jasqazaq.kz

 Рухани құндылық: Түркістанда оқушылар «Едіге» жырын жатқа айтты

21 мамыр, 15:51

Бүгінгі жаһандану заманында, технология күн сайын қарыштап дамып, тіпті жасанды интеллект ендей бастағанда балалар мен жасөспірімдер арасында рухани құндылықтарды насихаттаудың маңызы зор. Осыны ескеріп, біздің елімізде өскелең ұрпақты ата-бабадан қалған мол мәдени мұрамен сусындатып, рухани жағынан дамуына айрықша көңіл бөлінеді. Киелі Түркістан қаласында да осы бір өзекті мәселе күн тәртібінен тұспей, түрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Жуырда Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдер арасында «Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат» атты эпостық жырларды жатқа айтудан облыстық байқаудың алғашқы кезеңі өтті. Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, байқауға өңірдегі барлық аудан, қалалардан жиналған 20-дан астам дарынды оқушы қатысып, «Едіге» жырын жатқа айтты. Байқауды ұйымдастырушылар басты мақсат ұлттық рухты жаңғыртатын, жас буынның бойында мақтаныш пен отансүйгіштік сезімін қалыптастыру екенін атап өтті.

Жыр байқауына қатысушылардың өнерін сараптаған қазылар алқасының құрамында облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «Мәдени демалыс жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Мұрат Жұманов, жыршы, термеші, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Абылай Бөріханов, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «Халық шығармашылығын қамтамасыз ету» бөлімінің «Ұлттық шығармашылық және жанрлар» маманы Аязбек Рүстемов болды. Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың жырды жатқа айту шеберлігіне, дауыс ырғағына, сахналық мәдениетіне және эпостың мәнін дұрыс жеткізуіне баға берді.

Сөйтіп, байқау қорытындысы бойынша, Отырар ауданынан келген Бейбіт Жақсыбай бас жүлдені жеңіп алды. Ал жүлделі 1-орынды мақтааралдық Дәурен Романқұл, 2-орынды түркістандық Айару Сембай мен Қазығұрт ауданының тумасы Асқар Пернекүл иеленді. Сондай-ақ, 3-орынға Түркістан қаласынан Алмаз Момиш, отырарлық Шапағат Дерісбек, Сарыағаш ауданынан Әсет Исахбай табан тіреді.

Байқаудың екінші кезеңінде қатысушылар «Қобыланды батыр» эпостық жырын жатқа айтудан сайысқа түседі.
Кітап жайына қалып, айфон мен смартфон қолдан түспейтін қазіргі заманда балаларға эпостық жырды жатқа айтқызу шын мәнінде оңтайлы шешім. Ғасырдан ғасырға өтіп, бүгінгі күнге дейін жеткен жырды оқып, жаттап өскен жас ұрпақ тамырынан ажырамайтыны сөзсіз.

Jas Qazaq

Сурет: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды
29 тамыз, 19:32
Шетелден ақша алатын белсенді мен блогерге жайсыз жаңалық
27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда