Руза Бейсенбай тегі, тіл жанашыры: Керекудің шенеуніктері Мемлекеттік тілді менсінбейді

30 қазан 2020, 13:29

Теріскейдегі өңірлерде қазақ тілінің хәлі мүшкіл. Оны біз емес, сол өңірдегі тіл жанашырларының баспасөз беттеріндегі жанайқайы мен әлеуметтік желідегі жазбаларынан көріп, оқып жүрміз. Мемлекеттік тіл талабы көп бұзылатын аймақ – Кереку өңірі. Белсенді тіл жанашыры Руза Бейсенбай тегі осылай дейді. Ол жиырма жылдан бері қазақ тілінің мәртебесі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, ымырасыз күрес жүргізіп келеді. 18 қазан күні Павлодарда рұқсат етілген тіл митингісін өткізуге мұрындық болған да өзі. Теріскейдегі тұралаған мемлекеттік тілдің бүгінгі ахуалын ұлт жанашырының өзінен сұрадық.

Jas qazaq: Руза ханым, қазақшасы «Қызыл кітапқа» енуге аз қалған Павлодарда қазақ тілінің құқығын қорғап, шырылдап жүрген мемлекеттік тілдің жалғыз жанашырысыз. Керекудегі атқамінерлердің мемлекеттік тілге деген құрметі қалай?

Р.Бейсенбай тегі: Тілдің жалғыз жанашыры деп қатты мақтап жіберген жоқсыз ба? Павлодарда нақты іспен көрсетпесе де, үйінде отырып мемлекеттің тілдің тағдырына күйініп, етегі жасқа толатын азаматтар бар. Әлеуметтік желіге жазып отырады. Ол да керек. Бірақ нақты сұрақ қойып, қазақ тілін талап ететіндер аз. Біздің жергілікті билік өкілдерінің мемлекеттік тілге деген көзқарасы өте нашар. Ешкім қазақ тілінің көгеріп-көктегенін қаламайды. Керісінше, олар кейде мемлекеттік тілде жазған хатыма екі тілде жауап беріп, өзімді мазақтайды. Менің әлеуметтік желідегі парақшаларымды қарасаңыз, ондай сорақы жағдайларды көп кездестіресіз. Мәселен, облыс және қала басшылары қазақ тілінің көсегесін көгертпей отырғандар. Қолдарында билік бар. Егер мемлекеттік тілге жаны ашыса, сол мүмкіндіктерін пайдаланып, жиналыстарын қазақша өткізіп, қызметкерлерінен қазақ тілін білуді талап етер еді. Бірақ ондай қадамға барып отырған жоқ. Ал тіл туралы митингіге Павлодарда рұқсат бергенін өздеріңіз де түсінерсіздер…

Jas qazaq: Жалпы Павлодар өңірінде қазақ тілінің қолданысы соншалық төмен бе? Қазақ мектептерімен жоғары оқу орындарында қазақ топтары бар емес пе?

Р.Бейсенбай тегі: Нақты санынан хабарым жоқ. Бірақ сізге бір мысал айтайын. Осы жазда ғана таныстарым медициналық колледжде қазақ тобының жоқтығын айтып, хабарласқан. «Біз қазақ тобына түсейік деген едік. Ондай топ болмады. Сіз осыны айтып, әкімдіктерге ескертіңізші!» деді. Осының өзінен көп дүниені аңғаруға болады. Ал Павлодарда, кейбірінде қазақ сыныптары ашылған отыз шақты орыс мектебі, 7 қазақ мектебі ғана бар. Менің ойымша, балабақшалар да осындай. Әрине, бұл – үлкен трагедия.

Jas qazaq: Мемлекеттік мекемелердегі қазақ тілінің қолданыс аясы қалай? Қандай мекеме немесе органдар мемлекеттік тілге құрмет көрсетпей отыр?

Р.Бейсенбай тегі: Бұл сұрағыңыз менің жанды жеріме тиіп отыр. Өйткені, теріскейдегі қазақ тілін тұсайтын – сол мемлекеттік мекемедегі қызметкерлер. Олардың арасында әкімдік қызметкерлері де, басқалары да бар. Мен әкімдікке барсам, олар маған «Орысша сөйлеңіз. Біз қазақша түсінбейміз» деп қарап тұрады. Осы күзде ғана бір жағдай болды. Мен әкімдік қызметкерлерінен қазақша сөйлеуін талап еттім. Олардың бәрі маған шибөріше жабылды. Қала әкімінің аппарат басшысы Қайыржан Оңғаров жындыханадан дәрігер шақырды. Полицияға хабарлады. Мені қорғап қалған жастар. Тіл жанашыры болып жүрген белсенді жастар әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, жағдайды бүкіл Қазақстанға таратты. Сондықтан, дәрігер де, полиция да әкете алмады. Жалғыз болсам, не боларымды білмеймін. Керекуде мемлекеттік тілді талап еткендердің күні осы. Біздің өңірдегі мемлекеттік қызметкерлердің әлсіздігі соншалық, 95 пайыз қазақ отырып, жұмыстарының бәрін орысша жүргізеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық шаруасы орысша жүргізіледі. Тек шетелден келген қандастарымыздың қатысуымен, не тілге қатысты жиылыстар болмаса. Кереку өңіріндегі прокуратуралар тілге байланысты құқық бұзушылықты ешқашан қараған емес.

Jas qazaq: Мемлекеттік тілді қорғаймын деп сағыңыз сынған сәттер көп болғанына шүбәміз жоқ.

Р.Бейсенбай тегі: Бізде жаның күйетін жағдай – қаракөз қазақтарымыздың мемлекеттік тілді табанға таптап, қазақ тілін менсінбеуі. Қазақта «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» деген мақал бар. Сол сияқты қазақ тіліне қарсы шығатындардан қорқып, мемлекеттік тілдің тағдырына бей-жай қарауға мүлде болмайды. Мен күн сайын қаншама қарсылық көріп, қаншама сөз естіп жатсам да, бұл жолдан қайтпаймын! Бұл – менің тілім, менің ұлтымның, менің Отанымның, менің болашағымның тілі. Жергілікті билік кез келген мекеме қызметкерлерінен мемлекеттік тілді талап етсе, бұл жақтағы басқа ұлт өкілдері бір-ақ күнде тіл сындырмаса да, ойланар еді. Бірақ ондай талап болмай тұр ғой.

Мемлекеттік тұтынушылар заңында бәрі айдай анық жазылып тұр. Тұтынушы қай тілді талап етсе, сол тілде қызмет көрсетілу керек. Алайда теріскейде, яғни бізде тұтынушы құқығы қорғалмайды. Әкімдікке барып қазақша талап етсеңіз, көбіне орысша жауап аласыз. Дүкен, сауда орындарында да солай. Мемлекеттік сатып алу заңына мемлекеттік тілді талап ететін норма енгізілсе, тендер бергенде, жалпы сату-сатып алу жұмыстарының бәрі қазақ тілінде жүргізілсе, онда бәрі өздігінен шешілер еді. 18 қазан күні жергілікті әкімдіктің рұқсатымен тіл туралы митингі өткіздік. Іле-шала Ресейдің «За Правду» деген партиясының өкілдерінің мазасы қашып, «ұйқысы» бұзылыпты.

Jas qazaq: Олар не дейді, «ұйқысы» неге бұзылыпты?

Р.Бейсенбай тегі: Олар Қазақстандағы «орыс тілді қауыммен тек қана орысша сөйлесіңдер, олардың қазақ тілін үйренуін талап етпеңдер» деп отыр. Олардың ойынша, Қазақстанның мемлекеттік тілін үйренбеуге, сөйлемеуге бәрінің құқығы бар сияқты. Басқа елдегі ұйым өкілдерінің біздің елдегі саяси мәселеге араласуы – бұл нағыз дөрекі ұлтшылдық. Осы арқылы олар біздің елдегі ұлтаралық ынтымағымызға сына қағып жатыр.

Jas qazaq: Ұзақ жылдардан бері мемлекеттік тіл үшін күресіп келе жатырсыз. Өз тәжірибеңізден айтыңызшы, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін не істеуіміз керек?

Р.Бейсенбай тегі: Бұл біздің теріскейдегі өңірлер үшін өте ауыр сұрақ. Өйткені бұл жақта мемлекеттік тілдің тоңын жібітетін жылымық аз. Ондай жылымықтың бүгін-ертең соғуы да екіталай. Бұл мәселені шешу үшін Кереку, Қызылжар, Қостанай сияқты тұрғындардың рухы оянып, кемінде халықтың 30 пайызы мемлекеттік тілді талап етуі керек. Сонда ғана сірескен сең бұзылар еді. Павлодардағы көше аттары қазақшаланып келеді. Сең сөгілді деген осы шығар. Оған да шүкір!

Керекуде менен үлкен шал-кемпірлер немерелерімен орысша сөйлесіп тұрады. Соларды көргенде жүрегім ауырады. «Апай, ағай, сіздер неге немереңізбен орысша сөйлесесіз?» деймін. Олар «Шаруаң болмасын. Бұл біздің өз шаруамыз. Немерем қазақша білмейді» деп қарап тұрады. «Немереңіз қазақша білуі үшін өзіңіз сөйлемейсіз бе» деймін мен де қоймай. Бір сөзбен айтқанда, біз өзімізді-өзіміз басындырып отырмыз.

Jas qazaq: Сағыңыз сынбасын, Руза ханым! Туған тілдің мәртебесі әлі-ақ көтеріліп, мемлекеттік тіл өз тұғырына қонады.

Жарас КЕМЕЛЖАН

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?