Биыл қараша айының біткенін күтпей-ақ қыс қаһарын төге бастады. Көрмей жүрген қыс па, тәйірі дейсің. Тамағың тоқ, үйің жылы болса, қандай суыққа да шыдауға болады емес пе! Бірақ күздің алғашқы айларында әр қаладағы жылу орталықтарында бірінен соң бірі болған ірілі-ұсақты апат бейқам адамның өзін де ойландырып тастады.
Осы аптада саршұнақ аязда жылусыз қалған Екібастұзға бүкіл ел көз тігіп, «тезірек жөнделсе екен» деп тілеуін тіледі. «Ертеңгі күні біз де тоңып секірмейік» деген үрей де жоқ емес. Өйткені соңғы мәлімет бойынша, биылғы жылу маусымы басталғаннан бері ел ішіндегі тіршілікпен қамту жүйесінде 26 технологиялық ақау тіркеліпті. Көптің көкейіндегі сауалды осы аптаның сәрсенбісінде Алматы әкімінің Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесуінде біреу шыдамай кетсе керек, «Екібастұздың кебін біз кимейміз бе?» деген сауал қойыпты. Әлбетте, шаһар әкімі «солай болуы мүмкін» деп жауап бермейді ғой. «Оған жол бермеуге тырысамыз» деп құтылды. Мұндай екіұшты жауап көптің көңілінен шықпайтыны белгілі. Алматының су-жылу құбырларының 60-70 пайызы әбден ескіргені жылда айтылады. Биылғы жылу маусымының «бісмілләсі» дәл осы сөзден басталды. Қыс басталмай сондай ескі құбырдың бір тұсы жарылып та үлгерді. Әбден тозығы жеткен жылу орталықтары мен желілері тек Алматы емес, бүкіл ел аумағында «жылу маусымы қалыпты жағдайда өтеді» деп уәде беруге мұрша келтірмейді. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың тамыз айында «Екібастұздағы жылу маусымы қалыпты жағдайда өтеді» деп сеніммен айтқан сөзі – соның дәлелі (осы жолдар жазылып жатқанда Ә.Сқақовтың Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатылғаны туралы ақпарат жарияланды).
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне жүгінейік. Еліміздегі жылу және сумен жабдықтау желісінің ұзындығы 119 мың шақырымды құрайды екен. 2015 жылдан бері оның құрылысы мен жаңғыртылуына түрлі қаржы көздерінен 344 млрд теңге бөлінген. Соның нәтижесінде 3667 шақырым инженерлік желі жүргізіліп, жаңғыртылған, яғни тозу көрсеткіші 65 пайыздан 53 пайызға кеміпті. Биылғы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 51 пайызға азайту жоспарланған. Жыл соңына дейін бір айға да жетпейтін уақыт қалды десек, осы уақыт ішінде 2 пайызын жаңарттық деп мәз боламыз ғой?
5 қарашадағы Риддердегі апат ұмытыла қойған жоқ. Қала тұрғындары «қақаған қыстан тоңбай шығамыз ба, жоқ па» деп әлі де алаңдаулы. Сол кезде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Риддердегі жылу электр орталығын қаланың коммуналдық меншігіне қайтару мәселесі қарастырылып жатқанын айтып еді. Екібастұзбен қабаттасып, 30 қарашада Рудныйда 33 бес қабатты және 13 жер үй жылусыз қалды. Оның алдында Жезқазған ЖЭО-да 2 қазандық істен шығып, үйдегі температура 13 градусқа түсіп кетті. Ал Екібастұз, Жезқазған, Рудный ЖЭО-ры жеке меншік компанияларға тиесілі. Қазір жеке меншіктің қолындағы жылу орталықтарын мемлекетке қайтару туралы ұсыныс айтыла бастады. Әлбетте, бұл тез арада шешіле салатын түйін емес. Тозығы жеткен ЖЭО-на қаржы құйғысы келетін инвестор жоқ. Табылғанымен, жеке инвестордың да қарқ қылмайтынына көзіміз жетті. Бұл саланы түгелдей мемлекеттің мойнына артып қою да мәселені шешпейді.
Көңілді көншіткені, әйтеуір, қозғалыс бар. Кеше Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтің жетекшілігімен орталық және жергілікті атқарушы органдардың қысқы жылыту маусымына дайындығын тексеру үшін комиссия құрылатыны мәлім болды. Комиссия құрамына Бас прокуратураның, жоғары аудиторлық палатаның, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысты он күн ішінде нақты қорытындылармен және ұсыныстармен аяқтауды тапсырды.
Гүлнар Ахметова