Сәбит Лаханов: Тілші шетін мәселеден шет қалмауы тиіс

24 шiлде 2023, 12:27

Түркістан облысындағы іргелі аудандардың бірі – Шардара ауданы. Өңірдің туризм саласының жаңғырып дамуына бірден-бір үлес қосып келе жатқан өңір десе де болады. Әсіресе, жазғы маусымда бұл ауданға ағылатын туристердің қатары арта түседі. Шардара су қоймасының маңайындағы суға шомылу жағажайлары жергілікті һәм алыс-жақыннан келген туристерден босамайды. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Демек шардаралықтардың да «көзі, құлағы һәм тілі» — аудандық газет. Жергілікті «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Сәбит Лахановпен сұхбатымыз аудандағы бұқаралық ақпарат құралының жай-күйі төңірегінде өрбіді.

– Сәбит аға, аудандық «Өскен өңір» газетінің тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– «Өскен өңір» газеті Шардара ауданының орталығы Абай селосында болып тұрған кезде аудандық партия комитеті мен халық депутаттары аудандық кеңесінің органы ретінде 1966 жылдың 1 қаңтарынан бастап шығарылып келген. 1969 жылы аудан орталығы Шардараға көшірілгенде «Өскен өңір» де қазан айынан бастап осында шығарыла бастады. Газет орыс, қазақ тілдерінде қатар шығарылып тұрды. Орыс тілінде шығарылатын нұсқасы «Возрожденная степь» деп аталды. 1990 жылдардан бастап орыс тіліндегі нұсқасы шығуын тоқтатты. Алпыс жылға жуық оқырмандарына тұшымды дүниелер ұсынып келе жатқан аудандық газеттің ғұмыры өміршең болады деп сенеміз.

– Аудан газетінің қазіргі тыныс-тіршілігі қандай, таралымы қанша?

– «Өскен өңір» газеті негізінен ауданда мемлекеттік саясатты насихаттау мақсатында өткізілетін конкурс арқылы қаржыландырылады. Сұранысқа орай түрлі айдарлар арқылы жарық көріп отырған материалдар оқырман көңілінен шығады деп сенеміз.


«Өскен өңір» газеті қазіргі таңда нарық талабына сай, Үкімет қаулысына сәйкес жекеменшікке сатылды. Меншік иесі әрі директор-бас редактор лауазымын осы салада 25 жылддық еңбек өтілім бар өзім жүргіземін. Бүгінгі таңда қоғамда көпшілік газет оқымайды деген қасаң түсінік қалыптасқан, бұлай бәрін сыпыра айыптауға болмайды. Газетті, я болмаса журналды бірнеше жылдан бері жанына серік етіп келе жатқан оқырмандарымыз жетерлік. Сондықтан оқитын қауым барда газет өлмейді дегім келеді.

– Редакция ұжымында қанша қызметкер жұмыс істейді?

– Дәл қазіргі таңда «Өскен өңір» газетінде 10 қызметкер жұмыс істейді. Ұжымдағы қызметкерлердің барлығы да өз саласының білгір маманы. Әркім өзінің жұмысын, өзіне жүктелген міндеттемені шашау шығармай атқарады. Редакциядағы қауымның ынтымақты бірлігінің арқасында қолымызға ине ілігіп, оқырмандарымызға тұшымды дүниелер ұсынып келеміз.

– Аудандағы еңбек адамдары сынды елге үлгі тұлғаларды насихаттау бағытында қандай айдарларыңыз бар?

– Елге үлгі боларлық тұлғаларды насихаттау бағытында «Өнеге», «Тұлға», «Ардагерлер – ардақтылар», «Біздің жерлестер осындай!», «Мерей» айдарларымен мақалалар жарияланып отырады. Осындай айдарлардың аясында ауданымыздағы еңбек адамдарының өнегелі істері жастарымызға насихатталады. Журналистер салалық журналистиканы дамытып, өрістету жолында әр тақырыптарға қалам тербеп өздерінің шеберлігін шыңдайды. Түрлі айдарлар, жаңа жобаларын ұсынып, жастарымызды ынталандырып отырамыз. Оқырмандарымыздың да жолдаған хаттары, арнайы ақпарат, шағын мақалалары тұрақты түрде жарияланады.

– Шардара аудандық әкімдігімен газет арасындағы байланыс қандай, бірлесіп іс-шара өткізесіздер ме?

– Біз аудан әкімдігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Бірлескен іс-шаралар өткізіледі. Мұнан бөлек, журналистер аудан көлемінде құрылған түрлі комиссияларға мүше болып тартылған. Шардара ауданындағы қандай да бір шетін мәселе туындаса, біздің аудандық газеттің қызметкерлері шет қалмайды. Қашанда өздерінің үндерін қосып, пікірлерін айтып отырады.

– Редакция журналистері мүшәйра, басқа да сайыстарға қатысып тұра ма? Өзге әріптестермен байланыс орнату жағы қалай? «Болат қайнауда шынығады» дегендей, жастардың аяқ алысын бағамдау, әлеуетін бақылау осындай додалар арқылы айқындалады ғой өзі.

– Дұрыс айтасың, газет журналистері аудандық, облыстық, республикалық жыр мүшәйраларына қатысып тұрады. Жүлделі болып жатқандары да жетерлік. Өзімді-өзім мақтағандай болмайын, бірақ аудандық газеттің бас редакторы ретінде бірнеше рет аудандық, облыстық мүшәйраларға өлеңдерімді, шығармаларымды жолдап, жеңімпазы атандым. Тілші А.Өсербай, Б.Нарбай сияқты журналистеріміз — келешегінен зор үміт күттіретін жастар. Осындай талантты ізімізді басып келе жатқан кейінгі толқынның да шығармашылық әлеуеті өте жоғары. Өзге өңірдегі әріптестермен де тығыз қарым-қатынастамыз. Түрлі проблемалардан шығу жолдарын қарастырып, сұхбаттасып отырамыз. Тәжірибе алмасу процестері де өткізіледі, олар өз аудандарының тыныс-тіршілігін қалай көрсетіп жатыр, артықшылықтары, үлгі алатын тұстары қандай деген сауалға жауап табу мақсатында жиі байланыс орнатамыз.

– Журналистикаға қызығатын шардаралық жастардың шоғыры қалың ба? Мұны сұрап отырғаным, кейінгі кезде екінің бірі блогер атанып, журналистика деген бекзада мамандықтың қадірін қашырып жібергендей әсер қалдырады.

– Бұл пікіріңізбен де келісемін. Қуанарлығы, біздің өңірдің жастары арасында журналистикаға қызығатындардың қарасы қалың деп айта аламыз. Оған мектеп бітіруші түлектермен кездесу барысында көз жеткізіп жүрміз. Журналистикаға қызығушы жастар редакциямызға келіп, газеттің тыныс-тіршілігімен танысады. Оқуларын аяқтаған соң бізге келіп жұмыс істеулерін сұранып жатамыз. Журналистиканы таяуда ғана бітірген жас маманды жұмысқа қабылдадық. Аяқ алысы жаман емес, берілген тапсырманы да тиянақты орындайды, өзінің де айтар ойы, пікірі бар, қай тақырыпқас алсақ та жазуға икемді екенін аңғартып, төселіп келеді.

– Кейінгі буын өкілдерін бақылап жүресіз бе? Жас журналистердің аяқ алысы қалай?

– Жас буынның бүгінгі аяқ алысы жалпы жаман емес. Жаңалық іздеуге құштар. Газетте жүрген журналистердің тіл байлығы аса бай емес екендігі байқалады. Бұл кемшілік телевизияда жүрген жастарға да тән. Сөз саптаулары, мақал-мәтелдерді орынсыз қолдануы қынжылтып жатады. Дегенмен уақыт өте келе, бұл олқылықтың орны толады деп үміттенемін.

— «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» дегендей, өзіміз бір пұшпағын илеп жүрген мамандықтың қадір-қасиетінің төмендеуі жанымызға батқан соң сұрағым келіп отыр. «Шөп те өлең, шөңге де өлең» дегендей блогерлік, сахнада жүргендер жүргізушілікке ұмтылуы журналист мамандығының беделін түсіреді деп ойлайсыз ба? Өйткені журналистиканы мамандық, емес, табыстың көзі, тіпті бизнеске айналдырып алғандар да бар.


– Иә, блогерлердің, әншілердің жүргізушілікке ұмтылуын құптай қоймаймын. Атақты әншілердің бағдарламаларды жүргізгенін көрдік. Салиқалы сөз айтудан ыржалаңдаған күлкісі көп. Өзі айтып, өзі дарақыланып күледі. Тыңдарманды құрметтеу, сахна мәдениетін ұстану дегеннен жұрдай.
Онан соң көпшілік қауым кәсіби журналистер мен блогерлерді шатастырып жатады. Блогерлердің жазбаларын сараптап қарасаңыз, көбі өзінің бас пайдасы үшін материалдар жазатынын аңғару қиын емес. Әрі олардың материалдарынан шикілік көрініп тұрады. Еліне, ұлтына опасыздық жасағандарды жақтап жүрген блогерлерді де көріп жүрміз.
Жалпы блогер дегеніміз – белгілі бір тақырып аясында (мысалы, ауыл шаруашылығы саласы бойынша немесе әдебиет пен өнер туралы) терең зерттеу жүргізуші адам. Ал бізде оны басқа мақсатта пайдаланады.

– Түркістан облысы құрылғалы даму динамикасы жоғарылауына, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына Шардара ауданының да қосып жатқан үлесі қомақты. «Өскен өңір» газеті ауданның тыныс-тіршілігінің айнасы ретінде бұл жайттан да сырт қалмайтыны белгілі. Аймақта болып жатқан жаңалықтарды аудан халқымен бөлісіп отыруға ықыласты. Редакция ұжымы осы үдеден шығып жүрген болар?

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, тұтас халық жұмыла жүзеге асыра бастаған, жетістіктерін бүкіл дүние талассыз мойындаған бағдарламалар ауданымызда қалай іске асуда? Оны осы шағын ұжым «Өскен өңір» арқылы аудан халқына ұсынып келеді. Бұл өңірдің даму тенденциясы, өсіп-өркендеу өрісі әрдайым біздің ұжымның назарында. Облыстың түлеп-түрленуі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының да әлеуметтік, эконмикалық ахуалын жақсартатынын сөзсіз. Сондықтан да жақсы жаңалықтардың, ақжолтай ақпараттардың жаршысы болып келе жатқан газетіміздің негізгі ұстанымы да елдің ұйтқысына айналу.

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет,
Түркістан облысы,
Шардара ауданы

Бүгін, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды