Алматыда аса ауыр қылмыс жасаған кісәпірді ұстау жолында жанкешті ерлік көрсеткен полиция майоры Бақытжан Бәкіров Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ержүрек офицер күдіктінің ізіне түсіп, онымен алысып-жұлысып, 13-ші қабаттан секіріп, аяғын мертіктірсе де, уысынан шығармады. Өзінің бұл қадамын асқан ерлік деп санамайтын азаматқа бүкіл ел, тіпті шеттегі жұрт риза болып, лайықты бағасы мен батасын беріп жатыр. Ал осы Бақытжан алты баланың әкесі екенін білгенде, қуаныш пен алғыс еселене түсті.
Зұлымдықты ауыздықтаған бұл оқиға – соңғы уақыттағы ақпараттың бірі ғана. Тәуелсіздік жылдары осылай қызмет барысында тәуекелге барып, қаншеңгел қылмыскерлер қолынан 780 астам полиция сақшысы шейіт болғанын көпшілік біле де бермеуі мүмкін. Бірінің артында аңырап ата-анасы, енді бірінің соңында жоқтап асыл жары, шырылдап шиеттей бала-шағасы қалды. Осының ішінде 115 қызметкерге мемлекеттік награда қаза тапқаннан кейін берілген. Ал екі жарым мыңдай сақшы түрлі жарақат алған. Осы және басқа мәлімет күн сайын басын қауіп-қатерге тіккен мамандық иелеріне деген жұртшылықтың бір жақты, қасаң көзқарасын өзгертсе, кәне? Десек те, бәріне халық – сыншы, ел – елек. Әрине, бұл жерде, ел арасында жиі айтылатын, тіпті жөнімен де, жөнсіз де қайталанатын «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді», «Халық айтса, қалт айтпайды» немесе «Көпке топырақ шашуға болмайды» сынды мәтелмен кейбірін жақтауға да, даттауға да, енді басқасын мақтауға да, соттауға да болар еді. Оған ауыз әбден үйренген, құлақ та еш тосырқаған емес. Ондай стереотип пікірдің қалпынан шығып, тәуелсіз мемлекетке қандай тәртіп сақшылары керектігін, олардың қоғамдағы орнын айқын ұғыну көкейкесті болары хақ.
Өйткені сындарлы пікір-пайым екі жаққа да пайдалы деп ойлаймыз. Дәл қазір сақшының тәулік бойғы қажырлы еңбегін тиісінше бағалауды былай қойғанда, оларға деген қоғам құрметінің жұтаңдауын кімнен көргендейміз? Осы мәселеде жауапты орындармен бірге бәріміздің де алаңдауымызға не себеп?
Көше мәдениеті ешқашан өнегенің орны болған емес. Елірген топпен елдіктің бірісі де шешілмейді. Шатақ пен ілініс ешқашан берекеге жол ашпаған. Сондықтан кеше де, бүгін де бардың қадірін білмей, әлеуметтік қиындықтың себебін біреуден немесе бір қызметтен көру – қоғамды танымау ғана емес, қауымды адастырудың нақ өзі болмақ. Белсендінің белсенділігі – халықты адастыруда емес, адаспаудың мәнін біліп, айқын жол нұсқауда. Бетін аулақ қылсын, сеңдей соғысқан көше мен алаңдағы берекетсіздікті ғана емес, әлеуметтік желілердегі жадағай жазылып-көрсетіліп жатқан дүниелерді, тіпті киімінде мемлекеттік рәміз айшықталған арнаулы жасақтың жағасына жармасып, сақшылық белгілерін жыртып жатқан сюжеттерге, көріністерге сараптама жасап, зерделеу де артық болмас еді. Өйткені өзгені қайдам, бізге киім ішіндегі адамға емес, мемлекетіміздің қалқаны мен қорғанына тап бергендей жағымсыз әсер қалдырды. Ешкімді ақтап алмақ мақсатымыз да жоқ. Арымызға тиетіні – елдік-мемлекеттік заңның қатаңдығы далада қалғаны ма? Заң орындалмаса, халық ұшпаққа шыға ма? Бізге бататыны – тәуелсіз еліміздің қол жеткізген табыстарына тас лақтырумен пара-пар әрекеттің астары, мемлекеттік нышанға деген немқұрайлылық пен құлықсыздық.
Ішкі істер органдарының жеткіліксіз, тиімсіз жұмысын мәдениетті түрде көрсетуге, шынайы бағалауға, сауатты ұсыныс енгізуге не кедергі? Екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ішкі істер органдарының ахуалы қоғамның талап-тілегіне толық жауап бере алмайтынын, полиция қызметкерлерінің азаматтармен өзара қатынасы қазіргі стандарттарға сәйкеспейтінін және бұл сала заманауи жағдайларды ескере бермейтінін тілге тиек еткен болатын.
Ал былтыр Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі, – деп атап көрсетті. – Ең алдымен, 2020 жылдың аяғына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру қажет. Мұны науқаншылдыққа айналдырмай, сапалы жүргізген жөн. Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты.
Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалады».
Ал осындай қамқорлық көріп отырған тәртіп сақшылары мемлекетіміздің күшін, қуатын көрсетуде табандылық танытып жүр ме? Мемлекеттің тікелей өкілі бола тұра, жекелеген қызметкерлер арын, қолын былғап, билікке, бүкіл жүйеге кір келтіруден арыла алмай келеді. Біздіңше, полиция қызметін мүлтіксіз орындау үшін әрбір тәртіп сақшысы кіршіксіз таза болуы тиіс. Мемлекетшіл, отаншыл істе полиция қызметкері жастарға үлгі-өнеге көрсетуі абзал. Бұл – идеологиялық сүйемелдеуді қажет ететін өте ауқымды жұмыс. Мәселен, есірткі саудагерлерімен ауызжаласқан, жезөкшелермен сыбайласқан немесе мал, зат ұрлағандармен табақтас тәртіп сақшылары туралы әңгімелердің өріп жүргеніне жұрт куә. Жас ұрпақтың санасына жылдар бойы сіңіп қалған қауесеттерге сақшылардың өзінен басқа ешкім де тосқауыл қоя алмасы белгілі. Қарапайым халық арасында полиция туралы оң пікір қалыптастыру үшін абыройлы, беделді кәсіби мамандар еңбегі мен ерлігін танытуы қажет. «Уағыз арқылы емес, өнеге көрсету арқылы көп нәрсеге қол жеткізуге болады» деген имани сөз де бар. Сондай ізгі істер БАҚ-қа тақырып, көркем туындыларға өзек болса, сол салаға жеке есеппен, қарақан бастың қамымен баратындар күрт азайып, мамандықтың мәртебесі дамыған мемлекеттердегіден кем түспесі анық. Өмірі қауіп-қатерге толы тәртіп сақшыларына атқарушы биліктің, қоғамның құрметі лайықты дәрежеде болуын да қамтамасыз еткен жөн. Тәуелсіз еліміздің тыныштығын сақтау жолында жанын пида еткен, шейіт болған қызметкерлерді ақтық сапарға шығарып салуды жоғары дәрежеде өткізу рәсімін енгізуді өркениетті деңгейде шешкен дұрыс деп есептейміз. Бұл – тек оның отбасы үшін ғана емес, әрбір отаншыл азаматтың, мемлекеттік қызметкердің жоғары абыройы үшін аса қажет. Мұндай жиынға қатысу әріптестерінің, жерлестерінің азаматтық парызы болуы тиіс. Мұндай рәсім дамыған елдерде бұрыннан өткізіліп келеді. Екі жыл бұрын полиция қызметкерлерінің санын ықшамдау мәселесі де орынды көтерілген болатын. Әр кезеңде қатарға еніп кеткен кездейсоқ мамандардың орнына жаңа кадрларды тарту елімізде енді ғана басталған волонтерлер қозғалысының бір бағыты бола алады.
Сондықтан реформа барысында Ішкі істер министрлігі өз қатарын тазалау рәсімін өткізсе дейміз. Ол кезекті аттестаттау, штат қысқарту сияқты үйреншікті әдістерден әлдеқайда маңызды әрі сапалы іс-шара болуы шарт. Екінші өзекті мәселе де кадрға байланысты. Аталған салада қазіргі қолданыстағы конкурстық іріктеу қаншалықты ұтымды? Ілгеріде бұл кәсіпке жұртпен жұмыс істей білетін, елмен етене араласа алатын адамдарды ұжымдар ұсынатын. Бәлкім, ендігі жерде осы саланың нағыз тәжірибелі, майталман мамандарының (кемінде үш адам) ұсынысы болса маман үшін, өз аты мен абыройын сақтап қалу үшін де жауапкершілікті сезіну орнығатын еді. Әлбетте, кәсіби шеберлік (профессионализм), білімділік (соның ішінде, мемлекеттік тілді меңгеру де бар) – кез келген мамандықтың мәртебесін көтереді. Азаматтардың сенімі, олардың жайлы тұрмысы мен қауіпсіздігі полиция тиімділігін бағалаудың негізі болмақ. Яғни, баяғы көрсеткіш қуу үрдісі келмеске кетеді. Полиция жұмысының тиімділігі болғанда ғана халық ортасында олардың беделі артады, әрбір азамат оларды өзінің қорғаны санайды.
Дәл қазір ғаламды жайлаған пандемияға байланысты елімізде жарияланған карантин кезіндегі тәртіпті қадағалауды ғана емес, қандай жағдайда болсын, жаймашуақ, тыныш өміріміз бен қауіпсіздігімізді мүлтіксіз, өркениетті түрде сақтауды тәртіп сақшыларынан талап етеміз. Сондықтан ел қорғанына, ел сақшысына көрсетілер құрмет жалаң сынап-мінеуден емес, қоғам болып бірлесіп ақылдасып-кеңесуден, талап пен ынталандырудың таразы басын тең ұстаудан құралмақ. Мұндай дәстүр Қазақ елінде болған және қазір де болуы заңды.
Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты