Ортақ өгізден – оңаша бұзауға

10 маусым 2022, 11:35

Ғаламдық сарапшылар арасында «Жаһанданудан – оқшаулануға» дейтін жаңа ұғым пайда болды. «Санкция соғысы» дүниеге әкелген тіркес. Мәнісі – әркім өз қамын өзі күйттеуі тиіс. Себебі көптеген елдер өзінде көп, өзгеде қат тауардың шетке шығуына шектеу қойды. Соның салдарынан осы уақытқа дейін үздіксіз жұмыс істеп келген сауда-саттық айналымы сыр бере бастады. Мұның кесірін біздің ағайын қасқалдақтың қанындай таптырмайтын дүниеге айналған қант арқылы көріп отыр. Шекерсіз шай ішпейтін қазекең қымбат болса да сатып алуға мәжбүр.

Тұтыну нарығында қалыптасқан ахуал өткен ғасырдағы 90-жылдардың басын еске түсіреді. Кеңестік жүйе ыдырағанда шаруашылық байланыстың бәрі үзіліп қалды. Шалбардың матасын көршіден, бояуын басқадан, түймесін тағы бір жақтан алатын тігінші жұмыссыз, жұрт киімсіз қалып еді.

Капитализмге көшкен соң «Жаппай жаһандануға» дейтін ұранның жетегімен өзгенің бұйымына иек арту белең алды. «Өзімізде өсіргеннен гөрі шетелден сатып алған арзанға түседі» дейтін түсінік үстемдік құрды. Қант қызылшасын өсіретін диқанның кетпенін тот басты. Шекер шығаратын зауыт жабылды. Есесіне, алыстағы Американың күнгейіндегі фермер қант қурайына тоқтаусыз тапсырысты көріп, алақанын ысқылады. «Дистрибьютор» деген әдемі атауды иемденіп алған біздегі делдал-алыпсатардың да қалтасы қампайып шыға келді.

Ауызы дуалы саясаттанушылар қалыптасып жатқан ғаламдық жаңа жүйе жаһанданумен қоштасатынын айтып жүр. Бұл экономикалық тәуелсіздікке, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізу кез келген мемлекет үшін көкейкесті міндет деген сөз. Мұндай дербестік, әсіресе, азық-түлік пен киім-кешек секілді тұтыну тауарларын өзімізде өндіруге алып келер еді. Оған мүмкіндік те, ресурс та жеткілікті. Тек Жетісу өңірінде диқанды егіс алқабына, жұмысшыны қант зауыттарына қайта әкелген Амандық Баталовтай әкім-менеджерлер керек бұл іске. Мамандарға жүгінсек, Жетісу, Жамбыл және Павлодар облыстарында қант қызылшасын көптеп өсіруге, шекер шығаратын кәсіпорындардың қуатын молайтуға барлық жағдай бар.
Түркия сияқты ауыл шаруашылығы айрықша дамыған, өзін азық-түлікпен қамтамасыз ететін елдердің тәжірибесіне көз тастасақ, өңірлер белгілі бір салаға маманданады. Ғылым, университет және кәсіптік білім беретін оқу орны диқан немесе малшымен тығыз байланыста. Ғалымдар мен студент тапқан жаңалығын еш кедергісіз өндіріске енгізеді. Түрік үкіметі бұған кешенді көзқарас пен шағын және орта кәсіпкерліктің арқасында қол жеткізіп отыр.

Әлемдік нарықтағы ендігі беталыс осындай. Көштен қалмайық десек, еңбекке, отандық өнімге деген құрметті арттырған жөн болар.

Срайыл Смайыл

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды