jasqazaq.kz

Психикалық денсаулық – қоғам тұрақтылығының негізі

28 мамыр, 13:17

Еліміздің бас психиатры Алтынай Түкенқызымен сұхбат

Денсаулық туралы сөз қозғағанда, біз көбіне күш-қуат пен ағза саулығын бірінші орынға қоямыз. Ал адамның ішкі жан дүниесі, көңіл күйі, психологиялық тепе-теңдігі екінші кезекке ысырылады. Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы психикалық саулықсыз қоғамда толыққанды дені сау адам болмайтынын ашық мәлімдеді. Қазіргі әлемдегі дағдарыс, ақпарат тасқыны, әлеуметтік қысым жағдайында бұл мәселенің маңызы арта түсуде.

Елде осы бағытта жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Соның ішінде Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы ел бойынша қызметті үйлестіріп, жаңа форматтағы көмекті дамытуды қолға алған. 20 өңір бойынша да жұмыс жасап келе жатқан жалғыз мекеме. Психикалық саулық тек науқаспен жұмыс емес, оның алдын алу, жастармен, ата-анамен, мұғалімдермен тығыз байланыс орнату – бүгіннің басты талаптарының бірі. Осы және өзге де маңызды мәселелер жөнінде Jas Qazaq тілшісі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Алтынай Түкенқызымен сұхбаттасты.

– Алтынай Түкенқызы, елімізде психикалық денсаулық мәселесі қандай деңгейде? Қазіргі жүйенің ерекшелігі неде?

– Психикалық денсаулық – тек психология ғана емес, психиатрияны да қамтитын кең ұғым. Біздің республикалық орталық осы екі бағытты да үйлестіре басқарады. Бүгінгі таңда Қазақстанда психикалық денсаулықпен айналысатын республикалық деңгейдегі орталық бар, әрі 20 өңірде 20 психикалық денсаулық орталығы жұмыс істейді. Психиатриялық қызмет еліміздің барлық аймағында көрсетіледі.
Қазіргі кезеңдегі ерекшелік – біз осы қызметті жаңғырту үстіндеміз. Бұған дейін қолданылған тәсілдерге жаңаша көзқарас енгізіп, олардың сапасын арттыруға күш салып жатырмыз. Атап айтқанда, халыққа психологиялық көмекті жақындату үшін амбулаторлық көмекке басымдық берудеміз.

– Амбулаторлық көмек дегеніміз нақты қандай форматта көрсетіледі?

– Бұл – психикалық денсаулық орталықтарының емханалар аясында жұмыс істеуі. Біз мұндай орталықтарды барлық өңірде құрдық. Енді басты мақсат – осы жерлердегі қызметтің сапасын жақсарту. Мұнда тек диспансерлік есепте тұрған науқастар ғана емес, психикалық бұзылыстың алдын алуға мұқтаж кез келген адам көмек ала алады.
Сондай-ақ біз жастар денсаулығы орталықтарымен және психологиялық көмек көрсететін мекемелермен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Яғни психикалық денсаулықты нығайту – тек емдеу емес, профилактика бағытында да кең өріс алып келеді. Сонымен қатар, стационарлық көмекті қысқартып, күндізгі стационарлар арқылы амбулаторлық қолжетімділікті арттырып келеміз.

– Психикалық денсаулыққа баланың дүниеге келу сәтінен бастап назар аудару қажеттігі туралы не айтар едіңіз?

– Иә, бұл өте маңызды. Жүкті ананың психикалық күйі – болашақ баланың саулығына тікелей әсер етеді. Бала дүниеге келген соң ата-ананың тек физикалық емес, психикалық дамуға да көңіл бөлуі керек. Даму орталықтары, емхана жанындағы психологтар – осының бәрі кешенді түрде жұмыс істеуі қажет.
Мысалы, бала кеш сөйледі, кеш жүрді немесе тұйық мінезді болса – бұл белгілер ата-ананы алаңдатуы тиіс. Физикалық даму бір қарағанда қалыпты көрінуі мүмкін, алайда баланың психикалық және функционалдық жағдайында өзгерістер болуы ықтимал. Бұл әсіресе 5 жасқа дейінгі кезеңде көп кездеседі. Қазіргі таңда сөйлеу қабілетінің бұзылыстары, дамудың кешеуілдеуі, эмоционалдық тұрақсыздық – жиі кездесетін құбылыстар.

