Фариза Мақсұтқызы —жыр әлеміне өзінің ерекше қолтаңбасын қалдырғысы келіп жүрген өмірге құштар жан.
Фариза Мақсұтқызы 1993 жылы Түркістан облысы Созақ ауданы Қарақұр ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Ата-анасы қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынованың құрметіне ақын болсын дп ырымдап, Фариза қойыпты. Ол өзі туралы әңгімесін былай бастады: «7 айлығымда алғаш аяқ баса бастағанда , ауыр соққыдан тағдырдың тәлкегіне түстім. Дәрігерге барған күннен бастап өмір үшін күрес басталып кетті. Қаншама ота жасалды. Қаншама емшінің есігін тоздырдық. Әйтеуір, отаның нәтижесі жақсы болып, ел қатарлы мектепке бардым». Фариза ауылдағы орта мектептің бесінші сыныбына дейін оқиды. Ауыл балаларымен етене араласып, дос табады. Бесінші сыныпта денсаулығы сыр беріп, қайтадан сынаққа түседі. Емхана, ота, қала мен ауылдың арасындағы арпалыс қайта басталады. Өміріндегі ең ауыр ота жасалып, екі жыл үйінде емделеді. Ота Алматыдағы «Ақсай» балаларға арналған республикалық ауруханада жасалады. Дәрігер мұндай отаны тұңғыш рет жасағанын таңданыспен айтыпты. «Өмір үшін күрес мені ерте есейтіп жібергендей болды, — деп жалғастырды ол әңгімесін. — Бір күні «Қой, Фариза, бұлай жата беруге болмайды. Алға ұмтылуың керек» деп өзімді қамшыладым. Төсектен бар күшімді жинап, балдаққа тұрдым. Балдаққа сүйеніп, алғашқы қадамымды жасадым. Жүруге құштарланғаным сонша, бір күні балдақпен көшенің ортасына дейін кетіп қалыппын. Жолдың қақ ортасына жеткенде бір балдағым морт сынды. Бар дауысыммен «әке, әке» деп айғайлап жібердім. Бір жағынан құлап қалам ба деген қорқынышым бар. Әкем жанұшырған дауысымды естісе де келмеді. Қолымдағы екінші балдақты лақтырып жібердім. Қаншалықты қиын болса да, ауырғаны жаныма батса да үйге өз бетіммен жүріп келдім. Әкем көзіне жас алып мені күтіп тұр екен. Өзі жүруге талпынсын деп әдейі келмепті. Содан кейін бірте-бірте жүре бастадым. Аяққа тұрғаннан кейін қатарластарымнан қалғым келмей, мектепке асықтым. Бірақ қуанышым ұзаққа созылмады. Білім ордасының алдынан күтіп алған ұстаздар: «Мен сені мектепке алмаймын. Ата-анаң айтпады ма? Сонау жерден жаяулатып мектепке келесің, ертең сені біреу қағып құлатып кетсе кім жауап береді?! – деген сөзі сүйегімнен өтті». Өзі туралы ащы шындықты естіген Фариза бұдан кейін көпшілік жерге бармауға тырысады. Бұған дейін аяғын сылтып басатынына қарамастан, өзімен тетелес балалармен бірге білім алды емес пе? Ал енді ары қарай оқуына неге қарсы? Осы сарынды сан сауалға жауап таба алмаған Фариза ашық мінезінен бірте-бірте айырылып, тұйықтала береді. Бірде ата-анасы Төле би ауданы Көксәйек елді мекенінеде орталасқан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы мектеп-интернаты бар екенін естиді. Оны осы мектеп-интернатқа орналастырады. «Ұстаздардың сөзі өмірімді өзгертті. Өзімнің мүгедек екенімді алғаш рет сезіндім. Үйге келдім. Ешкіммен сөйлескім келмеді. Алып-ұшып жеткенде, бетімді қайтарып, қанатымды қайырғандай күй кештім.
Үйдегілерге «енді оқымаймын, мектепке бармаймын» деп қысқа қайырдым. Сол күннен бастап тұйықтала бердім, ешкіммен сөйлескім келмеді. Үйдегілер де не болғанын түсінбей дал болды. Кейін анам Қалаға апарып, арнайы мектеп-интернатқа орналастырды. Интернатқа барғаннан кейін ортам ауысты ма, басқа да себептер әсер етті ме, қызуым көтеріліп қатты ауырдым. Қасымдағы қыздан қағаз бен қалам сұраппын. Ауырып, дене қызуым көтерілген күйі қаламмен қағазға өлең жазыппын. Сол жазғаннан таңға дейін жыр жаза беріппін. Алғашқы өлеңім осылайша тылсым жағдайда жазылды», — дейді Фариза. Алғашқы өлеңін 16 жасынан бастап жаза бастайды. Оның өлең жазуға деген құштарлығын көрген дәрігерлер таңқалысын жасырмайды. Интернатты ойдағыдай аяқтаған соң Кентаудағы арнаулы кәсіптік колледжіне дизайнер-тігінші мамандығы бойынша оқуға түседі. Түрлі конкурстарға қатысып, мүшәйралардан да алғашқы орындардан көрінеді. Жүлделі орын алғанын ол былай деп есіне алды: «Әлі есімде, республика бойынша 68 адам қатысқан жарыста жүлделі орын алдым. Жарыс талабы бойынша жас ақындар өзінің авторлық өлеңінің бірін көпшілік алдында мәнерлеп оқуы керек. Кезек маған келген кезде көпшілік алдында өз өлеңімді жатқа оқудан бас тарттым. Әділқазы мүшесінің бірі: «Неге өлеңіңді жаттамай келгенсің. Жарыс талабы бойынша жатқа оқуыңыз керек», — деді маған қарата. Ал мен оларға: «Сөз зергері Абай да өз өлеңдерін жатқа оқыған емес, сол сияқты мен де өз өлеңімді жатқа оқи алмаймын», — деп жауап бердім. Барлығы ду қол шапалақтап, бас жүлдені сол жерде-ақ атап берді». Фариза оқуын аяқтағаннан кейін 19 жасында өзімен тағдырлас Абзал Абішев деген жігітке тұрмысқа шығады. Биыл отау құрғандарына он жыл болыпты. Бүгінде Фариза мен Абзал ұл мен қыз өсіріп отырған үлгілі отбасы. Абзал «Біз сіздермен біргеміз» қоғамдық бірлестігінің мәдени ұйымдастырушысы. Фариза да осы салада жұмыс істеп, кейін Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Парасат» әлеуметтік қызмет орталығы КММ ге ауысады. Қазір ол осы орталықта балалар мен ересектердің қол моторикасын дамытуға үйрететін еңбк жөніндегі нұсқушы маман. Ол өзінің жұмысы жайлы былай деп жалғады. «Қазір Алматыдағы «Парасат» әлеуметтік қызмет орталығында жұмыс істеймін. Орталыққа жұмыс істеуге келгеніме еш өкінбеймін. Бұл жұмыстың үлкен жауапкершілік екенін білемін. Сезінемін. Біз мүмкіндігі шектеулі балаларды бейімдеу кезеңінен өткенге дейін, өз-өзіне қызмет көрсете алатын деңгейге жеткенге дейін бақылаймыз. Әлеуметтік қызметкер болып өз жұмысын жақсы көретін, балаға шын мәненде жаны ашитын кең жүректі, күйзеліске төзімді адамдар ғана жұмыс істей алады. Бүгінгі таңда орталығымызды мүмкіндігі шектеулі психоневрологиялық ауытқулары бар 1,2 топтағы күндізігі жартылай бөлімде қызмет алушылар бар. . Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеу өте қиын. Олар кез келген ақпаратты, көрсеткен нәрсені қабылдай бермейді. Оларды ата-анасы әкеледі. Осы балалар қоғамның бір бөлшегі болса, шеттетілмесе екен деймін. Аз да болса, қоғамға пайдам тисе екен деймін. Қаладағы балаларға арнайы дамыту орталықтары бар. Ал ауылдағы балаларға ешқандай жағдай жасалмаған. Дамыту орталықтарын әр облыстағы елді мекендерден ашса, ондағы балалардың дамуына біраз сеп болар еді. Мүмкіндігі шктеулі әрбір бала қоғамнан өз орнын тауып, бір бөлшегіне айналса екен деймін»,- деп Фариза әңгімесін аяқтады. Әрдайым маңайына көмек қолын созғысы келіп тұратын нәзік келіншектің өмірге құштарлығы орасан. Тағдыр тәлкегіне мойымай, өз орнын тапқан қайсар жанға біз сәттілік тіледік.
Мақпал Ноғайбаева