jasqazaq.kz

Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия

Бүгін, 14:11


Балалардың психологиялық саулығы – қоғамның болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Соңғы жылдары жасөспірімдер арасында күйзеліс, жалғыздық сезімі мен өз-өзіне сенімсіздік жиілеп барады. Мұндайда баланың ішкі жан-дүниесін байытуға, өмірге құштарлығын арттыруға ықпал ететін ең қуатты құралдардың бірі – өнер, оның ішінде музыка десек, артық айтқандық емес.
Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебі осы бағытта 2020 жылдан бастап жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мектепте бүгінде 160-қа жуық бала тегін білім алуда. Оларды 23 білікті педагог 11 түрлі музыкалық пән бойынша тәрбиелеп отыр. Әр сынып заманауи дербес компьютерлермен жабдықталған. Бұл – тек музыка үйретіп қана қоймай, кәсіби маман даярлайтын орталыққа айналғанын көрсетеді.


Мектеп ұжымы өнер арқылы балалардың бойына сенім, позитивті ойлау, жауапкершілік сезімін сіңіруді басты мақсат санайды. Жас музыканттар түрлі байқауларда жетістікке жетіп жүр. Мысалы, 2021 жылы жетігеншілер облыстық байқауда бас жүлдені иеленсе, халықаралық деңгейдегі конкурстардан да жыл сайын жүлделі орындар әкелді. Сонымен бірге мектеп ұжымы ғылыми-әдістемелік еңбектерімен де танылып келеді. Жақында өткен «Қосымша білім берудің кәсіби бағдарлау миссиясы: қызығушылықтан – болашақты таңдау» атты секциялық отырыста Гүлжазира Ақтаевна «Домбыра аспабын үйренудің әдіс-тәсілдері» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, әріптестер тарапынан жоғары бағаланған. Ал фольклорлық ансамбль мен саксофон сыныбының орындаушылық шеберлігі тыңдармандар жүрегінен орын алған.
Осы орайда біз «Ақжайық» музыка мектебінің директоры Сырым Айсыновпен сұхбаттасып, музыканың балалардың психологиялық саулығына әсері мен мектептің жетістіктері жайында пікірін білдік.

– Музыканың балалардың психологиялық саулығын нығайтуда қандай рөлі бар деп есептейсіз?

– Музыка – жанның дәрігері. Әсіресе, балалар үшін оның әсері ерекше. Ән тыңдаған, аспапта ойнаған бала бойындағы күйзелістен арылады, көңілі жайланады. Эмоционалдық тепе-теңдік орнайды. Біздің оқушылардың да психологиялық тұрғыдан ашыла түсуіне музыка үлкен ықпал етуде. Әр сабақ – олардың тек музыкалық білімі ғана емес, жан дүниесінің байлығы, сезім әлемінің тынысы.

– Сабаққа қатысып жүрген оқушылардың эмоциялық тұрақтылығы мен өзін-өзі бағалауына музыка қалай әсер етеді?

– Әрбір сахнаға шыққан бала өзін жеңеді. Басында қобалжығанымен, қолдау көрген сайын өзіне сенімі артады. Музыкалық білім беру үрдісінде балалардың көпшілік алдында сөйлеу, өз ойын жеткізу дағдылары қалыптасады. Бұл олардың өзін-өзі бағалауына үлкен әсер етеді. Мысалы, облыстық байқауда бас жүлде алған жетігеншілеріміз алғашында өте уайымшыл болатын. Ал қазір олар өздерін еркін ұстап, үлкен сахналарға дайын екендерін көрсетіп жүр.

– Сіздің мектебіңізде балалардың күйзелісін азайтуға немесе психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған арнайы әдістемелер қолданыла ма?

– Иә, біздің мектепте арнайы психологиялық қызмет жұмыс істейді. Арт-терапия, музыкалық ойындар, хорға немесе ансамбльге қатыстыру сияқты әдістемелерді жиі қолданамыз. Ән айтқанда бала эмоциясын сыртқа шығарады, ал ансамбльде ойнау бір-біріне сүйеніш болуға үйретеді. Бұл – топтық қолдау мен сенім қалыптастыратын ең тиімді тәсіл.

– Өнермен айналысу жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау сияқты қауіпті қадамдарға бармауына ықпал етеді деп ойлайсыз ба?

– Әрине. Өнер – баланы өмірге «байлайды». Сабаққа келіп, жаңа шығарманы үйренген бала уақытын пайдалы өткізіп қана қоймайды, өзін қоғамға қажет екенін сезінеді. Домбыра шерткенде немесе хорда ән салғанда олардың жанарынан өмірге деген құштарлықты көреміз. Өнерге келген бала жалғыз қалмайды, әрдайым ортада жүреді. Бұл – психологиялық тұрғыдан үлкен қорғаныш.

– Музыка арқылы балалардың бойында сенім, өмірге құштарлық пен позитивті ойлау дағдыларын дамытуға арналған іс-шаралар ұйымдастырыла ма?

– Бізде жыл сайын түрлі байқаулар, концерттер, шығармашылық кештер өтеді. Бұл іс-шаралардың мақсаты – балалардың өз қабілетін ашуына мүмкіндік беру. Жүлде алу маңызды емес, бастысы – олардың сахнаға шығып, өзін көрсетуі. Сондай сәттерде балалардың көзінен қуаныш, мақтаныш сезімін көреміз. Ол олардың болашақтағы тұлғалық қалыптасуына ықпал етеді.

– Қиын жағдайға тап болған немесе психологиялық тұрғыда әлсіз балаларға музыка терапия ретінде қолданыла ма?

– Иә, тәжірибемізде мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Психологиялық тұрғыда әлсіз, тұйық балаларды баяу әуен тыңдатуға, хорға қосуға немесе жеке аспапта ойнауға бейімдейміз. Ән айту мен әуен орындау – жанды тазартатын, күйзелісті жеңілдететін әдіс. Кейбір балалар алғашында мүлде сөйлемейтін болса, қазір сахнаға шығып ән салып жүр. Бұл – музыкатерапияның нақты нәтижесі.

– Алдағы уақытта «Ақ жайық» музыкалық мектебі балалардың психологиялық саулығын нығайту және рухани құндылықтарын арттыру бағытында қандай жаңа жобаларды қолға алуды жоспарлап отыр?

– Біз жыл сайын түрлі қалалық, облыстық концерттерге қатысамыз. Сонымен қатар, мектеп ішінде ашық концерттер ұйымдастырып, ата-аналарды шақырамыз. Осындай шаралар арқылы өнердің қоғамдағы рөлі артып, балалардың да жауапкершілігі күшейеді. Алдағы мақсатымыз – музыкатерапияны кеңінен қолдану, балаларға арналған арнайы шығармашылық тренингтер өткізу. Сондай-ақ ұлттық музыкамен қатар заманауи бағыттарды да дамытуды көздеп отырмыз. Ең бастысы – әрбір бала өнер арқылы өзін табуы, өмірге құштарлықпен қарауы.
Қорытындылай келгенде, «Ақжайық» музыка мектебі – тек өнер үйрететін орын емес, балалардың психологиялық саулығын нығайтатын, өмірге деген құштарлығын арттыратын үлкен орталық. Осындай мектептердің болуы – қоғам үшін зор жетістік. Өйткені болашақтың сенімді, рухани бай ұрпағын қалыптастырудың кілті – өнер мен тәрбиеде.

Әлия Білдебекова
Түркістан қаласы

Бүгін, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы