарды көрейік, көк аспанның жүзінен. Батырдың өзі атынан түсіп, ұсыныс жасап тұрғанда, қарап қалмайық. Бұл өзі, Алла сәтін салса, қайталанбас оқиға болғалы тұр!
«Дір-дір» етіп от алып, дауысы жерді тітірентіп жіберген алып тікұшақ мерекелі ауылдың үстінен көлбей ұшты. Бәйге шапқан алаңды, көкпаршылар додасының үстінен қиып өтуді де ұмытпай, екі рет шеңбер жасап айналды. Алып болған соң тез бұрылуы да қиындық тудырды ма екен, әйтеуір, соно-одай жерге одағайлап барып айналып келген тікұшақ әуелгі орнына жеп-жеңіл топ етіп, қайта қонды.
…Ақбоз үйдің ішінен Батыр да шықты көпшіліктің қошемет-құрметіменен. Шат-шадыман Жуалы жұрты ауылдарына әдейі ат басын бұрып, мереке үстіне мереке қосқан Қазақтың тұңғыш ғарышкеріне тік тұрып, ұзақ қол шапалақтады. Қаумалап жүріп көлігіне мінгізіп, шығарып салды. Әскери тікұшақ орнына лып етіп жеңіл көтеріліп, самғай жөнелгенде бұл құбылысқа таңдай қағып «апырайласып» та қалды көпшілік. Тікұшақ көздің ұшына жеткенше барша қауым қол бұлғап қарап тұрды.
Шерағаңмен Астанаға барғанда
Мерзімінен бұрын өкілеттігін тоқтатқан Парламенттің депутаты Шерхан Мұртаза ағамыз ол тұста «Егемен Қазақстан» газетінде Бас редактордың кеңесшісі қызметін атқаратын.
Әлі есімде… Астанаға тілшілер көшін Самат Мұса, Қарашаш Тоқсанбай, Ғабит Мүсіреп сынды жалынды жастар бастап барып, қызметке кірісіп кеткен. Редакция – Алматыда. Астананың туған күні қарсаңында бас редакторымыз Уәлихан аға Қалижан, кеңесшісі – Шераға, тілшілерден Серік Жұмабекұлы, Шахан Сәбек және мен арнаулы нөмір шығарудың жайымын ел астанасын бетке алып, жолға шығатын болдық. Қуаныштымыз… Бірақ Бас редактормен бірге ұшаққа алған билетін өткізіп, «қайтар бағытта ұшайын» деген Шерхан аға бізбен, тілшілермен бірге Астанаға пойызбен баратын болды. Үш жігіт үрпиісіп «Шерағамен бір купеде… бір жарым күн Астанаға дейін бірге… қалай болар екен?!» деп қобалжығанымыз да бар сонда.
Маусым айының басы. Жер-жаһанның бейне біздің сапарымызды күткендей-ақ сондағы масатыдай құлпырғанын көрсеңіз! Төртеуміздің де көзіміз терезеде. Дәлірек айтсам, біздер купе терезесінен сайын далаға тесіле қарап отырған Шерағаңның жанкүйерлеріміз. Шерхан ағаның жалындаған жастық шағында «Лениншіл жастың» Қарағандыдағы меншікті тілшісі болғанынан хабардармыз. Алматы мен Астананың арасында ұшақпен ұшудайын ұшып жүр ғой Шерағам, жастығының елесі Сарыарқаның төсінен пойыз жолмен бір қиып өткісі келген-ау шамасы! Ол дөңгелене жылжыған сардаладан көз алмай, тесіліп ұзақ қарады. Үн жоқ. Біз де үнсізбіз. Не ойлады екен, әз-аға…
«…Қазақстанның қазіргі картасына қарасаң – кетік-кетік. Шеті-шетінен әлдекімдер бір-бір кесіп өткендей. Егер сол кетіктерді ойша қалпына келтірсең – біздің территория циркульмен сызғандай дөп-дөңгелек. Ал сол циркульдің инесі қадалған жер дәл ортасы – Ұлытау!» Шірке-ен, Шерағаң жазады-ақ қой! Байқампаздығы – шексіз, шетсіз! «Бұрынғы хандар мемлекет ордасын Ұлытауға бекер орнатпаған. Қашықтық Қазақстан шартарабына бірдей. Қазақ тайпаларының көсемдері Ұлытауда өз таңбаларын текке қалдырды дейсіз бе?»
Шерағаңның Парламенттен сөйлеген сөздері, БАҚ арқылы айтқандары мен жазғандары ел аузынан түспей жүрген кез. Ашық тұрған купенің есігінен біз жаққа көзі түскен жолаушының үлкені бар, кішісі бар, кідірмегені жоқ, ішке бір бас-сұқпай өтпейді. Өтіп кеткендері қайтып оралады. «Ассалаумалейкум, Шераға… Байқап қалдым да, қолыңызды алайын дедім. Шераға, сіздің түнекүнгі теледидардан сөйлеген сөзіңіз… Өткендегі жазғаныңыз… Шераға, аман-сау жүре беріңіз… » Шерағаң сөзге шорқақ. Бас изейді. Ықыласын қысқа қайырады. Шын мәнінде, халықтың адамы екен ғой, біздің Шерағаң, шіркін!
Келімді-кетімді кісінің аяғы басылып, купенің есігі жабылғанда ғой Шерағамның бізге мойын бұрып, шешіліп әңгіме бастағаны. Бұл даланың көзге түсер кедір-бұдыры, тау-тасы, өзен-көлі – жалпы табиғаты Шерағаңның байқауы мен байламында мүлдем басқа екен ғой, басқа екен. Ол кісінің мұның бәріне қалай мұқият екендігі, білгірлігі мен ой-тұжырымы жол үстіндегі әріптестері – «егемендік» үшеумізді таң-тамаша қалдырып-ақ келеді. Шерағаң бейнебір сырын ішіне бүккен жанартау іспетті. Жазары өз алдына, айтары – ұшан-теңіз. Терезеден шыр үйірілген шексіз-шетсіз дала ағамыздың әңгімесінен кейін тіптен кеңейіп кетті. Бетпақдала. Шерағаңның өткенде ғана «Егеменде» жарияланған жолаушылар ұшағы апатынан қайтыс болған мемлекет және қоғам қайраткері Кәрім Мыңбаев туралы жазғандарын көз алдымызға елестетті. «Бетпақ даласына ел қондырып, тақыр жерді гүлдендіріп, керек болса ну орман орнатып, тозақтан жұмаққа айналдырмақ арман-ай. Шыннан ниет болса, Кәрімнің бұл арманы қиял да емес. Даланың асты ағыл-тегіл суға бай деседі… Кәрім Мыңбаевтың еш болған есіл армандары. Бетпақдалада кейін «орман» орнады. Ол орман ракета сынықтары, жер астын кеулеген ракета алаңдары, әскери сынақ апандары». Мұндай сәтте Мыңбаев туралы сұрап қалмасқа тағы болмас. Жапатармағай сауал қоямыз… Шешілді Шерағаң! Мыңбаевпен Момышұлының достығы, екі азаматтың рух үндестігі туралы да қызықты да сырлы деректер ақтарылды-ай.
