Өзегін өкініш өртейді

15 наурыз 2019, 14:31

Радикалды бағыттағы сәләфизмнің жетегінде кеткен Ержанның (есімі өзгертіліп алынды) жазасын өтеп жатқанына биыл екінші жыл. Терроризмді насихаттағаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылған азамат ақиқатты интернеттен іздеп, бүгінде оңбай қателескеніне өкініп отыр. Жас жігіт жүрек түкпіріндегі сырын оқырманмен бөлісуді жөн көрді.

Ата-әжем бұған шыдай алмас еді…

Жұмақты уәде ететін Дарын Мүбәров сияқтылар талай адамның өміріне балта шапты. Қаншама қазақ баласы Ауғанстан, Пәкістан, Сирия жерінде көз жұмып, қаншама ана зар жылап қалды», – деп әңгімесін бастаған Ержаннан өзі туралы көбірек білуге тырыстық.
Ержан – Ресейде туған. «Бастауыш сыныпты да сол жақта оқыдым. Ата-анам әжептәуір жұмыста болды. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Атыраудың Құрманғазы ауданына қарасты Сүйіндік ауылына көшіп келдік. Сөйтіп, ата-әжемнің бауырында өстім. Жалғыз ғана қарындасым бар» деп, көзіне жас алған жігіт алыста қалған балалық шағын сағына отырып еске алды.
«Кішкене күнімде өлеңді көп оқитынмын. Мұхтар Шахановтың, Фариза Оңғарсынованың шығармаларын іздеп жүріп, жата-жаста оқыдым. Балалық та болар, келешекте ақын болуды, том-том кітап жазуды армандадым. Бірақ өмірімнің бір сәтте тас-талқаны шыққанына әлі де сене алар емеспін» деген Ержан біраз үнсіздіктен кейін, дін жолына қалай бет бұрғаны туралы айтып берді.

«Ілімді Youtube-тан іздедім»

«Қарабатанға жұмысқа тұрдым. Дінге деген қызығушылығым да осы кезде пайда болды. Компания Ресеймен маман алмасып отыратын. Бірде Сібірге зауыт салуға бардық. Компания жұмысшыларға жеке қонақүй жалдап беретін. Қонақүйдегілерге бар жағдай жасалған. Әр бөлмеде кітап сөресі болатын. Сол кітаптардың ішінде Інжіл кітабы да тұратын. Қол боста сөредегі кітаптарды алып оқитынмын. Иса пайғамбар туралы да алғаш рет Інжілден оқып білдім. Кітаптың әсері болса керек, елге оралғаннан кейін де Иса пайғамбар туралы айналамдағыларға айта бастадым. Сол кезде таныстарым Исаның христиан дінін таратушы пайғамбар екендігін, мұсылмандардың соңғы пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с) екендігін айтып түсіндіре бастады. Сөйтіп, жергілікті мешітке барып жүрдім. Діни кітаптар алып оқи бастадым. Кейін қызығушылығым кітаптан гөрі, интернетке ауа бастады. Youtube-тан діни бағыттағы видео іздей бастадым. Дарын Мүбәровтың, Назратулла, Ділмұраттың түрлі тақырыптағы уағызын тыңдай бастадым. Олар негізінен ауған жеріндегі тәліптер туралы айтатын. Көбіне тәліптер мен америкалық солдаттар арасындағы соғыс туралы видеоны іздейтін болдым. Себебі жоғарыда атаған идеологтар тәліптердің қасиетті соғыс, жәннат жолында күресіп жатқандығын айтатын. Видеолардың мені еліте бастағаны сонша, кейін осындай видеоконтентті «ВКонтакте» желісіндегі жеке парақшама жүктеп алдым. Бұл 2017 жыл болатын. Осылайша, экстремистік бағыттағы видеоларды таратып, насихаттағаным үшін істі болып отырған жайым бар» деген Ержан қазір көп нәрсеге өкінетінін қайталай берді.

Адастырушылардың араны ашылған

«Шынын айту керек, дін мәселесінде жүгінетіндей, белгілі бір ортам болған жоқ. Достарым бар. Бірақ олар діннен алыс адамдар еді. Сондықтан да діни мәселеде көп жағдайда Назратулланың, Дарынның пәтуаларына жүгіндім. Ақыры адастым. Бұған қоса, Тимур Мурсараевтың жиһад туралы өлеңдерін де тыңдап жүрдім. «10 мың адам жиналып, Иерусалимді басып аламыз» деген бағыттағы өлеңдері қару алып, соғысуға шақыратын. Сөйтіп, мен тәліптер қозғалысын ашық қолдай бастадым. Қару асынып, сол «қасиетті» жолда кеткім келді. Өйткені, Дарын бастаған уағызшылардың насихатында «тәліптер өзінің жерін қорғап жүр, жұмаққа апаратын қасиетті соғыс» деп айтылатын. Осындай адасудың соңы үлкен өкінішке алып келіп отыр.
Шынында, тауқымет түрмеге түскен адамның басына ғана келмейді. Ол тұтас отбасын құртып жібереді. Көп жағдайда баласының қайғысына көндіге алмаған әкелер ішкілікке салынады. Аналар төсек тартып, ауырып қалады. Бала-шағаның жанары мөлдіреп, тірідей жетім қалады. Мұның сыртында моральдық, психологиялық қыспақ тағы бар. Әйел үйде қалады. Өмір болған соң, осындай ауыр жағдайдан кейін келін мен ене сыйыспауы мүмкін. Енесі ұлының сотталғанын келіннен көруі ғажап емес. Міне, осындай жағдайлар шыны керек, талай үйдің шаңырағын ортасына түсіріп жатады.
Қазір шүкір, түрмеге ұстаздар жиі келіп тұрады. Көптеген сұрақтарымызға жауап береді. Бұған дейін өз басым «жиһад» дегенді кәпірлермен міндетті түрде соғысу деп түсінген едім. Мұсылманның міндеті – соғысу еместігін енді білемін. Мұсылман елін қорғау жолында ғана атқа қонуы керек. Ал бейбіт күннің жиһады – бұл өз нәпсіңмен күресу. Ілім алу. Рухани тұрғыда таза жүру.
Қазір бауырларымыздың көпшілігі Сирия соғысына кетіп жатыр. Шындығында, ол дұрыс емес. Сириядағы ДАИШ, Ауғанстандағы тәліптер болсын, мұның барлығының артында бизнес пен саясат жатыр» деген Ержан дінге бет бұрған адамдардың адасу себебін атады.

Қателесудің басы

Оның пікірінше, қателесудің басы «Өзім жинақтаймын. Керегін аламын» деген өзімшілдік пен білермендіктен басталады. «Негізінде, мұсылман бір мәзһабты ұстануы керек. Асылында, мәзһабтардың географиясы сақталуы тиіс. Ұлттың, қауымның діни ұстанымы салт-дәстүрімен, тарихымен байланысып жатады. Имам Ағзам Әбу Ханифаның жолы дәстүрлі қазақ қоғамының қайнар көзі. Мысалға, қазақта құданы құрметтеп, қойдың басын тартып жатады. Мұның шариғатқа ешқандай қайшылығы жоқ. Марқұмның садақасын беру де тіріні тәубеге келтіретін жағдай. Яғни дәстүрлі қазақ қоғамының діні мен ділі, дәстүрі бір-бірімен біте қайнасып жатыр. Біз осыны түсінуге және қабылдауға тиіспіз», – дейді кейіпкеріміз.
Сөз соңында біз Ержаннан оның арман-мақсаты туралы сұрадық. «Мамандығым – электрик. Жеті жылдай осы салада жұмыс істедім. Осы салада дамығым келеді. Қазір түрмеде отырып, ағылшын тілін үйреніп жатырмын. Әжептәуір еркін сөйлейтін деңгейге жетіп қалдым. Ағылшын тілінен сабақ беретін ұстаздан кітап алып тұрамын. Осылайша, мүмкіндігімше тіл үйренудемін» деген Ержан оқырмандарға өзегін өртеп жатқан өкініші туралы жеткізуімді сұрады.

Сақтансаң, қор болмайсың

Ержан жастардың адасудан қалай сақтануы керектігін айтты. – Дінді үйренген кезде, асығыс шешім қабылдамау керек. Әр хадистің, аяттың түсінігі бар. Оны кезінде ғұламаларымыз жазып кеткен. Осындай тарихпен дәлелденген ғылыми еңбектерге көбірек назар аудару керек, – деді ол. – Екіншіден, үйренушінің ұстазы болуы керек. Үшіншіден, адам өзін жақсылыққа, жұмсақтыққа бейімдеуі керек. Біз қазір сәләфизмнің жетегінде жүргендердің бойынан қаталдықты, қатыгездікті көп байқаймыз. Ал шынайы мұсылманның жүзінен нұр төгіліп тұруы керек, – деді.
Одан ары жастарға «Құранда «Расында сендер білмесеңдер, білетіндерден сұраңдар!» дейді. Сондықтан, қай нәрсені де білетін адамдардан, яғни мамандардан сұрау керек. Менің қателескен жерім осы болды. Мешітке барып, құлшылық жасағаныммен, имамдарға жүгінуді қажет деп таппайтынмын. Маған белгісіз жерде отырған Дарынның, Назратулланың уағызы тура, шынайы жол болып көрінетін. Сондықтан, дінге бет бұрған бауырларымды ілімді шынайы мамандардан алуға шақырамын. Яғни өзіміздің мүфтиятқа қарасты теолог, имам ұстаздардан сабақ алсаңыздар, тура жолдан таймайсыздар!» – деп сөзін қорытындылады.

P.S.
«Дәл қазіргі кезде екі баламның қалай өсіп жатқанын көре алмай отырғаныма өкінемін. Анамның аялы алақанын аңсаймын. Әйелімнің жас өмірін қор қылдым. Қызғалдақтай ғана қарындасымның ағасын сағына күтіп жүргенін де сеземін. Сол үшін анамнан бастап, отбасымнан, отандастарымнан кешірім сұраймын» – Бұл – адасқан, онысына өкінген азаматтың бізбен қоштасарда айтқан сөзі.

Жазып алған
Баян Атайманқызы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген