jasqazaq.kz

Президент: Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет

28 қантар, 12:50

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде таяу арадағы негізгі міндеттерді атады, деп хабарлайды jasqazaq.kz.

Мемлекет басшысы ең әуелі экономиканы әртараптандыру қажет екенін атап көрсетті: «Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге. Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек».

Сондай-ақ аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту.
Президент: «БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ.
Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту», — деді.

Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды дайындауда ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кететінін ескертті. Сондықтан Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жылдам қимылдауы керек.
«Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, инвестиция нарығындағы бәсекелестік қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз.

Бізге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды әдетте шетел инвесторлары ұсынады. Былтырғы 9 айда елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл 2023 жылдың дәл сондай кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем.

Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тікелей шетел инвестициясын тарту қарқыны төмендеген. Ал жеке инвестицияның азаюы бюджет есебінен өтеліп жатыр. Бірақ мұндай шарамен ұзаққа бара алмаймыз», — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құру қажеттігін атап өтті. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтауға, өндірісті жаңғыртуға тиіс. Сонымен бірге экология талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті.

Мемлекет басшысы елімізде ірі өнеркәсіп жобаларын іске қосу жұмыстары баяу жүріп жатқанын сынға алды. Мұны активтерді қазынаға қайтару ісімен қатар жүргізу қажет.

Президент: «Қазақстанда орта буынға жататын көшбасшы компаниялар шоғырын қалыптастыру міндеті әлі де өзекті. Үкімет биылғы маусым айының соңына дейін келешегі зор әрбір орта кәсіпорынның жұмыс жоспарын әзірлеуге тиіс.

Еліміздің сирек кездесетін металл кенішін, соның ішінде әлемде сұраныс артып келе жатқан литийді өндіру мен өңдеу әлеуеті өте үлкен. Демек біз осы салаға инвестиция мен озық технологияларды тартуымыз қажет. Бұл ретте шетелдік инвесторларға да, отандық бизнесмендерге де басымдық берген жөн.
Қазақстан нарығына геологиялық барлаумен айналысатын ірі шетелдік компаниялар келді. Жер қойнауын пайдалану құқығын ашық әрі қарапайым тәртіппен бөлетін Бірыңғай платформа іске қосылды. Парламент сессиясының соңына дейін бұл жұмыстың заңнамалық негізін қамтамасыз ету керек.
Жер қойнауын пайдалану саласындағы реформа еш кедергіге қарамастан жалғасуға тиіс. Бұл – принципті ұстаным. Үкімет мұны қатаң түрде сақтауы қажет», деді.

JQ-Aqparat
Сурет: aqorda.kz

16 шiлде, 15:14
Түркістан: Сайрамда 32 отбасына пәтер кілті тапсырылды
16 шiлде, 14:52
Түркістан: Өндіріс орындарын көбейту - күн тәртібінде
16 шiлде, 14:40
Түркістан: Шетелдік туристер саны екі есе артты
16 шiлде, 14:25
Түркістан: Төлеби ауданында тігін цехының жұмысы жолға қойылған
16 шiлде, 11:17
Түркістан: Түрік инвесторы зауыт салады
16 шiлде, 10:28
Медеу ауданында 4 мыңнан астам жаңа оқушы орны ашылады
15 шiлде, 10:47
Үлгі бойынша демократия: Неліктен батыс рейтингтерін объективті деп тануға болмайды?
14 шiлде, 18:13
Түркістан: Түлкібаста кәсіпкер экотуризмді дамытуға арналған жобаға кірісті
14 шiлде, 18:10
Түркістан: Саурандағы өндірістік аймақтардың жұмысы сараланды