XXI жаһандану ғасырында тек ақша, атақ, қызмет деген дүниелер алдыға шықпай, моральдық принциптер басым, имандылық алдыға шығуы керек, адами қатынастар қашанда сақталуы маңызды деген идеяны ту еттік. «Хабар» Агенттігі Басқарма Төрайымының орынбасары Ринат Кертаев бізге сұхбат бергенде осылай деді. Жаңа маусымда неге маңыздылық бергенінде сөз етті.
— Ринат Думанұлы, осы жылғы жаңа маусымда «Хабар» арнасы көрермендеріне әлеуметтік маңызы бар «Қария» телехикаясын ұсынды. Аудитория тарапынан қалай бағаланды? Бұл бағыттағы сериалдарға сұраныс бар ма?
— Елбасымыз қазақта қарттар үйі, жетімдер үйі ешқашан болмаған, өкінішке орай бүгінде ол жерге қаракөздеріміздің де көптеп түсіп жатқандығын айтты. Бұл жағымсыз құбылыспен қоғам болып, ұлт болып күресуіміз керек. Осы сөздер бізге ой, бағыт болып, оның үстіне бұрын соңды Қазақстанда қарттар үйінің тұрғындарына арналып телехикаялар түсірілмегендігін, сондай-ақ тақырыптың өзектілігін ескере отырып «Қария» деген телесериал түсірдік. Басты мақсаты үлкенге құрмет көрстеуге, ұлттық, отбасылық құндылықтарды қастерлеуге, сондай-ақ отбасы мүшелерінің бір-біріне деген қарым қатынасының дұрыс болуына шақыру. XXI жаһандану ғасырында тек ақша, атақ, қызмет деген дүниелер алдыға шықпай, моральдық принциптер басым, имандылық алдыға шығуы керек, адами қатынастар қашанда сақталуы маңызды деген идеяны ту еттік. Көпшілік көрерменнің ойынан шыққан сияқты. Рейтингі жоғары болды.
Бір қызығы, ұттық тақырыпты алған кезде, мәселен, қарттар тағдыры, жетім балалардың басынан өткергенін кинодан көрсеткенде тым салмақты етіп береміз. Ал «Қария» телехикаясын Асхат Мұсабаев деген жас режиссер бастаған, еліміздегі және шет елдегі жоғары оқу орнындарын бітірген шығармашылық ұжым жасады. Олардың ерекшелігі хикаяны өзгеше форматта беріп отырды. Әр бөлімі шытырман оқиғаға, арпалысқа толы, криминалдық триллердің элементтері қолданылды, америкалық режиссерлердің көзқарасы сезілді. Сонысымен де бұл туынды көрерменге ұнаған болуы керек. Бөлімнің келесі минутында не болады екен деген көрермендік сұраныс, көрермендік қызығушылық айқын байқалды. Бұл қазақ режиссерлерінің технологиясы ерекше, динамикаға толы, интригасы мол триллер жанрында да сериал жасай алатындығын көрсетті.
Биылғы маусымда әлеуметтік тақырыптарға басымдылық беріп отырмыз. Осы жақында ғана әйелдердің, аналардың денсаулығы, балалардың дүниеге келуі, олардың түрлі ауру сырқатпен күресуі, дәрігерлердің қызметі, жалпы ақ қалатты абзал жандардың күрделі тағдырын көрсеткен «Абзал жан» телетуындысы эфирден өтті. Онан кейін 7 қарашадан бастап «Мезгілсіз махаббат» деген әдемі қазақы қалжыңға, керемет актерлық құрамның ойынына негізделген ұлттық дүние болып жатыр. 6 қараша күні Алматы қаласында зиялы қауым өкілдері мен өнер сүйер қауымды жинап картинаның алдын ала көрсетілімін өткіздік. Бұл сериалдың ерекшелігі біздің ұлттық менталитетке тікелей қатысы бар. Елімізде бұрыннан зейнеткерлікке шыққаннан кейін шал-кемпір, ата-әжелеріміз үйде отырып, немере бағу керек деген психология қалыптасқан. Бірақ қазір 21 ғасыр. Мәселен, 80 жасқа жақындап қалған әжеміз немересімен Нью-Йорк, Париж, Лос-Анжелес, Токио, Дубай сынды қалаларда турист болып, бүкіл әлемді аралап жүргенін интернет арқылы көріп, таң қалғанымыз бар. Ондай кейіпкерлер біздің қоғамда көп. Ол дұрыс та. Себебі зейнеткерліктен кейін өмір аяқталмайды, өмірдің келесі кезеңі басталады. Жұбайынан айрылған азаматтар мен азаматшалар бір-біріне ғашық болып, өлең арнап, картина салып, қосылып жатқан жағдайылар жиі кездеседі. Сондай оқиғаларды керемет қалжыңға, әдемі юморға негіздеп, Жәмит Көшербаев ағамыз бен танымал ақын Асқар Дүйсенбі бірге сценарий жазды. «Бәсеке» сериалы арқылы танымал Әнуар Матжанов есімді режиссер өзінің режиссерлік үлесін қосып, көп жыл ради-телевизия саласында жұмыс істеген, көптеген шоуларды, реалити шоуларды, «Хабар» арнасынан шығып жатқан «Тағдыр тартысы», «Астана», «КТК» телеарналарында шыққан деректі драмалардың авторы, белгілі продюсер Толқын Сейдоллақызының жетекшілігімен түсірілген телехикая. Басты рөлдерді белгілі актер Айдос Бектеміров, Жалғас Толғанбаев секілді танымал өнер иелері сомдады. Бұл ситуациялық комедия, бірақ телехикаяның форматын, сценарийн қарап отырып «ситком» дегенге қимайсың. Мұны телевизиялық комедиялық көркем фильм деп айтсақ артық болмайды. Әрбір әзілдің астары, қағазбен бауыздарлық ойы бар. Біз қариялардың махаббаты тек зейнеткерліктен кейін ғана жалғасады деген дүниені ұран етіп алған жоқпыз, басты мақсат ұлттық құндылықтар. «Әзілің жарасса атаңмен ойна» дейді, қазақы отбасыда реті келіп жатса, ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып, үлкенмен де әзілдесуге болатындығын көрсететін дүние. Сонымен қатар фильмде қазақ ауылының ақ ниеті, пәк тілегі, ауылдағы қазақтар мен қаладағы қазақтар арасындағы әдемі байланыс көрініс табады. Өзінің кенже ұлы мен келінің үйіне қонақтап келген ауыл қазағының басынан өткен қызығы сипатталады. Өте қызықты телехикая.
Әлеуметтік сериалдар тізбегін шынайы оқиғаға негізделген «Ана жүрегі» деген үлкен мелодарама жалғастырады. Оқиға кейіпкерлерінің кейбірі өмірден өтіп кеткенмен, кейбірі әлі де болса бар. Үлкен әулеттің басындағы қиын тағдыр, өмір бойы қызметте бастық болған әйел азаматтың өмірі суреттеледі. Ақшаға, бизнеске талас, көреалмаушылық секілді, өкінішке қарай өмірде, қазақ қоғамында болып жатқан түрлі психологиялық-моралдық мәселелер осы сериалға арқау болған. Туындының продюсері Гүлнұр Мамасарипова. «Тракторшының махаббаты», «Ғашық жүрек» сынды телехикаяларда сценарист ретінде танылған азаматша, қазір «Хабар» арнасындағы «Жұлдызды жепке-жек» жобасының продюсері ретінде және осы сериалдың жоба жетекшісі ретінде өз командасымен жақсы жұмыс жасап жатыр.
Саундтрегін белгілі әнші Мейрамбек Беспаев орындады. Мейрамбек «Маған сериалдарда, мелодрамаларда саундтрек орындауға көп ұсыныс айтылады. Бірақ ешкімнің ұсынысын қабыл алмайтынмын. Бұл жолы келісім берген себебім Ринат Гайсин жазған ән менің жүрегімді жаулап алды. Сериалдың сценарий көзге жас келтіре жаздады. Мен ұзақ ойландым. Бұл шынайы толғанатын, болашақ ұрпақ сабақ алатын керемт туынды» деген еді. Тағы бір ерекшелігі де осы.
Сонымен қатар түрлі тарихи себептермен кезінде отанынан өзге елге кетуге мәжбүр болып, кейін еліміз тәуелсіздік алғанда, Қазақстанға оралатын азаматтың қиын тағдырын арқау еткен «Тасөткел» деген тарихи сериалын алдағы уақытта көрерменге ұсынамыз. Тағы отандық велошабандоздардың спортқа деген махаббаты, жеңіске жету жолындағы қиындықтары мен ерік-жігерін көрсететін «Арман жолында» деген туындының түсірілімі жалғасуда. Көпшілік көрерменнің сүйікті сериалына айналған, әзілмен астарлы ой айтып, саутсыздық, мәдениетсіздік, жалқаулықты сынға алатын «Пәленшевтер» ситкомының екінші маусымы шығады. Телехикаялар саласында тосынсыйларымыз көп. Бәрін айтсақ қызық болмай қалар, ең бастысы әлеуметтік жобаларды басты ұран етіп, әрбір фильмнің сценарийінде рухани жаңғыруды ту етіп, осы маусымға көптеген тың туындылардың топтамасын дайындап отырмыз.
— Сонымен қатар «Батырлар жолы» картинасының түсірілімін бастаған едіңіздер. Картина не жөнінде?
— Қазақ телевизиясындағы батырларға арналған тұңғыш тарихи туынды. Үлкен шығармашылық ұжым жұмылдырылды. Режиссері — Асқар Ұзабаев. «Хабар» арнасында шыққан көптеген сериалдары мен кинолары арқылы
көрерменге жақсы таныс. АҚШ-та білім алғаны тағы бар. Сондай-ақ Жайдарбек Күнғожинов бастаған «Nomad» каскадерлік тобымен алпысқа жуық каскадер шақырылып, 30 аса ат қолданылып, қазіргі уақытта түсрілім жұмыстары жалғасуда. Сериал деп айтуға қимайсың, көп бөлімді тарихи көркем фильм деуге келеді.
Фильмнің мақсаты батыр бабалардың ерлігі арқылы жас ұрпақтың санасына отансүйгіштік, ұлтсүйгіштік қабілетті, қасиетті сіңіру. Біздің де мақтанатын, біздің де абройымызды асқақтататын тұлғалар бар екенін, болғандығын, бола беретінін жас көрерменге түсіндіру. Еліміздің ақпарат және коммуникацилар министрі Дәурен Абаевтың идеясымен шығып жатқан сериалдың көрерменге берері мол деп білеміз.
Картинаны түсіру кезінде Еуропа мемлекеттерінен арнайы реквизиттер алынды, грим жасау барысында ерекше технология қолданылды. Өкінішке орай, отандық тарихи туындыларда арнайы эфектілер, соғыс, төбелес эпизодтарын түсіру кезінде заманауи технологияны қолдану, күрес өнерін кеңінен паш етіп көрсету барысы ақсап жатады. Біз мүмкіндігінше осы тұсын түзеп, жақсы етіп жасауға тырыстық. Әрине сериалдың бюджеті елімізде түсіріліп жатқан тарихи фильмдердей жоғары емес, дегенмен мемлекетпен белгіленген бюджет ауқымында түсіріп жатырмыз. Біздің де, шығармашылық ұжымның да талпынысы өте жоғары. Жақсы дүние шығады деген ойдамын, бағасын сыншы көрермен береді.
— Өткен жылы өзіңізбен сұхбаттасқанда әлеуметтік жобалардың көбейгендігін айтып едіңіз. Осы жылы қандай бағдарлама ұсындыңыздар? Контентте айырмашылық бар ма?
— жоғарыда айтып кеткенімдей әлеуметтік жобалар біздің назардан тыс қалған емес. Өткен жылдан бері «Біздің назарда», «Народный контроль», «Білу маңызды», «Важно знать», «Давайте говорить» әлеуметтік жобаларымыз шығып жатыр. «Біздің назарда», «Народный контроль» бағдарламалары шын мәнінде телевизиялық қоғамдық қабылдауға айналды. Бүкіл республика көлемінде тұрмыстық түйткілдерді, тараптың шешілмей жатқан әлеуметтік мәселелерін журналистік зерттеу арқылы көрсетіп, тиісті органдарды тартып, мәселені шешу бағдарламалар үшін қалыпты құбылсқа айналды. Біз мұны жарнамалап айтқымыз келмейді, себебі бұл журналистердің міндеті деп білемін. Кейбір әріптестеріміз «халықтық тілші» деген бағдарламалар ашып жатыр, оны естіп қуандық. Өйткені біздің жолды жалғастыру деп білеміз. Негізі «Народный репортер – халықтық тілші» айдары осыдан бір жарым жыл бұрын «Біздің назарда/ Народный контроль»
бағдарламаларында ашылған. Сол бойынша кез келген азамат нақты шешілмей жатқан мәселесін ұялы телефонға түсіріп, бізге жібереді. Біз зерттейміз, эфирден көрсетеміз.
Біздің «Білу маңызды/Важно занать» интерактивті бағдарламасының мақсаты тікелей эфирде қабылданып жатқан заңдар, әртүрлі әлеуметтік бағдарламалар туралы, күнделікті өмірге нақты қажет ақпараттарды сол саланың өкілдері, соған тікелей жауапты адамдардан алады. Біріншіден бұл әлеуметтік қабылдау, екінші жағынан мемлекеттік органдардың нақты кеңес беретін алаңына айналды. Белгілі журналис Майя Бекбаева жүргізетін «Давайте говорить» ток-шоуы да әлеуметтік мәселелерді талқылап, мемлекттік органдар, министрліктердің өкілдері, блогерлер мен қарапайым халықты кездестіреді. Майяның тағы бір жобасы, «Тұмар» сыйлығын иемденген — «Тайны. Судбы. Имена.». Портреттік жоба осы жылы да жалғасын тауып, жаңа кейіпкерлер, жаңа тағдырлар бағдарламаға арқау болуда. Көпшілік көрерменің көңілінен шығатын, осындай деректі фильмдер әрі қарайда жалғаса береді. Қазақ тілінде ұлтжанды азаматтар, өнер қайраткерлері, олардың тағдыры мен шығармашылығына қатысты жаңа деректерді ашатын «Өнегелі ғұмыр», өмірден өткен танымал тұлғалардың өмір жолын сипаттайтын «Өмір жолы» болып жатыр. Әсіресе, «Алаш орданың» 100 жылдығына арналған Алаш азаматтары туралы деректі фильмдер көрерменге көрсетілді.
Біз әлеуметтік отбасылық телеарна ретінде әр маусымға жаңа әлеуметтік жобаларды жасап шығаруды дәстүрге айналдырғанбыз. Биылғы жылы белгілі журналис Ләйлә Сұлтанқызының «Тікелей эфир. Ләйлә Сұлтанқызымен» деген ток-шоу шықты. Бұл сейсенбі мен жұма аралығында сағат 15.00-де тікелей эфирде әлеуметтік тақырыптарды талқылайтын жоба. Эфирге шыққан бірнеше аптаның ішінде көрермендер күнделікті қоңырау соғып, әлеуметтік желідегі парақшаларымызға түрлі сауалдарын жолдап жатыр. Өзекті тақырыптар қозғалып, бір-екі кейіпкердің әлеуметтік мәселесі шешілген кездер болды. Кәсіпкерлер, танымал адамдар жағдайы төмен отбасыларға, мүгедек азаматтарға көмек көрсетіп, нақты нәтиже көрсетуде. Бағдарламалардың рейтингі өте жоғары. 7 көрсетілімнің рейтингісі – 1, ал үлесі -10,3 болды (TNS Central Asia мәліметтері бойынша).
Сондай-ақ «Мечты сбываются» деп аталатын ең маңызды жобалардың бірін жалғастырып жатырмыз. Жетімдер үйінің тұрғындарының түрлі тағдырына арналған бағдарламаны көзіңе жас алып көресің. Балалардың қилы тағдыры аудиторияға ой салады, мейрімді жандар арта түседі деген
сенімдемін. Онан бөлек Білім және ғылым министрлігімен бірге «Менің арманым» атты бағдарлама жүзеге асып, көрерменге жол тартты. Хабар барысында рухани жаңғыруға арналған стартап идеялардың байқауы жарияланып, мектеп оқушылары мен колледж студенттері ойларын қорғайды. Жеңіп алған жағдайда министрліктің ұсынған, демеушілер берген ақшалай сыйлықты алып, идеяларын жүзеге асыруға жол ашылады. Бұл бір жағынан рухани жаңғыруға арналған, бір жағы әлеуметтік жоба десек болады. Өйткені осындай стартап идеяларды қолдап, насихаттау міндетіміз деп білеміз.
Рухани жаңғыру дегеннен шығады, рухани жаңғыруға біз биыл ерекше үлес қосып жатырмыз. Елбасының «Рухани жаңғыру. Болашаққа бағдар» атты мақаласы шыққалы деректі фильмдер, танымдық роликтер шықты. Барлық дерлік бағдарламаларымыз рухани жаңғырудың бағыттарын талдап, арнайы шығарылымдар жасалды. Белгілі саясаткер Мәулен Әшімбаевтың модераторлығымен интелектуалдық «Код нации» атты үлкен жоба дайындадық. Мәулен Әшімбаев студияға белгілі саясаткерлер мен үкімет органдарының өкілдерін шақырып, рухани жаңғыруға қатысты сан сауалды талқыға салады.
— «Миллион кімге бұйырады?» шоуы эфирге қайта оралды. Ойын-сауықтық та бағдарламалардың легі артқан сияқты….
— Ұзақ уақыттан кейін «Кто возьмет миллион» жобасын эфирге шығардық. Бұл шоу болғанмен, әлеуметтік жобалар қатарына қосуға болады деп есептеймін. Себебі көрермендердің өз білімі, ақылымен миллион ұтып алуға мүмкіндігі бар. 10 миллион теңге аз ақша емес, ауылды жерде үлкен үй, ал қаладан бір бөлмелі пәтер сатып алуға болады. Бағдарлама эфирге шықан аз ғана уақытта бір жарым мың адам ойынға қатысуға ниет білдірген. Келесі жылы хабардың қазақша нұсқасын шығаруымыз мүмкін.
Жаңа маусымнан бастап «Жұлдызды жекпе-жек» деп аталатын кіл мықтының ішінен шын мықтыны анықтайтын бағдарлама көрерменге ұсынылды. Эфирде қазақ эстрадасының әншілері бір-бірімен жарысқа түсіп, өздерінің мүмкіндіктерін көрсетеді. Сайыс алаңында өнер иелері тек ән салып ғана қоймайды, сондай-ақ психологиялық дайындығы, өзін эфирде ұстау әдебі, аяқ асты берілген әндерді орындай білуі халыққа жақындата түседі деген ойдамыз. Жекпе-жекте өзге жобаларға қатыспаған эстрадамыздағы ең танымал әртістер бой көрсетті. Төреғали Төрәлі мен Қайрат Нұртас, Мақпал Исабеков мен Дильназ Ахмадиева сынды жұлдыздар алғашқы турда табиғи дауыста өнерлерін паш етті. Доданың жартылай
финалы және финалы «Хабар» арнасының тікелей эфирінде өтеді. Шын жеңімпазды көрермендердің өздері дауыс беру арқылы анықтайды. Айта кетейік, бұл бағдарламаның рейтингі өте жоғары болды. 6 шығарылым бойынша – үлесі 12,3 болса, рейтингі 2,7. Ең үздік шығарылым Серік Ибрагимов пен Нұрболат Абдуллин деген жас та болса талантты әншілеріміз жарысын айтуға болады. Сол күнгі эфир үлесі 19,9/рейтингі 4,7 көрсетті, 6-54 жас аралығындағы әрбір бесінші қазақ тілді көрермен теледидарын қосып, біздің жобаны тамашалаған (TNS Central Asia мәліметтері бойынша).
— Ал, елімізді танытатын бағдарламаларға қаншалықты көңіл бөліп жатсыздар? Өткен жылы 25 жылдыққа орай көптеген жобалар ұсынып едіңіздер, осы жылы аталмыш бағдарламалар жалғасын табуда ма?
Еліміздің Тәуелсіздігіне дайындықты бастап кеткенбіз. Желтоқстан айының басынан бастап әртүрлі деректі фильмдер легі жалғасын табады. Қазіргі уақытта Елбасының рухани жаңғыру мақаласы аясындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлерін аралап, шығармашылық ұжым «Симболы нашей родины» деген бағдарлама жасап жатыр. Экспедиция мүшелері дархан даламыздың қасиетті мекендеріне барып, батысындағы Бекет ата, солтүстігіндегі Жұбан-ана — Теректі-әулие, Құлан ана — Қалжан Ахун Кесенесі, Қорқыт ата, Бегім Ана сынды әулиелі аймақтарды түсіруде. Бұл бағдарламалар орыс тілінде көрсетіледі. Себебі біздің қазақ тілді аудиториямыз аталған өңірлерді, ондағы қасиетті жерлерді жақсы біледі, ал орыс тілді аудитория білімін арттыра түседі деген ойдамын.
— Агенттік құрамындағы «Хабар 24» арнасы 5 жыдығын атап өтті. Елімізде 24 сағат ақпарат тарататын жалғыз арна ретінде 5 жылдағы жетістіктер мен әттегенайларға тоқталыңызшы. Осы жылы контентінде өзгеріс бар ма?
— Телеарна үшін аз ғана уақыт, бірақ орасан зор жұмыстар атқарылды. 5 жылда біздің арнамыз отандық медиа кеңістікте өз орынын тапты, көрермендер сағат сайын еліміздегі және шет мемлекеттердегі басты жаңалықтарды көру үшін біздің арнаны қосады. Қазіргі уақытта «Хабар 24» мемлекетіміздің барлық аймақтарында тілшілер қосыны бар жалғыз арна. Олардың барлығы жылжымалы мобильді телевизиялық станциямен жабдықталған, бұл журналистерге кез келген жерден, кез келген уақытта тікелей эфирге шығуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ АҚШ, Италия, Бельгия, Германия, Түркия, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде арнайы тілшілеріміз, тағы бірнеше мемлекетте фрилансерлер ақпаратты ең жылдам уақытта жіберіп отырады.
Мерейтойға орай Ресей және Түркия мемлекеттерінен танымал журналистерді шақырып, шеберлік-сыныбын ұйымдастырдық. Шараға Еуразия Ұлттық университетінің студенттері мен журналистер қатысты. Ресейдің танымал журналисі, «НТВ» арнасының бұрынғы қызметкері Алексей Пивоваров пен Түркияның ең атақты телеарналарының бірі «ТРТ» жүргізуші болып қызмет атқаратын, 30 жыл бойы осы салада жүрген Зафер Кираз өздерінің тәжірбиелерімен бөлісті. Менің ойымша бұл студенттер үшін пайдалы дәріс болған сияқты.
Жаңа маусымнан бастап эфирге өзгеріс енгізіп, енді жаңалықтар әр сағат сайын шығады. Бұл жаңалықтардың уақытын ұлғайтып, сапасын арттыра түсетін маңызды шешім болды. Журналистер материалды тереңірек зерделеп, сюжетті жан-жақты етіп әзірлейді. Сонымен қатар бағдарламалардың да уақыты ұзарды, мәселен, журналистиканың майталманы Зейін Әліпбекпен «Сұхбат» бағдарламасы көрерменге жол тартты. Жүргізуші 20 минут барысында студияға келген қонақпен мемлекетіміздегі маңызды саяси және экономикалық шешімдер, әлеуметтік бағдарламалар мен жаңа болар турасында әңгіме өрбітеді. Тағы жаңа маусымда экономикалық, сараптамалық хабарлардың саны арта түсті.
— Жаңа маусымнан бастап «Kazakh TV», «Ел арна» телеарналарының жаңа маусымдағы жаңалығы қандай?
— Осы жылы «Kazakh TV» арнасының құрылғанына тура 15 жыл болды. Еліміздің имиджін қалыптастыруға жұмыс істеп жүрген телеарнаның қызметі әрі қарай жалғаса береді. Контенті жаңа танымдық-ақпараттық бағдарламалармен толыға түсті. Көрермендерге ұлттық музыкамыздың тылсым әлемін танытатын «Күй құдіреті», еліміз бен алыс жақын шет мемлекеттердің бай табиғаты мен құнды жәдігерлері туралы «Сокровище нации», «Компаньонс», жабайы табиғатта тағам әзірлеуді үйрететін «Аспаздық тур» жобалары көрермен назарына ұсынылады. Өз кезегінде «Ел Арна» телеарнасы да кино саласындағы мол мұрамызды көрсете береді. Сонымен қатар алдағы жылы кино саласының мамандары мен, фильмдердің қалай түсірілетіндігі туралы арнайы деректі фильмдер жасау жоспарда бар. Қорыта айтқанда, «Хабар» Агенттігі әрі қарай да рухани жаңғыруда айтылған құндылықтарымызды дәріптей, ұрпақтар сабақтастығын ұран етіп, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр, халық тағылымдары мен тарихи жәдігерлерімізді кеңінен насихаттау жөнінде сапалы дүниелер жасауды жалғастырады.
Сұхбаттасқан Толқын Ерланқызы