Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп

23 желтоқсан 2022, 10:34

Әне-міне дегенше ескі жылмен қоштасып, жаңа жылды қарсы алуға санаулы күндер қалды. Бұл жыл несімен ерекшеленді? Қандай сәттерімен жадыңызда сақталады? Ал келер жылдан не күтесіз?

Jas qazaq осы сауалдарды бірнеше сала өкілдеріне жолдады.

Асылы Осман, қоғам қайраткері:

Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болсын!

Қазақта «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деген сөз бар. Өтіп бара жатқан жыл қазақ елі үшін қасіретпен басталды. Ата-бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп, етігімен су кешіп, тоқымын төсеніп, ерін жастанып жерді қорғады, ұрпағына мирас етті. Бодандықтың бұғауынан босап, дербес ел атанғанымызға 30 жыл толғанда тәуелсіздігіміз шайқала жаздады. Елдің ішіндегі тыныштыққа көз алартушылардың, іріткі салып ыдыратуға ұмтылғандардың зымиян әрекеті жүзеге асқан жоқ. Ескі жылдағы жазылмас жара деп қаңтар қасіретін айтар едім. Өткен жолғы сұхбатымда да айтқан болатынмын, бұл оқиға өзі көптен бері әккілікпен әзірленген, бірнеше жылдан бері қарай дайындалған опасыздардың арандату ісі. Өкініштісі, сол дүрмекке ілесіп қаншама жастарымыз қыршынынан қиылды. Қоғамдық тәртіпті бақылап, тыныштықты күзетуге шыққан қаншама жастарымыз жарақат алды, ажал құшты. Жүрегің қан жылайды. Біз сөзге тоқтаған, ашуды ақылға жеңдіре алатын халық едік. Өзіміздің дүниемізді өзіміз тонап, бүлдіріп, қиратып, өртеп жібердік. Шығынның орнын әлі де бүтіндей алмай келеміз. Қаңтар кезінде отқа оранған ғимараттарға жөндеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Осының бәрін сырттан біреу келіп ұйымдастырған жоқ. Ел ішінде тыныштыққа іріткі салып, айрандай ұйыған елдің ынтымағын ыдыратуға ниетті арам пиғылдылардың кесірі. Қаңтар оқиғасы көп жайттың бетін ашып берді.

Барыс жылы еліміз үшін ауыртпашылығын аз артқан жоқ. Өрттен кейін өрт шалып, орманымыз отқа оранды, Қостанай облысында тұтас ауылдың үйлерін жалмады. Мұның бәрі де сынақ шығар. Шүкіршілік, егемен елде тұрып жатырмыз. Еңсе тіктейтін, етек-жеңімізді жинайтын кез келді. Өкпе-реніш, қиындық, кедергінің бәрі де өткен жылда қалсын деп тілеймін.

Келер жылдан не күтеміз? Ең әуелі Алладан тыныштық сұраймын. Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болсын. «Жаңа Қазақстан» бір күнде орнамайды, оған ел болып жұмыла күш қосқанда жүзеге асады. Жүйе жүйеленіп, бір реттік президенттік сайлауда жеңіске жетіп, жеті жылға Мемлекет басшысы болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырмалары жүзеге асады деп сенемін. Биылғы жағымды жаңалықтардың бірі – Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтқан қазақ тілін білмейтіндерге азаматтық құжаттың берілмейтіндігі. Осы енді жүзеге асады деп сенемін, ерекше күтемін. Өйткені қазақ тілі – менің тілім, мемлекетті құраушы ұлттың тілі. Қазақстан дейтін ел бар болса, сол елдің ұстыны, айбын, айбары ол – қазақ тілі. Қазақ тілі өзінің тұғырына нық қонғанда, іргесін нығайтқанда ғана тілдің айналасындағы мәселелер толықтай шешіледі. Өзінің мемлекеттік тілің мемлекеттік мекемелерде қолданылмаса, өрісі де, тынысы да тарылса, қалай өркендейді? Президенттік сайлауға өзін ұсынған кандидаттар сынақ кезінде мемлекеттік тілден емтихан тапсырады. Міне, мұндай емтиханды министрден бастап, әкімдер, басқа да лауазымды қызметтің құлағын ұстаған шенеуніктер түгел тапсыруы керек. Қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің аясы сонда ғана кеңиді, дамиды.

Қазақ даласына қоныс аударғанымызға сексен жылға таяды. Жер аударылып келген қамкөңіл адамдарға қазақтар құшағын ашып қарсы алып, бүтін нанын бөліп, жартысын жарып берді. Өзі аш болса да, көңілінің көлдігін, пейілінің дарқандығын көрсетті. Жаратқан еліміздің тыныштығын сақтасын, ел іргесі бүтін болсын, әлеуметтік теңсіздіктер, қордаланған мәселелер түйіні оңтайлы шешіледі деп сенемін. Сөз басында айтқанымдай, «Жаңа Қазақстанға» қарай қадам басамыз деп сенемін, келер жылдан соны үміт етемін.

Нұрдәулет Ақыш, Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері, жазушы:

Ескі жылға өкпе жоқ

Көз алдымызда қолын бұлғап өтіп бара жатқан әр жылдың өзіндік ерекшелігі болады. Осы шығармашылық ғұмырымда талай қызықты кезеңдерді, өзгеріске толы жылдарды, я болмаса, ештеңе өзгермей, беймарал ғана жылжып өткен жылдарды кейде есіме алып та қоямын. Салыстырып қарағанда, 2022 жылдың өзіндік түйткілді тұстары да, қуанышты сәттері де аз болған жоқ. Жазушы ретінде өз басымды қуантқаны ескі жылда мемлекеттік деңгейде балалар жылы деп жарияланып, соған орай балалар әдебиетіне де кең жол ашылды. Анықтамаға қарап, тексерген кезімде көзім жеткені – екі-үш жыл бұрын балалар әдебиетіне қалам сілтеп, үлес қосып жүрген ақын-жазушылардың саны 70-тен сәл ғана асқан екен. Балаларға деген шығармаларды жазу мүмкіндігі артып, өрісі кеңіген уақытта есептеп қарасам, бүгінгі таңда әдебиеттің осы өрісі – балалар әдебиетіне сүбелі үлес қосып, туындыларын жазып жүрген ақын-жазушылардың қатары 200-ден асып түсіпті. Соған қуандым. Бұлардың бірсыпырасы – Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өте қоймаған кейінгі буын өкілдері. Сонымен бірге ересектерге арнап жазып келе жатса да, егде тартқан шақтарында бүлдіршіндер әлеміне қайта оралып, өздерінің қалам қуатын балалар әдебиетіне қарай бұрып, әлеуетін сынап көруге ұмтылған ақын-жазушылар да жоқ емес. Демек мемлекеттік деңгейдегі балалар әдебиетіне, балаларға деген ниет-ықыластың күшеюі қаламгерлер қауымына үлкен серпіліс әкелгенін нақ осы жағдайдан бағамдаймыз.
Мемлекеттік бағдарламамен бірсыпыра кітаптар шықты. Олардың басым бөлігі сапалы туындылар екенін әртүрлі ақпарат көздерінен оқып, біліп, естіп жатамыз. «Айбоз» әдеби сыйлығының жариялануы, оның ішінде балалар әдебиеті аталымы бойынша да қаламгерлердің марапатталып, құрметке бөленуі де қуанышты жағдай болды. Әрине, бәйге болған соң көмбеден барлығының да көрініп оза шабуы қиын. Бірақ бәйге бұйырмаған шығармалардың ішінде де тәуір дүние бар деп санаймыз. Мұндай шығармаларға жүлденің тимеуінің де түрлі себептері де болуы мүмкін. Талапқа сай келмеуі, көлемі жағынан тура келмеуі де мүмкін. Мұны не үшін айтып отырмын? Бәйгеге, мүшайраға, конкурсқа жолданған шығармалардың бәйге алмағанының бәрі іске алғысыз деуге келмейді. Олардың да арасынан сұрыптап, сүбелі туындыны тануға болады.
Ескі жылдағы тағы бір игілікті бастама деп, «Балалардың кітапханаларда кітап оқу жылы» деген атаумен өткен акциясын айтуға болады. Еліміздің әр өңірінде осынау шара тұрақты түрде өтті. Алыс ауылдардағы кітапханаларда да балаларды кітап оқуға ынталандыру ісі жақсы деңгейде өтті.

Өткен жылға өкпем жоқ. 2021 жылдың жоспары бойынша шығуы тиіс «Ыбырай Алтынсарин алауы» романымның бірінші кітабы осы жылы жарық көрді. Соған шүкіршілік деймін. Екінші кітабы жарыққа шыққан соң қос томдықтың тұсаукесері өтеді деп ойлаймын. Екіншіден, 2021 жылы жазға салым бастаған «Қазақ балалар әдебиетінің тарихы» оқулығын да жазып аяқтадым. Қазақ балалар әдебиетінің бастау-бұлағы қай кезеңнен басталатынын, даму үдерісі қалай жүргенін, өзіндік соқпағы қалай қалыптасқанын оқырман осы оқулықтан табады деп ойлаймын.
Келер жылдан не күтеміз? «Балалар жылы», «балалар әдебиеті» деген ұғымды бір жылмен ғана шектеп, қаңтарып қоюға болмайды. Біздің болашағымыз балаларымыз десек, балаларға арналған шығармаларға қолдау жасау өткен жылмен шектелгені жарамайды. Бала оқырманды дана оқырман қатарына қосуға айрықша үлес қосатын шығармалардың жазылуын, кітап болып басылып, жарыққа шығып, таратылуын тиімділікпен жүзеге асырған абзал дер едім. Бұған ауылдық, аудандық, облыстық әкімдіктер, басқа да атқарушы орындардың басшылары көңіл бөліп, балалар кітабының өрісін кеңейтуге көңіл бөлгені жөн. Келер жылы Ыбырай Алтынсарин туралы дилогиямның екінші кітабын аяқтасам деймін. Келер жылы қазақ әдебиеті оның ішінде балалар әдебиетінің өрісі де арнасын кеңейтіп, орасан олжалы болады деп сенемін. Ескі жылға өкпе артпай шығарып салып, жаңа жылдан табыс пен жемісті жеңіс күтемін.

Бауыржан Тахауов, параволейболдан ұлттық құраманың бас бапкері:

Елдің іргесі бүтін болсын, Тәуелсіздігіміз тұғырынан таймасын!

Биылғы жыл біздің еліміз үшін де, халқымыз үшін де сынағын аз берген жоқ, қайырымы мол игілікті істерді де көрдік. Ең бастысы, елдің іргесі бүтін болса екен, тәуелсіздігіміз тұғырынан таймаса деп тілеймін.

Өзіміз спорт саласының маманы болғандықтан да осы бағыттағы жоспарлы істеріміз жүзеге асты. Параволейболдан әлем бойынша 70 команда бар. Міне, біздің жігіттер осы жетпіс құраманың ортасында өзінің беделін қалыптастырып, алдыңғы лектен көрініп жүр. Осы жылы әлем чемпионаты өтті. Сол додаға қатысу үшін оқу-жаттығу жиындарына бардық. Қазақстан чемпионаты өтіп, Атырау облысының командасы кезекті жеңіске қол жеткізді. Осы команданың спортшылары ұлттық құраманың негізгі құрамын жасақтайды. Он екі жыл қатарынан ел чемпионы болды. Наурыз айында Голландияда халықаралық турнирге қатысып, әлемнің таңдаулы құрамаларымен тартысқа түсіп, күміс жүлдегер атандық. Одан кейін Босния мен Герцеговина елінде өткен халықаралық турнирдің чемпионы атандық. Одан кейін әлем чемпионатына қатысып, «А» тобында дүниежүзінің үздік 16 командасымен тартысқа түсіп, 7-орынға тұрақтадық. Биылғы жыл қанжығамыз осындай додаларда майланды.

Келер жылы Қытай елінде Азия ойындары өтеді. Негізі биылғы жылы ұйымдастырылуы керек еді, пандемияға байланысты бір жылға шегерді. Тағы бір жағымды хабар, келер жылы отырып ойнайтын волейболдан (параволейбол) Азия чемпионаты Қазақстанда өтеді. Тәуелсіз елімізде тұңғыш рет параволейболдан Азия біріншілігі өтеді. Бұған дейін біз құрлық додасын өткізбедік. Алдағы жылы осындай додаларда спортшыларымызға сәттілік тілеймін.

Тұрдықұл Шаңбай, Семейдегі «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры:

Бізге артылған сенім – кейінгі ұрпаққа үлгі болу

«Jas qazaq газеті қашанда әдебиетке, мәдениетке, рухани дүниеге терең бойлап отырады. Әлеуметтік мәселелер де күн тәртібінен түскен емес. Алдағы уақытта газет осы бағытынан таймайды деп үміттенеміз.

Биылғы жыл несімен есімізде қалды? Биыл ауқымы кең, ауыз толтырып айтатын жаңалығымыз көп. Ең бастысы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен біздің тарихи музейге ұлттық мәртебе берілуі мүмкін. Құжаттардың барлығын дайындап, тиісті органдарға өткізіп қойдық. Біздің облыс үшін бұл үлкен жетістік. Атап өтетін оқиға – классик жазушы Мұхтар Әуезовтің мерейтойын өткіздік. Облыста Абай музейінің 10 экспозициясы бар. Семей қаласынан басқа Бөріліде, Жидебайда, Тақырда, Құндыздыда, Мақаншы ауданында музейлер бар. Одан бөлек, Қарауыл ауылында жаңа музей ашылды. Биыл ұйымдастырылған мәдени шаралардың барлығын биылғы жылдың еншісіндегі үлкен жетістіктер деп атап өткім келеді.

Алдағы жылдан не күтеміз? Әрине, жақсылық күтеміз. Алдымызда ойшыл ғалым Шәкәрімнің мерейтойы келе жатыр. Соған дайындықты бастаймыз. Сонымен қатар музейлердің сандық форматын дамыту бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылады. Бүгінде біз республикалық музейлердің арасында алдыңғы қатарға кіреміз. Үлкен-үлкен ғылыми жобаларға қатысып, өз үлесімізді қосамыз. Дәл осы сәтте мен Өзбекстандағы «Абай мұрасын насихаттау» жобасына қатысып жатырмын. Бұл шара Өзбекстан президенті Шавхат Мирзияевтің қолдауымен ұйымдастырылды. Тек Ташкентте ғана емес, Өзбекстанның барлық қалаларында Абайға арналған мәдени шаралар өтіп жатыр. Өзбек халқы Абай мұрасы мен шығармашылығын ерекше ықыласпен қабылдады. Еліміз мәдени жетістіктерімен де қуантып келеді. Алаш қайраткерлеріне арналған деректі фильмдер мен телехикаялар түсірілді. Қазіргі ұрпақ өз тарихын, мәдениетін біліп өсуі керек. Ол үшін насихатты тоқтатпауымыз керек. Келер жылдан үміт көп, бізге артылған сенім – кейінгі ұрпаққа үлгі болу. Осы жолда өз міндетімді атқара бермекпін».

Аида Қожмамбетова, журналист:

Жаңа реформалар жүзеге асып жатыр

«2022 жыл еліміз үшін ауыр сынақпен басталды. Қаңтар оқиғасында қыршын кеткен боздақтарға жүрегіміз ауырды. Бірақ біздің әулет, туыс-туғандардан ешкім зардап шекпеген соң бастапқыда үстірт қарадым. Мамыр, маусым айларында дәл осы қаңтар оқиғасына байланысты жұмыс тобында болдым. Қаза тапқандардың тізімін жасағанда, жиырмаға енді толған жастардың өмірі қыршынынан қиылғанын көрдім. Бұл қаңтардың қандай ызғарлы болғанын сездірді. Біз оқиғада зардап шеккен жандардың отбасымен сұхбаттастық. Жақынынан айрылған жанға ешқандай жұбату айта алмайсың. Биылғы жыл мен үшін осындай ауыр сезіммен басталды. Журналист болғаннан кейін жан-жақты ізденеміз. Біздің еліміздегі ғана емес, өзге мемлекеттердегі жағдай да мені алаңдатады.

Биылғы жылы есімізде ерекше сақталған оқиғалар: Қостанай өңіріндегі өрт, референдум, Президент сайлауы, қақаған суықта Екібастұздың жылусыз қалғаны және қымбатшылық. Алдағы жеті жылға зор үмітпен Президентімізді сайладық. Бірқатар жаңа реформалар да болып жатыр. Мені қуантатыны – халық бір-біріне қол ұшын беруге дайын. Еліміздің қай жерінде болмасын, қиын кезде барлығы бірігіп, көмекке келеді. Бірақ біздің жоғарыда отырған сенімді өкілдеріміз де халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі керек.
Әлбетте, жаңа жылда барлығы әп-сәтте өзгере қоймайтыны белгілі. Бірақ, әйтеуір, жақсылық күтеміз.

Қанат Серікұлы, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының неонатолог дәрігері:

Елімізді дамытуда жастарымыз аянып қалмайды

Дәрігер атын арқалап жүру оңай емес. Біздің мамандығымыздың жауапкершілігі өте зор. Биылғы жыл несімен есімде қалды деген сауалға жауап бермес бұрын, өзім туралы қысқаша айтып өткенді жөн көрдім.

Мен 1989 жылы Қызылорда өңірінде дүниеге келдім. Ата-анам екеуі де дәрігер. Кішкентайымнан ата-анамның қасында жүріп, емханада балалық шағым өтті десе де болады. Демалыс күндері ата-анам ақ халаты мен қалпақтарын тап-таза етіп жуып, карахмалдап, үтіктейтін. Маған бұл ерекше әсер етсе керек, кішкентайымнан дәрігер болуды армандадым. Орта мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медицина университетіне жалпы дәрігер ісі мамандығы бойынша оқуға түстім. Әрі қарай неонатология саласы бойынша резидентураны бітірдім. Алғашқы жұмысым жедел жәрдем көрсету бригадасында басталды. Қазіргі таңда Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында неонатолог болып жұмыс істеймін. Осы салада жұмыс істеуіме ықпал еткен ұстаздарым Константин Хаиров, Мөлдір Қалабаева, Азамат Оразалинов, Қахриман Ахтаров сынды білікті мамандарға алғысым шексіз.

Мен жұмысымның ерекше тұсын айтып өткім келеді. Біз тіпті анасын көрмеген жаңадан дүниеге келген сәбиге ота жасаймыз. Анасының денсаулығын алдын ала бақылау барысында, тексеруден өткен сынамаларына қарай отаға алдын ала дайындаламыз. Қазір Қазақстанда медицина қарқынды дамып келеді. Біз кейбір елдерден әлдеқайда көш алдындамыз. Бізде нақты жұмыс сағаты да жоқ. Тәуліктің қай кезінде болса да шұғыл отаға шақырып алуы мүмкін. 2021 жылы Киев қаласында мамандығыма орай ғылыми тәжірибеден өттім. Биыл осы шетелден алған тәжірибені пайдаланып, білгенімді одан әрі жетілдіре түстім.

Биылғы жыл несімен есімде қалды? Медицина саласында еліміздің жетістігі жоғары. Бұл сала даму әрі іздену үстінде. Биыл біздің ғылыми орталықтың 90 жылдығы болды. Республика көлемінде көптеген консилиумдар ұйымдастырылды. Ғимараттағы жан сақтау бөлімі толық жөндеуден өтіп, еуростандартқа сай жасалды. Ата-анам дәрігер, жолдасым да медицина саласының маманы. Төртеуміз бір дастарханда бас қосқанда тек медицина жайында, оның болашағы жайында әңгіме айтамыз. Бұл маған үлкен күш пен зор сенімділік береді. Келер жылдан тек жақсылық күтемін. Президентіміз жастарға үлкен сенім артып, қолдау білдіруде. Жас мамандарға барлық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Алдағы уақытта мемлекетіміздің дамуы үшін жастарымыз аянып қалмайды. Оған өзіміз де үлес қосатын боламыз.

Бетті дайындаған
Қуаныш Нұрданбек,
Мақпал Ноғайбаева

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?