
Конституция елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі құжат. Бұл туралы Экономикалық зерттеулер институтының Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылығының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Қамбар айтты.
Оның сөзінше, кез келген мемлекет азаматтарының әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін берік құқықтық негіз қалыптастыруы қажет.
«Әлемдегі әрбір адам әлеуметтік жағдайы жоғары, экономикасы тұрақты, заң үстемдігі мен саяси жүйесі әділ мемлекетте өмір сүргісі келеді. Мұның барлығы “тұрақты даму” ұғымымен тығыз байланысты. Ал тұрақты дамудың негізін қалайтын басты құжат – елдің негізгі заңы, яғни Конституция», – деді Бақытгүл Қамбар.
Сарапшының айтуынша, қазіргі таңда көптеген елдің конституцияларында азаматтардың құқықтары, билік қағидаттары, аумақтық құрылым, әлеуметтік-экономикалық даму және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше мән беріледі.
«Қазақстан Конституциясының 37-бабында қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану жолындағы мемлекет пен азаматтардың жауапкершілігі көрсетілген. Тұрақты даму – тек экономикалық немесе қаржылық өсім емес, сонымен қатар табиғи байлықтарды болашақ ұрпаққа сақтап жеткізу деген сөз. Бұл елдің экономикалық дамуының тұрақты негізін қалыптастырып, жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді», – деді ол.
Бақытгүл Қамбардың айтуынша, қоршаған ортаны конституциялық деңгейде қорғау үрдісі әлемде ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап кеңінен тарай бастады. Мысалы, Франция 2004 жылы Қоршаған орта туралы хартия қабылдап, оны 2005 жылы Конституциясына енгізген. Ал Черногория Конституциясында өзін экологиялық мемлекет ретінде жариялаған.
Сонымен қатар Венгрия Конституциясында азаматтардың денсаулығын қорғау міндеті қоршаған ортаны қорғаумен байланыстырылған. Ал Словения Конституциясында азаматтардың ауыз суға құқығы бекітілген.
Сарапшының айтуынша, бүгінгі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 193 мемлекеттің шамамен 150-ге жуығында азаматтардың экологиялық құқықтары мен міндеттері конституциялық деңгейде қарастырылған.
«Экономикалық зерттеулер институтындағы Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылық сарапшылары жүргізген талдау Қазақстан Конституциясында да тұрақты дамудың «Ешкімді назардан тыс қалдырмау» қағидасы ескерілгенін көрсетеді. Бұл инклюзивті даму қағидаттарынан, жергілікті басқару жүйесінен, білім, ғылым және инновациямен қатар қоршаған ортаны қорғау мәселелерінің қамтылуынан байқалады», – деді Бақытгүл Қамбар.
Оның айтуынша, Қазақстан Конституциясы халықаралық адам құқықтары жөніндегі нормаларға толық сәйкес келеді. Сарапшы Конституция аясында қабылданатын тиімді нормативтік-құқықтық актілер елдің тұрақты дамуына берік негіз қалыптастыратынын атап өтті.