«Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын». Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты.
«Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын», — деді Мемлекет басшысы.
«Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс екенін де атап өтті.
«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек»,- деді Қ.Тоқаев.
2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жылдық инвестициялық табысының тең жартысы 18-ге толмаған қазақстандықтардың жеке шоттарына аударылып отырады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында осындай тапсырма берді.
«Әр отбасы елдің ұлттық байлықтарын пайдаланудан нақты игілік көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылында «Ұлттық қор – балаларға» атты түбегейлі жаңа бағдарламаны бастау керек деп есептеймін.
Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-ін балалардың жасы 18-ге толғанға дейін жеке шоттарына мерзімінен бұрын шешіп алу құқығынсыз аударып отыруды ұсынамын», — деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент бұл қаражатты 18-ге толған азаматтар қалай жұмсай алатынын да айтып өтті.
«Кәмелекет толғаннан кейін жинақталған сома баспана мен білім алуға жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді.
Қор да шын мәнінде ұлттық мәртебесіне сай бола түседі және халықтың мүддесіне жұмыс істейді. Бұл ауқымды бастаманы пысықтау үшін жаңа жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын», — деді Президент.
Тоқтар Жақаш