Шежіре Шерағаңмен шер тарқатқан біздер Астанаға қалай жетіп қалғанымызды білмей қалғанымыз да есте…
Алматыға оралысымен іссапарға барған тілшілер, редакция мен Астанадағы ұжым «Мерекелік нөмірдің» айшықты шығуына жанымызды салдық. Дей тұрғанмен, «Армысың Алаштың Ақ қаласы, Ғасырдың ғаламат астанасы!» деген жыр шумағымен айдар тағынып ашылған «Егемен Қазақстанның» мерекелік нөмірінің нар жүгін Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Дәуір дауысы немесе Ақмоладан – Астанаға дейін» деп аталатын публицистикалық толғауы көтеріп кетті! Газеттің бірінші бетінде Қазақстан картасына жаңадан енген «Астана» жазуымен айшықталған панорамалық сурет жарияланды. Президент Ақордасы жайласқан бұрынғы облыстық партия комитетінің ғимараты мен Парламент Үйіне айналған бұрынғы облыстық кеңестер үйінің мүмкіндігінше әрленген сұлба-суретін қазіргі өлшем-таразысымен салмақтап көру де қызықты әсер қалдырар еді. Қалай дегенде де, Қазақстанның жаңа астанасының болашақ жөн-жобасы мен бағыт бағдарламасы осы ғимараттардың ішінде қолдау тауып, жүзеге асқаны ақиқат емес пе?! 2-ші бет пен 4-ші бетті еңсеріп жазылған сөз зергері Шерағамның ел астанасының кешегісі мен бүгінгісін қара сөзбен жырлай кеп, оның көкжиек кеңістігіне, батыл болашағына барлау жасағаны көп ойды аңғартып тұрды. Толғауды тебіренбей оқу мүмкін емес-тін. Бір кездегі КСРО басшысы Хрущевтің Целиноградқа келген сәтінде жағымпаз партия функционерлерінің мемлекет басшысын қала маңындағы фермадағы Хрущев деген шошқа бағушымен жүздестіргенін мысқылмен түйреп, қызықты етіп жазған Шерхан Мұртазаның кейінгі жылдар кезеңінде Ресей тағына отырған Борис Ельциннен халықаралық пресс-конференция үстінде алған сұхбаты да жан-дүниеңді сілкінтер еді.
«Ол кезде «Егемен Қазақстанның» бас редакторы едім. Ельцинге сұрақ қойдым.
– Аса құрметті Борис Николаевич! Ресейдің Сіздің алдыңыздағы Президенті Қазақстанның солтүстіктегі 5 облысын Ресей Федерациясына қосу туралы әрекет керек екенін айтып кетті. Сіз осы пікірді қолдайсыз ба, жоқ па?
– Ешқашан да қолдамаймын! – деп Ельцин қатты айқайлап жіберді. – Ресейдің Қазақстанға ешқандай территориялық талабы, дауы жоқ!» деп естелік жазған қаламгер аға одан ары қоғамның көз алдында қазір өтіп жатқан ұлы өзгерістерге былай баға берді: «Таяуда Астанаға барып қайттым. Қаланың қақ ортасындағы Парламенттің он алты қабат биік үйінің төбесіне лифтімен көтеріліп, жан-жағыма көз салдым. Айнала қым-қуыт қызған жұмыс. Астана жаңадан салынып жатыр, ескілері жаңарып жатыр. Егер бүкіл Қазақстан дәл осындай қарқынмен жұмыс істесе, шіркін, республика тез-ақ өркендеп кетер еді-ау деген ой келді. Астананың қазағы да көбейе бастапты. Тәуба дедім. Хрущевтар, Горбачевтар енді әкіреңдеп тепсіне алмас дедім. Солтүстіктен шаншудай қадалатын суық ызғар да жұмсарған сияқты. Бұрынғыдай бүгежектеу жоқ.
Адамдардың кеудесі керік, бастары тік. Қайда қарасаң да, Көк Ту биіктен-биіктен желбірейді. Әрине, тырнақ астынан кір іздеген адамға олпы-солпы әр жерден-ақ табылады. Бірақ оның бәрі ретке келетін болғандықтан ұсақтап, қазбалап жату қажетсіз.
Бүгін – Тұсаукесер тойы. Аршындай бер, адымдай бер, Астана!»
…1998 жылдың 10 маусым күні Қазақстан халқы ел ордамыз – Астананың тұсаукесер рәсімін жасады.
Сол салтанатты ұлықтау алдында Шерағаңмен Астанаға бірге барған тарихи сапарымыз арада ширек ғасыр өтсе де, еш ұмытылмақ емес. Шіркін, Шераға!
Талғат СҮЙІНБАЙ, Алматы
Суреттерді түсіргендер:
Ерлан ОМАР, Юрий БЕККЕР, Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