– Мектеп жасындағы балалар туралы не айтар едіңіз?

– Мектепке барған алғашқы кезең – бала үшін үлкен әлеуметтік өзгеріс. Бұрын тек ата-анасы, ата-әжесімен ғана байланыста болған бала жаңа ортаға түседі: ұстаздар, сыныптастар, бейтаныс адамдар. Бұл ортаға бейімделу – күрделі процесс. Ата-ана осы кезеңде баласын қолдап, онымен ашық сөйлесе білуі керек. Жаңа әлеуметтік қарым-қатынас орнату кезеңінде баланың ішкі әлемі қатты өзгереді.
Балаларда сұрақтар көбейеді: достық, түсінбеушілік, ұнату, ұялу, ұрсысу секілді эмоциялық реакциялар пайда болады. Бұл – қалыпты процесс. Ата-аналар баланың жай-күйіне бей-жай қарамай, күнделікті диалог жүргізіп, қолдау көрсетіп отыруы тиіс.

– Ал жасөспірім кезеңдегі қауіптер қандай?

– 13–14 жастан бастап балалар қыз-жігіт арасындағы қарым-қатынас, алғашқы сезім, эмоциялық тұрақсыздық кезеңіне аяқ басады. Бұл жаста әлеуметтік желіге тәуелділік, зиянды заттарды байқап көру, тіпті суицид туралы ойлар пайда болуы мүмкін. Сондықтан ата-ананың рөлі – бұл жаста ерекше маңызды. Егер бала күні бойы телефонда отырса, әлеуметтік желіден шықпаса – ол өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Бұл – ата-ана назар аударуы тиіс белгі.
Баланың кіммен, қайда, қалай араласатынын бақылау керек. Осы кезеңде психоактивті заттар, синтетикалық есірткілер, темекіге алғашқы қызығушылық пайда болады. Мұның бәрі жасөспірім психикасына ауыр салмақ түсіреді. Отбасындағы сенім мен ашық диалог – ең басты қорғаныс.

— Соңғы жылдары елімізде суицид көрсеткішін төмендету бағытында қандай нақты жұмыстар қолға алынды?

— Жалпы, бұл бағытта еліміздің барлық өңірінде кешенді жұмыстар жүріп жатыр. Мәселен, Алматы қаласында Жастар денсаулық орталықтарымен бірлесіп үлкен жоба іске асырылуда. Бұл орталықтарға келетін суицидке бейім немесе психобелсенді заттарды тұтынуға бейілді жасөспірімдермен психиатрлар, психотерапевтер жұмыс істейді. Сонымен қатар білім беру саласымен де тығыз қарым-қатынас орнаған. Жасөспірімдерге қатысты психикалық көмек көрсету туралы меморандумдар жасалып, нақты көмектер көрсетілуде. Мұның нәтижесінде Алматыда суицид деңгейі төмендегенін байқауға болады.

— Әңгімеңізге рахмет. Еңбегіңіз еселене берсін!

Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 13:06
Дархан Сатыбалды: Алматының жаңа полиорталықтары адамдар үшін жайлы болуы тиіс
Бүгін, 11:49
Қазыбек Дәуіталиев: Қоғамдық кеңес – халықтың үніне айналуы тиіс
29 мамыр, 16:03
Түркістан: Нұралхан Көшеров индустриалдық аймақтарды әрмен қарай дамытуды тапсырды
29 мамыр, 14:20
Түркияның жетекші фармацевтикалық компаниясы Түркістанда өндіріс ашады
28 мамыр, 15:03
Түркістан: «Бірліктің бастауы» фотобайқауы өтті
28 мамыр, 14:50
Түркістан: 1069,5 тонна балық өнімдері шет мемлекеттерге экспортталды
28 мамыр, 14:36
Алматыда жол мәселесі қалай шешімін таппақ?
28 мамыр, 14:18
Түркістан: Ерте піскен қауын экспортқа жөнелтіле бастады
28 мамыр, 14:10
Түркістан: Ұлттық рухты асқақтатқан жас өскін