«Қазақ латын әліпбиін жаңадан енгізейін деп отырған жоқ. Біз сол ата-бабаларымыздың қолданған қарпіне араға біраз уақыт салып, қайтадан оралып отырмыз». Бұл туралы Қазақстан Президенті мұрағатының директоры Борис Жапаров Алматыда өткен дөңгелек үстел барысында мәлім етті. Басқосу «Мемлекеттік тіл әліпбиінің латын графикасындағы бірыңғай стандартын енгізуді талқылау және қолдау» атты тақырып аясында жүзеге асты. Іс-шараны өткізу мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Қоғамдық сананың жаңғыруы» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді іске асыруға бағытталғаны белгілі. Солардың бірі – терең тарихи маңызы бар, латын әліпбиіне көшу бойынша жұмысты бастау болып табылады. Дөңгелек үстел барысында мұрағатта латын графикасындағы құжаттар мен кітап, журнал, газет басылымдарының көрмесі ұсынылды. Сондай-ақ баяндамалар оқылып, атақты ғалымдар ой-пікірімен бөлісті.
Жиында сөз бастаған мұрағат басшысы Борис Жапаров «Қазақстан Президентінің мұрағатында еліміздегі саяси биліктің барлық шешімдері мәңгілік мемлекеттік сақтауға алынған. Соның ішінде арнайы құжаттардың тобы 1929 жылы латын қарпін енгізуге қатысты барлық тарихи құжаттар біздің қорларда сақталып келді. Есептер болсақ, 77 жылдан соң латын әрпі қайта оралып отыр. Осы латын әліпбиіне көшу 19 ғасырдың екінші жартысынан бастап біздің ойшылдарды да толғандыра бастап еді. Міне, бүгінде мемлекеттік деңгейде қолға алынып, қолданысқа қайта енгізілді» – деді.
Жиынға келген физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик Асқар Жұмаділдаев та өз ойын ортаға салды. Латын әрпін цифрмен байланыстыра отырып, талдап көрсетті. «Латын әліпбиіне оралу қазақ клавиатурасын да ауыстыру болып табылмақ. Цифрсыз, сансыз ғылым жоқ. Қазақ техникалық ұл боламын десе, техникалық нәрселерге назар аудару басты міндет. Ал қазақтың таза пернетақтасына қарасаңыз, онымен тек қана өлең, аңыз, ертегі айтуға болады. Қазақша, орысша, ағылшыншаға ауыстырар болсаңыз, қайта-қайта шрифт басып уақытыңызды да кететіні жасырын емес. Осы орайда латын әрпі қолданысқа жеңіл болуы тиіс» – деді профессор.
Ал А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлімінің меңгерушісі Орынай Жұбаева 29 жылғы латын әліпбиіне көшкен кездегі терминдердің игерілуі мен жаңа қазақ әліпбиінің қолданысына байланысты сөзін былай жалғады. «Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жаңа тұрпатты жаңартудың ең басты негізі – ұлттық кодты сақтай білу болатын. Ұлттық код деп отырғанымыз, қазақтың бірден-бір ұлттық тілі, ділі мен діні. Латын әліпбиіне ауысқандағы негізгі мақсат – ана тілімізді таза күйінде сақтай білуге негізделеді. XX ғасырда Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінде қазақ тіліне шет тілдерден термин қабылдаған кезде бірнеше ұстаным болған. Біріншіден, шетел сөзінің баламасы ретінде қазақ тілінің өзінің сөздік қорына сөз табу. Екіншіден, қазақ сөзі табылмаған жағдайда түркі тілдерінен қарастыру. Егер одан да қолданысқа жарамай жатса, қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне сәйкестендіре отырып, сол жат сөзді қабылдау. Бүгінгі біздің тақырыбымыздың өзегі осы жат сөздерді қазақ тілінің дыбысына сәйкес қабылдауына байланысты» – деп көптеген ұстанымды атап өткен О.Жұбаева «Енді латын әрпіне көшкесін осыған дейін мән бермей, ескермей жатқан тұстарымызды ескеріп, нақтылап алуымыз қажет. Оған бірден-бір дәйек болатын XX ғасырдағы А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы бастаған Алаш зиялыларының еңбектерін негізге алуымыз қажет» – деді.
Кезекті сөз тізгінін алған жазушы, публицист, Бейбіт Қойшыбаев та сөзін арыдан бастады. Өткен күндердегі латын әліпбиімен кириллицасына талдау жасай келе, бүгінгі қабылдағаны нағыз қазақтын айнасы, айқын көрсеткіші дейді. Ол «Елбасымыздың Ұлттық жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру аясында көптеген жұмыстар іс жүзінде жүзеге асып келеді. Барлық халық қолдады және орындауға кірісті. Латын әрпіне оралу қазақтың тілін жоғалтпау, бұрмаламау деген сөз. Жаңа әліпбиді барлығы толықтай қолдайды. Қазақтың өзі екіге бөлініп кеткен болатын. Орыс тілді қазақтар және таза қазақтар болып. Ресеймен бірігетін болса, қуана-қуана келісетіндер де табылады. Сол олқылықтардың орнын толтырып, тілімізді орнықтыру үшін латын әліпбиі қажет» – деп ойын түйіндеді.
Келген қонақтардың баяндамасынан соң, мұрағат қызметкерлері кезекпен мінберге жайғасты. Алматы қаласының орталық мемлекеттік архивінің қызметкері Самал Сексембаева «Өткенге оралу» тақырыбында баяндамасын оқыды. Ол «Елбасымыздың «болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған Ұлттық жаңғыру деген сөзі ұлттық сананы кеңейтіп, кемелдендіру деп көрсеткен. Мұрағаттағы көптеген тарихи деректер, латын әрпінде жазылған кітаптардың барлығы бүгінгі күнге дейін сақтаулы. Латын әрпіне ауысу бұл, өткенімізге қайта оралу болып отыр. Мұрағатта сақталған бұрынғы деректердің кейбірін атап өтейін. Олар: 1917 жылы жарық көрген «Әдебиет майданы» журналы, шақыру қағаздар, айыпкер ретінде жауапқа тарту туралы хаттама, үкімдер тағы басқа да көптеген құжаттар дәлел бола алады. Латын әліпбиі – жарқын болашақтың негізі болса, оны көтеру, сақтау, мұра ретінде мұқалтпай жеткізу тарих сақтаушыларының қолында дер едім» – деп сөзін аяқтады.
Сондай-ақ Архив қорларын мемлекеттік есепке алу және сақтауды қамтамасыз ету басқармасының басшысы Гаухар Бекішева «Латын графикасындағы құжаттарға шолу» тақырыбында көптеген қағаз-деректерді баяндамасында барынша тізіп көрсетуге тырысыпты. Тарихи тұрғыда бұл қазақ жазуының соңғы 2 ғасырдағы 3-ші ірі реформасы болып табылатынын айтып, 1929 жылы болған көнференциядағы талқыланған мәселеге де қысқаша тоқтала кетті. «Хангелдиннің «Дидарай» пьесасына Әуезовтің 43 жылы жазған рецензиясы тағы да басқа көптеген маңызды құжаттарды президент мұрағатындағы көрмеден және арнайы сайтымыздан көріп, толық танысуға болады. Латын әрпіндегі жазу мен сызулар өткен кезеңде болғандықтан да, бүгінде еш қиындық тудырмауы тиіс. Латын графикасын қолдану тәуелсіз Қазақстан тарихындағы болашақ ұрпақ үшін зор әдебиетке ие, ірі ұлттық жобалардың бірі деп санаймыз», – деді Г.Бекішова.
Соңында баяндамаларды тапжылмай тыңдаған студенттерге де микрофон ұсынылды. Олар көптеген тың мағлұмат алып, латын әрпіннің тарихымен толықтай танысқандарын жеткізді. Жаңа графикаға көшу еш қиындық тудырмайтынын, керісінше келешектің кемелдене түсуіне сеніммен қарайтындарын айтты.
Салтанат Шырынхан