jasqazaq.kz

Өлді деуге бола ма?..

18 мамыр, 14:52

Ұлы Абайдың: «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған?» деген өлең жолдарын соңына өшпес із тастап, өлмес ерлік жасаған кез келген азаматқа айтуға болатындай. Кешегі қан майданда қас дұшпанемен арыстандай айқасқан батырдың бірі – Байбол Рахметов.
Зеңбірек көздеушісі болған Сыр перзентінің сүйегі сексен жылдан астам уақыт өткен соң Псков түбінен табылып отыр. Топырақ астынан өзімен бірге көзі тірісінде қаһармандығы үшін алған «Қызыл жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медалі бірге шықты.


Қуанышты хабарды бізге көкшетаулық азамат Білім Қазанғұлов жеткізді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ол Невель қаласы үшін шайқаста қаза тауып, сондағы бауырластар зиратында жерленген атасы Жүніс Қазанғұловтың басына барып құран оқып қайтқан екен. Сапар барысында оған жергілікті іздестіруші, «Обелиск» жасағының өкілі Дмитрий Иванов майдан даласындағы қазба жұмыстары барысында бес солдаттың сүйегін тапқандарын, біреуінің қазақ екенін хабарлайды.


Сүйекпен бірге шыққан орденнің нөмірі бойынша әскери мұрағаттарды ақтарған уақытта оның 323-ші атқыштар дивизиясы 1101-ші полктің кіші сержанты Байбол Рахметовке тиесілі екені анықталды.
Сонымен қатар қазақ жауынгерінің көзсіз ерліктері туралы полк командирі подполковник Волковтың жазбалары да сақталған. Бірде біздің әскерлердің ту сыртынан кенеттен пайда болған атақты «Тигр» танкісін Б.Рахметовтің асқан мергендікпен отқа орағанын, енді бір ұрыста жаудың бірнеше атыс нүктелерінің көзін жойып, батареяда жалғыз өзі қалса қарша бораған оққа қарамастан шайқасқанын суреттейді.


Дмитрий Иванов Білім Қазанғұловқа жауынгердің туыстары табылса, сүйегін Қазақстанға жеткізіп, әскери құрметпен жерлесе жөн болар еді деген ұсыныс айтады. Білім Қазанғұлов елге келген бойда бізге хабарласты. Ал “Atamnyn Amanaty” қоғамдық бірлестіктің еріктілері санаулы күннің ішінде елден Байбол Рахметовтің туыстарын тапты.
Батырдың ағасының баласы жасы жетпіске келіп қалған Хасен Рахметов ақсақал қазір Шымкент қаласында тұрады екен. Ол бауырының Псков облысы Баево селосы маңында қаза тапқаны, сондағы бауырластар зиратында жерленгені туралы ақпаратты білетін болып шықты. Тіпті, былтыр күзде Байбол көкесінің басына да барып қайтыпты, бізге сондағы түскен суреттерін, тізімдегі аты-жөнін көрсетті. Тек оның осы уақытқа дейін бауырластар зиратынан тыс, бөлек жерде жатқанын, орден-медалі мен жеке заттарының да табылғанын бізден естіді. Енді қазақ жауынгерінің сүйегі елге жеткізіліп, туған жердің топырағы бұйыратын болды. Әрине, Хасен ағаның қуанышында шек жоқ.
Бізді Қызылорда тумасының әскерге Өзбекстанның Шыршық ауданынан шақырылғаны қызықтырды. Сөйтсек оның сыры тереңде жатыр екен. Отызыншы жылғы жаппай аштық кезінде талай қазақ оңтүстікке үдере көшкені белгілі, оның ішінде Рахметовтердің де әулеті бар. Олар әуелі Сарыағаш өңірінде аялдайды. Артынан Шыршықта әскери зауыт ашылады дегенді естіп, күн көріс қамымен сонда қоныс аударып, біржола тұрақтап қалады.


Байбол Рахметов совет-фин соғысына да қатысып, майданнан аман келген екен. Кейін жауынгерлік тәжірибесін ескеріп, оны зауыт күзетінің бастығы етіп қояды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ол әскерге бірден алынбаған. Кейін адам күші жетіспей, майданда күрделі жағдай қалыптасқанда барып әскерге шақырылған сыңайлы. Бір сөзбен ол ұрысқа әбден ысылған жауынгер ретінде кіріседі. Оны полк командирінің қағазға жазып қалдырған жоғарыдағы пікірі мен нақты наградалары айғақтап отыр.
Енді мына қызықты қараңыз. Жергілікті іздестірушілерді сол жерде қазба жұмыстарын жүргізуі, дәл сол уақытта Қазақстаннан Білім Қазанғұловтың атасын іздеп бара қалуы бәрі-бәрі бір кездейсоқ оқиғалар сияқты. Алайда атақты Зигмунд Фрейд айтпақшы «Кездейсоқ ештеңе болмайды, бәрінің бастапқы себебі бар». Демек белгісіз батырдың есімі қайта тірілуі, сөйтіп сексен жылдан астам уақыттан соң елге оралуы қажет болғаны — ақиқат.
Бұл іске “Atamnyn Amanaty” қоғамдық бірлестігі бел шеше кірісіп кетті. Амандық болса, алдағы уақытта әскери-көлік ұшағымен Байбол батырдың сүйегін елге жеткізіп, әскери құрметпен жерлемек ниеттеміз. Расында, өлді деуге бола ма?..

Әбубәкір Смайылов,
“Atamnyn Amanaty” ҚБ Басқарма
төрағасының орынбасары

05 маусым, 13:24
Түркістан: Бу-газ қондырғысының құрылысы талқыланды
05 маусым, 13:12
Түркістан: Созақта абаттандыру жұмыстары қарқынды
05 маусым, 12:35
Самат Талғатұлы: Түркістандағы ауыл тұрғындарына оңалту қызметтері қолжетімді бола түсті
05 маусым, 12:26
Түркістанда мүгедектіктің алдын алу мен оңалту қызметтері қандай деңгейде?
04 маусым, 12:21
Түркістанда тікұшақ пен дрон шығаратын зауыт салынуы мүмкін
03 маусым, 15:16
Сауран ауданында 280 мың басқа арналған құс фермасы іске қосылады
03 маусым, 14:48
Түркістан: Қазығұрт ауданындағы индустриалдық аймақта 8 жоба жүзеге асып жатыр
03 маусым, 12:49
Түркістан: Мақтаралда қоғамдық көліктер жаңартылды
03 маусым, 12:47
Түркістан: Мың шақырымнан астам жол жөнделіп жатыр