jasqazaq.kz

PRO.NRG Fest 2025: дрондардан терраформацияға дейін

Бүгін, 23:04

Астанада төртінші рет PRO.NRG Fest 2025 ғылыми-көпшілік фестивалі болып өтті, оған 6 000-нан астам адам қатысты, оның ішінде мұғалімдер, зерттеушілер, отбасы мүшелері бар, білім мен идея күшіне сенетіндердің барлығы жиналды. Фестивальді «Caravan of Knowledge» Корпоративтік қоры және «Шеврон» компаниясы ұйымдастырды.
Биылғы фестивальдің басты тақырыбы – «Rooted in the Future» («Түп-тамырмен болашаққа»). Өзегі – «Білім ағашы» метафорасы: өткеннің тамыры дәстүрді, бүгінгінің діңгегі заманауи білімді, ал болашақтың бұтақтары жаңа технологиялар мен әдіс-тәсілдерді білдіреді.

Фестиваль бағдарламасына 30-дан астам баяндама, шеберлік дәрістері, AI практикумдар, ғылыми квестер және интерактивті digital аймақтар кірді. Атмосфера бір жерде тарихшыны, блогер-мұғалімді, инженер-астронавты кездестіруге болатын қыз-қыз қайнаған кампусты еске салды. Геймификация ерекше қызықты болды: қатысушылар миссияларды орындады, ұпай жинап, оларды жүлделерге айырбастады, сөйтіп оқу-үйрену барысын тартымды ойынға айналдырды.


Зарина Бүйембаева, «Caravan of Knowledge» Корпоративтік қорының негізін қалаушы: «Біз форум немесе конференция емес, білім беру саласындағы барлық мүдделі тараптарды – ата-аналарды, балаларды, мұғалімдерді, министрліктерді және мемлекеттік органдарды біріктіретін іс-шара ұйымдастырғымыз келді. Фестиваль оқушылар мен олардың ата-аналары келіп, өздерін не қызықтыратынын көрсете алатын, ал педагогтар инновацияларымен және амал-әдістерімен бөлісе алатын алаңға айналды. Бүгінгі бағдарламада негізінен қазақстандық сарапшылар сөйлейді, яғни бізде аудиторияны қолжетімді және тартымды тілмен шабыттандыра алатын мықты мамандар қауымдастығын қалыптасқанын көрсетеді».

Дилан Морган, «Шеврон» компаниясының Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директорының орынбасары: «Біз төртінші жыл қатарынан STEAM саласында білім беру, ғылыми және шығармашылық зерттеулер үшін ұлттық платформаға айналған осы бірегей фестивальді мақтанышпен қолдап келеміз. Осы уақыт ішінде PRO.NRG ғылымның тек зертханалар мен кітапханалар үшін ғана емес, отбасылар, мектеп сыныптары, суретшілер мен арманшы жандар үшін де ашық бола алатынын дәлелдеді. Фестиваль бүгінгі күнмен ғана шектеліп қалмайтын қызығушылық пен идеялар тудыратынына сенемін».
PRO.NRG Fest 2025 бағдарламасы төрт негізгі секциядан тұрады, олардың әрқайсысы ғылым мен білімнің жеке-жеке бағытына арналған.
Мәселен, USTAZ секциясында заманауи білім берудегі педагогтың шешуші рөліне және мұғалімдер мен ата-аналар тап болатын қиындықтарға баса назар аударылады. Онда жаңа технологиялардың, соның ішінде дрондар мен жасанды интеллектінің оқушылардың практикалық дағдылары мен сыни ойлау қабілетін дамыту құралына айналғаны талқыланады.
«Қазақстандағы тұңғыш дрон қыз» атанған Зарина Құтпанованың баяндамасы ерекше назар аударды. Ол мектеп оқушылары мен мұғалімдерге дрондарды басқаруды, құрастыруды, ауыл шаруашылығынан бастап құтқару жұмыстарына дейін әртүрлі салаларда қолдануды үйретіп жүр.


«Дрон – болашақтың тілі. Олар балаларға үйреншікті құрал болуы үшін алдымен мұғалімдерге қолдануды үйрету керек. Сонда ғана жаңа білім әр оқушыға жетеді», – деп атап өтті Зарина Құтпанова.
PRO.NRG Fest-тегі Art&Science секциясы ғылым мен заманауи өнерді біріктіріп, білімді түсінудің жаңа жолдарын ашады. Оған жазушылар, музыканттар, зергерлер, театр ұжымдары және суретшілер қатысып, ғылыми идеялар шығармашылықты қалай шабыттандыратынын және түрлі мәдени формаларда қалай көрініс табатынын паш етеді.
Дәстүр бойынша фестивальдің серіктесі AMA Foundation for Culture and Education ұйымдастырған Атыраудан келген Caspian Artist Residence көрмесі секцияның беткеұстар элементі болды. Аталмыш білімдік және мәдени бағдарлама бірегей өнер нысандарын жасау үшін жас суретшілер мен ғалымдардың басын қосты.
Бағдарламаның шарықтау шегі EarthLings ұжымы – Даурен Калиаскар мен Laura Rodriguez дайындаған «Терраформациядан кейінгі дала жазбалары» жобасының тұсаукесері болды. Олардың жұмысы көркем қиял мен ғылыми рефлексия болашақтың бейнелерін іздеуде қалай үйлесімді үндесетінін көрсетті. Дәурен Қалиасқар былай деді:
«Терраформация жай ғана ғылыми фантастикаға арналған сценарий емес. Планетамызға және оның ресурстарына басқаша қараудың, өзіміз өмір сүріп жатқан орта үшін адамзаттың жауапкершілігін ұғыну тәсілі».
«Білім берудегі ЖИ» секциясы PRO.NRG 2025 фестивалінің басты тақырыптарының бірі болды. Мұнда жасанды интеллект білім беру жүйесін қалай өзгертіп жатқанын, оның қандай мүмкіндіктер ұсынатынын және қандай қауіптер төндіретіні талқыланды. Сарапшылар технологияларды мектептерде қолданудың, сонымен қатар ЖИ-ні әдебиетте, өнерде және ғылыми зерттеулерде қолданудың практикалық мысалдарымен бөлісті.
Білім берудегі жасанды интеллект бойынша тренер Аида Әбіләкімова айтады: «Білім беруде жасанды интеллект «мұғалімдерді алмастыра ма, жоқ па» деген сұрақ емес, керісінше оны қолдану мәдениетінің мәселесі. Бүгінгі таңда ЖИ мектептерде ойлауды алмастыру үшін емес, жақсарту үшін қалай қолданылуы керек деген ойын ережелерін белгілеп алу маңызды».
Әдебиет және шығармашылық мамандықтар тұрғысынан тақырыпты Алматы ашық әдеби мектебінің мұғалімі Ксения Рогожникова жалғастырды:
«ЖИ бір кездері жазу машинкасы сияқты авторлар үшін жаңа құралға айналып жатыр. Бірақ жаңашылдыққа ұмтылыс, авторлық интонация және көркемдік жауапкершілік бәрібір адамға жүктеледі».

«Ғылыми-көпшілік бағыт» секциясы күрделі жаңалықтарды қарапайым тілмен түсіндіретін ғалымдар мен зерттеушілердің басын қосады. Бағдарламада – ғылымның кең аудитория үшін қолжетімді әрі тартымды бола алатынын көрсететін археология, экология және тарих бойынша лекциялар.

Осы бағыттың хедлайнері АҚШ дипломаты, ғалым, инженер-астронавт Джастин Доор болды. Оның мансабы NASA Миссияларды басқару орталығында жұмыс істеумен байланысты болды, онда ол Халықаралық ғарыш станциясындағы астронавтарға, сонымен қатар Iridium жерсеріктік желісіне қызмет көрсету жобаларына қолдау көрсетті. Әлгі аппараттар тіпті планетаның ең шалғай жерлерінде — мұхитта, Арктикада немесе тауларда байланысты қамтамасыз етеді. Джастин Доордың баяндамасы фестиваль қатысушыларына ғарышты дәл есептеулер мен технологиялар миссиялардың қауіпсіздігі мен сәттілігіне кепіл болатын кәдімгі жұмыс орны ретінде көруге мүмкіндік берді. Оның лекциясы ғаламды зерттеу тіпті ұсақ-түйектің өзі маңызды болатын күрделі инженерлік міндет екенін көрсетті.
Фестивальдің халықаралық мәртебесін Катманду қаласындағы (Непал) Saraswati Niketan орта мектебінің директоры, STEAM білімі саласындағы PhD зерттеушісі, оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдардың авторы Рабина Махаржанның дәрісі ерекше айшықтай түсті. Рабина контекстілік STEAM білімі тұжырымдамасын ұсынды, яғни ғылым, технологиялар, инженерия, өнер және математика мәдениетпен, табиғатпен және қоғамның нақты мәселелерімен байланыстырылады. Непалда контекст биік таулы аймақтағы өмір, климаттың өзгеруі және дәстүрлі фестивальдер болады. Бұл тәжірибе әсіресе Қазақстанға жақын, мұнда контекстілік білім далалық және басқа да экожүйелерге, бірегей экологиялық сын-қатерлерге және эндемиялық жануарларға сүйене алады. Оқыту үдерісіне қолөнер, ойындар тән келетін Наурыз сияқты мейрамды үйлесімді енгізуге болады, ал қалалық оқушылар үшін көлік, урбанистика және заманауи технологиялар контекст бола алады.
PRO.NRG Fest фестивалінде алғаш рет ARTиШОК театры өзінің «Энергияның сақталу заңы» спектаклін қойды. Қойылым театр ұжымының жоғары сынып оқушыларымен және мұғалімдермен жүргізген үш зерттеу зертханасының нәтижесі болды. Спектакльдың негізгі идеясы – энергияның, кеңістіктің және қимыл-қозғалыстың физикалық заңдары қалай адамдар арасындағы қарым-қатынастың метафорасына айналатынын көрсету. Бұл әдеттегі қойылым емес, парталарсыз және үйреншілкті мектеп иерархиясынсыз «терезесі тең» негізде жанды қарым-қатынас қалай қалыптасатынын зерттейтін эксперимент. Фестиваль көрермендері PRO.NRG Fest үшін арнайы жасалған батыл шығармашылық эксперименттің куәсі болды, онда өнер адам энергиясының күшін сезінудің және оған басқа көзбен қараудың тәсіліне айналды.


PRO.NRG Fest аясында педагогтарға арналған ең ірі еуропалық STEM фестивалінің Science on Stage ұлттық кезеңі өтті. Байқауға 30 финалист жоба қатысып, дәл осы жерде 2026 жылы Литвада өтетін еуропалық кезеңде Қазақстанның намысын қорғайтын үздік жеті жоба таңдалды.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев: «Ғылым мен технологияны дамыту Қазақстандағы білім берудің стратегиялық басымдығы болып табылады. «Science on Stage Europe» халықаралық фестивалі педагогтарды, ғалымдарды және жастарды инновациялық идеялар төңірегінде біріктірудің жарқын үлгісіне айналды. Орта білім беру комитеті болашақ ұрпақты қалыптастыратын осындай бастамаларды қолдайды. Бүгінгі таңда мұғалімдердің алдындажасанды интеллектіні меңгеру міндеті тұр: қазірдің өзінде 200 мың мұғалім оны қолдану бойынша дайындықтан өтті. Жаңа оқу жылынан бастап біз ЖИ-ді оқу үдерісіне енгізуді бастаймыз, ал мұндай шаралар мұғалімдерге жаңа тәсілдерді өз тәжірибесіне тезірек енгізуге көмектеседі».
Осылайша PRO.NRG Fest ғалымдардың, педагогтардың және отбасылардың кездесу орны ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның білім беру жобаларын жаңа деңгейге шығаратын халықаралық ынтымақтастықтың бастамасына айналды.

Абзал Ибрагим,

Астана

Бүгін, 23:04
PRO.NRG Fest 2025: дрондардан терраформацияға дейін
03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды
29 тамыз, 19:32
Шетелден ақша алатын белсенді мен блогерге жайсыз жаңалық
27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда