«Кеше еді: күнде думан, күнде отырыс,
Ал бүгін: күнде қайғы, күнде өкініш.
Емхана, мәйітхана азан-қазан,
Тойхана, мейрамхана мүлде тыныш.
Толассыз суық хабар зарға көміп,
Жатады күндіз, кешке таңда келіп.
Қыршынын аза тұтып жатқан қазақтың басына көрінбейтін кеселден келген қасіретті айтыскер Балғынбек Имашев осылай сипаттаған. Расында, көңіл көтеруімізден көңіл айтуымыз көбейді. Жақынын жоқтап жатқандардың зары сүйектен өтеді. Қабырғаңа батады. Өлім дерегінің күрт өскені соншалық, зиратта орын қалмай барады.
Әлеуметтік желіге топырағы кеппеген, қаз-қатар тізілген мәйіттердің видеосын жұртшылық жан-жақтан жүктеп жатыр. Мұндай көріністі көргенде кімнің де болмасын жүрегі шым ете қалады.
Ахуалды өз көзіммен көру үшін қайбір күні Алматының Кеңсайына тарттым. Кеңсайдың біріншісіне бас сұқсам, сілтідей тыныштық орнаған. Анау айтқандай қарбалас жоқ. Сөйтсем, бұл жақта жерлейтін жердің қалмағанына біраз болған екен.
Екіншісіне бардым. Шетіне дейін жағаладым. Қала алақандағыдай көрінетін тау бөктерінің етегі жас бейіттерге толып кетіпті. Дені қоршалмаған. Әр жерде күннің ыстығында жейдесін шешіп тастап, терлеп-тепшіп қабір қазуға қызу кірісіп кеткен қабіршілер көрінді. Біреуіне жақындап жайлап әңгімеге тарттым:
– Қабір қазумен нәпәқа табасыз ба?
– Негізі қосымша жұмысым. Бірақ қазір негізгі жұмысыма айналды. Тапсырыс, тіптен күнде түсетін болды. Өліп жатқандар көп.
– Қызметіңіз үшін қанша аласыз?
– Ол жағын айтпай-ақ қояйыншы, әр кезде әр қалай. Жағдайына қарай да көреміз.
Індет табалдырықтан аттаған алғашқы айларда бетперде мен антисептикке сұраныс күрт артқасын, бағасы да бірден көтерілді. Бертіндегі дәрі-дәрмек төңірегіндегі дүрбелеңнен де құлағдар боларсыз. Сорақысы сол, қазір оңтайлы сәтті пайдаланып, оңай олжаға кенелгісі келгендер жерлеу рәсімінің құнын да шарықтатып жіберген. Негізі нарықтағы марқұмды ақтық сапарға аттандырудың бағасы орташа 150-200 мың теңгенің айналасында. Бірақ ковидтан көз жұмғандарды алалайтын агенттіктер де табылды. Оларды 300-350 мың теңгеге жерлейміз деп жұрттың ашуын тудырғандардың әбестік әрекеті бұқаралық ақпарат құралдарында айтылды. Тіпті Елорда тұрғыны әкесін жерлеу үшін агенттікке 400 мың теңге бергенін мәлімдеп, «бұл не масқара» деп іштегі шерін жұртқа жария етті. Онсыз да қайғыдан қан жұтып, қасіретке бөгіп отырған көпшіліктің көз жасын одан әрі еселеп жүргендердің ессіздігін қалай ақтаймыз?
Қай заманда болмасын, қазақтың басы қайғыда айрықша біріккен. Тірісінде жүз шайысқан адамы келместің кемесіне мініп кете барғанда, оған топырақ салуды, жақындарына қол ұшын беруді кім де болмасын парыз санайтын. Бұл – дала, ата академиясында тәрбие көрген, жөн-жоралғыны біліп, оны сақтайтындардың әрекеті еді. Ал қазіргідей қиын-қыстау кезеңде өлімнің өзінен қалтасын қампайтқысы келетіндердің көбеюі – құлқындарын қу ақшаның тескенінде. Олар ар-ұят, адамгершілік деген шекарадан әлдеқашан аттап кеткен. Алда-жалда жақыны қайтыс болғанның өзінде жоқ дегенде қызметі үшін жарты ақшасын алса да таң қалмаймын. Әйтпесе, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын сын сағатында ашкөздік танытуға бола ма? Көпке топырақ шашпаймын. Қазір мүмкіндігі барларға қолқа салып, ақша жинап, оған коронавирус қақпанына түсіп қиналып жатқандарға дем беретін құрылғыны алдырып жатқан жанашыр азаматтар бар. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік, керек-жарақ жеткізіп жатқандар қаншама. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген һәкім Абайдың тәмсілі біздің қазіргі өтпелі кезеңді сипаттауға дөп келетіндей. Басқа түскен баспақшыл, бір ғана биліктің бюджеттен ақша бөлуімен бітпейді. Әр азаматтың жауапкершілігі маңызды. Немқұрайдылық жойылса, өз қазағы қиналып, өліп жатқанда пайда көргісі келетіндер тыйылар. Осындай сәтте қара қылды қақ жарар, қандай тентекті болмасын, бір ауыз сөзімен жөнге салар ұлағатты бабаларым тіріліп келсе екен дейсің… Ковид қанатын кеңге жайған бұл кезеңнен де өтерміз. Бірақ қалай өтеміз? Мәселе сонда. Аққу, шортан, һәм шаян сияқты жан-жаққа тартпай, «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген аталы нақылға жүгінгеніміз жөн-ау.
Асқарбек Қазанғап