Түннің бір уағында Алматыдағы компьютер клубына келген тәртіп сақшылары өз көзіне өздері сенбей тұрды. Таңқалмай қайтсін, көргені әдетте үйде отырмайтын жүгермектер емес, кәдімгі зейнеткерлер болса. Темекінің қою түтіні тұмшалаған тар бөлмеде алпыстың асқарынан асып кеткен атайлар мен әжейлер ащы суды бір ұрттап қойып, бәс тігетін құмар ойынды қыздырып отыр. Полиция тәртіп пен ереже туралы сөз қозғай бастап еді, ақсақалдың бірі «ойынның шырқын бұздың» деп дүрсе қоя берді. Ал клуб қызметкері екені соңынан анықталған бойжеткен «компьютер ойнауға келіп едім» дейді беті бүлк етпей. Оқыс оқиға туралы «Алматы» телеарнасы хабарлады.
Міне, коронавирус кеселі әлі ауыздықталмай жатқанда сақтану шараларын орындаған түріміз осындай.
Жаһанды қыста вирустың дүрмегі басты. Сәт сайын үдеген сүреңсіз статистика бәрін састырды. Іргедегі көршіден таралған індетке біз де үрке қарадық. Шама-шарқымызша алдын алуға қамдандық. Бірақ көзге көрінбейтін коронавирус наурыз айында бізге де келіп жетті. Одан кейінгі жағдай белгілі.
Үйде оқшауланғандарды осы айларда түрлі ой биледі. «Дерт – құр дақпырт, вируспен үркіту – саясат» дейтін диван сарапшылары әлеуметтік желіде онсыз да дегбірі кеткен елдің есін шығарды. Мақұл, осы дүрбелеңнен өгізімізді өлтірмей, арбамызды сындырмай өттік. Басында тәртіпке бағынған бұқара уақыт өте жайбарақаттылыққа қайта салынғандай. Ауру көрсеткіші азайғасын блок-бекеттер алынып, кәсіпорындар іске қосылып, қалалар қалыпты өміріне қайта енгендей болды.
Бірақ бөрікті аспанға лақтыруға әлі ерте екенін тәжтажал аз уақытта дәлелдеді. Күн сайын коронавирус жұқтырғандар ондап емес, жүздеп, күні кеше тіпті мыңдап тіркелді. Елді сақтыққа шақырып жүрген денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың өзі кесел қақпанынан құтылмады. Елдің бас санитар дәрігері күн сайын сақтық шарасына немқұрайды қарамау қажеттігін қақсап, аузы талғанша айтқанмен, оны естір, естісе де орындайтын құлақ жоқтың қасы-ау. Әйтпесе, аурудың ауыздықсыз бас ауған жағына кетіп бара жатқанын не деп жорисыз?
Осы апта Алматыдағы Бостандық ауданы әкімдігінің өкілі, эпидемиолог, учаскелік полицеймен арнайы рейдке шықтық. Өкінішке қарай, сақтықты дәмхана, дүкендердің көбі тек сөз жүзінде ғана сақтайтынына көз жетті. Әңгіменің «әлқиссасын» қай нысанның да кіреберісінен бастайық. Ереже бойынша ішке кіргендердің дене қызуы міндетті түрде өлшеніп, бетперде кигені тексерілуі тиіс. Біз алғаш бас сұққан кафе бұл «жоралғылардың» ешқайсысын жасамады. Түс әлетінде сынай келген қонақтарды күтпегендей. Қызметкерлері қойған сұраққа жауап таппай, ауыздарына құм құйылды. «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деген мақалды қалқан еткендей. Бірақ мамандардың ескертуінен құтылмады.
Екінші барған тұрмыстық заттар сататын дүкендегі жағдай да осы сыңайда. Касса алдында иін тірескен адам. Әлеуметтік қашықтық дегенді мүлде естімегендей. Бір-бірінің желкесіне демалып тұрғандар тар жерде вирустың жұғу қаупі жоғары екенін қаперіне алмайтындай. Сатушының өзі ырымын жасап, медициналық бетпердені жартылай таққан. Антисептик мұражай жәдігеріндей «бізде бар» деп көрсету үшін ғана тұр. Ешкім пайдаланбасын деді ме, жоғарырақ қойған. Күн сайын қызметкерлердің дене қызуы жазылатын дәптердің ақ қағазын түссіз сиямен толтырмаса, ешнәрсе таппадық.
Заңбұзушылық ырғын екенін ентіге жетіп естіген, басы салбырап түсінген дүкен қожайыны «жаздым, жаңылдым, енді қайталанбайды» деп, сол сәтте қаһарлы көрінген эпидемиологтар алдында жыларман болды. Олқылықтың орнын толтырғанша сауда нысаны жабылды. Тұрғындар көп жүретін ірі супермаркеттердегі ахуал да көңіл көншітпейді. Негізгі сорақылық, жақындаса тез өтіп кетемін дей ме екен, тұтынушылар касса алдында сығылысып тұр. Тексерушілер ішке кіргенде бір-ақ супермаркеттің шолақ белсенді күзетшілерінің «қашықтық сақтаңдар!» деген дауысы саңқ етті. Оған пысқырған жан жоқ.
Санитарлар мұндай жерлерді күн сайын аралайды. Он дүкеннің кемі сегізінде осындай заңбұзушылықтар шығатынын айтады. Хаттама толтырып, сотқа жолдайды. Судья заңбұзушылықтың салмағына байланысты айыппұл салады. Бірақ тәртіп бұзған дүкен, я мейрамхананың бұл қателікті екінші қайталамасына еш кепіл жоқ.
Қарап тұрып ойға кеттім. Коронавирустан қорғану алдымен өзімізге қажет болмаса кімге керек? Індетпен күреске миллиардтап бөлінген ақшадан не қайыр, егер өзіміз қарапайым қорғануға немқұрайды қарасақ? Әлде вирустың шынында да, қауіпті екенін дәлелдеу үшін сіз танитын біреу ауыруы тиіс пе? Қазақ «сақтансаң, сақтайды» деп бекер айтпағанын басқа түскен осы баспақшыл кезеңде шын түсініп жатырмыз. Өзгеге сілтемей, алдымен өзіміз талапты орындасақ, індет іргесін алыс салар күн де қашық болмас. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген тәмсілді тұмар еткен текті ұлттың ұрпағымыз ғой. Бір-бірімізге жанымыз ашып, сынақтан аман өту үшін бар болғаны сіз бен біздің коронавирусқа қатысты сақтық шарасын мүлтіксіз орындауымыз шарт.
Асқарбек Қазанғап