Қазақстанда қазанның соңғы жексенбісінде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі. Осынау көзге көп көріне бермейтін, бірақ қиындығы да, сауабы да мол саланы нағыз еңбек майданы деуге әбден болады. Қазіргі таңда Астана қаласының әлеуметтік қорғау жүйесінде 1300-ден астам әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Олар күн сайын мыңдаған зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі 3000 балаға жан жылуын сыйлап, қамқорлық жасайды.
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні қарсаңында Астана қаласындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда салтанатты іс-шара өтіп, онда осы саланың озаттары марпатталды. Оларды Астана әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев құттықтап, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен Астана әкімі Алтай Көлгіновтің атынан солардың жылы лебіздерін жеткізді.
«Әлеуметтік қызметкерлердің күнделікті еңбегі — мемлекеттің өз азаматтарына қамқорлығының көрсеткіші. Мұндай мерекенің болуы Сіздің қиын жанқиярлық жұмысыңызға шынайы құрметтің барын көрсетеді. Бұл жақсы дәстүр бәрімізге жанашырлық пен өзара көмек қажет екенін еске салуы керек. Сіздерді осы тамаша күнмен құттықтаймын!»- деді Е.Бекмұрзаев.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда астанада сегіз арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, онда экономикалық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер көрсетіледі. Мұнда мүмкіндігі шектеулі адамдардың толыққанды өмір сүруіне, әсіресе айрықша қамқорлықты қажет ететін балалардың аяқтарынан тік тұрып, алғашқы қадамдарын жасауға жан-жақта жәрдем береді.
«Біз бұл шараны әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлерін марапаттау үшін ұйымдастырдық. Әрине, олар үшін ең жақсы марапат – көмек көрсетілген адамдардың алғысы, бірақ біз олардың маңызы зор жұмысы үшін мемлекет атынан да ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Сіздің жұмыс үлкен шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Қызмет алушылар тарапынан әрқашан түсіністік болсын деймін. Олар біздің жылы көзқарасымыз бен қамқорлығымызға үнемі зәру екенін ұмытпайық», — деді қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб.
«Үміт дағдарыс орталығы» КММ қызметкері Алтын Ерубаева өз кезегінде «Барлық әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әлеуметтік қорғау саласында 15 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Біздің еңбегіміздің мемлекет тарапынан еленгені мен үшін үлкен қуаныш. Әрине, біз өз жұмысымыз үшін марапаттар мен мақтауларды талап етпейміз, бірақ оларды алған кезде – шабыттанып, одан да көп жұмыс істей бастайтынымыз анық», — деді.
Іс — шара барысында әлеуметтік қорғау саласының үздік мамандары Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі», «Еңбек ардагері» ведомстволық наградаларымен, Астана әкімінің грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, іс-шараға ардагерлер, әлеуметтік қорғау бөлімдерінің басшылары, әлеуметтік қызметкерлер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Абзал Ибрагим,
Астана