Алматы қаласында Дін істері басқармасына қарасты Кеңес беру және оңалту орталығы бар. Орталық жат ағымның жетегіне ілескен адамдармен тікелей жұмыс істейді. Jasqazaq.kz порталының тілшісі «Кеңес беру және оңалту» орталығының басшысы Руслан Қайыргелдімен орталықтың жұмысы жайында сұхбаттасты.
— Руслан мырза, ең алдымен «Кеңес беру және оңалту» орталығының негізгі жұмысы жайлы айтып өтсеңіз? Сіздерге қандай міндеттер жүктелген?
— Өздеріңізе белгілі, соңғы уақытта жат ағым мәселесі мемлекеттің де, діни басқарманың да, жалпы қарапайым жамағаттың да бас ауруына айналды. Осыған қатысты бір емес, бірнеше мысал келтіре аламын. Жақында алматылық тұрғын біздің орталыққа хабарласты. Ол вахталық әдіспен Атырауда үш ай жұмыс істейді екен. Алматыға қайтуына бір айдай уақыт қалғанда, әйелі хабарласып, ажырасатынын айтыпты. Жігіт келіп мән-жәйді анықтайды. Сөйтсе, әйелі дінге бет бұрамын деп, жат ағымға шырмалған екен. Келіншекті құрбылары әбден үгіттеп, тура жолдағы азаматпен табыстыратынын айтқан. Мәне, осы сынды оқиғалар көп кездеседі. Орталықтың басты міндеті — жат ағымға шырмалған әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізу. Біздегі білікті де білімді мамандар барын салып, жат ағымға қарсы күрес жан-жақты жүргізіледі. Қазіргі таңда ақпараттық соғыс өршіп тұрғаны белгілі. Атын айтпай-ақ қояйын, көрші мемлекетте екі діни басқарма бар, бір-біріне қарама-қарсы екі діни бөлініс бар. Ондай бөліністің мақсаты — екі топты бір-бірімен араздастыру. Ортақ мәмілеге келтірмеу. Ал бізде дін саясаты бір ізге қойылған. Елімізде тек бір ғана діни басқарма бар, яғни біздің елімізде дін мәселесі дұрыс жолға қойылған.
— Биыл орталық жат ағымға кірген қанша адаммен жұмыс істеді? Осыған орай статистикалық мәліметтер келтіре аласыз ба?
— Орталық Алматы қаласы бойынша жыл басынан бастап бүгінге дейін 1000- нан астам адаммен жұмыс істеді. Біздегі теолог мамандар қазақ, орыс тілдерінен бөлек, араб тілін білуі қажет. Орталық жат ағымның жетегінде кеткен адамдармен жеке-жеке жұмыс істейді. Мамандарымыз араб тіліне өте сауатты. Егер мамандарымыз араб тілінде сауатты болмаса, олар қазіргі жат ағымның шырмауында жүргендермен сөйлесе алмайды. Өйткені теолог мамандар жан-жақты болуы керек. Қазір мен өзім Ислам дінінен бөлек, католик, православ діндеріндегі жат ағымдарды зерттеп жатырмын. Олардың ішінде де бірнеше ағымдар бар екен. Зерттеген сайын тереңдей бересің. Соңғы айда 200-ге тарта жат ағымның жетегінде кеткендердің бетін бері қайтардық. Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша «Кеңес беру және оңалту орталығының» жылдық қорытындысын дайындап жатырмыз. Біз жат ағымға арбалған жандармен жүйелі жұмыс істеп, бірнеше рет кездескеннен кейін барып олардың беті бері қарайды. Қателескендерін сонда барып түсінеді. Мамандарымыз нәтижеге жұмыс істейді. Біздің де мақсатымыз айқын. Ең бастысы, адасқан адамды жат ағымның жетегінде қалдырмау.
— Орталық тарапынан жат ағымның алдын алу мақсатында қандай іс-шара жүргізесіздер?
— Әрине, қандай да күресті жүргізбес бұрын, оның алдын алу өте маңызды. Сондықтан орталық тарапынан алдан алу жұмыстары бұрыннан белсенді түрде жүргізіліп келеді. Мектеп оқушылары мен студедеттерге арналған ақпараттық түсіндіру жұмыстары қолға алынған. Одан бөлек, Алматыда адам көп шоғырланатын базар, сауда орталығы сынды орындарда түсіндіру жұмысын қарқынды жүргіземіз. Сондай-ақ оқу орындарындағы жастармен жұмыс істейтін мұғалімдерге де арнап курс өткіземіз. Өйткені оның маңызы зор. Біз түсіндіру жұмыстарын неғұрлым көп жүргізген сайын, жат ағымға ерудің алдын алып, тосқауыл бола аламыз. Сондықтан насихаттау жұмысы алдағы уақытта да жалғасады. Одан бөлек, діни жат ағым бабымен сотталған немесе жазасын өтеп жатқан азаматтарға да ақпараттық түсіндіру жұмыстары бар. Біздің орталықтың теолог мамандары осы бағытта нақты жұмыс жасайды. Алматы қаласы дін істері басқармасы тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылып, ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
— Руслан мырза, өзіңіз білесіз, қазір жат ағымға көп жастарымыз әлеуметтік желі арқылы да арбалуда. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
— Әрине, әлеуметтік желілерді анықтап, оларды жабу біздің құзыретімізде емес. Олармен арнайы органдар айналысады. Біз қазір адамдардың әлеуметтік желі арқылы тыйым салынған ағымдарды тыңдайтынын білеміз. Оның бірі әшкереленіп, тыйым салынса, екіншісі пайда болады. Сондықтан осы бағытта оларға балама болатын жұмыстарды қолға алдық. Алматы қаласы орталық мешітінің арнайы azan.kz сайты бар. Біз осы портал арқылы өзіміздің ақпараттық насихаттық материалдарды жариялап отырамыз. Сонымен қатар Алматы қаласы бойынша 52 мешіт бар. Сол мешіттердің әрқайсысында дұрыс бағытты сілтейтін теолог мамандар жұмыс істейді. Бұл мамандар мешітке келіп, кеңес алғысы келген адамдармен тікелей жұмыс істейді.
— Әңгімеңізге рахмет!
Мақпал Ноғайбаева