Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша өткен жылы телекоммуникация нарығының көлемі 2020 жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 12,9 пайызға өсті. Ашық көздерден алынған деректер бойынша осы кезеңде отандық байланыс операторлары 1,12 трлн теңгеден астам пайда тапты. Нарық алғаш рет 1 трлн теңге белгісін еңсерді.
Мобильді интернет жылдамдығы бойынша жаһандық рейтингте Қазақстан бір жыл ішінде 21 орынға көтеріліп, 80-орынға ие болды. Жыл басынан бері Қазақстанда тіркелген интернеттің орташа жылдамдығы бір жыл ішінде секундына 50,74 Мбиттен 2021 жылғы қазанда секундына 62,04 Мбитке дейін өсті. Бұл Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады.
Өкінішке қарай, түрлі рейтингтердегі жоғары орындарға, әсерлі көрсеткіштерге қарамастан, Қазақстан халқы сапалы және жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізуде белгілі бір қиындықтарды бастан кешуде, ал кей жерлерде оны пайдалану мүмкіндігі мүлде жоқ.
Мемлекеттік органдардың деректеріне сәйкес, 2020 жылы 5332 елді мекенде халықтың 98,8 пайызын КЖҚ-мен қамтыған ТОБЖ құрылысы және интернетке мобильді қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жобаларды іске асыру аяқталды.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, бұрын қолданыста болған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде базалық көлік ортасы ретінде ТОБЖ-ны неғұрлым ірі елді мекендерге жеткізу бойынша жұмыс жүргізілді. Елді мекеннің өзінде абоненттерге дейін «соңғы миль» ұйымдастыру мобильді технология арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте мобильді технологияны таңдауды байланыс операторлары техникалық мүмкіндіктерге, елді мекендердің қашықтығына және халықтың тығыздығына қарай дербес жүзеге асырады.
Соңғы жылдары Мәжіліс депутаттары бизнестің электрондық есептілігіне толық көшуді ұсынатын жаңа реттеу саясатына қатысты мәселені бірнеше рет қозғады. Алайда, анықталғандай, 1178 ауыл интернетке қол жеткізе алмай отыр. Тіпті ауылдарда ғана емес, қалаларда да сигнал өте әлсіз болатын жерлер бар. Сонымен қатар, адамдар көп жиналатын жерде де жүктеме өскендіктен байланыс тұрақсыз.
Біздің пікірімізше, егер міндетті электрондық есептілік туралы норма іске асырылған болса, бүкіл ел бойынша мыңдаған кәсіпкерлер өз тарапынан ешқандай кінәсіз қиындыққа тап болар еді. Бұл проблема интернеттің қолжетімділігі мәселесін ғана емес, жалпы мобильді байланыстың сапасы мәселесін өзекті етті.
Сайлаушылармен кездесу қорытындысы бойынша біздің әріптестер:
– мобильді байланыстың тұрақтылығын қамтамасыз етуді;
– интернет жылдамдығының ең төменгі шегін ұлғайтуды;
– айыппұл мөлшерін арттыруды;
– базалық стансалардың қажетті тығыздығын қамтамасыз етуді;
– қазіргі ойыншылармен үлестес емес жаңа байланыс операторларының Қазақстан нарығына кіру мәселесін жеделдетуді талап етті.
Әдетте пайдаланушыға желіге бірден және кідіріссіз шығуға мүмкіндік беретін тұрақты жылдамдығы жоғары интернет байланысы қажет. Алайда бұған қол жеткізу мүмкін бола бермейді.
Интернет-провайдерлер әрқашан интернеттің ең жоғары жылдамдығын жариялайды.
Тұжырымдамасы, әдетте, мынадай: «500 Мбит/с дейін», бірақ нақты жылдамдық интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету шарттарында көрсетілгенге сәйкес келе бермейді. Көбінесе интернеттің жылдамдығы әрқашан мәлімделгеннен төмен болады. Бұл уақыт пен қаражатты босқа жоғалтуға алып келеді, пайдаланушыны осындай проблеманы шешудің себептері мен тәсілдерін іздеуге мәжбүр етеді.
Сонымен қатар провайдер тұрақты Интернет байланысын ұсыну қызметтері үшін алдын ала төлем алады және оның міндеті – осындай қосылыстың болуын қамтамасыз ету және желіге кірумен байланысты туындайтын кез келген мәселелерді жою.
Байланыс операторлары байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттарда нақты шаманы көрсетпегендіктен, біздің еліміздің халқы тиісті шартты жасасу кезінде көрсетілгеннен екі немесе одан да көп есе төмен болуы мүмкін жылдамдық үшін төлеуіне тура келеді.
Осыған байланысты мынадай шараларды қабылдауды орынды деп санаймыз:
Бірінші. Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету шарттарын жасасу кезінде байланыс операторларын ұсынылатын Интернет жылдамдығының (өткізу қабілетінің) нақты шамасын көрсетуге міндеттейтін норманы енгізу қажет. Бұдан басқа, провайдер толық алынбаған қызмет үшін қаражатты пайдаланушыға қайтаруы немесе қайта есептеуі керек.
Екінші. Алдын ала төлемді алынған қызметтерге үшін нақты ақы төлеумен ауыстыру қажет. Бұл тұтынушыларды негізсіз артық төлемдерден қорғауға, сондай-ақ операторлар ұсынатын қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сапаны сөзбен, құрғақ уәдемен емес, нақты іспен жақсартатын уақыт екенін есіңізде ұстауды сұраймыз.