Қазақстан-Қытай шекарасында шетел азаматының қазақстандық тәртіп сақшыларына бағынбай жатқан бейнежазба әлеуметтік желіні шулатты. Оқиға «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында 31 -ші қазанда болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық ІІД баспасөз қызметіндегілердің мәліметінше, басқа бір күдіктіні тұтқындауға барған полиция қызметкерлеріне 1976 жылғы Қытай азаматы араласып араша түскен. Бұл жайт бейнетаспаға жазылып қалған. Ол жерде шетелдік азамат дөрекі сөйлеп, төрт билік өкіліне сес көрсетеді. «Бейнежазбадағы адам Қытай Халық Республикасының азаматы. Ол қазіргі уақытта ұсталып, оған қатысты ҚР Әкімшілік Кодексінің 667 бабына сәйкес хаттама толтырылды. Жиналған материалдар аудандық соттың қарауына жолданған», деді облыстық ІІД баспасөз қызметінің бас маманы Жанар Төлегенқызы. Сондай-ақ, Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметіндегілер оқиғаның Панфилов ауданы «Қорғас» ШЫХО-да 2017 жылдың 31 қазанда болғанын мәлім етті.