Өртенген білім бөлімі мен басшысы өлімінің арасында байланыс бар ма?

19 сәуiр 2016, 18:03

Ақтөбе облысының Хромтау ауданында осыдан бір жарым жыл бұрын аудандық білім бөлімінің ғимараты өртке оранды. Бірнеше жылғы құжаттар да өртеніп кете барды. Ал осы оқиғадан бір ай бұрын аталған білім бөлімінің басшысы Талғат Сейдоллаев көз жұмды. Бұл туралы «Жас қазақтың» сауалына Хромтау ауданының басшысы баяндап берді.

Екі жайттың арасында байланыс болуы мүмкін бе? Ғимараттың өртке орануы бәзбіреулер үшін тиімді болуы мүмкін шығар, басшысының да өртке дейін көз жұмуы кездейсоқтық емес пе? Жергілікті тұрғындарды алаңдатқан сауалды аудан басшысының өз аузынан естігіміз келген.

— Иә, білім бөлімінің басшысы жас жігіт болатын. Жүрегі ауырып қайтыс болды. Ауруханаға да бармады. О дүниелік боларының алдында еңбек демалысына кеткен болатын. Тамаша жігіт, өзін тек жақсы жағынан көрсете білді, — деп бастаған аудан басшысы Аязбай Османғалиев білім бөлімі ғимараты мен басшысының өлімінің арасында еш байланыстың болмағанын айтты.

— Тергеуде болды (адам өлімі жайты — ред.). Ал өртке қатысты айтарым, құқық қорғау органдары бір ай бойы тексерді. Біз өз тарапымыздан бір жылға дейін өрт болған жерді қозғамадық. Ғимаратты бұздырмадық, — деді Аязбай Османғалиев.

Хромтау ауданы басшысының айтуынша, оқиға орнына прокуратура өкілдері, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, өрт сөндірушілер, т.б. құзырлы органдардың адамдары келген. Тіпті, ғимаратты бұзбайсыңдар ма деп келгендерге де күмәннің бары туралы айтып, өртенген жерді қозғамауға тырысып бағыпты.

— Негізі, өрттің шығуына электр желісіндегі ақау себеп болса керек. Оны құзырлы органдардың сараптамасынан білуге болады, — деген Османғалиев ғимараттың терезелері пластик материалдан жасалғанын жеткізді. Қызыл жалын күш алғанда тіпті ғимараттың ішіне кіру де мұң болыпты. Өрт сөндірушілер де бөгде азаматтарды кіргізбеген.

Өрт желтоқсан айының бір кешінде болған. Білім саласына қатысты барлық құжат ұшты-күйлі жанып кетті. Ғимараттағы өрт қауіпсіздігі сигналы белгі бермегенге ұқсайды. Сол кезде аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлбарам Қалиева құрылтай құжаттарын да өрттің жалмағанын айтып еді.

Қандай жағдай болса да, хромтаулықтарды білім бөлімінің ғимаратындағы өрт оқиғасы мен  бөлім басшысы өлімінің арасында байланыстың бар-жоғы алаңдатады. Жергілікті тұрғындар сонымен бірге әкімдіктегі болуы мүмкін туыстық қатынастарға да алаңдаушылығын білдіріп келеді.

— Менің Хромтауда ешқандай туысқаным жоқ. Орынбасарымның да маған еш туыстық қатысы болмаған. Ол тіпті Шалқар жақтыкі. Бізге Қандыағаштан келді. Менің руым байұлы, ол тілеу. Жұмыс істей білетін адам қызметте өседі емес пе?, — дейді аудан әкімі.

Аудан басшысына қыста жол аршумен айналысатын, дұрысы, биыл біраз жолды аршымаған «Ақпан 2030» компаниясының қатысы бар болуы мүмкін дейді тұрғындар.

— «Ақпан 2030» компаниясының менің ұлыма еш қатысы жоқ. Басшысымен таяуда таныстым, — деп шорт кесті Хромтау ауданының әкімі.

Асқар Ақтілеу

Ақтөбе

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?