jasqazaq.kz

Рухани құндылық: Түркістанда домбыраны дәріптеген іс-шаралар өтті

08 шiлде, 19:11

 

Елімізде Ұлттық домбыра күні шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. Бұл айтулы күн халқымыздың мәдени мұрасының маңызын ұлықтап, рухани құндылық – ұлттық өнерді дәріптеуге арналады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің X парақшасында: «Домбыра – ұлт болмысы, халық қазынасы. «Қазақ – нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Әсіресе, өскелең ұрпақтың домбыраға деген ықыласы ерекше. Жастар төл мәдениетімізді терең түсініп, салт-дәстүрімізге құрметпен қарайды. Бұл – өте жақсы үрдіс. Өйткені ата-бабаларымыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау – нағыз отаншылдықтың көрінісі. Отанға сүйіспеншілік – мемлекеттілігіміздің темірқазығы. Қазақстан жастарының мұны жақсы түсініп, қолдайтынына ризамын. Мемлекет руханият саласын барынша дамыта береді», — деп жазды.

Түркістан қаласында Ұлттық домбыра күні түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, жас ұрпаққа домбыраның қадір-қасиеті барынша дәріптелді.

Шаһардың «Амфитеатр» кешенінде «Домбыра – дастан» атты мерекелік іс-шара өтті. Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев құттықтау сөз сөйлеп, домбыраның ұлт руханиятындағы маңызына тоқталды.

Кеш барысында Сүгір Әлиұлының «Ыңғай төк», Абай Желдібаевтың «Ерке сылқым», Зейнеп Аласьяның «Ертұғырыл», Құрманғазының «Айжанқыз», «Адай», «Балбырауын» сияқты ұлттық күйлері орындалып, көрерменнің зор қошеметіне бөленді. «Тұмар», «Алқоңыр», «Түркістан» ансамбльдері мен мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында ашылған үйірмелердің шәкірттері өз орындаушылық шеберлігімен көзге түсті.

«Фараб», «Самғау» би ансамбльдерінің билері сахнаның көркін аша түсті. «Жайсаң дала», «Ақжелең», «Тұлғаларға туынды» сынды шығармалар ұлттық мұраның ұлағатын сездірді. Шараның шарықтау шегі ретінде домбырашылар арасындағы күй тартысын атауға болады.

Кеш соңында барлық өнерпаздар мен мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясындағы домбыра үйірмелерінің оқушылары қалың көрерменмен бірге «Балбырауын» күйін орындады. Көрермендер қол соғып, ерекше әсерге бөленді.

Сондай-ақ Ұлттық домбыра күніне орай Түркістан қаласында «Тұран даласының күйлері» қалалық күйішілер байқауы, «Достық» үйінде «Үкілі домбыра» фестивалі ұйымдастырылғанын айту керек.

«Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен «Домбыра – рухтың үні» атты мерекелік іс-шараның мақсаты – ұлттық өнерді ұлықтап, күй өнерін жас ұрпаққа насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу болды.

Бағдарлама аясында «Ақжайық» музыка мектебінің оқушылары ұлттық нақыштағы бірнеше күйді нақышына келтіре орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар айтыскер ақындар мен өнер саласының танымал өкілдері арнау өлеңдерін оқып, ұлттық мұрамыздың маңызын жыр жолдарымен жеткізді.

Салтанатты жиында Түркістан қаласы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев  құттықтау сөз сөйлеп, дәстүрлі өнерді қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Шара соңында белсенді қатысушылар мен өнерпаздар арнайы марапаттарға ие болды.

Сонымен бірге Түркістан қаласындағы Амфитеатр кешенінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Turkestan City Fest 9» халықаралық көпжанрлы фестиваль-байқауы биыл да жоғары деңгейде өтті. Жыл сайынғы дәстүрге айналған сайыс 4-17 жас аралығындағы дарынды балалар мен жасөспірімдер үшін үлкен шығармашылық алаңға айналды. Фестивальдің басты мақсаты – өнерлі өрендердің шығармашылық қабілетін дамыту, өнерге деген қызығушылығын арттыру және тұлғалық, зияткерлік, адамгершілік қасиеттерін шыңдау.

Ашық аспан астында өткен бұл ерекше шарада еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас өнерпаздар өз өнерлерін паш етті. Қатысушылар бейнелеу өнері, түрлі аспапта ойнау, би мен қолөнер жанрлары бойынша бағын сынады. Балалар мен жасөспірімдердің креативті би қойылымдары, музыка аспаптарындағы шеберлігі мен сурет өнеріндегі тың идеялары көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Сайыс соңында барлық қатысушылар марапатталып, жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

JQ-Aqparat

Сурет: Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі

Бүгін, 14:51
Сарыағашта мүгедектігі бар азаматтарды оңалту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда
Бүгін, 13:54
Түлкібас ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін көмектер мен қолдау тетіктері
Бүгін, 13:52
Қамқор қоғам – берекелі болашақтың кепілі
Бүгін, 13:51
Әлеуметтік әділеттілік – басты басымдық
Бүгін, 7:45
KPI – отандық өнім өндірудің озық үлгісі
29 шiлде, 19:18
Аралдық кәсіпкер қайықтың төрт моделін жасап, сатылымға шығарды
29 шiлде, 14:10
Түркістан: Бақша өнімдерін өсіруге басымдық берілуде
29 шiлде, 14:01
Түркістан: Бәйдібек ауданына мажарстандық инвесторлар келді
29 шiлде, 13:49
Түркістан: Сауран ауданында 200-ге жуық мал бордақылау алаңы салынады