Масаншы оқиғасы көп түйткілдің бетін ашып тастағандай. Мәселен, бұл жағдай жер-жердегі жемқорлық пен құқықтық нигилизмнің салдарын айғақтады. Мемлекеттік тілдің біріктіруші қызметін мансұқтау, өзге құндылықтарды елемеушілік туралы да сөз болуда. Жерге, мемлекеттік тілге құрмет қандай болуы тиіс? Біз осы мәселелер төңірегінде Мәжіліс депутаты Дархан МЫҢБАЙДАН сұрап көрдік.
Jas qazaq: Дархан мырза, сіз үш-төрт жыл бұрын Қазақстан Халқы ассамблеясының хатшысы болып, түрлі ұлт өкілдерімен тікелей жұмыс істедіңіз. Жалпы этносаралық саясатты жақсы білетін маман болғандықтан, Қордайдағы жағдайға байланысты бір-екі сұрағымыз бар еді. Осы жолғы қақтығыс жалаң ұран, көзбояушылықтың алысқа бармайтынын көрсеткендей. Дәл осындай келеңсіздік тағы да қайталанбауы үшін біз не істеуіміз керек?
Д.МЫҢБАЙ: Соңғы кездері басылымдарда, басқа да ақпарат арналарында ашық пікірлер айтыла бастады. Меніңше, оның, әдеттегідей, екі жағы бар. Тіпті жекелеген сарапшылар бар дүниені, қол жеткен нәтижені жоққа шығаруға тырысты. Мәселенің мәнін түсінбей жатып, бояуын қалыңдатып жағып жібергендер де абырой таппады. Дегенмен, мұның бәрі айтылуға тиісті нәрсе. “Ел -елек” дегендей, елдің назарына дұрыс пікірлер ғана ілігеді.
Мысалы, Ресейде тұратындар орыс тілін білуге міндетті. Ол өте дұрыс. Біз Ресейден осыны неге үйренбейміз? Қазақстанның мемлекеттік тілі, тіл туралы заңы бар. Алайда сол заңға құрметсіздік басым. Мемлекеттік тілді кез келген адам білуі керек! Тіпті, дамыған Францияға барып французша сөйлемесең, сен адам емессің, ешкім сенімен сөйлеспейді. Бәріміздің шынайы демократиялық мемлекет құрғымыз келеді. Бүкіл әлем сол жолды таңдап отыр. Ол жай ғана сөз емес, демократия деген жауапкершілік.
Кез келген қылмысты «этникалық сипат алып кетеді» деп қауіпттенуге болмайды. Қазір жұрттың бәрі сауатты. Арандатудың немесе айдап салудың не екенін біледі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстан емес қазір. Ресей федеративтік мемлекет. Ал біз унитарлық мемлекетпіз. Оның үстіне бізде барлық этностарға өз тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасалған. Ал мемлекеттік тілді қоғам қажет етіп, неғұрлым тезірек меңгерсе, соғұрлым мақсатымыз да, мүддеміз де, болашағымыз да ортақ болатыны даусыз. Елімізде осы жолмен көп жетістікке жеткен этностар баршылық. Бірлікке сүбелі үлесін қосып сол бауырлар өзгелерге өнеге көрсетіп, даудың алдын алуда да дәйекті болса келеңсіз жағдай болмайды. Мәселен, Елбасымыз «Көпұлттылық біздің кемшілігіміз емес, артықшылығымыз» — деп айтқан. Алайда этнос ұйымдарының жекелеген жетекшілері мұның байыбына барып, бағалап, өз орталарында түсіндіруі кемшін болып жатады. Қоғамда кездесетін кез келген мәселені шешу үшін тек заң керек деп отырсақ, алысқа ұзамаймыз. Сонда туған жеріңді, ата-анаңды сүю үшін, достығыңды берік ету үшін де арнайы заң керек пе? Біздіңше, қоғамдық, ұлттық сана мемлекеттік санамен қабысып жатса, ондай жөнсіз әңгімеге де орын қалмас еді. Жалпы, елімізде этносаралық мәселелерге қатысты Конституциямыздан бастап 13 заң бар. Бәріміз Қазақстан азаматы болғаннан кейін, құқығымыз тең. Барлық адамға талап та, міндет те бірдей болу керек. Сонда ғана нағыз демократиялық ел боламыз деп ойлаймыз.
Тағы бір айтып кететін мәселе: Президентіміз Қ.Тоқаев «Қазақстанда тұратын этностар өз тілдерін оқып қолдануға, мәдениетін дамытып, әдеп-ғұрпын сақтауға құқығы бар. Солай болып қала береді. Бұған қоса, қазақ тілі әлі де жедел даму қажет» — деді.
Болашақта оны шын мәнінде ұлтаралық байланыс тіліне айналдыруға қоғамның өзі мұқтаж болады. Тездету үшін сөзден гөрі жүйелі білім, тыңғылықты жұмыс қажет. Бұл баршаға, соның ішінде этнос ұйымдарына да байланысты. Ал Қордай оқиғасы сияқты келеңсіз жағдай қайталанбауы үшін не істеу керек? Ол жөнінде жергілікті атқарушы биліктің тиісті жоспары бар болса керек. Басқа халықпен араласу үшін, оқшауланып, томаға тұйықтанбау үшін тек қаражат керек десек қателесеміз. Болашағымыздың бір екендігіне сенім керек. Жергілікті мемлекеттік мекемелер сол шаруамен айналысу керек. Балабақша, мектеп міндетті түрде мемлекеттік тілде оқыту керек. Мұны ашық айтатын кезең келді, оны басқа этнос өкілдері де дұрыс түсінеді деп ойлаймыз. Көп жұрт мұны дүңгендер мен қазақтардың арасындағы мәселе деп қарайды. Олай емес. Неге бұл мәселе украиндардың, немістердің, болмаса әзірбайжандардың мәселесі болмауы керек? Осы елде тұрып жатқандықтан, бұл ортақ мәселе. Өйткені, бетін аулақ қылсын, Қазақстанға жаманат келген кезде қандай этнос өкілі болса да, бірге жауап беруі керек. Оған қазақ ғана жауап беріп, дәлелдеуге міндетті емес. Жақсылықта да, жамандықта да бірге болу керек.
Jas qazaq: Тілдің ғана емес, мемлекеттік мүдденің ортақтығы керек дегеніңіз, шынымен жұрттың көңіліне қонады.
Д.МЫҢБАЙ: Баяғыда Шерағаң (Шерхан Мұртаза) айтатын бір әңгіме бар еді. Біреудің үйі өртеніп жатса, көршісі қойдың басын үйітіп отыр екен дейтін. Тура сондай жат пиғыл болмау керек. Білім беру мекемелерінде мемлекеттің саясаты толықтай жүруі керек. Ортақ ереже ұстануымыз керек.
Ортақ мемлекетіміз Қазақстанды сүю деген – бір-біріміздің мәдениетімізді білу, мемлекеттік тілді, осы елдің тарихын, елі мен жерін білу деген сөз. Екіншіден, әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін, дін мен ділін сыйлау деген сөз. Бірде Германиядан келген этносарапшылар «Біз босқындардың көп келуіне байланысты қасиетті Құран туралы оқып-танысуға мәжбүр болдық. Полицейлеріміз исламның не екенін білуі керек болды» — деп еді. Міне, қараңыз! Германия босқындардың дінін құрметтеп отыр. Ал Қазақстан деген қанша этностардың жұртына Отан болып отырған қасиетті ел ғой. Ендеше неге басқа этнос өкілдері мемлекеттік тілді білмеуі керек? Неге сол елдің тілінде сөйлемейді? Бұл да ойланатын мәселе. Қазақстан басқа этностардың тілін, мәдениетін дамытуға тыйым салып отырған жоқ қой. Мемлекеттік тілді білетін кісілер Ассамблеяның жиынында ғана қазақша сайрайды. Басқа жерде мүлде басқа адам сияқты. Меніңше, олай болмауы керек. Бұл мемлекеттік тілге құрметсіздік болып табылады. Тілді, елді құрметтеу сахнада, жұрттың көз алдында ғана қойылатын көзбояушылық емес.
Жарас Кемелжан