Полиция: Реформа киім ауыстырудан басталады

09 қараша 2018, 14:36

ДӨП пікірсайыс клубының бүгінгі тақырыбы – полиция қызметіндегі реформа. Бұл жаңалық қарапайым жұртқа не береді, полицияға деген халық сенімін арттыра ма? Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Анар Жайылғановамен журналист Дәулетхан Қыдырбайұлы осы мәселелер жөнінде сұхбаттасты.

Дәулетхан Қыдырбайұлы: Анар Нұралықызы, Елбасы Жолдауында құқықтық реформаға өзгерістер енгізу туралы айтты. Біз осы мәселені сөз еткенде, салыстырмалы түрде айтатынымыз бар. Сіз де, біз де кеңестік дәуірді көргендерміз. Сол кезеңде «милиция менің қорғаным» деген қанатты сөз бар еді. Бүгінгі полиция туралы не айтасыз?
Анар Жайылғанова: Мен сізбен келісемін. Ол жағы орынды деп ойлаймын. Себебі полиция қызметкерлеріне қатысты көптеген сын айтылады. Онымен де келісуге болады. Алматының қақ ортасынан қыршыннан қиылған жастардың өмірі, осы сынды көптеген келеңсіз оқиғалар көбейіп кетті. Полиция қызметкерлерінің бір-біріне оқ атуы да болды. Бірақ «бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді» демекші, бәрін бірдей жаман деп айта беруге болмайды. Полиция қызметінің жақсы жағын да айтуымыз керек. Мысалы, биыл 9000-нан асатын қарақшылық оқиға тіркелген. Осы қылмыстың 55 пайызы жылдың басында-ақ ашылған. Сондықтан жұмыс істеліп жатыр деп айта аламыз. Тек бәрі халық көңілінен шығып жатыр деуге әлі ерте.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Алматы, Астана сынды ірі қалаларда, болмаса облыс орталықтарында бейнебақылау камералары орнатылған. Қылмыскерді тез табуға мүмкіндік бар. Дегенмен, ұсталған қылмыскерлердің тірлігін ұсақ-түйек іс деп қарастыратынымыз бар. Мысалы, ұялы телефон, велосипед ұрлау, тағы да басқа заттарды жымқырып кету ашылмай қалып жатады. Сонда бейнебақылау камералары не үшін керек?
Анар Жайылғанова: Биыл осындай ұсақ-түйек қылмыстардың 88-і тіркелсе, соның 55 пайызы ашылған. Бұл шынымен де кемшіліктің барын білдіреді.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Жақсы, бұл ірі қалаларға қатысты мәселе. Ал шағын қалаларда бейнебақылау жүйесі мүлдем жоқ. Сонда олар тек учаскелік полицияға ғана сенім арта ма? Басқа жол жоқ қой?
Анар Жайылғанова: Дұрыс айтасыз… Одан басқа амал жоқ!
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Әлде, бұл салаға да өзгеріс енгізесіздер ме?
Анар Жайылғанова: Қазіргі таңда жергілікті полицияның барлығы полиция департаментіне біріктірілді. Оның атауында тұрған ештеңе жоқ. Қызметі сол күйінде қала береді. Олар тікелей атқарушы органдармен бірігіп жұмыс істейді. Қазір жергілікті бюджет, тіпті ауылдық әкімдіктерге дейін қаражат беріліп жатыр. Тіпті ауылдардың өзінде жергілікті атқарушы органдар полициямен бірлесіп қызмет етуді жандандыруда. Демек, қылмысқа қарсы күреске қолдау болады деп ойлаймын.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Біз реформа жасауда ең алдымен әр нәрсенің атауын ауыстырамыз. Жергілікті полиция органын құрамыз дегенде де әріптестеріңіз дұрыс деп қолдады. Кеше жергілікті полиция жойылады. Оның орнына полиция департаменті құрылады деген кезде оны да қолдадыңыздар. Осының тиімділігі бар ма? Атауы өзгере бергеннен не пайда? Полиция қызметінде, оның атқаратын міндетінде, сапасында өзгеріс бола ма?
Анар Жайылғанова: Сізбен толық келісемін. Депутат ретінде де, осы қоғамның азаматы ретінде де айтарым, оның қалай аталғаны маңызды емес. Полиция қызметкерлері алдымен адамдардың құқын қорғауы, қылмыспен, жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуі керек. Осы үш бағыттың басын қоссақ, оның атауы қалай өзгеруі тиіс? Полиция департаменті бола ма, әлде оны жергілікті полиция қызметі деп атаймыз ба. Оның атында тұрған ештеңе жоқ, ең бастысы, заты дұрыс болуы тиіс. Заты сақталады.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Өзіңіз өңірлерді аралап, елдің ішінде жүрсіз. Бәлкім, әлеуметтік желілерді қарап отыратын шығарсыз, полиция деген кезде көпшілігінің пікірі жағымды деп айта алмаймын. Оның бірден-бір себебі өзіңіз шетін айтып өткен жемқорлық мәселесі. Әсіресе жолдағы жемқорлық тоқтамай тұр. Осыны жоюдың жаңа бір тәсілдері ұсынылды ма?
Анар Жайылғанова: Полиция қызметкерлері төңірегінде түрлі пікір бар. Олардың айлығын қанша көтерсек те, сыбайлас жемқорлықты жеңе алмаймыз. Бірақ, мен осы пікірмен келіспеймін. Өйткені аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет істейтін жергілікті полицейлермен кездескен кезде, олар жалақымыз дұрыс болса, отбасымды асырауыма жетсе, баспанам болса, маған жемқорлық керек емес деген пікірді айтады. Мен мұнымен келісемін. Ертең сол үшін сотты болып, қызметінен айырылғанша, жалақымен жан сақтағаны артық. Егер оларға берілетін әлеуметтік пакет дұрыс болса, пара алып қайтеді? Сондықтан бюджетті пысықтаған кезде, біз осы мәселелерді көтердік. Ұлттық ұлан олардың жалақысы, коммуналдық жағдайына байланысты заңда көрсетілген норма бар. Яғни оларды баспанамен қамтамасыз ету керек, болмаса пәтерақысын мемлекет төлеп отыруы тиіс. Ұлттық ұланның өзі тиісті ақшаны дер кезінде ала алмайды екен. 2017 жылдан бері мемлекет Ұлттық ұланға 4 млрд 900 миллион теңге қарыз.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Сонда мемлекет қарыз болып қалған ба?
Анар Жайылғанова: Иә, мемлекет қарыз. Үкімет пен қаржы министрлігі бірлесе отырып, 4 млрд 346 миллион теңге көлеміндегі қарызды әрең дегенде шештік.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Халық полиция саласына жан-жақты өзгеріс керектігін айтады. Мемлекет басшысы да өзгеріс керек деді. Бірақ не ел-жұрт, не Елбасы киім ауыстырайық деген жоқ. Жаңа реформа неге киім ауыстырудан басталды?
Анар Жайылғанова: Менің ойымша, қылмыскерлермен жұмыс істейтін мамандар үшін киім шынында да, икемді, оңтайлы болу керек. Олар қару-жарақ ұстап жүреді. Кейде қылмыскерді қуу керек болады. Осы жағынан келгенде, олардың киімдері жүріп-тұруға ыңғайлы болғаны дұрыс. Киім ауыстыру мәселесі реформамен дәл келіп қалған болар. Сол себепті жұрт «киімдерін ауыстырып қана қоя салмақшы ма?» дегенді айтып жатыр. Мүлде олай емес. Келешекте полиция қызметі халықтың көңілінен толық шығады деп ойлаймын.

25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді