Баяғыда шығыс жақтағы бір ауылда кедей отбасы өмір кешіпті. Ол жылдар қазақтар үшін тар жол тайғақ кешу деп аталады. Елде не мал жоқ, былайша айтқанда, үрерге иті, сығарға биті жоқ малсыз қазақ — ассыз қазақ емес пе? Қарт қатты сырқат екен. Әйелі оны күнде таңертең тамағын беріп, сүйемелдеп бір қотыр тайына отырғызып, колхоздың егінін мал мен құстан торуға жібереді екен. Ол кезде айлық емес, колхоз еңбекақыны өніммен береді: бидай, тары, арпа дәні, болмаса сүт өнімдері, анда-санда ет те болып қалады екен. Осылай бір отбасы әйтеуір өлместің күнін көріп жүріпті.
Бірақ «жыртық үйдің құдайы бар» дегендей, сол кедейдің бес қыз, екі ұлы болыпты. Кенже ұлы туғанда ел емес пе, өсекші әйелдер пыш-пыштап, «мына өлгелі жүрген кәрі шалдан әйелі ұл тапқанын қарашы» депті… Содан көп ұзамай әйелі қатты ауырады. Ауруы да қызық, үсті-басы қотырға толып кетеді. Әлгі қотырдың аузы суланып, үстіндегі жалғыз шыт көйлегі күні бойы үстіне қатып қалады екен. Баланы төсінің ауырғанына қарамай емізгенде, баланың аузы қан болып, бейшара өзі жылап отырып емізеді екен. Кешке он төрттегі үлкен қызы шыт көйлекті әрең дегенде шешіп, жуып қояды екен. Ертеңінде тағы солай. Істемеген ем қалмайды, жақпаған май қалмайды.Содан бақтарына ауылға бір қария келе қалады, Ол емші екен. Сол емшіге көрінгенде, «Е-е, қарағым, мынау көзқотыр деп аталады, тіл мен көз тигенде осылай болады» деп бір дәрі жасап береді. Сол дәріні екі күн жаққанда жаңағы қотырдың аузы қатып, біраздан соң денесі жазылып кетеді.
Осылай күндер өтеді. Балалар әкеден айырылып, жетім қалады. Барлық ауыртпалық үлкен қызға түседі. Ол қыз сол он бес жасынан колхоздың жұмысына араласады. Кілең беске оқыған мектебін жетінші класпен аяқтайды. Бір қызығы, сол он бестегі қыздың артынан бір жыл өтпей туған келесі қыз нәзік. Оның үстіне қараторының әдемісі болса керек, ұйықтағанды жақсы көреді екен. Үлкені тыным таппай, түнде ұйықтамай өзі есеп жасайтын бес алты шақырымдағы сауымнан қолына түскен, күні бойы суық бұлақтың басына тығып қойған кішкене баланың жұдырығындай май мен сеператордан өткен көк сүттің бір шелегін әрең дегенде бастықтан сұрап алып түнгі айдың жарығымен үйіне әкеп тастап, таңғы сауымға кетеді екен. Кейін, өзінің айтуынша, ыза болып, қанен-қаперсіз ұйықтап жатқан сіңлісін бір теуіп өтеді екен…
Сөйтіп жүріп қыздар бой жетеді. «Ой, мына қыздарды-ай!» деп елдің аузынан суы құритындай ақ болады. Кейінірек ауылдағы дүкенге үлкен қыздың екі сіңлісі дүкенші болып орналасады. Ол кезде мата да қымбат, қолға тимейді. Анаған-мынаған айттырып жүріп, ұш қыз қаладан 5-6 метр қытайдың әдемі, таза сары атлас матасын алдырады. Екінші қыз ісмер екен, ауылда ешкімде жоқ өте әдемі көйлек тігеді. Үшеуінде үш әдемі көйлек, қараған адам көзін тайдыра алмайтындай. Екі жеңіне қадаған түймелерінің өзі әдемі тізілген, белі қыналған, жаяу кісі жатып, атты кісі түсіп қарағандай екен. «Райымбектің қыздары» деп ел тамсанатындай болып, енді-енді қолдары ауыздарына жетіп, тойып ас ішіп, ел санатына қосылдық-ау деген кезде…
Көп ұзамай дүкенге ұры түседі, содан барлық ұрланған зат екінші қыздың мойнына ілінеді. Оның үстіне ұрылар соғыс кезінде жер аударылған басқа үлт өкілдері болып шығады. Оларды қыздар таниды екен, ашықтан-ашық қыздарға келіп, «егер мойындарыңа алмасаңдар, біз сендерді бәрібір бауыздап кетеміз» депті. Сонымен екінші қыз барлығын өз мойнына алып, бес жылға сотталып Сібірге кетеді. Үлкені «сол сары матадан тіккенкөйлегіміз тозып бітіп, алақандай бір жапырағы қалғанға кейін қатты қиыншылық көрдік, енді ешқашан сары киім кимейтін болдық» дейді. Марқұм өле-өлгенше сары дегеннен қорқатын. Біз кішкене сары гүлі бар көйлек кимейтінбіз. Сынықтан басқаның бәрі жұғады демекші, біз — балалары әлі күнге дейін сары зат алмаймыз, ақырғы жылдары немерелері болмаса, біз де сарыдан қорқатын болдық.
Екінші қыз сол кеткеннен мол хабарсыз кетеді. Хат жазуға болмайды екен, анасы көз жасын бұласа да бес жыл бойы қызынан еш хабар келмейді. Сонымен жанұясы өлген шығар деп ойлайды. Содан не айтасыз, бес жыл өткен соң қызымыз аман-сау ауылға оралады. Сол әдемі қалпы, кос бұрымы сол қалпы, орысша судай, жап-жақсы киінген! Кішігірім той жасалып, әрмен қарай өмір жалғасады.
Бір қызығы, ол кісі ана жақтағы өмірін аузын ашып айтқан емес. Тек кейін біз ес біле бастағанда анадан-мынадан естіп қалған оқиғалары есте қалыпты. Ол жақта бір бурят әйел екеуі дос болады. Бурят әйел бір жерде бас есепші болып, бір жағдайлармен түрмеден бір-ақ шыққан екен. Күндіз неше түрлі жұмысқа салады екен, ал түнде ол екеуі матрастың мақтасын иіріп, оны сатыпғ бір тілім нан сатып алып, аман қалған екен. Ал алғаш түрмеге келген кезде барлық әйелдердің шаштарын тақырлап алып тастаған. Біздің апамыз ұзын қос бұрымын басына байлап алып бұкіл түрмені басына көтеріп айғайлап тұрып жыламай ма, «бүйткенше сендер мені өлтіріңдер, шашымды қидырмаймын, бұрымнан айырылу өліммен тең» деп! Оны естіген түрменің бастығы келіп мән-жәйді сұрайды. Жағдайға қанық болған соң: «Егер мына қыздың басынан бір бит табылса, шашсыз қалсын» депті. Ары қарап, бері қарап, басының тазалығына көздері жетіп, сол қос бұрымы қалған екен. Сол апамыз тоқсанға жетіп қайтыс болды. Өзі шебер, қыздары да шебер, барлығы әдемі, тіпті немере-шөберелерінің шеберлігі мен әдемілігін айтып тауыса алмаспын….. Қалған ұл-қыздары туралы әңгіме бөлек болар, мынау сол сары көйлек турала.
Анамыз кейіндері айтып отыратын, бар бәле сары атлас көйлектен басталды деп, кім білсін? Бәлкім, солай да болар…
Рәсима Әкімбекова
Сурет: отбасы архивінен
04.04.2025