Қолдағы байлықты қорғамаймыз

25 мамыр 2016, 18:43

Тюльпаны

Қазір Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтағы 5 елдің ішінде қоршаған ортаны қорғауға арналған министрлігі, не арнайы құрылған агенттігі жоқ жалғыз ел болып отыр. Мәселен, Ресейде Табиғат ресурстары және экология  министрлігі, Белорусте  Орман министрлігі, Арменияда Табиғатты қорғау министрлігі, Қырғызстанда Үкімет жанындағы  Қоршаған ортаны қорғау және ормен шаруашылығы мемлекеттік агенттігі бар. Ал елімізде бұл мәселемен Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті айналысады.

Жақында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев: «Қоршаған ортаны қорғау комитетін экологтарға қайтарғымыз келеді. Басшылық тарапынан бұл мәселеге қолдау таптым. Сондықтан, қызметкерлердің біліктілігіне талапты күшейтіп, жұмыстың нәтижесін арттыруға күш саламыз. Бұл органның ашықтығын қамту керек, себебі қоршаған ортаның мәселесі қоғамның ажырамас бөлігі» дегенді айтты.

Бұл табиғат жанашырларын ерең еткізгені анық. Дегенмен, қоршаған ортаны қорғау мәселесінің ауқымына үңілсек бұл жеткіліксіз көрінері хақ. Өйткені қазір әлемнің дамыған елдері жер қойнауындағы минералдық қазба байлыққа емес, ондағы өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесінің қорғалуына көбірек көңіл көңіл бөлуде.  Бұл бағытта түрлі заңнамалар қабылдап, оны халықаралық және әлемдік деңгейге көтеруде. Дүниежүзіндегі ең бәсекеге қабілетті дамыған 30 елдің қатарына қосылуды алдына мақсат етіп қойып отырған еліміз бұл бағытта өзгелерден  көп артта қалып қойды.

Атап айтқанда, өнеркәсіптік және дәрілік маңызы жоғары өсімдіктердің қорғалуы көңіл көншітпейді. Нарықта  құны валютамен бағаланатын көптеген өсімдіктер заңсыз айналымға  түсіп, шетелдіктердің табыс көзіне айналғанын бұқаралалық ақпарат құралдары айтудай-ақ айтып, жазудай-ақ жазып келе жатыр. Алайда оған құлақ түріп, жауап берген құзырлы орган өкілдерінің үнін естіген ешкім жоқ. Осында ұлы Абайдың «Сегізаяқ» деген өлеңіндегі «Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас» дегені еріксіз еске түседі. Кейбір мамандардың айтуынша, Қазақстан қоршаған ортаны қорғау бойынша кейбір заңнаманы қабылдау жағынан да көшілес елдерден кейін келе жатыр. Мәселен, елімізде әлі күнге дейін «Өсімдік жамылғысын сақтау» заңы жоқ. Сондықтан әлемде сирек кездесетін немесе оның отаны саналатын көптеген өсімдіктер шикізат ретінде ғана емес, оны өсіріп, көбейтіп, зерттеу үшін аса құнды гендік материал тұрғысынан да жеткілікті деңгейде қорғауға алынбаған көрінеді. Мәселен, қызғалдақ пен алманың  отаны саналатын Қазақстан қызғалдақты Нидерланд, алманы Польшадан экспорттайды. Өркениетті өзге елдер әлемде теңдесі жоқ осындай бірегей дүниелері болса оны өз мемлекетіне алып барып, көбейтіп, оны өзгелерге сатып табыс тапқандардан белгілі бір мөлшерде алым алады. Біз неге олардан үлгі алмаймыз? Оны жүзеге асыруға кім кедергі болып отыр? Ешкім. Оған бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырып, әрдайым ілгері жылжуға кежегесі кейін тартып отырған өзіміз кінәліміз.

Осы арада мына бір жәйт еріксіз еске түседі. 2002 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Нидерланд корольдігіне ресми сапармен барған кезде патшайым Беатрикс Вильгельмина Армгардтың: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ Қазақстанды Нидерландпен байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Бұл гүл осылайша Нидерландқа кең тарады. Гүл саудасында да ол ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі нидерландықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары. Сол үшін де Cіздің елге қарыздармыз» деген көрінеді. БҰҰ-ның құрылымдық жүйесінде жұмыс жасайтын сарапшылардың бірі біздің қызғалдақ пен алманының генетикалық қорын пайдаланудан жоғалтып отырған қаржымыздың жылдық көлемі ең кемінде бірнеше миллиард долларды құрайтынын айтты. Оның пайымдауынша, егер   Қазақстан әлемде мойындалған заңнамалық құжатты қабылдап, бекітетін болса оны жүздеген миллиард долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндігі бар. Қолдағы алтынның қадірін білмей, өзгелерге алақан жайып қарыз сұрап жүрген біздің үкімет үшін бұл ой салып жатса қанекей.

 

11084096_783286158414023_4413038514500902289_o

Ерлік Ержанұлы

24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді