Елімізде 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Жалпыға бірдей декларациялау енгізілгені мәлім. Биыл заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге кезек келді. Ал келесі барлық азаматтар декларация тапсырады. Осыған орай jasqazaq.kz Алматы қаласы Әуезов ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасының Өндірістік емес төлемдер және жеке тұғалар бөлімінің бас маманы Саттар Тілеулиновтен декларация туралы толық мағлұмат беруін өтінді.
— Саттар Бейсенбайұлы, биыл жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Қазір Алматыдағы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге декларация тапсыру жөнінде хабарлама келіп жатыр. Jasqazaq.kz оқырмандарына декларация туралы толық мағлұмат берсеңіз.
— Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі міндеті — әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірісін бақылаудың тиімді тетігін құру және сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.
Мәселен, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап «кіру» декларациясын мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар (жұбайлары), ІІ кезеңде — 2023 жылы мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері (жұбайлары) тапсырды.
Биыл – үшінші кезеңде заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады.
Төртінші кезеңде, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – азаматтардың қалған санаттары ұсынады.
— Декларацияда қандай мәліметтерді көрсету керек?
— Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтардың активтері мен міндеттемелері туралы декларация беруінен тұрады. Онда жеке тұлғаның барлық мынадай шетелдік активтері, жылжымалы, жылжымайтын мүлкі көрсетіледі:
Кейін жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00-нысан) ұсынылады, онда күнтізбелік жыл ішінде алынған кірістер, Қазақстанда және шетелде мүлікті сатып алу не иеліктен шығару туралы мәліметтер, сондай-ақ оларды иемденуге жұмсалған шығыстарды жабудың көздері көрсетіледі.
— Декларацияны ұсыну тәсілдері мен мерзімі қандай?
— Декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет. Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-SalyqАzamat», Halyk, Kaspi, Bank CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады. Сондай-ақ азаматтар декларацияны қағаз нұсқада пошта арқылы немесе өздері барып ұсынуға құқылы.
— Салық органдары шетелдік көздерден түсетін кірістер туралы қалай біледі?
— Қаржы министрлігі 2021 жылдан бастап шетелдік банктердегі шоттарға түскен қазақстандық азаматтардың кірістері туралы мәліметтер алады. Бұл мәліметтер Салық істері жөніндегі өзара әкімшілік көмек туралы конвенция шеңберінде (Страсбург, 1988 жылғы 25 қаңтар) қаржы шоттары туралы ақпаратты автоматты түрде алмасу туралы құзыретті органдардың көпжақты келісіміне (бұдан әрі – CRS) сәйкес келіп түседі.
Жыл сайын 80 елден ақпарат келіп түседі, негізгі елдер — БАӘ, Ұлыбритания, Түркия, Франция және басқалар. Келіп түскен мәліметтер жеке табыс салығы бойынша салық міндеттемелерін айқындау мақсатында ғана салықтық әкімшілендіру үшін пайдаланылады.
— Ал декларация қате толтырылса, оны түзетуге бола ма?
— Иә, азаматтар кез келген қате немесе анық емес көрсетілген мәліметтерді Салық кодексінде көзделген талап қою мерзімі шегінде қосымша декларация беру арқылы дербес жоюға құқылы.
— Декларация тапсырмағандарға қандай жаза қолданылады?
— Декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 51 750 теңге (15 АЕК) мөлшерінде айыппұл төлейді.
Толық емес, анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін – ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 10 350 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК 272-бабы) қарастырылған.
Салық салу объектілерін жасырғаны үшін жыл ішінде алғаш рет – төленбеген салықтар сомасынан 200 % айыппұл, қайталап бұзғаны үшін — 300% мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК 275-бабы) қарастырылған.
Мұндай адам мүлікті сатып алған жағдайда оның құны кіріс деп танылады және табыс салығы салынады (СК 72-бабы).
Салық салу объектілерін жасырғаны үшін төленбеген салықтар сомасынан 200 % айыппұл, қайта бұзғаны үшін 300 % айыппұл қарастырылған.
Наргүл Мырзахмет