jasqazaq.kz

Салық саясатындағы өзгерістің күнгей тұсы

Бүгін, 18:34

Мемлекет басшысы шілдеде жаңа Салық кодексіне және салық заңнамасына түзетулер енгізілген ілеспе заңға қол қойды. Жаңа Салық кодексі кәсіпкерлерге салмақ салу үшін емес, керісінше, жұмысын едәуір жеңілдету мақсатында қабылданып отыр дейді сарапшылар. Неге десеңіздер, бұл өзгеріс салықты азайтып қана қоймай, бизнесті қағазбастылықтан арашалап, емін-еркін дамуына мүмкіндік бермек. Біз келер жылдан бастап күшіне енетін кодекстің негізгі бағыттары туралы әңгімелеуді жөн көрдік.
Жаңа салық кодексін қабылдауға не түрткі болды?
Тақырып ұғыныңқы болуы үшін бәрін басынан бастауды жөн көрдік. Негізі салық реформасын енгізуге елдегі қаржылық жағдайдың тұрақсыздығы түрткі болды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин былай деген еді:
«Егер мемлекеттік қаржының жағдайы сәл тұрақтырақ болғанда, бәлкім, онсыз да істеуге болатын еді. Бірақ постковид кезең келді, біз әлеуметтік салаға айтарлықтай қаражат құюға мәжбүр болдық. Соның ішінде пандемияның салдарын жою үшін де. 2022–2023 жылдары экономикаға едәуір қаржы құйылды, шығыс бөлігі ұлғайтылды».
Осы тұста Үкіметке бюджет тапшылығын азайту мақсатында шығындарды қысқарту тапсырылды. Министрдің айтуынша, басты міндет – бюджет тапшылығын төмендету, келешекте мемлекеттің қарызға тәуелділігін азайту болған. Алайда шығындардың 98 пайызы қысқартуға жатпайтын болған соң, оны орындау өте қиын. Өйткені кейінгі бес жылда қаражат әлеуметтік салаға, оның ішінде жалақыға, зейнетақыға, әлеуметтік төлемдерге бағытталып келген. Дәл осы себептен салық реформасы басталды. Яғни, бюджеттің шығыс бөлігін қысқарту мүмкін болмағандықтан, кіріс бөлігін арттыру қажет.
Енді кодекстің негізгі тармағы саналатын қосылған құн салығына(ҚҚС) тоқталсақ, осыған дейін Серік Жұманғарин салықтағы өзгерістер бағаға әсер етсе де, ұзақмерзімді перспективада ел экономикасына оң серпін беретінін хабарлады. ҚҚС мөлшерлемесі өссе, тауарлардың бағасы көп ұзамай 4,5%-ға өседі деген болжам бар. Дегенмен мамандар «күрделі экономика заңдылығына» сәйкес, бұл өсімді уақытша құбылыс санайды. Себебі салықтан түскен қосымша қаржы нақты секторға бағытталады. Есесіне, қарапайым заттар экономикасы нығайып, ішкі нарық пен экспорттың әлеуеті артады. Иә, ҚҚС көтерілсе, инфляция деңгейі де уақытша өседі. Үрейленуге негіз жоқ, себебі ел Үкіметі сынақты еңсеру үшін халықты қолдау шараларын күшейтіп отыр. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді іс-шаралар қабылданады. Яғни, ҚҚС өсірудегі мақсат – жоғарыда айтқандай, ел экономикасына жүктеме әкелгенімен, ұзақмерзімді перспективада елдің экономикалық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған қадам болып отыр.
Қосылған құн салығын кімдер төлейді?
Қоғамда салық кодексіне, оның ішінде қосылған құн салығына қатысты сұрақтар осыған дейін қызу талқыланды. Осыны ескеріп, тақырыпқа қатысты бірер сауалдың жауабын Экономикалық зерттеулер институты Фискалдық саясат орталығы директорының орынбасары Эльмира Осиповадан сұрап білуге тырыстық.
– Реформаның басты мақсаты — ҚҚС-тың экономикалық табиғатын қалпына келтіру. Бұл салық бастапқыда тауарға немесе қызметке қосылған құннан алынатын бейтарап төлем ретінде ойластырылған еді. Алайда, іс жүзінде ол көбіне айналымнан алынатын салыққа айналып кетті. Бүгінде Қазақстандағы кәсіпорындардың шамамен 4%-ы ғана ҚҚС төлейді. Бұған жоғары тіркеу шегі мен салықтан босататын көптеген шешімдер себеп болып отыр. Қазірге дейін ҚҚС-да тіркеу шегі 20 000 АЕК (шамамен 78,6 млн теңге) болып келді. Бұл шағын және орта бизнестің едәуір бөлігін ҚҚС жүйесінен тыс қалдыруға мүмкіндік берді. Салық тізбегінің үзілуінен бір кәсіпорын ҚҚС төлесе, ал екіншісі арнайы режімде болып, электронды шот-фактура бермегендіктен, ҚҚС сомасын төлемеді. Сосын, бизнес құрылымын жасанды түрде бөлу арқылы ҚҚС төлеуден жалтарғандар болды. Яғни, олар кәсібін әдейі бірнеше заңды тұлғаға тіркеп қояды. Енді шекті көлемді 10 000 АЕК-ке дейін төмендету және ҚҚС мөлшерлемесін арттыру жоспарланып отыр. Бұл бизнестегі ахуалды өзгертеді. Салықтан жалтару мақсатында кәсіпті екінші, үшінші туыстың атына тіркеу бұрынғыдай тиімді болмайды.Осылайша ҚҚС қайта өз табиғатына сай тұтынуға салынатын жанама салыққа айналады. Әрі есеп пен төлем кезіндегі кедергілер азаяды,– дейді Эльмира Осипова.
