«Өткенге тас атсаң, өзіңе тиеді»

21 қазан 2022, 12:24

1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат – еліміздің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Онда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде тайға таңба басқандай жазылды.

Он үш жылдан соң қайта қауышып отырған мереке – Республика күніне орай Кеңестер Одағы кезінде генерал атағын алып, әуе дивизиясын басқарған санаулы қазақтың бірі, кейін ҚР Қорғаныс министрі қызметін атқарған армия генералы, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаевқа жолығып, бірнеше сұрақтар қойған едік.

– Мұхтар Қапашұлы, Тәуелсіздіктің бастауы болып табылатын осы тарихи құжат қабылданған күн есіңізде ме? Ел егемендігі туралы ең алғаш естіген кезде қандай көңіл-күйде болдыңыз?
– Әскери ұшқыш ретінде мен ұзақ жылдар қазақ даласынан жырақта қызмет еттім. Әйтсе де, әрбір ер-азаматтың жүрегі туған жер деп соғады ғой, үнемі елге қарай елеңдеп жүрдік. Қазақстан егемендігін жариялаған кезде жүрегіміз жарыла қуандық. Бұл оқиғаның шын мәнін дәл сол сәтте барынша терең сезінбеген шығармыз, алайда ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған күннің туғанын түйсіндік. Бұл уақытта мен Түркіменстанда КСРО Әуе қорғанысы күштері дивизиясының командирі болып қызмет атқаратынмын. Тезірек елге оралуға асықтым. Өкінішке қарай, ол ойым бірден жүзеге асқан жоқ, біршама уақыт күтуге тура келді. Ол, әрине, бөлек әңгіме.

Ал еліміз қайта қауышып отырған мереке – Республика күніне келсек, оның мәні өте зор. Өйткені өскелең ұрпақ тәуелсіздіктің неден бастау алғанын білуі тиіс. Тарихи әділеттілік тұрғысынан да бұл орынды шешім болды деп ойлаймын.
– Бір жылдан соң Қазақстан өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізіп, артынша төл Қарулы Күштерін құруға кірісті. Тыңнан түрен салу қашанда қиын екені белгілі, оның үстіне бізде бұрын-соңды тұрақты армия мен оны жасақтау тәжірибесі болған жоқ дегендей.
– Әлбетте, оңайға түспеді. Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, ол бір сондай аумалы-төкпелі кезең еді. Кеңестер Одағының шаңырағы шайқала бастады, бұрынғы біртұтас қорғаныс кеңістігі бұзылды. Офицерлер мен прапорщиктер жаппай тарихи отандарына қоныс аударып, жекелеген әскери бөлімдер мүлде басшысыз қалды.
Тәуелсіз республиканың заңнамасына сәйкес, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткізілген келісімдер негізінде, Қазақстан Республикасы Президентінің төл Қарулы Күштерімізді құру туралы Жарлығы дайындалып, онда еліміздің аумағында орналасқан бұрынғы Кеңес армиясы әскери бөлімдері мен олардың қару-жарағы, дүние-мүлкі түгел Қазақстан Республикасының құзіретіне берілетіні атап өтілді. Еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі болып Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант (кейін армия генералы, Халық Қаһарманы) Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды.
Қазақстан тәуелсіздік алған кезде Орталық Азия әскери округіне қарасты ірі құрамалар мен әскери бөлімдер бізге Кеңестер Одағынан мұра болып қалды. Бұл, ең алдымен, ұшу аппараттарын әлемнің кез келген нүктесіне жеткізуге қабілетті заманауи зымырандары бар екі дивизиядан тұратын стратегиялық мақсаттағы күштер тобы еді. Бұдан басқа, құрамында стратегиялық бомбалаушы ұшақтарының дивизиясы, танк дивизиясы бар қуатты 40-шы армия және әуе қорғанысы корпусы тұрды.
Ұйымдастыру кезеңінің мерзімдері де қатаң белгіленді: үш ай ішінде мұраға қалған әскери техника мен дүние-мүлік қабылданып алынды. Әскерлерді тікелей басқару жүйесі құрылды және ТМД Қорғаныс министрліктерімен өзара бірлесіп, іс-қимыл жасау жолға қойылды. Қазақстан Республикасының әскерлерін қаржылық, материалдық-техникалық және медициналық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері шешіле бастады.
Бірқатар заң актілерінің қабылдануы нәтижесінде мемлекеттің әскери саласын дамытудың нормативтік-құқықтық базасы жасалды. Тұтастай алғанда, әскери басқарудың бүкіл жүйесі – мемлекеттік деңгейден бастап әскер деңгейіне дейін өзгеріске ұшырап, ол бүгінгі күннің шындығына сәйкес келтірілді.
Сонымен қатар, мемлекеттің қалыптасу кезеңіндегі әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруға бағытталған бірінші Әскери доктрина әзірленді. Мемлекеттің әскери ұйымын тиімді дамыту жолдарын іздестіру келесі төрт Әскери доктринада да көрініс тапты. Олар Қарулы Күштерді дамытудың теориялық және ұйымдастырушылық негіздерін белгіледі, соғыс пен бейбітшілік мәселелеріне және қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген негізгі көзқарастарды айқындады.
Еліміздің жоғарғы басшылығының қамқорлығы мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Қазақстан Қарулы Күштерінің қазіргі заманауи келбеті қалыптасты.
– Дүниенің дидары күн сайын құбылып, әлемдегі ахуал сәт сайын өзгеріп жатыр. Бір кеменің үстінде болғандықтан, әлгі үдерістердің жанама әсерін біз де сезініп, біліп отырмыз. Мұндай жағдайда елдің ертеңі алаңдатпай қоймайды.
– Қазір еліміз өз дамуының жаңа сатысына аяқ басты. Әлем болса өте күрделі уақытты бастан кешіруде. Сан түрлі саладан тұратын қитұрқысы мол гибридті қақтығыстар белең алып тұр. Оның ішінде көпшіліктің, әсіресе, жастардың санасына кері әсер ететін ақпараттық күрес те бар. Біз үшін Тәуелсіздіктен жоғары және одан қымбат ештеңе жоқ. Олай болса, осы жолда жұдырықтай жұмылып жұмыс атқаруымыз керек.
Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Бұған дейінгі жетістіктерімізден айырылып қалмауымыз керек. Мемлекетімізді нығайтып, кез келген сынаққа дайын болуымыз қажет. Табысқа жету үшін, ең алдымен, ауызбіршілік керек екенін есте ұстайық», – деді. Сондай-ақ ол «өткен заманды жоққа шығаратын, өз басшыларына шабуыл жасайтын халықтың болашағы екіталай әрі бұлыңғыр» екенін де атап өтті.
Бұған қатысты «Өткенге тас атсаң, өзіңе тиеді» деген сөз бар қазақта. Кеше ғана Мемлекет басшысы ұлтты ұйыстыратын жеті қағида идеясын ұсынып, ең әуелі Тәуелсіздіктің бәрінен қымбат екенін баса айтты. Екінші, елдіктің негізі – жеріміздің тұтастығы десе, үшінші мемлекет мүддесі қастерлі құндылық екендігін еске салды.
Сол себепті де біз «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері» қоғамдық ұйымы Жоғарғы Бас Қолбасшысының саясатын қолдаймыз және бірауыздан қараша айындағы Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып отырмыз.
– Өзіңіз басшылық жасайтын «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері» ұйымының қызметі туралы қысқаша айта кетсеңіз.
– Біздің қоғамдық ұйым 2010 жылы құрылды. Қазір 14 облыс орталығында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында филиалдарымыз бар. Қазір жаңа облыстардың құрылғанын білесіздер, сондықтан сол аймақтағы филиалдарды құрып, олардың басшыларын тағайындағалы жатырмыз.
Жалпы біз қорғаныс министрлігімен қоян-қолтық жұмыс істейміз, ведомство басшылығымен үнемі тығыз байланыстамыз. Қызметіміздің басты бағыты – өскелең ұрпақты, әскери қызметшілерді патриотизмге баулу, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Бұл ретте ұрпақтар сабақтастығына, жауынгерлік дәстүрді жадымызда сақтап, оны әрі қарай жалғастыруға зор мән беріледі.
Үлкен өмір мектебінен өтіп, оның ішінде әскери борыштарын отты нүктелерде атқарып, әбден ысылған запастағы генералдар мен офицерлер әрдайым жастарға үлгі деп білемін. Олар жас жауынгерлермен, ата-аналармен жиі кездеседі. Отан қорғаудың ортақ парыз екенін өз өмірлерінен мысал келтіре отырып, қарапайым сөздермен түсіндіреді.
Сондай-ақ 2017 жылы «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштер ардагерлері мен әскери қызметшілерінің отбасы» қоры құрылды. Қор қайырымдылық шараларымен қатар, ардагерлер мен олардың отбасына әлеуметтік-құқықтық жәрдем береді. Олардың қайта маманданып, жұмысқа тұруына қолғабыс етеді.
Бір сөзбен, біздер, Қарулы Күштердің ардагерлері өзімізді әрдайым әскери сапта деп есептейміз. Еліміздің алдында тұрған кезек күттірмес күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға әзір екендігімізді айтқым келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Әбубәкір Смайылов,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
Ұлттық университеті
әскери кафедрасының аға оқытушысы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген