Орталық Азияға ортақ думан немесе фестивальден не түйдік?..

04 қараша 2016, 13:07

festival-otkrytie

Фестиваль өтті. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын Орталық Азия елдерінің VI халықаралық театрлар фестивалі биыл өз қатысушыларын Талдықорған қаласында қабылдады. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қазақстан – Еуразия жүрегі» деген атаумен өткен өнер додасында Орталық Азия мемлекеттері арасынан 7 театр өнер көрсетті.

taldykorgan-teatry-spektakl

Фестивальге Астананың қос театры: Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры А.Чеховтың «Шие» (режиссері – Сергей Потапов), Астана қаласы Жастар театры У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясымен (режиссері – Нұрқанат Жақыпбай), алматылық «Жас сахна» театры Т.Слободзянектің «Одноклассники. Уроки жизни» шығармасын (режиссері – Барзу Абдураззаков) және Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры Б.Римованың «Қос мұңлық» драмасымен (режиссері – Мұрат Ахманов) қатысты. Шетелдік қонақ театрлар: Т.Миңнуллин атындағы Нижнекамск татар мемлекеттік драма театрының «Ана–Жер Ана» (авторы – Ш.Айтматов, режиссері – Рөстәм Галиев), Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының «Сабаншының жолы» (авторы – Ш.Айтматов, режиссері – Марат Козукеев) және М.Вохидов атындағы Тәжік мемлекеттік жастар театрының Б.Собирдің өлеңінің негізінде сахналанған «Ночь вдалеке от Родины» қойылымдары да сахна сынының көрігін қыздырды.

zhas-sahna-teatry-almaty«СЫНЫПТАСТАР.
ӨМІР САБАҚТАРЫ»

Фестиваль шымылдығын ашқан Б.Омаров атындағы «Жас сахна» театры ұжымы тәжік режиссері Барзу Абдуразаковтың сараптауындағы Т.Слободзянектің «Одноклассники. Уроки жизни» қойылымы мазмұн тереңдігімен ғана емес, режиссерлік ұтқыр шешімдерімен де ерекшеленеді. Оқиға сыныптастардың мектеп қабырғасындағы қызыққа толы бейкүнә бейбіт шағынан өрбіп, тіршіліктің ұлы сапары – Өмір мектебіндегі тағдыр сабағына ұласады. Сол жолда дәл мектептегідей адалдықтары мен бір-біріне деген сенімдеріне селкеу түсірмей, шынайы адами қалыптарын сақтай ала ма? Нақты тарихи оқиғаларды негізге ала отырып, жазылған қойылым кейіпкерлерді тағдыр тәлкегіне сала отырып, ар айнасын таразыға салады. Тағдыр ұсынған бұл сында сыныптастардың шынайы бетбейнелері ашылып, мінездері сан қырынан сарапталады. Туынды желісі автордың ерекше қолтаңбасының арқасында өте қызықты етіп құрылған. Драматургтың көркем ойын терең түсінген режиссер, қойылымның көркемдік һәм мағыналық тұрғыдан терең ашылуына жанын салғаны спектакльдің әр деталь, штрихынан анық көрінеді. Он орындық – он тағдыр. Осы арқылы тұтас бір дәуірдің келбеті суреттеледі.

kyrgyz-teatry«АНА – ЖЕР АНА»

Биылғы фестивальдің ерекшелігі сол – Шыңғыс Айтматов шығармашылығына кең тыныс ашылғандығы. Нақтырақ айтсақ, «Ана – Жер Ананың» жұлдызы жанды. Шетелден келген үш мемлекеттің екеуі: Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры мен Т.Миннуллин атындағы Нижнекамск татар мемлекеттік драма театры аталған қойылымды додаға қосыпты. Алайда әр театр бұл қойылымға өз ерекшелігімен келіпті. Қырғыз театры автор шығармасына классикалық сараптау, яғни толықтай пьеса желісімен келсе, татар театры сценография мен режиссерлік шешімге негізгі басымдықты береді. Яғни төл авторының шығармасына тереңнен бойлаған қырғыз труппасы әр кейіпкерінің мінез-болмысын, әрекетін жеке-жеке тарқатып, таразылайды. Қойылым режиссері Марат Козукеев көркем ойдан гөрі, басымдықты барынша натурализмге, шынайылыққа береді. Ал татар театрының «Ана – Жер Анасы» қырғыздардың сараптауына мүлдем қарама-қайшы. Мұнда негізгі оқиға бір ғана кейіпкердің – Толғанайдың айналасынан өрбиді. Шығармадағы өзге бейнелер бас кейіпкердің ішкі психологиялық күйін, замана келбетін көрсетуге қосалқы түрде қызмет етеді. Спектакльде сөз аз. Бірақ бар әркет пластикалық жүйе арқылы көркем шешімін тапқан. Қойылым режиссері Рөстәм Галиев классикалық туындыға өзіндік жаңашыл сараптауымен келе, бір ғана Ана бейнесі арқылы күллі ғаламға ортақ адами сезімдерді алға шығарады. «Ана – Жер Анадай» күрделі қойылымды моноспектакльге айналдыру режиссерден де, шығармашылық ұжымнан да жіті ізденісті талап еткендігі сөзсіз. Әрине, үлкен жұмыс жүрген кезде, кемшіліктің де қылаң беруі заңдылық қой. Бұл тұрғыдан келгенде, татар қойылымы да мінсіз емес. Қырғыздармен салыстырғанда, татарлар актерлерінің шығармаға бойлауы босаң, трагедияның негізгі түйткілін түсінуі әлсіз. Оны Толғанай бейнесінде көрінген Гузель Шамарданованың ойынынан айқын сездік. Актриса сараптамасындағы әрекетің нақты мақсатқа қызмет ету мен шешімгерліктің кемшін түсіп жатуы қойылымның эмоционалдық, екпіндік кернеуін бәсеңдетіп жіберді. Әйтсе де, азды-көпті осындай кемшіліктеріне қарамастан, қос қойылым да қатысушылар тарапынан жақсы қабылданды.

tadzhik-teatry

«ОТАНҒА ОРАЛУ»

М.Вохидов атындағы Тәжік мемлекеттік жастар театры әкелген «Ночь вдалеке от Родины» моноспектаклі – нақты драматургиялық шығарма негізінде емес, тәжіктің ұлттық ақыны Бозор Собирдің қойылыммен аттас өлеңінің желісі негізінде өмірге келген поэтикалық туынды. Мұнда режиссерлік тапқырлық та емес, сценографиялық шешім де, музыка мен жарық та емес, ең әуелгі екпін актерлік сараптауға, ішік тереңдік пен Отанға деген сағынышқа толы сезімді берудегі психологиялық көңіл-күйге түсіріледі. Негізгі күш – бас кейіпкердің өзінде, шығармашылық қиял қарымында. Қалған элементтер сол бейненің айналасынан өрбиді. Жалпы, көптеген Халықаралық фестивальдерде шығармашылық қарымын байқап жүргеніміздей, Тәжік театры қандай қойылымды қолға алса да, барлық жағынан ұлттық бояумен, ерекшелікпен келуге барын салады. Ол – музыкамен де, ол – киім үлгісімен де, ол – ол қимыл-әрекетпен де, ол – салт-жоралғысымен де… Сондықтан болса керек, тәжік қойылымдарын таза ұлттық колорит негізінде қорытуға, сол ұлттың төл көзқарасы айналасынан сараптауға, баға беруге тура келеді. Аталған қойылым да тәжік театрының сол бағзыдан келе жатқан дағдысынан танбады. Қойылым жүрген бір сағат уақытта тәжік ұлтының демімен тыныстап, өмір дағдысына етене бойлағандай ерекше әсермен шымылдық жаптық.

taldykorgan-kos-munlyk«ҚОС МҰҢЛЫҚ»

Бикен Римова атындағы Талдықорған театрының ұсынған «Қос мұңлық» монодрамасын тамашалағаннан кейін, біздегі облыстық театрлардағы драматургиялық түйткілдердің себебі өзінен-өзі белгілі бола қалды. Облыстық театрлар жергілікті көрермен талғамына қызмет етеміз деп, сахна мәдениетін қарабайырландырып, тұрмыстық деңгейге түсіріп алыпты. Театр ұжымының фестивальге ұсынған қойылымның драматургия талаптарынан алшақтығы өз алдына, режиссер М.Ахмановтың шығармаға суреткерлік тұрғыдан келу тәсілдері де көңіл көншітпеді, өкінішке қарай. Қарапайым баяндау, қарабайыр сараптау. Өзі тіні әлсіз шығарма еді. Режиссерлік қорытудағы шашыраңқылықтың кесірінен, спектакльдің көркемдік деңгейі, тіпті құлдырап кеткен. Бұл жерде негізгі күш, бар ауыртпалық басты рөлдегі актриса – Қазақстанның халық артисі Алмахан Кенжебековаға түскен. Қырық жылға жуық өмірін өнерге арнап жүрген сақа өнерпаз ғой, қойылымның бар кемшілігін даладай кең болмысымен, ішкі тереңдігімен барынша жасырып-жабуға тырысып-ақ жүр. Бірақ, тіні әлсіз шығарманың олқылығын жабуға Ана рөлін кемеліне келтіріп ойнап жүрген кемеңгер актрисаның табанды тер төгуі де көмек ете алмады. Осы тұрғыдан келгенде, облыстық театрларға фестивальге, әсіресе халықаралық деңгейдегі өнер байқауларына ұсынар қойылым дайындауда үлкен ізденістің қажеттілігі байқалады.

 

shie-astana«ШИЕ»

Астананың Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театры сахнасында якут режиссері Сергей Потаповтың А.Чеховтың әйгілі «Шие бағы» туындысы негізінде сахналаған комедиясы соңғы жылдары сахна өнеріндегі үздік ізденістердің бірі ретінде көпшіліктің аузында жүр. Шие бағының тағдыры арқылы тұтастай ұлттық құндылықтарымыз бен ұлт тағдырына қатысты түйткілді мәселелер көркем тілде сахнадан тіл қатады. Драматургия мазмұнындағы құндылықтың құны азайып, адамдар бір-бірін тыңдаудан, ұғынысудан, бірін-бірі бағалаудан қалған, адами қасиеттерді аялап, құрмет тұтудан ажыраған болмысымыздағы бейберекетсіздікті режиссер сахнаға сәтті алып шығады. Дәл пьесадағыдай мүдделі шашыраңқылық қойылым тілінде де өз бедерін тапқан. Және оны режиссер аллегория, гротеск тәсілдері арқылы сахнада сәтті бедерлейді. Кейіпкер бейнелерін сараптауға келгенде де режиссердің тосын формаға табуға, классикалық туындыдан өз сүрлеуін шығаруға деген талпынысы айқын байқалады. Суреткердің онысы сәтсіз де емес. Ең бастысы, бұл қойылымда режиссер «қаллекилік» актерлердің жан-жақты қырынан ашылуына, сахналық үндестікте, біртұтастықта ансамбльдік жұмыс істеуіне мүмкіндік берген. Соның нәтижесінде, бұған дейін кілең қаһармандардың рөлін бейнелеп жүрген Ескен – Сырым Қашқабаев көрерменге мүлдем басқа амплуада танылды. Ғайып – Қуандық Қыстықбев пен Балташ – Нүркен Өтеуіловтің шығармашылық тандемі де көп көңілінде жатталды. Сатылған шие бағы – құлдыраған құндылықпен паралель суреттелетін Фирс шалдың бейнесі Кеңес Нұрлановтың кейіптеуінде өз мақсатына жетті деп есептейміз. Сол секілді, Шие ханым бейнесіндегі Ақмарал Танабаева, Шарлотта – Айман Аймағамбет, Жарас – Шах-Мұрат Ордабаев, Дәрия – Алтынгүл Серкебаева сынды сахнагерлер бұл қойылымда өзге рөлдерімен салыстырғанда, өзіндік ерекшелік қалыптастырғаны бірден байқалады. Әйтсе де, қойылым жанры міндеттейтіндей, труппа тарапынан «комедия жасаймыз» деп актерлік ойынды кейде, тіпті асыра сілтеп жіберетін тұстар да оқтын-оқтын ұшырасып жатты. Күлкіге қызмет етеміз деп, актерлердің күлдібадамдыққа, қайталау мен дарақылыққа ұрынып қалып жатқан жәйттеріне жолығыстық. Дастан Әлімов кейіптеген Пәтөнәй рөлі – осы айтылған кемшіліктердің құрбаны.

asauga-tusau-zhastar-teatry«АСАУҒА ТҰСАУ»

У.Шекспирдің бұл әйгілі комедиясы жайында кеңінен көсілуге болады. Себебі аталған қойылымның қазақ сахна өнерінде алар орны айрықша. Кезінде сахна саңлақтары – Шәкен Айманов пен Хадиша Бөкеева жұлдызын жаққан комедия мүлдем тосын форма, тың шешімде, араға алпыс жылдан астам уақыт салып, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайдың сараптауында көрерменімен қайта қауышты. Егер ХХІ ғасырдағы заманауи театр өнері талаптары тұрғысынан қарайтын болсақ, қазір тек қана құрғақ сөзді тірек етіп қойылым қою жаңалық болудан әлдеқашан қалған. Бүгінде театрдың синтетикалық өнер ретіндегі рөлі алға шықты. Көрерменді таңқалдырарлық жаңалық ұсынбасаң, театрға өз еркімен табан тірей қояр жастар саусақпен санарлық. Себебі қазіргі ғылыми техниканың қарыштап дамыған ғасырында, сахна арқылы ақыл айтып, пәлсапа соғып отыруды – уақыт та, сахна заңдылығы да көтермейді. Әлемдік театр үрдісінде театр – шығармашылық қиял қарымын таразыға тартып, сынға салатын талғам барометріне айналған. Сондықтан да сахнада қарабайыр ойлап, қарапайым тіршілік кешуге титтей де орын жоқ. Қазір тәжірибенің ғасыры. Міне, осы үрдісті өз шығармашылығында үздік пайдаланып жүрген отандық режиссерлердің ішінде Нұрқанат Жақыпбайдың есімі ерекше атап өтуге әбден лайық. Әлемдік театр, режиссура мектебінің озық тәжірибелерін игере отырып, соңғы он жылда қазақ театр үрдісінде соны сүрлеуін, кәсіби мектебін қалыптастырған отандық жалғыз режиссердің есімі де Нұрқанат Жақыпбайға келіп тіреледі. Фестивальдің шымылдығын жапқан «Асауға тұсау» комедиясы жоғарыда келтірген деректерімізді толықтай дәйектейді. Мұхтар Әуезовтің тәржімасымен көрерменге жол тартқан спектакльді езуге күлкі жимай көру мүмкін емес. Оған қоса, сахна суреткері тарапынан ұсынылған тосын да тың шешімдер көрерменін бір сәт те бей-жай қалдырмайды. Нұрқанат Жақыпбай қолтаңбасына тән жаңашылдық пен тосыннан, тыңнан өрілер режиссерлік тапқырлықтар Шекспир шығармасының шырайын кіргізді. Атап айтар болсақ, комедияның көңіл марқайтқан тұсы – актерлік ансамбль өнерінің біртұтастықта жүйеленуі. Тұтастай театр труппасы қатысқан қойылым осы ұйымшыл ұжымдық бірліктің арқасында көкейге берік орнықты. Сахнадағы кеңістіктің көп бөлігін қимыл-қозғалысқа сай бос қалдырып, артистердің өзі жанды декорацияға айналған. Әр актердің ішкі сезімімен бірге сергелдеңге түсіп, бірге толқып, бірге қозғалған сахна суретінен әрқайсысының жүрек лүпілін сезгендей боласыз. Әсіресе, Петручио бейнесіндегі Әділ Ахметов пен Катарина – Айнұр Рахипованың сахна тілі мен пластикалық әрекетті қатар алып жүре, серіктес ретіндегі терең түсініскен берік тандемі айрықша атап өтуге тұрарлық үздік ізденіс деп есептейміз. Люченцио – Дәурен Серғазиннің, Грумио – Жандәулет Батайдың, Транио – Ербол Тілеукеновтің, Гремио – Бейбіт Құсанбаевтың, Гортензио – Нұрлыбек Төлегеннің, Банделло – Бекжан Керімбаевтың ойындары да көңілге құрмет орнықтырады.
Қойылымның келесі артықшылығы – актерлердің пластикалық мүмкіндігі. Цирк артистеріне тән шеберлікпен сахнаның арғы бетінен бергі бетіне секіріп, шеңбер жасай, домалай қозғалған труппа таланты мен әр түрлі дыбыс шығаруда қақпақ, ожау, шылапшын сынды сан түрлі құралдарыдың көмегіне жүгінуі де эксперименттік театр элементтерін ұтымды көрсетеді. Мұның барлығы комедияның көркемдігін үстеп, көрігін қыздырды. Езуге күлкі үйірді. Астаналық көрермен үшін ғана емес, Орталық Азия елдерінің түкпір-түкпірінен жиналған театр мамандары үшін де Шекспирдің қазақ сахнасы төрінен жаңашыл үнде тіл қатуы үлкен жаңалық болды. Талдықорған жерін мерекеге ұластырған өнер думанының нүктесін «Асауға тұсау» қойылымы осылайша лайықты түйіндеді.

ТҮЙІН

Сонымен, үш күнге созылған өнер додасы өз мәресіне жетті. КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов бастаған, құрамында: Абдугаффор Абдужаббаров (Тәжікстан Республикасы), Нияз Игламов (Татарстан Республикасы), Жаныш Құлмамбетов (Қырғыз Республикасы), Бахрам Осмонов (Әзірбайжан Республикасы) сынды Орталық Азия елдерінің білікті мамандары топтастырылған қазылар алқасы ақылдаса келе, бас жүлдені Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрының «Шие» қойылымының қанжығасына байлады. І орын – У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын үздік сахналаған талантты ұжым – Астана қаласы Жастар театрының еншісінде. «Тарихи естеліктерді қайта жаңғыртқаны үшін» аталымындағы арнайы жүлдеге алматылық «Жас сахна» театры ұсынған Т.Слободзянектің «Одноклассники. Уроки жизни» қойылымы, «Актер дуэт» номинациясына – М.Вохидов атындағы Тәжік мемлекеттік жастар театры ұжымы, «Театр өнеріне қосқан қомақты үлесі үшін» жүлдесіне Алматы облыстық Б.Римова атындағы драма театрының актрисасы Алмахан Кенжебекова лайық деп танылды. Сонымен қатар Алматы облысы әкімінің арнайы сыйлығымен «Ш.Айтматов прозасын классикалық оқуды сақтағаны үшін» Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры және «Жаңа театр тілін Ш.Айтматовтың әдеби мұрасымен байланыстырудағы ізденісі үшін» Т.Миннуллин атындағы Нижнекамск татар мемлекеттік драма театрының ұжымдары марапатталды.

Назерке ЖҰМАБАЙ,
Астана – Талдықорған – Астана

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала