Перизат Ерланқызы: Ерікті болу жүрек пен ардың ісі

19 шiлде 2023, 15:24

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еріктілер ұйымы құрылып,  жемісті жұмыс істеуде. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданына қарасты «Қазына» еріктілер ұйымы да игілікті істердің басы-қасында жүр. Біз осы «Қазына» еріктілер ұйымының жетекшісі Перизат Ерланқызымен арнайы сұхбаттасып, атқарылған игі істер мен келешек жоспары жайында сұрап білдік.

— Перизат Ерланқызы  «Қазына» еріктілер клубы қашан құрылды? Ұйымның мақсаты мен міндетіне кеңірек тоқталып өтсеңіз.

«Қазына» еріктілер клубы 2019 жылы құрылып, содан бері түрлі іс-шараларды өткізіп келеді. Ұйымның негізгі мақсат-мүддесі — ешқандай қысым, күштеусіз бұқара халыққа қолғабыс ету. Қажетті жағдайларда көмек қолын созып, жұмылып, өнімді істер атқару. Орайы келгенде айта кетейін, біздің еріктілер бүкіл әлемге қатер төндірген жаман індет өршіген кезде бірігіп, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін сақтауға күш салды. Сондай қиын-қыстау кезеңде негізгі күш еріктілерде болды. Олар өз өмірлерін қатерге тіксе де, ел қамы үшін жоспарланған істі жүзеге асыруға  бел шешіп кірісті. Бүгінде ерікті болғысы келетін жастар ең алдымен «Ерікті дегеніміз кім? Ол қоғамға қандай пайда  келтіруі керек?» дегенді ұғынуы керек.  Жаңадан келген ерікті әрбір істеген ісіңмен уақытыңды тиімді жұмсап, жұмысына ақы алмайтыны жіті түсіндіріледі. Басты мақсатта сол — жастар ең алдымен еріктіліктің не екенін түсінуі керек. Ерікті болу — жүрек қалауы. Біз осы қағидаттарды ттүсінген жастарды қатарымызға қосамыз.

Ерікті болғысы  келетін жастардың белсенділігі қандай? Осы кезге дейін ұйым өткізген негізгі іс-шараларға тоқталсаңыз?

Қазығұрт жастарының ерікті болуға құлшынысы көңіл толарлықтай, жоғары деңгейде. Бұған дәлел, қазіргі таңда 50-ге жуық жастарымыз осы ұйым қатарында өз үлестерін қосып, жұмыстар атқаруда. Ынтымақ түбі — игілік дегендей, жұдырықтай жұмыла  жұмыс істейтін еріктілер тобы білек пен жүректің қарым-қабілетін қоса жүгендеп, көптеген игі істердің, ауқымды шаралардың алдыңғы қатарында бой көрсетіп жүр. Атап айтқанда, су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға, үлкен қарияларымызға қолғабыс етті. Біздің ұйым волонтерлік бағыттың барлық бағыты бойынша игі істермен айналысады. Сонымен қатар ауданымыздың тазалығы, экологиясы, көрікті жерлері, саябақ пен ескерткіштері біздің үнемі назарымызда. Ұйымның ерікті жастары аудандық «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесіп, ауданымызда тазалық жұмыстарын жүргізеді. «Таза әлем»  жобасы бойынша жақын ауылдарға да маусымдық тазалық жұмыстары жүргізіледі. Ұйымның тағы бір негізгі бағыты — қарт адамдарға көмектесу. Осы орайда біздің белсенді жастарымыз қазыналы қарттарымыздың үйіне барып, шаруасына көмектесіп, ауласына тазалық жұмыстарын жүргізіп береді. Бұл енді біздің жыл сайынғы жұмысымыз. Қыс мезгілінде ауласындағы қалың қарды тазалап берсек, көктем мен жазда ауласын тазартып, көмектесеміз. Бұл біздің ұйым тарапынан титтей де болса қарттарымызға қуаныш сыйлау. Одан бөлек, ауданымыздағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға әкімдікпен бірлесіп әлеуметтік азық-түлік себеттерін таратуға көмектесеміз. Ұйымның негізгі мақсаты — тәуелсіз елімізде тыныш қоғам қалыптастыру. Халық арасындағы дүрбелең, келеңсіз жағдайлармен бейбіт түрде бетпе-бет  күрес жүргізу. Біз кез-келген мұқтаж жандарға қолғабыс етеміз (қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және жасөспірімдерге т.б).

Еріктілікті жәй ғана көмектесу деп түсінетіндер бар. Менің ойымша, біз ерікті болу арқылы өзге жандарға қуаныш сыйлаймыз. Қуаныш әрбір адамға керек. Себебі қазіргі қоғамда мейірімділік, адамгершілік деген ауадай қажет. Біздің ұйымдағы жастар ерікті болудың не екенін жақсы түсінеді. Олардың әрқайсысы айналасына мейірбан, көмек қолын созғысы келіп тұрады. Тіпті түрлі тақырыптағы іс-шараларды ойлап тауып, ұйымдастырып, қайырымдылық жасауға асығады. Әрине, біздің жасап жатқан игі істеріміз қарапайым нәрселерден тұрады. Болашақта осы еріктілікті үлкен бір күшке айналдырып, әрі қарай дамытқымыз келеді.

— Перизат Ерланқызы, сіз үшін ерікті болу деген не? Еріктілікті дамыта түсу үшін бізге не жетіспейді? Әлі де не істеуіміз керек?

— Еріктілер дегеніміз — жалпы қиындыққа немесе қандай да бір жәрдемге зәру жандарға өз ықтиярымен көмек қолын созатын жүрегі жомарт жандар. Қазіргі таңда барша еріктілер ұйымына қажетті дүние, мемлекеттен халық тарапына берілетін әлеуметтік көмек қорларын көбейту болып тұр. Себебі, керекті көмек үшін де, арнайы жабдықтардың болғаны жөн деп санаймыз.  Мемлекет тарапынан волонтерлікті дамытуға үлкен қадамдар жасалуда. Жыл сайын еліміздің белсенді жастары жиналып, еріктілікті дамытудың жолдарын іздейді, пікір алмасады. Еріктілер тек қана қайырымдылықпен айналыспауы керек. Менің ойымша, әрбір ерікті өзін-өзі дамытуы керек. Ол үшін еріктілерге арнайы тіл үйренетін курстар, басқа да қажетті үйірмелер ашылса дейміз. Сонымен қатар колледж студенттері мен мектеп оқушыларына да ерекше мән берілсе деймін.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

Суреттерді «Қазына» еріктілер ұйымы ұсынды

Бүгін, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды