Сарыала сапты қамшы

28 шiлде 2016, 23:15

71a72c406d891865646b3a2c2dfe07ed Қамшының түрлері көп. Қамшыны тобылғыдан, мүйізден, сүйектен, тіпті сирақтан да жасауға болады. Жалпы жүзден аса түрі болады.
Қамшының халқымыздың өмірінде атқаратын бірнеше қызметі, функциясы бар. Ең бірінші, қамшы – күнделікті өмірде ат айдаушы құрал. Одан кейінгі бишік, шыбыртқы – мал айдаушы құрал. Қамшының бұдан басқа қызметі – өткен замандарда, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басына дейін бұл билік құралы болған. Билердің, хандардың қолында қамшы болған. Қамшы – қару. Қамшы үш, төрт таспадан басталып, 48 таспаға дейін өріледі.
Қамшының қазақ өміріндегі, тұрмыс-салтындағы орны үлкен. Бұл – жаугершілік заманның ең өткір қаруы. Бұл – бейбіт заманның бишігі. Өйткені қамшыға қатысты салт-дәстүр көп. Жаңа түскен келіннің бетін үкілі, қоңыраулы қамшымен ашатын кездер болған. Қазақ үшін қамшы – серт. Сәбидің бесігінің басына қамшы жастайды. Себебі қамшы – билік нышаны. Екі елдің құдалығы қамшысыз өтпейді. Араз елдің арасын да қамшы бекіткен. Сондықтан, бұрынғы заманда қазақты қамшысыз елестету мүмкін болмаған.
Қазақта «қамшы ұстату» деген сөз, «қамшы ұстатар» деген дәстүр бар. «Қамшы ұстату» – билік беру деген сөздің баламасы. «Қамшы ұстатар» – атадан тараған ұрпақтың бір аты. Атаның балаға қамшы беруі – үлкен дәстүр, ұлы той. Бұл – ұрпақ сабақтастығын білдіреді. Қария шөбересіне өз қолымен сарыала қамшы өріп, сыйға тартады. Бұл – ат жалын тартып мінген немереге жасалған ең алғашқы сыйлық. «Ендігі қамшы ұстар – өзіңсің» – деген емеурін-тілеу. Жас балаға артылған ең алғашқы жауапгершілік деуге де болады.

a817933c45b138bdf352aa67889cff4a_bigҚазақтың жақсы көретіні – тобылғы сапты қамшы. Қамшыға сап болатын тобылғыны іздеп жүріп, тобылғы сайға, тобылғы өсетін жерге барып, қарап таңдап алады. Одан кейін ырғай сапты қамшы. Ырғай да өте мықты ағаш. Одан кейін мүйіз сапты қамшылар болады. Одан кейін еліктің сирағынан жасалған қамшы болады, елікті атып алып, сирағынан қамшы жасаған. Бұны қыз-келіншектер ұстайды. Сондай бір сәнді, әдемі қамшы. Одан кейін жез сапты қамшылар болады. Сыртына жезді орап жасайды. Жез сапты қамшыны сарыала қамшы дейді. Қазақта «Сарыала қамшы тұрған үйде сайтан болмайды» – деген мақал бар. Мұны көбінде бақсылар да ұстаған, қарапайым халық та ұстаған. Себебі жез – тазалықтың белгісі ғой. Жез сапты сарыала қамшы тувалықтарда, алтайлықтарда да қасиетті саналады екен.
Қамшының түрі көп, өңірлік ерекшелігі де айшықты. Мәселен, ат қамшы, дыр қамшы, сондай-ақ дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы – бұлар өрімнің жуан-жіңішкелігіне байланысты айтылады. Сарыала қамшы, білеу қамшы, орама санды қамшы, мүйіз сапты қамшы – бұл әшекейіне қарата атауы. Киелі қамшы, қасиетті қамшы, шашақты қамшы, бала қамшы, құрау қамшы, шыбыртқы қамшы – бұл қамшы иесіне қарата бөлінуі.
Қамшының тарихына қарайтын болсақ, қазір 2500 жыл – 25 ғасыр болған Есік обасынан табылған Алтын адамның жанынан қазып алынған күміс тостаған, қару-жарағынан басқа алтын жалатылған, оратылған сәнді қамшы табылған. Бұл үлкен ханзадалардың, атақты билік адамдарының, патшалардың осындай қамшысы болған. Одан бергі Ғұн заманында қамшы – қару болған. Ең алғаш қамшыны Еуропаға апарған біздің арғы ата-бабаларымыз – ғұндар. Біздің заманымыздың 4-5 ғасырларында Ғұн жауынгерлерінің қолында қамшы бейнеленген. Бұғанға дейін Еуропа қамшыны, етікті, шалбарды білмеген. Көшпенділердің Алтайдан бастап, Дунайға дейінгі жорықтарында осы заттарды арғы ата-бабаларымыз Еуропаға апарған.

b92f91c23135217f2059a0ab77fbf242Көшпенді үшін жүйрік ат, дойыр қамшы – әрі қару, әру дос. Қар жастанып, мұз құрсанған дала ұландары сарыала сапты қамшыны бірде қылыш, бірде ат әбзеліне пайдаланды. Қазақ өмірінде қамшы – өнер туындысы, рухани күш-қуат. Қамшы – сыйлық, қамшы – жігіт пен қыздың салтанаты болған. Қамшы – азаматтың айбыны, шебер қолдың айғағы саналды. Алты таспа қайыс қамшы – алса қару, қалса мұра.
Қамшы өру әрбір адамның қолынан келмейді. Бір ауылда бір адам, бір рулы елде бір атағы шыққан өрімші ғана болады. Өрімшілік – үлкен өнер. Өгіздің терісі сияқты мықты қайыстардан өреді.
Қай жағынан алып қарасақ та, қамшы – қазақ өмірі мен өнерінің ажырамас бөлігі. Өмірі дегеніміз – адам атсыз, атқа мінсе, қамшысыз болмаған. Өнері дегеніміз – шеберлік те, ақындық та, сөз сайысы да қамшысыз өтпеген. Сөз сұрағанда қамшы тастау – дала заңына тән салт.
Қазақ салт-дәстүрінде қамшы ұстау мен қолданудың тәрбиелік мәні, ережесі сақталған. Қамшыны оң қолға ұстау керек. Жайшылықта сабы мен өрімін қабаттап, екі бүктеп ұстайды. Қамшы өрімін салбыратып ұстау немесе үйге сүйретіп кіру – дұшпандық пен әдепсіздік белгісі. Жолаушыға жөн сілтеп, жол көрсеткенде де саусақпен емес, қамшымен нұсқаған. Қамшыны сыйға тартқан кезде, кісінің қолына ұстатпайды. Жерге тастап береді. Оның мәні – береке-құт бірге кетпесін, ұшығы жерде қалсын, салмақты жер көтереді деген ырым. Тіпті қазақта қамшы ұрлау үлкен қылмыс саналды.
Қазақ салт-дәстүрінің көкжиегі кең. Тақырыбы – сан алуан. Тұрмыс-салтқа байланысты туған дәстүр өз алдына бір төбе. Ал ата-бабаларымыздың өмір сүру қағидасынан шыққан салт әлі күнге дейін өміршең. Салт-дәстүр – әр халықтың өзіне тән қолтаңбасы, айшықты белгісі, асыл қазынасы.

Жарас
Кемелжан

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала