Райхан Мұхамеджанова: Табиғатты аялауды үйімізден бастайық!

10 қыркүйек, 12:34

Елімізде қоршаған ортаны қорғауға және табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған қажетті шаралар бекітілген. Табиғатты қорғайтын арнайы мамандардың өз жауапкершілігі бар. Jasqazaq.kz тілшісі Алматыдағы Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің «Орман қорғау, молықтыру және қалпына келтіру» бөлімінің басшысы Райхан Мұхамеджановамен арнайы сұхбаттасып, қоршаған ортаны қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

— Райхан Оразқанқызы, қоршаған ортаны қорғау саласында көп жылдан бері еңбек етіп келесіз. Айтыңызшы қазіргі таңда тауды қоқыспен ластайтын азаматтардың қатары азайды ма? Әлде табиғатты ластау фактілері жиі кездеседі ме?

— Іле-Алатауы ұлттық паркінің аумағына келіп демалушылар саны жыл сайын артып келеді. Мұны еліміздің туризм саласының дамуы қарқын ала бастағанымен байланыстырар едім. Тау баурайына келіп демалып, саф ауасымен тыныстап, көздің жауын алар әсем табиғатын тамашалап, мөлдір бұлағымен сусындағанға не жетсін шіркін! Өкінішке орай демалушылардың басым бөлігі санамызда ойсыраған олқылықтар бар екенін байқатып, бұлақ көздерін ластау, демалушылар үшін арнайы орнатылған үстел – орындықтар мен ағаш дәретханаларды от жағу үшін отын ретінде сындыру, арнайы белгіленбеген жерлерге от жағу, отырып демалған жерлеріне қоқыс қалдықтарын тастау сияқты ерекше қорғалатын табиғи аймақта болу ережелерін бұзып жатады.
Өткен жылы мемлекеттік орман қоры жерлерін қоқыс қалдықтарымен ластаудың 31 фактісі тіркеліп, 1 345,5 мың тенге айыппұл салынып, оның 1 138,5 мың теңгесі өндірілген. Келтірілген залал 110,2 мың теңгені құраған.
Ағымдағы жылдың 8 айы бойынша орман қоры жерлерін ластаудың 17 фактысі тіркелген, салынған айыппұл мөлшері – 996,7 мың теңге, қазіргі таңда өндірілгені – 959,8 мың теңге, келтірілген залал мөлшері – 127,2 мың теңге.
Өткен жылы ұлттық парк бойынша 635,2 тонна қоқыс қалдықтары жиналып полигонға шығарылса, 2024 жылдың жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 326 рейспен 613,4 тонна қоқыс қалдықтары шығарылды. Жыл соңына дейін әлі 4 ай уақыт бар екенін ескерсек, биыл парк аумағына келіп демалушылар санының өскендігін көрсетеді.

— Іле Алатау ұлттық паркі табиғатты ластаушылармен қалай күресуде? Экобелсенділердің қатысуымен экологияны қорғауға арналған акциялар жиі өткізіле ме?

— Біздің ұлттық парктің мемлекеттік инспекторлары жергілікті тұрғындармен және парк аумағына келіп демалушылар мен туристерге түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады. Биыл жыл басынан бері жалпы саны 5200 түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Онда жеке-дара демалушылар мен демалушы топтарға Ерекше қорғалатын табиғи аймақта дем алу үшін заң аясында рұқсат етілетін және тыйым салынатын ережелер бар екенін ескертіп, ережелерге қысқаша тоқталып өтіледі, орман қоры жерлеріндегі техникалық қауіпсіздік ережелерімен таныстырып, оларды қатаң сақтау керектігі ескертіледі. Сонымен қатар Алматы облыстық және Алматы қалалық полиция бөлімдерімен, төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлескен рейдтік іс-шаралар да жиі өткізіліп отырады. Бұл жұмыстар сенбі, жексенбі және мереке күндерінде демалушылар легі көп уақыттарда жүргізіледі.
Қазіргі таңда экобелсенділікті арттыру үшін мектеп табалдырығынан бастап, жоғары оқу орындары, мемлекеттік мекемелер мен жеке компанияларды қоса алғанда, көптеген экологиялық акциялар, ауқымды іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады, нәтижелері де көз қуантарлық. Ұлттық парк аумағында демалушылардың мәдениетін арттыру және табиғатты сақтау мақсатында қаңтар-тамыз айлары аралығында 97 акция өткізіліп, оған 3500 адам қатысты.

— Ел ішінде экобелсенділікті арттыру үшін не істеуіміз керек?

— Қазіргі таңда «Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» деген дана сөзге келіп тіреліп тұрған жайымыз бар сияқты. Табиғаттың әсемдігін көзбен көріп, оның жанға жайлы сұлу аясына дем алуға келгенде жер анамыздың қартайып, әдемілігінің ортайғанын көріп естіп, осының бәрі адам қолымен, яғни өз қолымызбен жасалып жатқанын сеземіз бе?

Көпшілікке топырақ шашудан аулақпын, десек те, тау бөктеріне демалуға келушілердің 80 пайызы өздерімен пакет-пакет көтеріп келген тағамдарынан босаған, қайталап айтқым келетіні де осы бір сөз — «босаған» бір реттік ыдыстарын, қолдарын сүрткен майлықтарын отырған орындарына, жол жиегіне, автокөлікпен кетіп бара жатып ашық терезеден өздеріне ыңғайлы кез-келген жерге лақтырып жүре беретіні қынжылтады.

Ұлттық парк аумағында қоқыс қалдықтарын салатын арнайы орындар бар, олардың орналасу жиіліктігі де демалыс орындарының орналасу ретіне сай жасалған. Келдік, демалдық, іштік, жедік бір сөзбен айтқанда керемет демалдық, өкінішке орай қоқыс қалдықтарын жинастырып арнайы орындарға апарып тастауға келгенде санамыз жетпеді ме, әлде қоқыс қалдығын жерден көтеру намысымызға тиді ме, жоқ әлде шаршадық па – ол жағын табиғатты ластаушылардың ар-ожданының еншісіне берейік…
Мен мектепті Кеңес одағы кезінде бітірген жартылай сол дәуірдің адамымын. Біз мектеп табалдырығында жүргенде макулатура жинап өткізуден жарысатынбыз. Ауыл сыртына шығып шашылып жатқан қағаз, сүйек, мата қалдықтарын жинаймыз. Оны ұстаздар тарапынан сайланған комиссия мүшелері таразыға тартып қабылдап алады. Қай кластың оқушылары өткізгені туралы қорытындыны арнайы мектеп линейкасында жариялайтын. Жеңімпаздар кәдімгідей бір үлкен жарыстан жүлде алғандай марқайып, мерейіміз өсіп қалатын. Міне, қарап отырсаңыз қандай тәрбие!

Еңбек пен тазалыққа қатар баулыған екен ғой біздерді, ең қызығы, бірде-бір оқушының ата-анасы шағымданған емес, тәртіп бәрімізге бірдей болған. Ал қазір ше, бір оқушы, мейлі ол үлкен адам болсын, біреудің тастаған қоқысы тұрмақ, өзінің тастаған қоқыс қалдығын көтермейтіндер жетіп артылады.
Тәрбие тал бесіктен басталатынын ескерсек, табиғатты аялау тек ағаш отырғызу, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғаумен шектелмейтінін, табиғатты аялауда бірінші орында оны ластамау тұратынын өскелең ұрпақтың санасына жеткізу ата-ананың борышы, міндеті деп білемін.
Балаға отбасы, асқар тау әке мен аяулы ана берген тәрбиені дәл солардай санасына жеткізе, қанына сіңірсе, ешқандай мектеп те, жоғары оқу орны да бере алмасы анық.
Қоғамдық мүддені жеке мүддеден жоғары санап, таудың бұлағын, жердің құрағын, жасыл желек табиғатымызды көздің қарашығындай сақтау, елім – жерім деген әр азаматтың парызы деп білейік!

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Махаметқызы

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?