ҚҚС-ның өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жеке, шағын, микро шағын кәсібі бар азаматтарға, сосын, арнаулы салық режімімен салық төлейтіндерге қатысы жоқ. Олардың табысы белгіленген шектен (39,9 млн) асса да ҚҚС-дан босатылады. ҚҚС-ны төлейтіндердің өз талаптары бар. Басым көбі – өндіріс саласындағы кәсіпорындар. Олар шағын, жеке кәсіпкер емес, тауар айналымы 10 мың АЕК-тен асатын кәсіп иелері. Сол секілді салықтың бұл түрін ерікті ретінде төлейтіндер, сосын шетелдің елімізде қызмет көрсететін маркетплейстері де ҚҚС төлейді. Негізі ҚҚС төлеуші ретінде тіркелудің үш түрі бар. Біріншісі – міндетті ҚҚС төлейтіндер. Екіншісі – ерікті деп аталады. Оны үлкен компаниялармен жұмыс істеуді ойлағандар төлейді. Үшіншісі – шартты түрде ҚҚС төлейтіндер. Біз айтып отырған маркетплейстер осы үшінші топқа жатады. Осылардың барлығы қазір ҚҚС салығына 12% салық төлеп келсе, келер жылдан 16% төлейді. Тағы бір жаңалық, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың ішінде маркетплейстер арқылы жұмыс істейтін курьерлер, такси жүргізушілері сынды жұмысшылар кәсіпкер ретінде тіркеліп әлек болмайды. Олар сол өзі жұмыс істейтін қосымшаға тіркелсе, зейнетақыға, медициналық сақтандыру сынды әлеуметтік төлемдеріне де бірден маркетплейстен пайыз ұсталып отырады. Олар қағаз жинап, декларация тапсырып әлекке түспейді.
–Елде қазір ҚҚС мөлшерлемесі — 12%. Бұл әлем бойынша ең төмен үлестің бірі саналады. Салыстырсақ, Ресей, Беларусь пен Арменияда ҚҚС – 20%, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл – 27%-ға дейін жетеді. ҚҚС салығы бізде төмен болғанымен, бюджетке қаражат көп түсіп жатқан жоқ. Яғни, мемлекет қазіргі қолданыстағы ережелер жағдайында да айтарлықтай салық түсімін толық жинай алмай отыр. Сондықтан ҚҚС мөлшерлемесін арттыру мен саралауға жай ғана қосымша табыс түсірудің тетігі деп қараған жарамайды. Бұл елдің жаңа экономикалық моделіне көшу, ашық, әділ және жетілген салық жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып отыр. Мұндай мемлекетте салық экономиканың дамуына кедергі келтірмейді, керісінше дамуға жердемдеседі,– дейді Э. Осипова сөзін түйіндеп.
Жеңілдетілген декларация шеңберінде салық төлейтіндер көп
Негізі қазір кәсіпкерлерге біраз жеңілдіктер қарастырылып жатыр. Алдын ала есеп бойынша жеңілдетілген декларация негізіндегі салық жүйесін төлеушілердің шамамен 70%-ы қолданады екен. Оңайлатылған режіммен жеке тұлғаларға бөлшек сауда қызметін көрсететін кәсіпкерлер ғана жұмыс істей алады. Заңды тұлғалармен жұмыс істейтін компаниялар толыққанды бухгалтерлік есеп пен шегерім қолданылуы қажет жалпы салық салу режімімен жұмыс істей береді. Жеңілдетілген салық режімі барлық кәсіп түріне беріле бермейді. Осы қатарға өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, жер қойнауын пайдалану, табиғи монополиялар, аумағы 2 мың шаршы метрден асатын көтерме және ірі бөлшек сауда кәсіпорындары қосылады. Сол секілді шектеу телекоммуникация, интернет пен IT, қаржы және сақтандыру, консалтинг, кәсіби және агенттік қызметтер, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер саласына да қолданылады. Жеңілдетілген салық режімі сақталатын топта бизнестің 300-ден астам түрі бар. Оның ішінде 2 мың шаршы метрге дейінгі сауда алаңдарындағы бөлшек сауда, қоғамдық тамақтану нысандары, дәріханалар, тұрғын үй мен көлікті жалға алу, қонақүйлер, жеңіл және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары, жолаушылар тасымалы, балабақша, үйірмелер, медициналық және әлеуметтік қызметтер тізімнен түспейді.
Салық кодексіндегі маңызды өзгерістің бірі – банктік шоттарды бұрынғыдай автоматты түрде бұғаттауға жол берілмеуінде. Бұл – адал, ашық қарым-қатынасқа негізделген қадам деп түйдік.
Салада тағы қандай өзгерістер бар?
Орайы келген соң салықтың басқа да түрлеріне аз-кем шолу жасауды ұйғардық. Корпоративтік табыс салығы (КТС) 20 пайыз деңгейінде сақталады. Дегенмен сараланған салықтық мөлшерлеме енгізілетінін ескерген жөн. Атап айтқанда, банктер (бизнес субъектілерін кредиттеуді қоспағанда) мен ойын бизнесі үшін – 25 пайыз. Әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы 5 пайыз мөлшерінде белгіленіп, 2027 жылы 10 пайызға дейін ұлғаяды. Ал Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3 пайыз жеңілдетілген мөлшерлеме сол күйі өзгеріссіз қалады. Демек, бұл саладағы кәсіпкерлерге де алаңдауға негіз жоқ. Дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге ҚҚС-тің төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі. Келер жылдан бастап ол 5 % балса, 2027 жылдан бастап 10 % өседі. Отандық мерзімді баспа басылымдарын өткізу кезінде 10 % төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі көзделген. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу шеңберінде тауарлар мен қызметтер ҚҚС-тан босатылады. Бұдан басқа, отандық баспадан шыққан кітаптарды өткізу, баспа қағазы түріндегі кітап шығару қызметтері, археологиялық жұмыстар бойынша айналымдарды ҚҚС-тан босату көзделген. Бұдан бөлек жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесі енгізіліп жатыр. Егер жеке тұлғаның жылдық кірісі 8 500 АЕК-тен (33,4 млн теңге) асатын болса, жеке табыс салығының(ЖТС) 15%-дық жоғары мөлшерлемесі белгіленеді. Жоғарылатылған мөлшерлеме осы шектен асқан сомаға қолданылады. 230 мың АЕК-ке дейінгі дивидендтер түріндегі кіріс үшін ЖТС мөлшерлемесі 5 %, ал осы шектен асатын сомаға 15 % мөлшерінде белгіленеді.
Жалпылама белгіленген салық салу тәртібін қолданатын жеке кәсіпкерлердің 230 мың АЕК-ке дейінгі кірісі үшін ЖТС мөлшерлемесі 10 %-ды, ал осы шектен жоғары болса, одан асатын сомаға 15 %-ды құрайды. Кірісіне 70 % мөлшерінде жеңілдікті қолданып, жалпылама белгіленген салық салу режімінде жұмыс істейтін шаруа (фермер) қожалықтарының кірісіне ЖТС-тің төмендетілген мөлшерлемесі қолданылады. Сомасы 230 мың АЕК-ке дейінгі кіріс бойынша ЖТС мөлшерлемесі – 3%, ал осы шектен жоғары сомаға – 4,5 % (70 % жеңілдікті ескергенде). Кен орындарының рентабельділігі төмен жаңа бөліктерін игеру үшін 5 жылға дейін пайдалы қазбаларды өндіру салығынының нөлдік мөлшерлемесін енгізу көзделген. Қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеуге арналған салықтық преференциялар, олардың ішінде КТС-ті 100 %-ға төмендету, мүлік салығы мен жер салығынан, сондай-ақ жабдық импортына ҚҚС-тан босату қарастырылған. Сонымен қатар сарқылып келе жатқан мұнай кен орындары үшін жер қойнауын пайдалануға балама салық ұсынылады. БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығын төлеуден босатылады. Бұдан басқа, көлік салығы шығарылған жылына қарай пайдалану мерзімі 10 жылдан 20 жылға дейінгі жеңіл автомобильдер бойынша 30 %-ға,20 жылдан асқан жеңіл автомобильдер бойынша 50 %-ға төмендейді. Сондай-ақ әлеуметтік салық шегерімінің мөлшері бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін 882 АЕК-тен 5 мың АЕК-ке дейін ұлғайды. Жалпы, жаңа салық реформасындағы өзгерістердің баяны осындай.

Арман Ибрагим

Сурет: freepik

 

 

Бүгін, 18:34
Салық саясатындағы өзгерістің күнгей тұсы
Бүгін, 17:56
Қазақстанның бітімгершілік миссиясының шежіресі
Бүгін, 11:15
Агроөнеркәсіпті дамыту – мемлекетті нығайтудың көрінісі
17 қазан, 12:01
Алматыда «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша көше тазалаудың жаңа форматы енгізіледі
16 қазан, 18:24
Алматыда коммуналдық техника паркі жаңартылып, жаңа қар ерітетін кешендер ашылып жатыр
16 қазан, 16:33
Медеу ауданында тұрғындардың өтінішімен 280 метрден астам баспалдақ жаңартылды
16 қазан, 16:13
Дархан Сатыбалды ауа сапасын бақылау мен заңсыз қоқыс орындарын жоюды тапсырды
06 қазан, 11:27
Алматыда Азаматтық қоғамды дамытуға арналған форум өтті
30 қыркүйек, 11:51
Алматы: Сапалы ауыз сумен қамту бағытында