Сапасыз маман – мемлекетке шығын

02 қазан 2020, 10:01

Бұдан былай студент қазына қаражатымен қанша жыл оқыса, сол кезеңді еңбекпен өтейді, яғни сонша жыл жұмыс істейді деген сөз. Бұл туралы осы заң жобасын талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов хабарлады. Түсінікті тілмен айтсақ, грантпен оқуға түсіп, мемлекеттің ақшасымен аяқтаған түлектерге қатысты ешқандай сұрақ жоқ. Ал грантпен оқуға түсіп, кейін ақылы бөлімге ауысатын болса немесе ақылы бөлімнен грантқа ауысса, онда әлгі студенттің мемлекет алдында жауапкершілігі болуы керек. Мемлекеттің ақшасымен білім алдыңыз ба, онда еңбекпен өтеңіз! Білім саласындағы бұл талаптың жөн-жосығын республикалық QAZBILIM орталығының жетекшісі Аятжан Ахметжанұлынан сұрап-білдік.

Jas qazaq: Мәжілісте «жоғары оқу орындарын грантпен оқып бітірген студенттер мамандығы бойынша үш жылдан артық жұмыс істеуі керек» дейтін мәселе көтерілді. Тегін білім алып, оны өтемейтіндер көп пе? Заңның негізгі мақсаты қандай? Мемлекет оның бәріне жұмыс тауып бере ала ма?

А.Ахметжанұлы: Студент мемлекеттік грантпен оқуды бітірсе, ол кемінде үш жыл өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, гранттың өтеуін өтеуі керек дегенге екі жақты қарау керек деп ойлаймын. Бір студентке бөлінетін гранттың құны едәуір ақша. Шәкіртақы, жатақханасы, оқуы бар – бұл қомақты ақша. Ол – мемлекеттің қаржысы. «Судың да сұрауы бар». Демек қаржының да сұрауы болуы керек. Бұл тұрғыда студентке бөлінген ақшаның сұрауы болуы керек деген пікірмен келісуге болады. Бұл – бір. Екіншіден, мұндай заң талаптарынан кейін әркімнің болашақта жауапкершілігі артады. Грант болса, түсіп оқи беретіндер көп. Егер қадағалау болса, бұл мамандықпен ертең жұмыс істей аламын ба, бұған қызығамын ба, жоқ па деп, ойланып барып шешім қабылдайды. Жас маман оқуға түспей тұрып, болашақтағы өзінің жауапкершілігін, мемлекеттің жауапкершілігін ойлайтын болады. Қазір ондай жауапкершілікті ешкім ойлап жүрген жоқ. Грант қай мамандыққа көп бөлінсе, тегін оқимын деп түсе береді. Сондықтан бұдан былай мемлекеттік грант зерттеліп барып бөлінуі керек. Өкінішке қарай, зерттелмей грант бөлінетін мамандық көп. Мұның салдары ауыр. Ертең грантпен оқытқан маманға жұмыс тауып бере алмасақ, онда кім кінәлі? Содан кейін, грант бөлінгеннен кейін төрт жылда жағдай өзгеріп кетуі мүмкін. Қаншама мамандықтар жабылып жатыр? Соның бәрі ескерілуі керек.

Jas qazaq: «ЖОО өзі берген дипломын бағалай білуі керек» деп айтылды. Диплом «басып шығаратын» университеттерге бақылау қалай күшейеді?

А.Ахметжанұлы: Дәл қазір университеттерге талап күшейіп жатыр. Бақылау тетіктері түгелдей мемлекеттің қолында. Білім министрлігінің ішіндегі білім сапасын қадағалау бөлімінде. Негізі, мектеп, колледж, университет болсын, оның білім сапасын қадағалайтын, сараптама жасайтын қоғамдық тәуелсіз бақылаушылар болуы керек деп ойлаймын. Бізде университет саны тым көп. Халықтың санына шаққанда, мемлекеттің мүмкіндігі мен қоғамдық, мемлекеттік қажеттіліктерді ескергенде, дәл қазіргі жоғары оқу орындарының саны артық. Сондықтан әлі де зерттеп, жабатынын жабу керек деп ойлаймын. Себебі сапасыз маман мемлекетке экономикалық жағынан шығын, халыққа да тиімсіз. Содан кейін, әркім өзі көтере алатын шоқпарды беліне байлауы керек. Бұрын да айтып жүрмін. Мысалы, педагогикалық университет заңгер мен экономисті, техникалық маманды дайындай алмайды. Дайындауға рұқсат берілмеуі тиіс. Керісінше де солай. Осыны ескерген жөн.

Жарас Кемелжан

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген