jasqazaq.kz

Рухани құндылық: Түркістанда домбыраны дәріптейтін байқаулар өтті

02 шiлде, 12:44

Қазіргі жаһандану заманында рухани құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақты осы бағытта тәрбиелеу – кезек күттірмейтін міндет. Технология шапшаң дамып, әлеуметтік желіде түрлі ақпараттың таралуы жас ұрпақтың ұлттық құндылықтардан қол үзбей өсіп-жетілуін қажет етеді. Осы орайда киелі Түркістан қаласында бұл мәселеге ерекше мән-маңыз берілетінін айту керек.

Елімізде шілде айының алғашқы жексенбісі — Ұлттық Домбыра күні. Атап өтіледі. Бұл — халқымыздың рухани мұрасын дәріптейтін, қадір-қасиетін ұлықтайтын ерекше күн. Өйткені домбыра — жай ғана музыкалық аспап емес, домбыра — ұлттың үні, тарихтың тілі, рухтың жыры.

Ұлттық домбыра күні қарсаңында Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен этнос өкілдері арасында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және Ұлттық домбыра күніне орай «Үкілі домбыра» байқауы өтті.
Бұл байқау Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» жобасын іске асыру және талантты домбырашыларды анықтау, сондай-ақ облыстың мәдени имиджін көтеруге атсалысу, этнос өкілдеріне ұлттық өнерді насихаттау мақсатында өткізілді.

Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейітжанов іс-шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Басқарма басшысының орынбасары: «Үкілі домбыра» байқауы – өнерді ұлықтайтын, рухты оятатын тағылымды шара. Бұл – тек өнер жарысы ғана емес, ұлттық мұраны дәріптеп, оны өскелең ұрпақтың бойына сіңірудің жарқын көрінісі. Қазақтың күй өнері – ғасырлар қойнауынан жеткен асыл қазына. Осы байқау арқылы біз сол қазынаны дәріптеп, жас таланттарға жол ашып отырмыз. Сондай-ақ, бұл жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» ғылыми-ағартушылық бастамасымен үндесе отырып, этнос өкілдеріне де қазақ мәдениетінің терең мәні мен әсемдігін танытуға бағытталған. Бұл – бірлік пен рухани келісімді нығайтатын маңызды бастама, — деп атап өтті.

«Дәстүрлі ән орындау», «Күй орындау», «Терме орындау» номинациялары бойынша өткізілген шебер домбырашылар қатысып, бақ сынады.
Сондай-ақ осы Түркістан төрінде қасиетті күй өнерін дәріптейтін республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауы басталды. Өнер сайысын Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ашып беріп, Ұлттық домбыра күнімен құттықтады. Сондай-ақ бұл шараның ұлттық өнерді дәріптеуде маңызды екенін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Еліміздің әр өңірінен келген 23 қатысушы алдымен жеребе тарту рәсіміне қатысты. Олар алғашқы кезеңде Сүгір Әліұлы мен Төлеген Момбековтің таңдаулы шығармаларынан классикалық күй орындайды. Содан соң екінші кезеңде оркестр сүйемелдеуімен жеке домбырамен өнер көрсетеді. Бұл күйшілердің орындаушылық шеберлігімен қатар, сахна мәдениеті мен күйді терең сезіну қабілетін бағалауға бағытталған. Байқау Түркістандағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының концерттік залында өткізілді.

Түркістанда рухани құндылықты дәріптеуге арналған «Күй құдыреті» байқауы да өткенін айтқан жөн. Бұл байқауды Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған. Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан байқаудың мақсаты – мәдени мұра мен ұлттық болмысты насихаттау, ұлы даланың төл өнері саналатын күйді ұлықтау, оңтүстік аймағының күй өнерін дәріптеу. Сондай-ақ, дарынды орындаушыларға жол ашып, жас буынды дәстүрлі өнерге баулу, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру.

Түркістан қаласында күй өнерін дәріптейтін республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауы өз мәресіне жетті. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының концерттік залында өткен сайысқа еліміздің әр өңірінен келген 23 қатысушы екі кезең бойынша бақ сынады.

Байқаудың алғашқы кезеңінде Сүгір Әліұлы мен Төлеген Момбековтің таңдаулы шығармаларынан классикалық күй орындалды. Содан соң екінші кезеңде оркестр сүйемелдеуімен жеке өнер көрсетті. Бұл күйшілердің орындаушылық шеберлігімен қатар, сахна мәдениеті мен күйді терең сезіну қабілетін бағалауға бағытталған.

Өнер сайысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жүзбай Жанғали, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының доценті, ҚР Мәдениет қайраткері күйші-зерттеуші Әбуғазы Мұрат, ҚР Мәдениет кайраткері Шымкент Саз колледжінің ұстазы Марат Анашев , ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сүгір» атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің дирижеры Шыңғыс Исаев, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының аға ұстазы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Салтанат Құдайбергенова қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Алматы облысынан келген Мейірбек Әзімбаевқа бұйырды. Ал, І орынды оралдық Назымбек Сатпанов иемденсе, ІІ орынды астаналық Аяулым Асқарбаева мен Шымкенттен келген Нұрлыбек Тұрлыбай қанжығасына байлады. Ал, ІІІ орынға қарағандылық Сейілхан Сайлауов, алматылық Медет Жүнісбек пен түркістандық Ғалымжан Жақсылық жайғасты.

Сондай-ақ, үш қатысушы байқау дипломанты атанды. Бұдан бөлек, Төлеген Момбеков, Нұрғиса Тілендиев және Сүгір Әлиұлы атындағы арнайы жүлделер табысталды.

JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі

25 шiлде, 19:51
Түркістан облысы макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша бірінші орынға
25 шiлде, 18:40
Дина Тәжібай: Заманауи трансформатор энергия үнемдейді
25 шiлде, 11:59
Түркістан: Әлеуетті инвестор айналма жол салады
23 шiлде, 7:21
Түркістан: Шардарада ауыз сумен қамту мәселесі қаралды
23 шiлде, 7:18
Түркістан: Шардарадағы жүгері зауытында 500-ден астам жұмыс орны құрылады
21 шiлде, 21:57
Түркістан: Ауыл шаруашылығын дамытуда көш бастап тұр
21 шiлде, 21:56
Түркістан: Жарты жылда өзіндік кіріс көлемі артты
20 шiлде, 12:45
Бейбіт елдің бітімгерлік миссиясы немесе Калай-Хумбтан Голан жотасына дейін
20 шiлде, 10:45
Ғалам – «сауда соғысына» алаң