Ринг Әміршісі

10 маусым 2016, 15:49

Muhammad Ali throwing a right-handed punch against Joe Frazier during the WBC/ WBA World Heavyweight Title fight at the Araneta Coliseum. Quezon City, Philippines 10/1/1975 (Image # 1022 )

Даңқты боксшы Мұхаммед Әли артында өшпес із қалдырды

2005 жыл. Америкадағы мұсылмандар туралы деректі фильм түсіріп жүргенде Детройтқа соққанбыз. «Автокөлік астанасы» атанған шаһардың шетінде Дирборн деген кішкентай кент бар. Атақты Форд зауыты осында. Біраз мұсылман сол кәсіпорында. Білім алып, қызметте жүргендер де бар. Солардың бірі үйіне шақырды. Атасы мен әжесі баяғы заманда Йеменнен көшіп келген. 11 жастағы немересі Мүнасыр киген киімі, шаш қойысымен нағыз American boy (американдық жасөспірім). Бізбен шаруасы жоқ. Екі көзі теледидарда. Мұхаммед Әли туралы фильмді көріп отыр екен. 

– Бокстан жалықпайды» – деп шешесі күлді. Ал әкесі:
Бұлардың бәрі спортта Мұхаммед Әлиді пір тұтады – дейді. Детройтта тағы бір әйгілі боксшының құрметіне орнатылған алып жұдырық -ескерткіш көргенбіз. Сол еске түсіп:
– Джо Луис ше? Ол да мықты болған ғой, – дейміз. Бала бұл сөзімізді жақтырмаған кейіппен:
– Жоға, бәрібір оған (Мұхаммед Әли) ешкім жетпейді, – деп қысқа қайырды.
Мұхаммед Әлидің өшпес рухымен, ерен ерлігімен өскен біздің кейіпкеріміз секілді миллиондаған американдықтар бүгінде аза тұтуда. Ол бұдан 74 жыл бұрын Кентукки штатындағы Луисвилл кентінде дүниеге келді. Әкесі көшедегі маңдайшаны бояушы, шешесі еден жуатын. Сәбиге құл саудасына қарсы шыққан Кассиус Марселлус Клейдің есімін берді. 12 жасқа толғанда бүкіл баланың арманы – велосипед мінді. Бір күні сол сүп-сүйкімді қызыл «атын» біреулер айдап кетеді. Ашуға булыққан бала полиция бөлімшесіне барды. Ұрыны табуды талап етті. Тәртіп сақшысы оған «Бокспен айналыссаң ғой, ешкім велосипедіңе тиіспейтін еді. Демек сеннен қорықпайтын болып тұр ғой» – деді. Полиция қызметкері бокспен айналысатын болып шықты. Сөйтіп, Кассиусты өзі жаттығатын залға ертіп барды. Осылайша бокс оның өмірін арбаған сиқырға айналды. Жаттығуға асыққаны сонша, кейде автобуспен жарысатын.
Әуесқой бокста тез өрледі. Өзіне тән жұдырықтасу мәнері қалыптастырады. Қолын кіндік тұсына жіберіп, денесін ашық ұстайды. Қарсыласын шыр айналып, соққы дарытпайды Мұнысы классикалық үлгіге теріс. «Көбелек секілді жылдам ұшып, ара сияқты шағып аламын» дейтін өзінің бокстасу мәнері жөнінде. Ол 14 жасында «Алтын қолғапты» иемденеді. 167 кездесу өткізіп, небәрі 6 рет жеңіліс табады. Бұл оның рингтегі бірінші рекорды.
18 жасында Рим Олимпиадасына барды. Ширек финалда орыс Геннадий Шатковты, ал ақтық сында поляк Збигнев Петшиковскийді тізе бүктіріп, алтыннан алқа тақты. Бұл оның өміріндегі ең бақытты шақ еді. Туған қаласы оны қошеметпен қарсы алды. Балаларға үлгі-өнеге ретінде көрсеткісі келді. Олимпиададағы жеңісі үшін берілген 2 мың долларға ескі «Кадиллак» сатып алады. Қартайған әке-шешесін мінгізіп, қаланы аралайды. Ол алтын медалін үнемі тағып жүретін. Тіпті сонымен ұйықтайтын. Бір күні Огайо өзеніне лақтырып жібергенге дейін. Бұған АҚШ-тағы нәсілшілдік саясаты себепкер болды. Мейрамханаға барғанда даяшылар оған қызмет көрсетпей қойды. Ол Американың намысын қорғағанын айтып, дәлел ретінде медалін көрсетеді. Ешкім мізбақпайды. Сондағы уәж біреу. «Мұнда тек ақ нәсілділер тамақтанады». Қатты қорланған чемпион алтын жүлдені суға тастайды. Бәлкім, сол сәтте бала кезінде бір оқиға еске түскен шығар. Бір күні қатты ыстықта шешесі кафеге кіріп, баласына бір жұтым су беруді өтінеді. «Қаралар, аулақ жүріңдер» – деп қуып шығады. Міне, осы оқиғадан кейін оның нәсілшілдік пен кемсітуге қарсы рингтегі күресі басталды. Спорттағы әділеттік арадан 36 жыл өткенде қайта орнады. Атланта Олимпиадасының алауын жаққан Мұхаммед Әлиге өзі суға лақтырған медальдің көшірмесі табыс етілді.

1 (2)
Кәсіпқой боксқа тым ерте келді. 22 жасында атақты Сонни Листонмен қолғап түйістірді. Ауыр салмақтылар арасында әлем чемпионы болаттай берік, жебедей жылдам жас спортшыға төтеп бере алмай, алтын кемерді жаңа жұлдызға беруге мәжбүр болды. Сол жылы мұсылмандыққа бет бұрады. Енді ол Кассиус Клей емес, Мұхаммед Әли. Мұндай шешім қабылдауға қоғам қайраткері Малколм Х пен Детройтта түп-тегі африкалықтар құрған «Ислам ұлты» қозғалысы ықпал етеді. Ақ нәсілділер билейтін Америка мұны құптай қоймады.
Журналистердің «Бұлармен қалай байланысып жүрсің? – деген сауалына:
– Мені дұрыстап тыңда. Орманда арыстан арыстанмен, жолбарыс жолбарыспен, қызыл құс қызыл қызыл құспен жүреді. Түр-түсі өзіне ұқсайтын кісімен бірге жүру адамның да табиғатында бар. Мені көргісі, қаламайтын жерге барғым келмейді» – деп жауап береді. Мектепте үлгерімі нашар болса да, оның дүниетанымы кең, сөзге шешен еді. Содан болар, баспасөз өкілдері, әсіресе, дінге тиісіп, қыршаңқы, арандату мазмұндағы сұрақ қойғанда өткір, дәлелді де дәйекті жауап алып, аузына құм құйылатын. 2001 жылғы қыркүйек қастандығының жаңғыры басылмай тұрғанда CNN тілшісі оған мынадай қитұрқы сауалды көлденең тартты:
– Осындай зұлымдықтың жасалуына себепкер болған террористермен бір діннің өкілі ретінде қазір қандай күйдесіз? Жауап мірдің оғындай:
– Сіз Гитлермен бір діннің өкілі ретінде қандай күйде болсаңыз, мен де сондаймын.
Сөйтіп жүргенде Вьетнам соғысы басталды. Ол қантөгіске барудан бас тартты. «Вьетнамдықтар маған ешқандай жамандық жасаған жоқ. Тіпті мені кемсіткен де емес. Олармен не үшін соғысамын» – деді. Жан-жақта үстемдік құруға ұмтылған Америка билігі мұны кешірмеді. Чемпиондықтан айырып, бокс лицензиясын, басқа елге кетіп қалмасын деп паспортын тартып алды. Айыппұл ретінде 10 мың доллар төлейді. Күнкөріс қиындағанда университет аралап, ақылы конферен­цияларға қатысады. Шешендігінің арқасында нәпақасын айырады. Вьетнам халқы оның осы ерлігін ұмытпады. Арада бірнеше жыл өткенде полиция қызметкерлері өзіне қол жұмсауға талпынған тегі вьетнамдық жас жігіттен қандай талабы бар екенін сұрады. «Тілегім біреу. Мұхаммед Әли келсін» – деді. Полицияның бас қатты. Аты аңызға айналған спортшы кім екені белгісіз біреу үшін қайдан келсін? Бірақ Мұхаммед Әли келді. Әлгі жігітпен сөйлесіп, райынан қайтарды. Оның «Бір адамның өмірін сақтап қалу маған бірнеше чемпион болудан әлдеқайда қымбат» – деген сөзі тәмсілге айналды.

2

1970 жылы сотта өзін ақтап, боксқа қайта оралды. Бұл жат жердегі соғысқа қарсы халықтың наразылығы күшейе түскен кез. «Вьетнам біздің демократия мен бостандыққа зәру емес. Әскер қайтарылсын!» – деген талап қаттырақ естіле бастады. Алғашқы кездесуде Джо Фрезерден жеңіліп қалды. Содан кейін Кен Нортонға ұпай санымен есе жіберді. Мамандар оның спорттағы жолы аяқталғанын айтып жатты. Алайда рингке қайта шығып, қарымта кездесудің бәрінде басым түсті. 1974 жылы Жорж Форменді сегізінші раундта нокаутқа жіберіп, чемпиондық атақты қайтарып алды. Ал 1978 жылы Леон Спинкспен екі рет жұдырықтасты. Алдымен жеңілді. Екінші кездесуде қарсыласын айқын басымдықпен тізе бүктірді. Сөйтіп, спорт тарихында үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы боксшы ретінде қалды. Тек сайыпқыран спортшының есімін ғана Голливудтағы «Даңқ соқпағында» (Walk of Fame) қабырғадан оқи аласыз. Ал екі мыңнан астам өзге жұлдыздардың аты-жөнін жерден жазулы тұр. Мұның себебін өзі былай түсіндірді. «Мен пайғамбардың есімін алдым. Сондықтан аты-жөнім табан астында жатқанын қаламаймын».
Ол саясатпен айналысқан жоқ. Алып державалар оны өз мүддесіне пайдалануға тырысты. Сол мақсатпен оны 1978 жылы Кеңес Одағына шақырды. Кремль социализмді тек бейбітшілікті қалайтын, адамға керектінің бәрін қамтамасыз еткен «жұмақ» деп көрсетуге тырысты. Мемлекетте «Діни сенімге шектеу жоқ» деп, мәртебелі мейманды Ташкент пен Самарқандағы мешіттерге апарды. Кеңестік жүйенің тек жылтыраған жағын көріп, тәнті болғанын жасырмады. Бірақ көп өтпей, оның астарында екіжүзді, сұрқия саясат жатқанына көзі жетті. КСРО әскері Ауғанстанға басып кіргенде қарсы тұрып, үзілді-кесілді айыптады. Ауған бауырларына көмек қолын созды. 1990 жылы Ирақта одақтастар әскері тұтқынға түскенде Мұхаммед Әли қаймықпай Бағдатқа барды. Саддам Хусейнмен кездесіп, 15 американ әскерін құтқарды. БҰҰ оны «Бейбітшілік елшісі» деп жариялады.
80-жылдардың ортасына таман ол Паркинсон дертіне шалдықты. Соған қарамастан ол әрқашан халықтың арасында болды. Әділет үшін күресіп, ауру-сырқау, жоқ-жітікке, мүсәпір-міскінге қол ұшын берді. Бірде бокстағы жетістігі үшін алған гауһар жүзікті көшедегі мүгедек сәбиге қызға сыйлады. Қайырымды, сауапты ісін Алла жолындағы азаматтың парызы санаған.
Бүгін күллі Америка мен иісі мұсылман қауымы көзі тірісінде аңызға айналған ұлы тұлғаны ақтық сапарға шығарып салды. Қаралы жиында АҚШ президенттері арасында Ақ үйде тұңғыш ауыз ашар берген Билл Клинтон сөз сөйлейді.

IMG_8003 (копия)

Срайыл Смайыл

 

Бүгін, 17:55
Түркістанда Ғазиз Байтасовқа арналған сынып пен кинозал ашылды
Бүгін, 17:35
Түркістан облысында 500 мыңға тарта оқушыға жол қауіпсіздігі бойынша сабақ өткізілді
30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде