«Ертіс орманы» резерватындағы өртке байланысты Павлодар облысындағы 3 ауылдық округ аумағында төтенше жағдай жарияланады.
«Павлодар облысы Шарбақты ауданының Александровка ауылдық округі, Галкино ауылдық округі және Шалдай ауылдық округі аумақтарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын. Оны жоюға бағытталған іс-шараларды өткізу үшін өзімді басшысы етіп тағайындаймын. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 15 шілдеден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады», — делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуовтің шешімінде. 15 шілде күні «Ертіс орманы» резерватында өрт тұтанды.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов барып, жағдайды өзі бақылауында алатынын айтты.
Павлодар әкімдігінің мәліметінше тілсіз жау 850 гектар орман алқабын жайпаған. Облыс әкімі Асайын Байханов «Ертіс орманы» резерватында болып жатқан өрттің қашан толыққанды сөндірілуі мүмкін мәлім етті.
JQ-Aqparat