jasqazaq.kz

Самал Еслямова: Әйел бейнесі махаббаттан тұрады

11 наурыз 2019, 13:07

Самал Еслямова – Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмінде басты рөлді сомдап, былтыр Канн фестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» үшін арнайы марапатталған актриса. Ол Алматыда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттерімен кездесу барысында ауылдан да талантты әртістер шығатындығын баяндап берді.

Ол өзінің киноға қалай келгендігін былайша түсіндірді: «Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында мектепті аяқтағаннан кейін Петропавлдағы өнер колледжіне оқуға түстім. Сол кезде қазақ театрында қосымша жұмыс та істедім. С.Дворцевойдың алғашқы кастингіне қатысып, «Қызғалдақ» көркем фильмінде ойнадым. Колледжден кейін Мәскеудегі театр өнері университетіне (ГИТИС) оқуға түстім. Оқуды бітірген кезде С.Дворцевой «Айка» фильміне шақырды».
«Айка» фильмінде жаңа босанған әйелдің бес күндік өмірін бейнелеу, жас актрисаға оңайға түспепті. Кейіпкері – Мәскеуге жұмыс іздеп келген қырғыз қызы. Алғашқы бес күн босанған әрбір әйел үшін қиын кезең екендігі белгілі. Осы образды жасау үшін өте көп жұмыс істеген. Ең алдымен перзентханаға келіп, жаңадан босанған әйелдерді бақылаған. Олармен сұхбаттасып, жан-дүниесін түсінуге тырысқан.
Бір ғасырлық тарихы бар Мәскеудегі театр өнері университетінде білім алған ол оқу бағдарламасында ерекшелік көп екенін де айтты. Самал: «Бізге ұстаздарымыз оқып жүргенде, актерлік шеберлікті игеріп алу мүмкін еместігін айтатын. Оған жылдар бойы тәжірибе қажет. Мысалы, Мәскеудің дипломымен барлық рөлді ойнай аламын деп ешқашан айта алмаймын, – дейді.
Ал пір тұтатын актерлері туралы айтқанда Роберт де Ниро мен Дастин Хоффманды ерекше атады. Кинодан ирандық «Надера мен Симиннің ажырасуы» атты фильм қатты ұнайды екен.
Самал кастингтерге арнайы қатыспаған. Өйткені оқуды аяқтағаннан кейін бірден «Айка» фильмінің түсірілімі басталған. Киноны түсіруге алты жылдан астам уақыт кеткен. Әр мамандықтың өз қиындығы барын тілге тиек еткен актриса, ешқашан да биік шыңдарға жетемін деп ойламапты. Өзіне сондай талап та қоймаған. Ол үшін басты мәселе – киноның жақсы шығуы. Еш уақытта да танымал болуға бел бумаған.
Әңгіме арасында Петропавлда анасының үйінде болғанда, көшеде жастардың бірден танығанын да айта кетті. Тіпті суретке де түскен. Жалпы түскен фильмің фестивальдерде жүлделі орын алып жатса, бақыт құсы қолыңа өзі келіп қонады.
Бұрынғы киноларды
алсақ, мысалы «Қыз Жібек», «Менің атым – Қожа» сынды фильмдердің ғұмыры ұзақ. Оқиға желісі де есіңде сақталып қалады. Ал қазір 15 күнде түсірілген кинолар бар. Бірақ бір көргеннен кейін есіңде қалмайды. Осының себебін сұрағанымызда: «Қазіргі үрдіс солай деп айтар едім. Киноны неғұрлым жылдам түсіреді. Менің ойымша, киноны шын жүрекпен түсірген жөн. Шынайы істеуің керек. Ал шынайы жасалған дүние, ол ешқашан да сапасыз болмайды. Туындыңды көрермен жүрегіне жеткізу үшін талмай еңбектенуің тиіс. Қазіргі кинолардан байқағаным, актерлер «ой, бұл рөлді жай ойнай саламыз» деген оймен түседі. Осы кемшілік рөльде бірден көрінеді. Меніңше, бастаған іске өз тарапыңнан үлкен жауапкершілік болуы керек. Әйел бейнесі махаббаттан тұрады. Сондықтан оны шынайы бейнелеуге тырысу керек», – дейді.
Самал – бөгде жерде жүріп те өз есімі арқылы қазақ халқының мерейін асырған актриса. Оның Канн фестивалінде алған жүлдесі қазақ қыздарының да кино әлемін жаулай бастағанын байқатады. Осы жолда Самалға сәттілік тілейміз!

Мақпал Ноғайбаева

Бүгін, 15:39
Түрксіб ауданы Алматының «жасыл-желегі жайқалған қала» мәртебесін нығайтып жатыр: 772 мыңнан астам ағаш егіліп, көшелер көгалданды
Бүгін, 15:30
Алматының Түрксіб ауданы осы маусымдағы ең ауқымды абаттандыру жұмысын аяқтап, тұрғындар таңдаған 32 жобаны жүзеге асырды
14 қараша, 18:02
Жасыл желек пен жарық — Алматыда Торайғыров көшесінде ауқымды жаңарту жұмыстары аяқталды
14 қараша, 17:40
Алматыда мектептің сыйымдылығы 300 оқушыға дейін ұлғайтылады
14 қараша, 17:37
"Таза Қазақстан": Алматыда «Қағаз boom» экологиялық акциясы өтті
12 қараша, 13:39
Алматының Бостандық ауданында жаңа емхананың құрылысы аяқталуға жақын
11 қараша, 11:04
Дархан Сатыбалды: Сәулеттік жарықтандыру қаланы заманауи әрі қауіпсіз етеді
10 қараша, 10:44
Дархан Сатыбалды Алматыдағы жаңа скверді аралады
31 қазан, 19:45
APEC ашық әрі әділ сауда-саттықты қолдауға шақырды