Санаға шабуыл немесе мылтықсыз майдан

04 қараша 2022, 11:24

«Жат елдердің бізге жұмсап отырғаны – идеология. Бір оқ шығармай, санаңды, рухыңды, жан-тәніңді, ақыл-ойыңды жаулап алу, сөйтіп сені құлақкесті құлға айналдырып, мәңгүрттендіру, ұлтыңды, тегіңді ұмыттырып, дию пішіндес ету идеологиясы». Бұл Шерағаңның (Шерхан Мұртаза) қарусыз, қатыгез соғыс туралы айтқан пікірі. Осы орайда қаламгердің «Мылтықсыз майданы» еске түседі. Рас, роман соғыс жылдары тылдағы адамдардың ерлікке толы еңбегін баяндайды.

Сол шығарманың атауы бүгінгі медиа кеңістігіндегі ахуалдың тамырын тап басып отырғандай. Нақтырақ айтсақ, түрлі тәсілдермен адамның жан-дүниесін, дүниетанымын өзіне бағындыруға бағытталған шабуыл үдей түсті. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі атап өткендей, «пост-шындық» (post-truth) атты терминмен ерекшеленген XXI ғасырдағы ғаламда «гибридті соғыс» (hybrid warfare) өршіп тұр. Мұндай майданда санаға соққы, дабыра дабыл, адастыратын ақпарат дәйек-дәлелсіз дерекпен беріледі.

Гибрид – қоспа, будан деген мағына беретіні белгілі. Оған «соғыс» сөзін қосып, осы тіркесті 2007 жылы саяси әдебиетке енгізген – американдық оқымысты Френк Хоффман (Frank Hoffman). Ол қақтығыстан көз ашпаған Таяу Шығыста кәдімгі қарумен қабат, амал-айланың небір құйтырқы түрлері қолданыла бастағанын осы атаумен түйіндепті. Асылы, тарихқа жүгінсек, мұндай ұрыстың тамыры тереңде жатқанын көреміз. Біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдағы атақты Пенеполес шайқасында афиналықтар спарта әскерін жеңе алмайтынын біліп, қарсыластың жанды жеріне қол салады. Сөйтеді де, әртүрлі қауесет таратып, сый-сыяпат тықпалап, спарталықтарға адал илоттарды көтеріліс жасауға көндіреді. Осылайша, сенімді одақтасынан айырылған спарта жеңілді деседі.

Ежелгі дәуірден сөз етуіміз бекер емес. Қазір де біртұтас елдің ішіне іріткі салып, бөлшектеуге тырысатынын айналамыздағы «түрлі-түсті төңкерістерден», әсіресе, көгертудің орнына қуратып жіберген «Араб көктемінен» көріп жүрміз. Айта кеткен жөн, кезінде Шерағаң алпауыт күштердің осындай зымиян әдіс-тәсілге жүгінетінін «Қызыл Жебеде» тәптіштеп-ақ жазып еді. Қазір қуатты, ең сорақысы, қорқынышты құралға да айналып бара жатқан медиа тек ақпараттық қана емес, психологиялық қысым жасаудың құралы болып тұр. Осы шаруамен тәжірибелі маманы, заманауи құрал-сайманы, мол қаржысы бар арнаулы орталықтардың айналысып жатқаны мықтап ойландыратын мәселе. Ой мен санаға шабуылда әсіресе, fake news деген атпен тілімізге енген жалған ақпарат тарату жиі қолданылатын тәсіл. Мақсаты – жұрт арасында үрей туғызып, ертеңгі күнге деген сенімнен айыру. Бұл үшін көбіне, әсіресе, жастардың ақыл-ойына көбірек ықпал ете алатын бейнекөрініске (видео) жүгінеді. Сол арқылы «қорғансыз жандарға» аяушылық сезімін оятып, оларды «осындай халге түсіргендерге» қарсы наразылық білдіруге үгіттейді.
Жалған дерекке дер кезінде тосқауыл қойып, тойтарыс беру – бүгінгі БАҚ-тың көкейкесті міндеті. Бұл ретте медиа арқылы төнген қауіп-қатерді талдау, қалың оқырман мен көрерменге түсінікті тілмен жеткізе білу, оқығанға ой салатын ойлы да сауатты журналистикаға ойысу қажет боп тұр.

Срайыл Смайыл

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?