
Бұл классик Б.Соқпақбаевтың («Өлгендер қайтып келмейді» кітабының авторы) сөзін жоққа шығару емес. Расында қан майданда қаза тауып, із-түссіз кеткен боздақтар қазақ топырағына тура мағынасында қайта оралып жатыр.
Сұм соғыстан бері сексен жылдан астам уақыт өтсе де әлі күнге қескілескен ұрыстар жүрген майдан даласындағы қазба жұмыстары барысында қазақ сарбаздарының көмусіз қалған денелері табылуда. Сол боздақтардың аты-жөндерін (медальондары, хаттары, архив құжаттары т.б. арқылы) анықтап, кіндігінен тараған ұрпақтарын немесе туған-туыстарын тауып, арнайы әскери ұшақпен елге жеткізіп, жауынгерлік құрметпен жер қойнына тапсыру – бір үлкен жұмыс, сауапты іс.
Ресми мәлімет бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1,5 млн-нан астам отандасымыздың 600 мыңы қайтып оралған жоқ. Олардың 271 мыңнан астамы мүлде із-түзсіз кеткен.
«Өлі риза болмай тірі байымайды» дейді. 2019 жылы құрылған «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің миссиясын осы бір ауыз сөзбен бейнелеуге болатын сияқты. Егер таратып айтсақ, Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлердің жерленген орындарын анықтау және олардың есімдерін мәңгі сақтау мақсатында іздеу, мұрағаттық-іздестіру жұмыстарымен жүйелі түрде айналысатын үкіметтік емес, коммерциялық емес еліміздегі жалғыз ұйым.
«Atamnyn Amanaty» ҚБ төрағасы Мұрат Молдағалиев былай дейді:
-Осы уақытқа дейін бізге хабар-ошарсыз кеткен майдангерлерді іздестіру жөнінде 6000 астам өтініш келіп түсті және бірлестіктің іздестіру тобының арқасында 2200-ге жуық қазақстандық солдаттардың жерленген орындары анықталды. Тоғыз адамнан тұратын «Атамның аманаты» іздестіру (волонтерлар) тобы ай сайын әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалып кеткен деп саналатын 70 солдат пен офицер туралы мәліметтерді іздеп-тауып, туыстары мен ұрпақтарына табыс етті.
Қазақстанның әр аймағында 140-тан астам ерікті-волонтерларымыз жұмыс істейді. Облыстардың және Алматы, Шымкент, Астана қалаларының Ішкі саясат басқару органдарымен, Жастар саясаты ұйымдарымен бірлескен іс-шаралардың жоспары жасалды.
Халықаралық ынтымақтастық туралы 50-ден астам келісімге қол қойылып, нақты жұмыстар атқарылуда. Майдан даласында қаза тапқан 14 жерлесіміздің сүйегі туған жеріне жеткізіліп, үлкен құрметпен жерленді.
Жас ұрпақ бойында жоғары патриоттық рухты, Отанға деген адалдық сезімін, азаматтық борышын өтеуге дайындықты қалыптастыру мақсатында «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі бірқатар халықаралық, республикалық және облыстық іс-шаралар өткізуде (#atamnynamanaty 75 челленджі, «Жеңіс бағы», «Өткенге хат» байқауы, «Сөнбесін, ана, шырағың … » акциясы және т.б.).
Алтынбек Қоразбаевтың әйгілі «Қара кемпір» әні естеріңізде болар. Қос құлынын соғыстан қырық жыл бойы күткен ән кейіпкері Қали апа өмірде болған адам. Кейін Қали апаға ескерткіш те орнатылды. Ол әлі күнге дейін батысқа қарап, таяғына сүйене ұлдарын күтіп тұр…
Енді соғыстан қайтпай қалған сол ұлдардың ұрпағының өзі ата-әже болды. Олар да әлі күнге әкелері туралы бір хабар күтеді. Мысалы, қазір 80-нен асқан Мәдениет әже әкесі Хамен майданға аттанғанда небәрі 3 жаста екен. Бейнесі есінде жоқ, қолында тек суреті қалған әкесінен жылдар бойы үмітін үзбеген. Ең болмаса жерленген жері табылса басына барып, қабіріне бір уыс топырақ салсам ғой деген арманы «Atamnyn Amanaty» еркітілерінің арқасында орындалды. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде белгілі болғандай Хамен Жұманұлы Ржев түбіндегі шайқаста қаза тауыпты. «Пионер» іздестіру тобы қазақ жауынгерінің сүйегін медальоны арқылы анықтаған. Бір жерден табылған үш сарбаздың екеуінің аты-жөні белгілі. Бірі Хамен Жұманұлы болса, екіншісі Төлеубай Жұмабекұлы, өкінішке орай үшінші жауынгердің есімі жұмбақ күйде қалды. Олардың сүйегін елге әкелген соң Мәдениет әже ата салтымен әкесін үйіне бір күн түнетіп, үшеуін бөле-жармай қатар жерледі. Есімдерін ескерткіш тасқа қашап жазған бейіт басынан Мәдениет әжені жиі көруге болады…
Немесе кеше ғана Астана түбіндегі Төңкеріс ауылында майдангерлерге ескерткіш ашылды. Оған сол соғысқа осы ауылдан аттанған азаматтардың аты-жөндері қашап жазылған. Жергілікті кәсіпкер осылайша жерлестерінің есімін мәңгі есте қалдыруды жөн көріпті. Стела өскелең ұрпақ ерлер есімін күнде оқып, жадында тұтсын деген мақсатпен ауыл мектебінің дәл алдына орнатылды.
Ескерткіш ашылмас бұрын «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің іздестіру тобы Төңкеріс ауылынан майданға аттанғандардың жеке тұлғаларын, жерленген жерлерін анықтау бойынша үлкен жұмыс атқарды. Іздестіру тобының мүшесі Гүлнар Қанафина бұл жұмысқа бірден үлкен ықыласпен кіріскенін айтады:
-Іздестіруді РФ Қорғаныс министрлігі Орталық архивінің «Память народа» және жинақталған деректер банкінің «Мемориал» сайтары арқылы жүргіздіам, сонымен қатар Википедиядағы мақалалар, Soldat.ru сайтындағы анықтамалықтар және ресейлік іздестіру форумдарындағы ақпараттарды пайдаландым. Іздестіруге қосымша мәліметтердің: әкесінің, атасының аты мен тегі, әйелінің/шешесінің аты-жөні, балаларының бар-жоғы, соғысқа дейінгі қызмет түрі, қай жерде және ол шақырылған кезде және т.б. жоқтығы кедергі келтірді. Үш күнге созылған іздестіру жұмыстары ақыры сәтті аяқталды. Барлығы 14 сарбаздың жерленген жерлері анықталды, олар Польша, Украина, Беларусь және Ресей аумағындағы бауырластар зиратында жатыр. Қалғандар адамдарды да іздестіру РФ Қорғаныс министрлігі Орталық архивіндегі деректердің жаңартылуына орай жалғасатын болады.
Жоғарыда сөз болған 69 майдангердің басым көпшілігі ерлігі мен қаһармандықтары үшін «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ» жауынгерлік ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған екен. Бір сөзбен айтқанда, алақандай Төңкеріс ауылының балалары өздерінің батыр бабаларымен мақтана алады.
Осындай жүректі шымырлатар оқиғалар мен қилы тағдырлар жиі кездеседі. Жаз шыға, жер қарайғасын «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің еріктілер мен әскери-техникалық мектептің курсанттарынан тұратын іздестіру тобы Ресейдің Калуга облысына аттанады. Онда майдан даласында қазба жұмыстарын жүргізіп, хабар-ошарсыз кеткен жерлестерін іздейді. Осы облыстың Ульяновск ауданында Қазақстанда жасақталған 312-ші атқыштар дивизиясы шайқасқан. Олай болса әлі талай боздақтардың есімдері белгілі болып, олар қаншама жылдар өткеніне қарамастан елге оралады деген үміттеміз.
Мұрат Молдағалиевтің айтуынша алдағы қыркүйек айында Калуга обысына барып сол қиян-кескі шайқастар өткен жерге ескерткіш-белгі орнату жоспарда бар көрінеді. Әлбетте, бұл тірілерге керек, болашақ ұрпақ жадында тұту үшін. Төменде хабар-ошарсыз кеткен майдангерлерді іздеуге өтінішті қалай және қайда беру керктігін жариялап отырмыз.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әбубәкір Смайылов